
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қоғамның рухани өмірі
Рухани өмір – қоғамның өмір сүруі мен қызмет етуінің маңызды жағы. Егер ол бай мазмұнға ие болатын болса, онда адамдардың өмірінде қолайлы рухани жағдай, тиісті моральдық-психологиялық климат қалыптасады. Қоғамның рухани өмірінің мазмұнын оның нақты адамилық мәні айқындайды. Өйткені руханилық – тек қана адамға тән және оны басқа тіршілік иелерінен ажырататын, табиғаттан жоғары қоятын қасиет. Рухани өмір элементтері: мораль, дін, саяси сана, ғылым, өнер.
Қоғамның рухани өмірі өте күрделі ұйымдасқан. Ол адам санасының әртүрлі көріністерімен, олардың ойлары мен сезімдерімен шектелмейді, бірақ олардың санасы рухани өмірдің өзегі, тірегі деуге толық негіз бар.
Қоғамның рухани өміріне келесі негізгі элементтерді жатқызуға болады:
а) тиісті рухани құндылықтарды өндіру мен тұтынуға бағытталған адамдардың рухани қажеттіліктері; б) рухани құндылықтар; в) рухани қызмет; г) тұтас рухани өндіріс жүйесі; д) рухани тұтыну; е) рухани қатынастар.
Рухани қызмет рухани өмірдің негізін құрайды. Оны сананың қызметі ретінде қарастыруға болады, рухани қызмет барысында адамдардың табиғи және әлеуметтік құбылыстар жөнінде ойлары мен сезімдері, ұғымдары мен түсініктері қалыптасады. Мұндай қызметтің нәтижесі ретінде адамдардың дүние туралы белгілі бір көзқарастарын, ғылыми идеялары мен теорияларын, моральдық, эстетикалық және діни ой-пікірлерді қарастыруға болады. Бұлардың бәрі тиісті моральдық принциптер мен мінез-құлық нормаларында, халықтық және кәсіби өнер туындыларында, діни жөн-жоралғы, салт-дәтүрлерде және т.б. көрініс табады. Рухани қызметтің нәтижесінде тиісті рухани игіліктер немесе құндылықтар қалыптасады. Рухани құндылықтарға адамдардың кез келген көзқарастарын, ғылыми идеяларды, гипотезалар мен теорияларды, көркем туындыларды, моральдық және діни сананы, адамдардың рухани қарым-қатынасын, сананың негізінде қалыптасатын моральдық-психологиялық жағдайды жатқызамыз. Рухани құндылықтарды тарату, тұтынушыға дейін жеткізу рухани қызметтің ерекше бір түрі болып саналады. Бұл – олардың сауаттылығы мен рухани мәдениетін арттырудағы өте маңызды әрекет. Осыған байланысты қоғамдағы білім беру мен тәрбие мәселесі, ғылым мен мәдениет мекемелерінің қызмет етуі дұрыс жолға қойылуы керек. Сонда ғана адамдардың рухани дүниесі дұрыс қалыптасып, қоғамның рухани өмірі бай мазмұнға ие болады. Адамдарды рухани қызметпен шұғылдануға итермелейтін негізгі күш – рухани қажеттіліктер. Бұлар адамды рухани шығармашылықпен айналысуға, рухани салт-дәстүрді дәріптеу, рухани қүндылықтарды жасау мен тұтынуға және рухани қарым-қатынасқа бағыттайды, соған жол ашады.
Рухани құндылықтар мазмұны жағынан объективті болады. Өйткені олар өмірдің өзінен туындайды және адамдардың қоршаған дүниені рухани тұрғыдан игерудегі объективтік қажеттілігін айқындайды. Сондай-ақ рухани қажеттіліктер формасы жағынан субъективті болып келеді, өйткені олар адамдардың ішкі дүниесінің, қоғамдық және жекедаралық санасы мен өзіндік санасының көріністері ретінде байқалады. Қоғамның рухани өмірінің келесі маңызды элементі – рухани тұтыну. Рухани игіліктерді тұтыну арқылы адамдар өздерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандырады.
Рухани тұтынудың нәрселері (өнер туындылары, моральдық, діни және т.б. құндылықтар) тиісті қажеттіліктерді туғызады. Сондықтан қоғамның рухани мәдениетінің нәрселері мен көріністерінің көп болуы адамның әртүрлі рухани қажеттіліктерінің қалыптасуының маңызды алғышарты болып саналады. Рухани тұтыну процесі әрқилы жүзеге асады. Рухани тұтыну белгілі бір деңгейде стихиялы жүруі мүмкін, яғни бұл жағдайда оны ешкім де бағыттамайды және адам өз еркі бойынша рухани құндылықтарды тандайды. Басқа бір жағдайда рухани тұтыну мәдениеті жарнама, массалық мәдениет құралдары арқылы қалыптасуы мүмкін. Бірақ бұған қарамастан, мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – адамдардың шынайы рухани құндылықтарды тұтыну мәдениетің қалыптастыру. Бұл үшін қоғамның рухани мәдениетін үнемі дамытып, байытып және оны әрбір адамға қызықты, қолжетімді ету керек. Рухани құндылықтарды өндіру мен тұтыну рухани қатынастар негізінде жүзеге асады.
Рухани қатынастар екі түрлі болуы мүмкін: біріншіден, адамның кез келген рухани құндылықтарға тікелей қатынасы (оларды қабылдау немесе қабылдамау), екіншіден, сол құндылықтар жөнінде адамдардың бір-бірімен рухани қатынастары (өндіру, тарату, тұтыну, қорғау).
Рухани қатынас болмай кез келген рухани қызмет жүзеге аса алмайды. Осыдан келіп қоғамдағы келесі рухани қатынастарды атауға болады: танымдық, өнегелілік, эстетикалық, діни, ұстаз бен шәкірт, тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасындағы рухани қатынас.
Рухани қатынастар қоғамның рухани өмірін басынан аяғына дейін қамтиды. Жоғарыда айтылғандай, адамдардың қоғамдық санасы қоғамның рухани өмірінің басты өзегі болады.
Қоғамдық сана дегеніміз – қоғамдық болмысты бейнелейтін сезімдердің, көзқарастардың, идеялар мен теориялардың күрделі жүйесі. Қоғамдық сана жеке, топтық, бұқаралық болып бөлінеді.
Қоғамдық сана – қоғамда өмір сүретін жеке адамдар санасының жиынтығы емес, керісінше күрделі және тұтас рухани жүйе. Қоғамдық сана дегенімізде қоғамның белгілі бір тарихи даму сатысына тән көзқарастарды, идеяларды елестетеміз.
Қоғамдық сана тарихи процестің рухани жағы бола тұрып бір-бірімен тығыз байланысты екі функция атқарады. Бірінші функциясы – қоғамдық болмысты бейнелеу; екіншісі – қоғамдық болмысқа керісінше белсенді ықпал тигізу. Қоғамдық сана қоғамдық болмысты үстірт бейнелемейді. Қоғамдық санада қоғамдық өмірдің тек қана сыртқы емес, сонымен бірге ішкі жақтары, олардың мәні мен мазмұны бейнеленеді. Қоғамдық сананың әлеуметтік табиғаты бар. Ол адамдардың қоғамдық практикасынан туындайды. Өздерінің бірлескен практикалық қызметі барысында адамдар оларды қоршаған дүние өз мақсаттарына пайдалану үшін ойластырады, таниды. Әртүрлі қоғамдық құбылыстар және олардың қоғамдық санадағы бейнесі – адамдардың практикалық қызметінің екі жағы.
Қоғамдық сананың салыстырмалы дербестігі бар. Ең алдымен қоғамдық сана қоғамдық болмысты жай ғана бейнелеп қоймайды, керісінше оны жан-жақты ойластырады, мәнін ашуға тырысады. Сол себепті қоғамдық сана қоғамдық болмыстың дамуынан сәл қалып қояды. Өйткені қоғамдық процестерді терең тану үшін олар пісіп-жетіліп және өздерін жан-жақты көрсету керек. Бірақ соған қарамастан қоғамдық сана қоғамдық болмыстан асып, одан тез дамуы мүмкін. Қоғамдық сана өзінің тарихи дамуында адамдар ойының, ғылымның, өнердің және т.б. жетістіктеріне сүйенеді. Қоғамдық сананың дамуында сабақтастық бар, оның арқасында қоғамдық өмірдің барлық саласында жинақталған адамдардың (ұрпақтардың) рухани мұрасы сақталып, дамиды. Мұның бәрі қоғамдық сананың дамуында өзіндік ішкі логика, принциптері мен дәстүрлері бар екенін көрсетеді. Бұның дәлелі ретінде ғылымның, өнердің, моральдың, діннің, философияның дамуын алып қарастыруға болады. Қоғамдық сананың формалары ізгілік, діни, ғылыми, эстетикалық, экологиялық, философиялық т.б. болып бөлінеді.