
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Заңдылық және құқықтық тәртіп
Заңдылық – бұл қоғамдық қатынастардың қатысушыларының құқық нормаларын қатаң түрде сақтауы. Заңдылықтың мәні құқық қорғау органдарының құқық нормаларын жауапкершілікпен сақтап, орындап, қолдануында болады.
Заңдылықтың екі жағы бар: а) мазмұнды жағы – құқықтық, әділ, ғылыми негізделген заңдардың болуы; ә) формальды жағы – оларды орындау. Заңдылықтың субъектілері қоғамдық қатынастардың барлық қатысушылары болып есептеледі, олар: мемлекет және оның органдары; қоғамдық және басқа да ұйымдар; еңбек ұжымдары; лауазымды тұлғалар; азаматтар. Заңдылықтың объектісі – заңды міндетті тұлғалардың жүріс-тұрысы, олардың санасы, еркі мен әрекеттері.
Заңдылық қағидалары – заңдылықтың мазмұнын ашатын негізгі идеялар, бастамалар.
Оларға мыналар жатады:
1) заң үстемдігі – барлық нормативтік және жеке құқықтық актінің заңға бағыныштылығын білдіреді;
2) заңдылықтың тұтастығы – нормативтік актілерді түсіну мен қолдану елдің бүкіл аумағында бірдей болуы тиіс дегенді білдіреді;
3) заңдылықтың мақсатқа сәйкестігі – құқық шығармашылық және құқықты жүзеге асыру қызметінің қоғамның мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін ең дұрыс түрлерін қатаң түрде заңдардың шегінде таңдау қажеттігін, заңдылық пен мақсатқа сәйкестілікті қарама-қарсы қоюды болдырмауды білдіреді, яғни мақсатқа сәйкестілікті себеп қылып заңды бұзуға жол берілмейді;
4) заңдылықтың шынайылығы – құқықтық ережелердің барлық қызмет түрінде іс жүзінде орындалуына жетуді және оларды кез келген түрде бұзу міндетті түрде жауапкершілікті көздейтінін білдіреді.
Құқықтық тәртіп – бұл субъектілердің құқықтық мінез-құлығымен сипатталатын қоғамдық қатынастар жүйесі, әлеуметтік байланыстардың реттелу жағдайы, заңдылықтың шынайы қоғамдық қатынастарға айналуының нәтижесі.
Құқықтық реттеудің мақсаты – құқықтық тәртіп, нақ осыған қол жеткізу үшін өзге де нормативтік құқықтық актілер шығарылады, заңнаманы жетілдіру жүзеге асырылады, заңдылықты нығайту жөніндегі шаралар жүзеге асырылады.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін арнайы органдар, институттар, үдерістер бар. Оларға прокурорлық бақылау, әділ сот, атқару және билік органдары, заңдық жауапкершілік, шағымдану институты және азаматтардың арыздарын жатқызуға болады.
Құқықтық тәртіптің ерекшеліктері: а) ол құқық нормаларында жоспарланған; ә) осы нормаларды жүзеге асырудың нәтижесінде туындайды; б) мемлекетпен қамтамасыз етіледі; в) қоғамдық қатынастардың ұйымдастырылуына жағдай жасайды; г) заңдылықтың нәтижесі болып саналады.
Заңдылық пен құқықтық тәртіптің арақатынасы
Заңдылық пен құқықтық тәртіптің арақатынасы мыналардан көрінеді:
1) құқықтық тәртіп құқықтық тәртіптің мақсаты болады; құқықтық тәртіпке жету үшін заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер қабылданады, заңнаманы жетілдіру жүзеге асырылады, заңдылықты нығайтуға байланысты шаралар қолданылады;
2) құқықтық реттеуді жетілдіру мен заңдылықты қамтамасыз етуден басқа тәсілдермен құқықтық тәртіпке жету мүмкін емес;
3) заңдылықты нығайту құқықтық тәртіпті нығайтуға алып келеді;
4) құқықтық тәртіптің нақты мазмұны заңдылықтың мазмұнына байланысты болады.
Құқықтық тәртіп пен заңдылықтың арасында тікелей тәуелділік бар: заңдылықтың нығаюының нәтижесі ретінде құқықтық тәртіп нығаяды, керісінше заңдылық бұзылса, құқықтық тәртіп те бұзылады.
Заңдылық пен құқықтық тәртіп – адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын қорғауды құқық нормасы етіп алған демократиялық өркениетті мемлекеттің құқықтық өмірінің маңызды сипаты.
Құқықтық реттеу негіздері
Мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу – мемлекеттік органдарды ұйымдастыруда және олардың қызмет ету ережелерін бекітудегі мемлекеттің іс-әрекеті. Ол мемлекеттік органдардың басқару іс-әрекеті мен ұйымдық құрылымын, қызметін, мақсатын реттеумен айқындалады. Мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеудің «ортасында» мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесі орын алады. Мемлекеттік орган мәртебесі 3 элемент тобынан тұрады:
Елдің мемлекеттік органдарының толық жүйесіне кіретін мемлекеттік органның орны мен табиғатын қамтиды. |
Органдардың заң шығарушылық, атқарушылық, сот биліктеріне (көлденеңінен) немесе федералды қатарына (тігінен) және басқа да жүйе басты атқарушылық билікке жатуы оларды құқықтық мәртебені тұжырымдауға негіздейді. |
Құқықтық мәртебенің негізгі бөлігі мемлекеттік органның құзырында болады. |
Нақты мемлекеттік органдардың басқарушылық функцияларының жиынтығы; соған сәйкес құзіреті; құзіреттің құрамы; басқарушылық функцияларының формалары мен әдістерін қамтитын құзірет құрамы; басқарылатын объектілер немесе қызмет атқарудағы бөлек мәселелер (аспектілер) тізімі. |
Мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесін, ұйымдық құрылымын, заңдық бекітілуін және оның формасының, әдісінің және процедурасының қызмет етуі. |
Мақсаттары, қызметі, процедуралары, операциялары және көптеген мемлекеттік басқарудың элементтері құрайды. |
Мемлекеттік басқарудың құқықтық реттеудің пәні болып саналатын мемлекет пен қоғамдық қатынас түрлері – мемлекет (оның органдары) пен қоғам азаматтары арасындағы қатынас; мемлекет ішіндегі қатынас, оның органдарының арасындағы мемлекеттік биліктің болуы мен олардың жүргізілуі; адамдар арасындағы ерікті қатынастар.
Конституциялық құқық – Қазақстан Республикасының құқық жүйесі салаларының бірі.
Ол өзінің ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық нормалар жүйесін білдіреді және басқа құқық жүйесінің нормаларынан ерекшеленеді. Ішкі тұтастық конституциялық нормаларға қоғамдық қатынастардың ерекшеліктерімен белгіленетін және солар арқылы реттелетін жалпы белгілердің болатынын білдіреді. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар оның пәнін құрайды.
Конституциялық құқық пәнінің өзіндік ерекшеліктері бар. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет және қоғам құрылымының негізін құрайды, сондай-ақ мемлекеттік биліктің жүзеге асуымен тікелей байланысты жүргізіледі.
Конституциялық құқық пәнін түсінудің теориялық, сондай-ақ практикалық мәні бар. Онсыз конституциялық құқықтың нормалары мен институттарына тән мәнін дұрыс түсінуге болмайды, олардың құқықтық реттеудегі мәні мен рөлін ашып көрсету, құқықтық жүйедегі орнын анықтау мүмкін емес. Өйткені, нақты құқықтық әрекеттерді орындау кезінде ең алдымен қай саланың нормасын қолдану қажеттігін анықтап алу керек. Ал ол үшін реттеудің нысаны болып табылатын қоғамдық қатынастар сипатын белгілеу қажет.
Құқықтық реттеу
Құқықтық реттеу субъектісі құқықтық нормаларды шығарушы органы |
Құқықтық нормалардың мағынасы мен мазмұны |
||
Орталықтандырылған, императивті реттеу |
Мұнда жоғарыдан төменге қарай реттеу құзырлық шеңберінде және юрисдикциялық объектісіндегі мемлекет билік органдарының түгелдей не оның суьектілеріне әкімшілік-императивті түрде іске асырылады. |
||
Орталықтандырылмаған, диспозивті реттеу |
Мұнда құқықтық реттеу келісім, шарт, ортақ акт қабылдау бірнеше мемлекеттік биліктің органдарымен төменнен инициативаны қолдау арқылы жүзеге асырылады. |
||
Позитивті міндеттеу |
Белгілі бір жағымды іс-әрекет жасауға тұлғаларға тікелей міндеттер жүктеу. |
||
Тиым салу |
Белгілі бір іс-әрекеттерді жасамауға тұлғаларды міндеттеу. |
||
Рұқсат |
Тұлғалардың іс-әркет орындауына құқық беру. |
Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қатынастар аясы мейлінше кең. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа салаларды қамтиды. Әрине, конституциялық құқық нормалары аталған салаларды барлық көрінісі бойынша және жан-жақты реттемейді. Ол аталған салаларда тек ең негізгі, базалық қабаттарды ғана реттейді. Бұл қабаттар мемлекет пен қоғамдағы кейін кең дамитын саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни байланыстардың негізін қалайды. Конституциялық құқық, тұтас алғанда, құқықтың реттеу әдістері деп аталатын белгілі бір тәсілдер мен әдістердің көмегімен мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды реттейді.
Міндеттеу әдісі мемлекеттік органдарға сияқты жеке тұлғаларға да қатысты, олардың барлық қызмет саласында қолданылады. Конституциялық құқықта тыйым салу әдісі де кең қолданылады. Бұл әдіс, көбіне мемлекеттік органдарға, қоғамдық құрылымдарға қатысты қолданылады. Тыйым салу әдісі азаматтарға қатысты шектеулі жағдайларда ғана қолданылады.
ҚР Конституциялық құқығы демократияның шынайы көрінісі болып табылатын рұқсат ету әдісін де кең қолданады. Мұндай әдіс көп жағдайларда адамдардың және азаматттардың мәртебесін белгілеу үшін қолданылады. Мысал ретінде әркімнің заңмен белгіленгеннен басқа Қазақстан аумағында еркін жүріп тұруын және тұратын орнын еркін тандауын айтуға болады.
Рұқсат ету әдісінің өзіндік ерекшелігі мынада: конституция белгілі бір ауқым, шекке дейін еркін әрекет ету мүмкіндігін бере отырып, субъектінің әрекетін айтарлықтай шектей алады.
Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы құқықтық реттеудің тағы бір әдісі тану әдісін де қолданады. Кеңестік кезеңнен кейінгі конституциялық құқық жөніндегі әдебиеттерде мұндай әдістің қолданылғаны байқалмайды. Оның үстіне бұл әдіс объективті факторлардан адамдардың табиғи құқығын заң тұрғысынан танудан туындайды. Құқықтық реттеуді әдіс ретінде тану да конституциялық құқықтың демократиялық және адамгершілік мәнін сипаттайды.
Мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеу тәртібінің бірнеше талаптары бар: уақыттылық, тұрақтылық, толықтылық, ішкі үйлесімділік.
Уақыттылық – құқықтық нормалардың дер кезінде қабылдануы және оның мағынасының өзектілігі.
Тұрақтылық – құқықтық нормалардың дұрыс таңдалып, мемлекеттік орган мен лауазымның мәртебесінің жағдайын түсінуге, тануға, іс жүзінде қолдану мен бағалауға адам мен қоғамға мүмкіндік береді.
Құқықтық норманың көбі толықтық пен ішкі үйлесімге тәуелді. Мұнда ең дұрысы үлкен комплексті құқық актілерін құру жолын ұстанған жөн.
Мемлекеттік басқару элементтеріне оның мәні мен алатын орнына байланысты мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеудің құрылымы сәйкес келуі керек. Осыған орай мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеудің құрылымына мыналар кіруі қажет:
- Заң шығарушылық реттеу. Мұнда мемлекеттік басқару элементтерінің қарапайым түрлері анықталады.
- Жергілікті органдар арқылы мемлекеттік басқарудың бірнеше элементінің нормативті анықтамасы.
- Атқарушы биліктің жалпы және арнайы органдары жүргізетін басқару процесін ішкі-жүйелік нормалармен реттеу.
- Аумақ шеңберіндегі өзін-өзі басқаруды реттеу. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, қадағалайтын және құқық қорғау.
Құқық қорғау органдары
Кез келген мемлекет өмірдің барлық қоғамдық саласында, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарда қатаң тәртіп пен сақтықты орнатуға мүдделі.
Қоғам дегеніміз – адамдар мен олардың ұйымдары арасындағы қарым-қатынастардың өте күрделі жүйесі. Мемлекет арнаулы органдар арқылы қоғамды басқарады, көпшілік бұқара үшін маңызы бар мәселелерді шешеді және қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етеді. Онсыз қоғамның бірқалыпты дамуы, экономиканың, мәдениеттің, игіліктің көтерілуі және халықтың қауіпсіздігінің артуы мүмкін емес.
Сондықтан мемлекет азаматтардың, олардың бірлестіктерінің, шаруашылық ұйымдардының, мемлекеттік органдарының, олардың лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттерін, жауапкершіліктерін белгілейді. Мемлекет өзі қабылдаған заңдарды барлық адамның қатаң сақтауын, заң талаптарын бұзушылардың заңмен жауапқа тартылуын әрдайым қадағалап отырады.
Мемлекеттің мұндай қызметі, яғни заңдар талаптарынан ауытқуларға жол бермеу үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде, шаруашылық және қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың қызметіндегі белгіленген тәртіпті сақтау – бақылау және қадағалау қызметі деп аталады.
Құқықты қорғау қызметі үш нысанда жүзеге асырылады:
а) құқық бұзушылықтан сақтандыру жөніндегі әралуан шаралар жүргізу жолымен;
ә) заңды істерді қарау және шешу жолымен;
б) құқық бұзушыларды заңмен жауапқа тарту жолымен.
Мемлекеттің құқықтық қорғау қызметін жүзеге асыру үшін құқықтары мен міндеттері арнаулы заңдармен реттелініп, әртүрлі органдар құрылады.
Қазақстан Республикасында мынандай құқық қорғау органдары құрылған: полиция органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура, әділет министрлігі, әртүрлі мемлекеттік инспекциялар (өрт, санитарлық, қаржы және т.б. сот органдары, адвокатура, нотариаттар, кедендік органдар, ішкі және шегара әскерлері, президент күзетінің қызметі және т.б.).
Құқық қорғау органдары, негізінен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Прокуратураның және Әділет министрлігінің құрамында әрекет етеді.
Полиция – Ішкі істер министрлігінің құқықтық қорғау органдары жүйесінде басшылық орын алады, оған құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және болдырмау жөніндегі жұмыстардың анағұрлым көп көлемі жүктелген. Сондықтан ПМ жүйесінде толып жатқан полициялық органдар құрылған.
Қазақстан Республикасының құқық органдары арасында прокуратура айрықша орын алады. Оның қызметі көп қырлы және көптеген бағытта жүзеге асырылады. Прокуратураның міндеттері Қазақстан Республикасының конституциясымен және «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» арнаулы заңмен белгіленген.
Прокуратураның басты міндеті: мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпорындардың, мекемелердің және олардың лауазымды адамдарының заңдарды, президенттің жарлықтарын, басқа құқықтық нормативтік актілерді мүлтіксіз және біркелкі қолдануын жоғарыдан қадағалау.
Құқық қорғау органдары мемлекеттің басым құрылымдарына жатады. Оларға қару қолдануға дейін үлкен өкілдіктер берілген. Сондықтан олар міндеттері, қызметтері, қызметінің түрлері мен әдеттері белгіленген Қазақстан Республикасының конституциясының қағидаттары мен нормаларына сәйкес қатаң жұмыс істеуге міндетті. Республикада олардың қызметіне қатысты болатын ІІМ, ҰҚК, прокуратура органдары, әділет органдары, сот жүйесі, адвокатура, нотариат туралы заңдар қабылданған және олар жұмыс істейді.
Құқық органдары төмендегі қағидаттар негізінде жұмыс істеуге міндетті: 1) заңдылық; 2) адамның құқықтары мен бостандықтарын басым қамтамасыз ету; 3) барлығының заң алдындағы теңдігі; 4) құқық қорғау органдары қызметкерлерінің этикалық нормаларын сақтау; 5) құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне саяси партияларда болуға тыйым салу.
Сот әділдігі – қылмыстық және азаматтық істерді қатаң түрде заңға сәйкес қарау және шешу жөніндегі құқықтық қызметінің бір түрі. Сот билігін жүргізуші – судья.
Құқық қорғау органдарының жүйесінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары айрықша орын алады. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекет пен қоғамның мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
Ішкі істер органдарының міндеттері:
- қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- қылмыстарды және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жою;
- кәмелеттік жасқа толмағандардың қараусыздығы мен құқық бұзушылықтардың жолын ашу;
- өрт қауіпсіздігі жағдайын қадағалауды қамтамасыз ету, өрт сөндіру;
- жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және оны қамтамасыз етуді бақылау;
- мемлекеттік және өзге де нысандарды, жеке тұлғаларды қорғау, тұтқындалғандар мен сотталғандарды қарау;
- Ішкі істер органдарының қарамағына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
Адвокатура – заңгерлердің азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға көмектесу, сот әділдігін іске асыру, заң тәртібін нығайту мақсатында заңдық көмек көрсету үшін ерікті түрде ұйымдасқан бірлестік.
Нотариат – даусыз азаматтық құқықтар мен заңдық нысандарды куәландыру жолымен жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін заң жүзінде бекітуге бағытталған нотариалдық іс-әрекеттерді орындайтын, заңдық тұрғыда бекітілген органдар жүйесі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік түрлері
Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті – арнайы мемлекеттік орган болып, Қазақстан халқына бағынады. Басты бақылаушысы және басшыларын тағайындаушы Қазақстан Республикасының президенті (бас қолбасшы). Басты мақсаты – мемлекеттің қауіпсіздігін және біртұтастығын сақтау.
Ұлттық қауіпсіздік түрлері
Қоғамдық қауiпсiздiк |
Қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы қамтамасыз етілетін азаматтар өмiрiнiң, денсаулығының және амандығының, қазақстандық қоғамның рухани-имандылық құндылықтарының және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нақты әрі ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі. |
Әскери қауіпсіздік |
Әскери күштерді қолданумен немесе оны қолдану ниетімен байланысты сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделері қорғалуының жай-күйі. |
Саяси қауіпсіздік |
Азаматтардың, әлеуметтік топтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы және олардың мүдделерінің теңгерімі, мемлекеттің тұрақтылығы, тұтастығы және қолайлы халықаралық жағдайы қамтамасыз етілетін конституциялық құрылыс негіздерінің, мемлекеттік органдар жүйесі қызметінің және мемлекеттік басқару тәртібінің нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі. |
Экономикалық қауiпсiздiк |
Экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелді болмауы қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі. |
Ақпараттық қауiпсiздiк |
Елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі. |
Экологиялық қауiпсiздiк |
Қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсерлер салдарынан туындайтын қауіп-қатерлерден адамның және азаматтың өмірлік маңызы бар мүдделері мен құқықтарының, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі. |