Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

1959, 1979, 1986 жылдардағы толқулар, ереуілдер, көтерілістер

Конспект

Қарағанды облысында Қазақстанның тау-кен металлургиясының бірден-бір орталығын құру жоспарланды. Теміртауда бүкілодақтық комсомол жастар құрылысы мәртебесіне ие болған қазақстандық «Магнитка» металлургиялық зауытының құрылысы іске қосылды. Республикамызға өзге де одақтас республикалардан, сондай-ақ социалистік мемлекеттер достастығы елдерінен жұмысқа келушілер саны көбейе бастады. Теміртау халқының күрт өсуіне байланысты жұмысшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі алда тұрды. Барлық жұмысшыларға пәтер жетіспей, олардың көпшілігіне вагондар мен барактарда, брезент палаткаларда өмір сүруге тура келді. Сонымен қатар медициналық қызмет көрсету, мәдени демалыс орындары (клуб, жөндеу жұмыс орындары мен шеберханалар), білім беру (мектептер) және дүкен, асхана, буфеттерден, әсіресе, жаз күндері ауыз судан жергілікті халық тапшылық көрді. Бірақ бұл қиыншылықтардың барлығы өткінші ауыртпалықтар ретінде қарастырылды.

Алайда өндіріс аясындағы дағдарыс одан әрі тереңдей берді. Мысалы, құрылыс материалдарын әкелу кестесінің бұзылуы, техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, апаттардың жиілеуі, техниканың бүлінуі және тұрып қалуының салдары құрылыста кадрлардың тұрақтамауына әкеліп соқтырды.

Осындай жағдайларға байланысты жұмысшылар арасында наразылық туа бастады. 1959 жылдың 1 тамызында, сенбі күні кешке жұмысшылардың бір тобы ауысымнан кейін бірде-бір ашық асхана таппады. Бұл жұмысшылардың наразылығын туғызды (89 мың жұмысшыға әрқайсысы 2120 орыннан 178 асхана болды). Асханалар мен дүкендерде ойран салу әрекеттері басталды, көшелерде ереуілдер мен бүліктер ұйымдастырылды, қалыпты өмір-салты бұзылды.

Бүлікті басу үшін милиция мен Қарлаг әскерлері жұмылдырылды. Қару қолдану жағдайлары да болды. Бүліктің үшінші күні зауыттарға әскер енгізілді.

Болған оқиғалар жайында БАҚ ешқандай хабар бермеді. Бірінші кезекте бұл туралы облыстық, республикалық партия ұйымдарының басшыларына, сонымен қатар КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшыларына хабарланды.

КОКП ОК-і Президиумының бұйрығы бойынша кұрамында КОКП ОК-нің өкілдері, сондай-ақ ҚазКП хатшысы Беляев кірген комиссия құрылды.

1959 жылдың казан айында Мәскеуде болған КОКП ОК-і Президиумының мәжілісінде Теміртаудағы оқиғаларға байланысты «Қарағанды металлургия зауытын салу мәселелері туралы» қаулы қабылданды. Осы бойынша кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылды. Қарағанды облыстық комитетінің бірінші хатшысы П.Н. Исаев пен «Қазметаллургқұрылыс» тресінің бастығы Вишневский кінәлі деп жарияланды.

Теміртаудағы бүліктің негізгі себебі жұмысшылар арасында тәрбие және саяси үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі деп есептелді.

Бірақ бұл оқиғалардың басты себебі елдегі басқару ісінің негізгі принциптеріне байланысты еді. Басты назар адам мен оның жеке мәселелерінде емес, өндірістік салада ғана болды.

1979 жылы КОКП Қазақстан жерінде Неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады. Автономиялық облыстың құрамына Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Кокшетау облыстарының бірнеше ауданы кіруге тиіс болды. Жоспар бойынша автономиялық облыс орталығы Ерейментау қаласында орналасатын болды. Бұл жөнінде арнайы комиссия құрылып, оған КОКП ОК-ының хатшысы А. Коркин төрағалық етті. Партияның бұл шешімі қазақ халқының ұлттық мүддесін аяққа таптаудың көрінісі болды.

1979 жылы 16 маусымда Ақмола (Целиноград) қаласындағы Ленин алаңына қазақ жерінде неміс автономиясын құруға наразы болған жастар жиналды. «Неміс автономиясына жол жоқ!» «Қазақстан бөлінбейді!» деген жазулары бар плакаттар ұстаған жастар партияның бұл шешімін қатты айыптады. Осы жылы 19 маусымда жастар алдына шыққан атқару комитетінің төрағасы Жұмахметов пен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов Қазақстан жерінде ешқандай автономия құрылмайтынына жастарды сендірді.

Целиноград оқиғасы Целиноград қаласын ғана емес, облыстың басқа да елді мекендерін қамтыды. Бұл жолы өрескел құқықбұзушылыққа жол берілген жоқ. Шеруге қатысушылардың  кейбіреулері әкімшілік жолмен жазаланды.

Целиноградтағы оқиға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алғышарты болды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ондаған жыл бойы қордаланып қалған келеңсіздіктер – қоғамдық-әлеуметтік және мәдени салаларды қамтыған өрескел кемшіліктер, ұлт мәселелерінің қатты шиеленісуі, орталықтың өктемдік әрекеттері себеп болды.

Наразылықтың сылтауы – 1986 жылы 16 желтоқсанда өткен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің V пленумы болды. Пленумда Г.П. Разумовский ұсынысымен Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Д. Қонаев орнынан босатылып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В. Колбин тағайындалды. Ел басшылығын ауыстыруға арналған бұл пленум 18 минутқа ғана созылды.

Орталықтың бұл әрекеті үлкен саяси қателік және қазақ халқының мүддесін мүлде елемеушілік болды.

1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда жастар толқуы басталды. Кейін бұл толқу республиканың басқа қалаларына тарады. Шеру бейбіт және саяси сипатта болды. Жастар шеруі құқықбұзушылық, ұлтшылдық сипаттан аулақ болды. Наразылықтың басты қозғаушы күші студенттер, жастар болды. Бюрократиялық жүйеге үйренген республика басшылары жастар пікірін тыңдағылары келмей, олардың тез тарауын талап етті. Шеруді тарқату мақсатында республика басшылары Алматы гарнизоны, басқа да әскери күштер көмегімен жастар жиналған Брежнев алаңын қоршады. Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінен ішкі әскер бөлімдері әкелінді.

Осыншама ірі күштер сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойындар т.б. қарулар көмегімен демонстрацияны тоқтатты.

Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жас оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінде Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сияқты жастар жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды. Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-ы ақталды, 83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, 52 адам партия қатарынан, 787 адам комсомол қатарынан шығырылды. 1138 адам комсомолдық сөгіс алды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды, 758 студент оқудан шығаралды. Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы мамырда қайтыс болды. 1996 жылы 9 желтоқсанда оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. 1987 жылы Желтоқсан оқиғасы «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағаланды.

Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия Желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. КСРО халық депутаттарының I съезінде ақын, қоғам қайраткері М. Шаханов Желтоқсандағы орталықтың жүргізген іс-әрекетін қатты сынап, мінбеде сөз сөйледі. Бұл Желтоқсан шындығын ашудағы алғашқы қадам болды.

 

Тезистер 

  • Теміртауда бүкілодақтық комсомол-жастар құрылысы мәртебесіне ие болған қазақстандық «Магнитка» металлургиялық зауытының құрылысы іске қосылды.
  • Теміртау халқының күрт өсуіне байланысты жұмысшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі алда тұрды.
  • Алайда өндіріс аясындағы дағдарыс одан әрі тереңдей берді.
  • 1959 жыл 1 тамызда, сенбі күні кешке жұмысшылардың бір тобы ауысымнан кейін бірде-бір ашық асхана таппады. Асханалар мен дүкендерде ойран салу әрекеттері басталды, көшелерде ереуілдер мен бүліктер ұйымдастырылды, қалыпты өмір-салты бұзылды.
  • Бүлікті басу үшін милиция мен Қарлаг әскерлері жұмылдырылды. Қару қолдану жағдайлары да болды.
  • Болған оқиғалар жайында БАҚ ешқандай хабар бермеді.
  • 1959 жылдың казан айында Мәскеуде болған КОКП ОК-і Президиумының мәжілісінде Теміртаудағы оқиғаларға байланысты «Қарағанды металлургия зауытын салу мәселелері туралы» қаулы қабылданды.
  • Теміртаудағы бүліктің негізгі себебі жұмысшылар арасында тәрбие және саяси үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі деп есептелді.
  • Бірақ бұл оқиғалардың басты себебі елдегі басқару ісінің негізгі принциптеріне байланысты еді. Басты назар адам мен оның жеке мәселелерінде емес, өндірістік салада ғана болды.
  • 1979 жылы КОКП Қазақстан жерінде Неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады.
  • Автономиялық облыстың құрамына Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Кокшетау облыстарының бірнеше аудандары кіруге тиіс болды.
  • Жоспар бойынша автономиялық облыс орталығы Ерейментау қаласында орналасатын болды.
  • 1979 жылы 16 маусымда Ақмола қаласындағы Ленин алаңына қазақ жерінде неміс автономиясын құруға наразы болған жастар жиналды. «Неміс автономиясына жол жоқ!» «Қазақстан бөлінбейді!» деген жазулары бар плакаттар ұстаған жастар партияның бұл шешімін қатты айыптады.
  • Шеруге қатысушылардың  кейбіреулері әкімшілік жолмен жазаланды.
  • Целиноградтағы оқиға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алғышарты болды.
  • 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ондаған жыл бойы қордаланып қалған келеңсіздіктер – қоғамдық-әлеуметтік және мәдени салаларды қамтыған өрескел кемшіліктер, ұлт мәселелерінің қатты шиеленісуі, орталықтың өктемдік әрекеттері себеп болды.
  • Наразылықтың сылтауы 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің V пленумы болды.
  • Пленумда Г.П. Разумовский ұсынысымен Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Д. Қонаев орнынан босатылып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В. Колбин тағайындалды.
  • 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда жастар толқуы басталды. Кейін бұл толқу республиканың басқа қалаларына тарады.
  • Шеруді тарқату мақсатында республика басшылары Алматы гарнизоны, басқа да әскери күштер көмегімен жастар жиналған Брежнев алаңын қоршады.
  • Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінен ішкі әскер бөлімдері әкелінді.
  • Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендерінің саны 8,5 мың болды. Көптеген жас оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды.
  • Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-ы ақталды, 83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, 52 адам партия қатарынан, 787 адам комсомол қатарынан шығырылды.
  • Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы мамырда қайтыс болды. 1996 жылы 9 желтоқсанда оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.
  • 1987 жылы КОКП ОК-ті Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады.
  • Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті.


Қате туралы хабарландыру