Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Соғыстан кейінгі саяси қысым

Конспект

Соғыстан кейінгі кезеңде Коммунистік партия идеологиялық жұмысты күшейтуге кірісті. БК(б)П ОК-нің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы, «Драмалық театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы», «Большая жизнь» кинофильмі туралы қаулылары жарық көрді.

Орталықта болып жатқан кез келген науқан ұлттық республикаларда әлдеқайда соны серпінмен қайталанып отырды. Республикалық партия комитеттері өз жұмыстарын БК(б)П Орталық Комитеттің аталған қаулыларының бағытында ғана жүргізетін болды.

Қазақстанда аталған қаулыларды негізге алған саяси науқан 1946 жылы 26 қыргүйекте Алматыда өткен әдебиет пен өнер қайраткерлерінің жиналысынан бастау алды. Жазушылардың шығармашылығы саясаттан тыс, социалистік реализм принциптерінен ауытқығаны үшін сыналды. Жазушы Ә. Тәжібаевты «Біз де қазақпыз» кітабында патшалар мен хандарды мадақтағаны үшін сынға алды. Журналдар идеологиялық зиянды еңбектерді басқаны үшін кінәлі деп табылды.

Қазақстан БК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылы шыққан «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қаулысымен қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі, әсіресе, ХХ ғасыр басындағы рухани мұрасын ғылыми зерттеуге шек қойылды. Бұл қаулы өткеннің рухани мұраларын талқандап, оның ең мәнді, сүбелі дегендерін қоқысқа лақтырып тастауға жол ашып берді. Тіл және әдебиет институтының ғылыми зерттеулер жоспары қайта қаралып, М. Әуезовтің шығармашылық және ғылыми қызметі сынға алынды. Ол орысқа қарсы, реакцияшыл, кертартпа көзқарасты насихаттаушы ретінде айыпталды.

1948 жылы қыргүйекте ҚК(б)П ОК-нің «Кеңестік қазақ әдебиетінің жағдайы және оны одан әрі дамыту туралы» қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес ҚК(б)П ОК-і Жазушылар Одағын нақты тақырыбы, жанры және орындалу мерзімі көрсетілген шығармалар жоспарын бекітуге міндеттеді. Өнер басқармасынан да пьеса, опера, балет және бейнелеу өнері бойынша осындай тақырыптық жоспар талап етілді.

1948 жылы 23 ақпанда Қазақстан композиторлар Одағының жалпы жиналысы өтті. Е. Брусиловский, В. Великанов сияқты сазгерлер «Орыс музыкасы классиктерінің тәжірибесін мансұқ еткені үшін» сынға алынды.

1949 жылы ҚК(б)П ОК-і Қазақстан Суретшілер Одағының қызметін тексеру үшін комиссия құрды. Комиссия ұсынысымен ҚКСО (Қазақстан кеңестік Суретшілер Одағы) басқармасы қайта сайланды.

1948 жылы 27 тамызда «Правда» газетінде В.И. Ленин атындағы Ауылшаруашылығы ғылымдарының бүкілодақтық академясының (ВАСХНИЛ) тамыз сессиясы қаулысында: «Биология ғылымында екі қарама-қарсы бағыт бары анықталды: бірінші бағыт – прогрессивті, материалдық, мичуриндік, екінші бағыт – реакциялық идеалистік, вейсмандық, менделеевтік, моргановтық» деп атап көрсетілді. Биология ғылымында осы екі бағыттың текетіресі «таптық идеологиялық күрес түрі» болып анықталды.

Мәскеуде «Дәрігерлер ісі», Лениградта «Ленинград ісі» деп аталған саяси күйрету шаралары жүріп жатқан кезде Қазақстанда «Бекмаханов ісі» қолға алынды. 1951 жылы 10 сәуірде ҚК(б)П ОК-нің «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан сөз ету туралы» мақала жөнінде қаулысы шықты. Тарихшы Е. Бекмаханов қуғынға ұшырады. Ол партия қатарынан шығарылды, «Кеңеске қарсы әрекеті үшін» қызметінен босатылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Сынаушылар Е. Бекмахановтың еңбектерін орысқа қарсы жазылған және онда Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер дәріптелген деп автордың «буржуазияшыл-ұлтшыл көзқарастарын» айыптады.

1940 және 1950 жылдардың басында әділетсіз саяси айыптауға ұшырамаған қазақ зиялылары аз болды. Олардың қатарында республикаға белгілі қоғамтанушы ғалымдар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері – А. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Б. Сүлейменов, Е. Ысмайылов, І. Кеңесбаев, С. Мұқанов тағы басқалар болды. Ірі ғалым Ә. Мағұланның көзқарасы ғылымға жат деп танылды. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ. Сәтбаев, дарынды жазушы Ю. Домбровский Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болды. Қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезовке де Отанынан тыс жерден баспана іздеуге тура келді.

Биология, медицина және геология ғылымдары салаларында жемісті еңбек етіп жүрген көптеген ғалымға «космополит» деген айдар тағылды.

Қоғамда болып жатқан құбылыстарға қатысты өзіндік пікір айтып, өзгеше ойлағаны үшін қудаланғандар басшылықтың орта және төменгі буындары арасынан да, қарапайым мұғалімдер, заңгерлер, дәрігерлер арасынан да көп кездесті.

 

Тезистер

  • Соғыстан кейінгі кезеңде Коммунистік партия идеологиялық жұмысты күшейтуге кірісті. БК(б)П ОК-нің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы, «Драмалық театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы», «Большая жизнь» кинофильмі туралы қаулылары жарық көрді.
  • Қазақстанда аталған қаулыларды негізге алған саяси науқан 1946 жылы 26 қыргүйекте Алматыда өткен әдебиет пен өнер қайраткерлерінің жиналысынан бастау алды.
  • Жазушы Ә. Тәжібаевты «Біз де қазақпыз» кітабында патшалар мен хандарды мадақтағаны үшін сынға алды. Журналдар идеологиялық зиянды еңбектерді басқаны үшін кінәлі деп табылды.
  • Қазақстан БК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылы шыққан «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қаулысымен қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі, әсіресе, ХХ ғасыр басындағы рухани мұрасын ғылыми зерттеуге шек қойылды.
  • М. Әуезовтің шығармашылық және ғылыми қызметі сынға алынды. Ол орысқа қарсы, реакцияшыл, кертартпа көзқарасты насихаттаушы ретінде айыпталды.
  • 1948 жылы қыргүйекте ҚК(б)П ОК-нің «Қазақ кеңес әдебиетінің жағдайы және оны одан әрі дамыту туралы» қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес ҚК(б)П ОК-і Жазушылар Одағын нақты тақырыбы, жанры және орындалу мерзімі көрсетілген шығармалар жоспарын бекітуге міндеттеді.
  • 1948 жылы 23 ақпанда Қазақстан композиторлар Одағының жалпы жиналысы өтті. Е. Брусиловский, В. Великанов сияқты сазгерлер «Орыс музыкасы классиктерінің тәжірибесін мансұқ еткені үшін» сынға алынды.
  • 1949 жылы ҚК(б)П ОК-і Қазақстан Суретшілер Одағының қызметін тексеру үшін комиссия құрды. Комиссия ұсынысымен ҚКСО (Қазақстан кеңестік Суретшілер Одағы) басқармасы қайта сайланды.
  • Мәскеуде «Дәрігерлер ісі», Лениградта «Ленинград ісі» деп аталған саяси күйрету шаралары жүріп жатқан кезде Қазақстанда «Бекмаханов ісі» қолға алынды.
  • 1951 жылы 10 сәуірде ҚК(б)П ОК-нің «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан сөз ету туралы» мақала жөнінде қаулысы шықты. Тарихшы Е. Бекмаханов қуғынға ұшырады. Ол партия қатарынан шығарылды, «Кеңеске қарсы әрекеті үшін» қызметінен босатылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Сынаушылар Е. Бекмахановтың еңбектерін орысқа қарсы жазылған және онда Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер дәріптелген деп автордың «буржуазияшыл-ұлтшыл көзқарастарын»  айыптады.
  • Ірі ғалым Ә. Марғұланның көзқарасы ғылымға жат деп танылды.
  • Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ. Сәтбаев, дарынды жазушы Ю. Домбровский Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болды.
  • Қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезовке де Отанынан тыс жерден баспана іздеуге тура келді.
  • Биология, медицина және геология ғылымдары салаларында жемісті еңбек етіп жүрген көптеген ғалымға «космополит» деген айдар тағылды.


Қате туралы хабарландыру