
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Философиялық антропология
Адам – ғарыштың ғажап жаратылысы. Ол ең алдымен – рух. Осы тұрғыдан алғанда адамның өзге тіршілік иелерінен айырмашылығы бар. Ғасырлар бойы әлемдік діндер «Адамды құдай жаратты» деген қағиданы ұстанып келеді. Философия мәселелері ішіндегі ең өзектісінің бірі – адам мәселесі. Бүгінгі таңда тек гуманитар ғалымдар ғана емес, жаратылыстанушылар да «антроптық принципті» қолдап отыр. Осыдан 13 млрд. жыл бұрын «Ұлы жарылыстың» негізінде пайда болған дүние – ғарыш әлемі қажетті түрде сан алуан кездейсоқтықтар тоғысының барысында тіршілікті, одан кейін саналы жаратылысты, адамды тудырады екен. Кез келген саналы адам өзі өмір сүріп отырған қоғамды, дәуірдің мәнін, тарихтың даму бағытын танып-білгісі келеді. Философия тарихында мыңдаған жыл шеңберінде адамға деген сан алуан анықтамалар жасалды. Солардың ішіндегі ең кең тарағаны «Home Saрiens» – саналы адам, яғни ол – рухани жаратылыс. Адам өз алдына неше түрлі мақсат-мұраттар қойып, соларды іске асыруға ұмтылады. Оларды іске асыру жолында ол басқа адамдармен саналы түрде сан алуан қарым-қатынасқа түседі. Адамның алаңдау мен күту, қайғы мен қасірет, шаттық пен шығармашылыққа толы ішкі рухани өмірі бар.
Д. Франклин адамға «Home Ғaber – құралданған адам» деген анықтама берді. Шынында да, тек қана адам еңбек құралдарын жасап, оларды үнемі пайдаланады. Мысалы, маймыл жерде жатқан бұтақты, я болмаса тасты алып пайдалануы мүмкін. Бірақ содан кейін ол оны лақтырып тастайды да, оған екінші рет қайтып оралмайды. Бірде-бір маймыл құрал жасап көрген жоқ. Оны істей алатын – тек қана адам.
Уақытында ұлы Аристотель адамды «Zoon Politikon», яғни қоғами жануар деген болатын. Бұл да – адамның тектік қасиеттерінің бірі. Өйткені ол басқа адамдармен бірігіп қана өзінің сан алуан қажеттіліктерін өтей алады, яғни рудың шеңберінде ғана өмір сүреді. Алғашқы қауымдық құрылыстағы жазалаудың ең қатаң жазасы адамды рудан шығарып, қауымнан аластау болды. Жалғыз қалған адам әрі қарай өмір сүре алмай, жыртқыштарға жем болады. И. Кант адамның ішкі ар-ұжданына таңғалып, оған «Home Morales» деген анықтама берген болатын. Уақытында ұлы Абай оны «нұрлы жүрек» десе, Шәкәрім «үш анықтың» біреуіне жатқызды. Егер адамның ар-ұжданы болмаса, ол жануарлардан қулық-сұмдығы жүздеген есеге асатын нағыз жантүршігерлік сайтанға айналар еді. Бүкіл көркем әдебиет дәріптейтін аса құнды адамның қасиеті оның ар-ұжданы болып саналады. Қиын-қыстау жағдайда нағыз адам өз ар-ұжданын, абыройын сақтап қалу жолында өзін құрбан етуге дейін барады. Австрия ғалымы В. Франкл құдайды ғарыштан, тіпті оның ар жағынан іздеу керек емес, ол адамның ішіндегі оның ар-ұжданы деген ғажап ой айтады. «Home Аеsteticus» сұлулыққа ұмтылған адамды білдіреді, адамның ғажап жағын бізге көрсетеді. Адам – дүниедегі кез келген нәрсенің әсем жағын байқап, одан ләззат ала алатын тіршілік иесі. Күннің қызарып батуының өзі адамды немқұрайлы қалдырмайды. Керісінше, ол бізге шығармашылық шабыт беріп, табиғаттың кереметін мойындауға, оған бас июге итермелейді. «Әлемді сұлулық сақтап қалады» деген Ф. Достоевскийдің нақыл сөзі жоғарыдағы ойлардан шықса керек.
Голландия ойшылы И. Хейзинге адамға «Home Ludens», яғни ойнайтын адам деп анықтама беріп, осы жөнінде кең көлемді еңбек жазды. Адам өз өмірінің шеңберінде жүздеген әлеуметтік рөлді ойнайды. Мысалы, ол біреуге әке, жұмыста есепші, біреудің жолдасы немесе туысы, саяси партияның мүшесі, футбол командасының капитаны т.с.с.
«Home Erectus», яғни тік жүретін адам анықтамасының да терең мазмұны бар екенін байқаймыз.
Француз ойшылы Э. Кассирер адамға «Home Simbolicus» – нышан, белгі жасайтын адам деген анықтама берген болатын. Кең түрде алғанда, символға қайсыбір халықтың тілі, бабаларынан қалған аңыз-дастандар, дін, өнер қағидаларын, неше түрлі өмірдегі кездесетін белгілерді жатқызамыз. Қайсыбір нақыл сөздер, көркем әдебиеттегі салыстырма, бейне, мысалдардың т.с.с. ар жағында неше түрлі мән-мазмұнының жатқанын байқауға болады. Адам санасы арқылы дүниені танып-білетін, соның нәтижесінде еңбек құралдарын жасап, өзара бірігіп, айнала қоршаған ортаны өзгертіп, сан алуан қажеттіліктерін өтей алатын жаратылыс дер едік.
Адам физиологиясын, оның миы мен ойлау қабілетін, жалпы адам қасиеттерін зерттейтін ғылым салалары жетерлік. Бірақ адам осы ғылымдар негізінде жалпы бейнесін жоғалтады. Тек барлық ғылымның атасы – философия ғана адамның өмірдегі рөлі мен орнын, мінездемесін зерттеп, табиғи жағдайлардың әсерінен адамның өзгеруі мәселесі бойынша жауап бере алады.
Философиялық антропология философияның бір бөлімі ретінде антикалық дәуірден бастау алады. Бірақ жеке ғылым ретінде ХІХ ғасырда бөлініп шықты. Антикалық дәуірде «адам» түсінігінің философиялық мәні болмады. Бірлікте өмір сүру мен макро және микрокосмос мәселелері, адам мен полис мәселелеріне көп көңіл бөлінді.
Кең мағынада айтсақ, философиялық антропология – табиғат пен адамның тіршілігі туралы философиялық ілім. Қазіргі уақытта әртүрлі пәндердің қатары бар, соның ішінде термин атаулары «антропология» (физикалық антропология, медициналық антропология, мәдени антропология, саяси антропология, педагогикалық антропология, психологиялық антропология). Барлығы санқырлы және әртүрлі бағыттағы адам мәселелерін философиялық тұрғыдан ұғынуды, мән-мағынасын түсінуді қажет етеді. Философиялық антропология ХХ ғасырдың ортасында адамды ақыл-ойы жетелген (марксизм), әлеуметтік табиғи тіршілік етуі ғарыштық факторларға (космизм) байланысты екенін белгілеп көрсететін бірнеше концепцияны қамтыды.
Тар мағынада философиялық антропология адам мәселелерін жан-жақты қарастыруға арналған философиялық білім бөлімі болып есептеледі. Одан басқа «философиялық антропология» ұғымы негізінен нақты философиялық мектепке бекітілген. Аталған мектептің негізгі өкілдері – неміс философтары М. Шеллер, А. Гелен, Г. Плеснер және т.б. Осы неміс философтары адамның философиялық таным бағдарламасын жасады. Олар адам тіршілігінің әртүрлі салаларын тұтас философиялық тұрғыдан түсіну мен онтологиялық, ғылыми жаратылыс және гуманитарлық оқуды біріктіруді ұсынады. Олардың пікірінше, «философиялық антропология – адамның тіршілік құрылымы мен тіршілік мәні, базистік ғылым». Олар адамның тіршілік маңызын нақты қалай қарастырады?
«Адамның ғарыштағы жағдайы» атты еңбегінде неміс философы, әлеуметтанушы, философиялық антропологияның негізін қалаушылардың бірі М. Шеллер былай деп көрсетеді: адами табиғаттың екі негізгі бастамасы болады, бұл өмірлік бастама және «өмірлік құлшыныс», яғни құдайдан берілетін рух. Адам белгілі бір «макрокосмос, ол әлем шегінен тысқары» қатынаста болатын тұтас микрокосмос болып есептеледі. Өмірлік құлшыныс қарқыны бойынша адам – жануар, тірі тіршілік иесі, бірақ сондай ақылды тіршілік иесі. Философиялық антропологияда басты нәрсе адамның қажеттілігі болып саналады.
-
«Мен ойлаймын, демек, өмір сүремін» деген қанатты сөздің авторы
-
И. Кант пен Ф. Ницше қай ілімнің өкілдері?
-
«Адам капиталы» терминінің авторы