Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қазақстандағы жаппай қуғын-сүргін. Халық жауларын қудалау

Конспект

1930 жылдары Кеңес Одағында социалистік қатынастар қалыптасып, сталиндік тоталитарлық жүйе толық орнықты.

1928 жылы Кеңес үкіметінің басшылығына келген И. Сталин 1929 жылды «ұлы бетбұрыс» жылы деп атады. Халықтың есінде ешбір жазықсыз миллиондаған адамның өмірін әкеткен сталинизмнің «ұлы бетбұрыс» кезеңі мәңгі қалды.

БК(б)П ОК-нің 1923 жылғы маусымда өткен мәжілісінен кейін ұлттық идеялардың көріністерін қатаң қуғындау басталды. Ұлт зиялыларының өкілдері ұлтшыл басмашылармен байланыс және Кеңес үкіметін құлатуға ұмтылғандары үшін айыпталды, қуғын-сүргінге ұшырады. 1922 жылы басшылық қызметтегі «Алаш» партиясының бұрынғы мүшелері орындарынан қуылып, ал 1924 жылы бірқатар қазақ коммунисі республикадан Орталыққа шақыртылып алынды. Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы қоғамдық-саяси жағдайдың күрделілігі В.И. Лениннің ізбасарлары И. Сталин мен Л. Троцкий және басқалардың арасындағы билік, көсемдік үшін тайталаспен ерекшеленді.

Аштық пен жаппай қуғын-сүргін, тоталитарлық режимнің жазықсыз адамдарды қуғындауы мен күштеп жер аударуы осы жылдардағы басты оқиғалар болды.

Қазақстанда халыққа қысым жасау саясаты, әсіресе, 1925 жылы қыргүйекте БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшылығына Ф.И. Голощекиннің келуімен күшейді. 20 жылдардың соңында ел ішінде адамдардың бір-біріне деген жаппай сенімсіздігі, қорқыныш пен қорғансыздық күйі белең алды.

1928 жылдың соңында «буржуазияшыл ұлтшылдар» атанған «Алашорданың» бұрынғы қайраткерлерінің бәрі тұтқындалды. «Алаш» партиясының өкілдерін қудалау мақсатында кез келген айла-шарғы пайдаланылды. Баспасөзде олардың атын қаралайтын мақалалар жарияланып, тікелей арандату әрекеттері жасалды, олардың отбасы мүшелері, жақындары тұтқындалды.

Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж. Аймауытов, Ә. Байділдин, Д. Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалады.

Ұлт зиялыларының екінші тобы 1930 жылдың қыргүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Ресейге жер аударылды. Бұл кезеңде Ж. Аймауытов, Ә. Байділдин, Д. Әділевтер атылып, қалғандары әртүрлі мерзімге түрмеге жабылды. Олардың кейбіреулері (М. Дулатов т.б.) лагерьлерде қайтыс болды, қалғандары (А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев т.б.) жазасын өтегенімен «Алашорданың» қызметіне араласқаны үшін қайта айыпталып, 1937-1938 жылдары атылды.

1937 жылы БК(б)П ОК-нің, И.В. Сталин мен оның айналасындағылардың «халық жаулары мен олардың құйыршықтарын түп-тамырымен жоюдың» қажеттігі жөніндегі нұсқауы барлық жерде қолдау тапты.

1936-1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жауы» немесе «халық жауының сыбайластары» және т. б. айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді.

«Халық жауларының» көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. 1930 жылдардың ортасында Л. Мирзоян, Ү. Құлымбетов, Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов. О. Жандосов, Т. Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері «халық жаулары» ретінде тұтқындалды.

1920-1950 жылдардағы заңсыз қуғын-сүргіннің бір көрінісі – мемлекет және оның қызмет иелері мен органдарының қарапайым адам құқықтарын жаппай өрескел бұзып, аяққа таптауы болды. Бұл заңбұзушылық қуғын-сүргін саясатын жүзеге асыру барысында бұқаралық сипат алып, оған заңдық негіз бен жариялылық түр берген Кеңес заңдарының нормалары нұсқаулармен бүркемеленді.

Бұл кезең қолданылған қылмыстық жазалардың ерекше қаталдығымен сипатталады. Мысалы, 1926 жылғы РКФСР Қылмыстық Кодексінің ерекше бөлімінің I тарауында көрсетілген контрреволюциялық қылмыстардың 17-сінің 12-іне ең жоғарғы жаза – ату жазасын қолдану қарастырылды. Азаматтарды «халық жауы» деп жариялап, азаматтық құқықтардан айыру, мемлекеттен қуу, дүние-мүліктерін тәркілеу, қатаң оқшаулау арқылы еркінен айыру тәрізді жазалау шаралары да кеңінен қолданылды. Тоталитарлық тәртіп адамдардың өздеріне тағылған айыптауларды әділ, жан-жақты талқылайтын соттың болуын талап ету сияқты ажырамас құқығын да теріске шығарды.

Қазақстандықтарға көбінесе жапон, кейде герман тыңшылары деген айып тағылып, айыптаушылар мен сотталғандардың «мойындауы» ешқандай дәлелдеусіз жүзеге асырылды. Көршілердің, қызметтестердің, тіпті таныстар мен туыстардың берген жалған мәліметтеріне негізделген, «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыптау да кең таралды.

Қазақстанда, сондай-ақ азаматтарды ұлтшылдық және ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңес Одағының құрамынан бөліп алуға тырысты деген айыптау да кең қолданылды. Көптеген адам террорлық әрекеттер, диверсия, саботаждарды жүзеге асыруға дайындық жасағаны, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуіне қарсы экономикалық контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастырғаны үшін деп негізсіз қуғын-сүргінге ұшырады. БК(б)П-ның Алматы обкомы мен Халық комиссариатының бұрынғы хатшысы Ж. Садуақасовқа, жазушы С. Сейфуллинге, ағарту халық комиссары Т. Жүргеновке 1937 жылы көп айыптың бірі ретінде «Ырғызда, Қарақұмда, Сарысуда және басқа да аймақтарда болған көтерілістерді ұйымдастырған» деген айып тағылды. Жазушы С. Сейфуллинге «Жапонияның протектораттығындағы Қазақ буржуазиялық мемлекетін құрмақ болған» деген ақылға сыймайтын айып тағылды. С. Сейфуллиннің әйелі, Т. Рысқұловтың әйелі мен қызы, Т. Жүргеновтің әйелі, С. Қожановтың әйелі және т.б. көптеген қазақ, орыс және өзге ұлт қайраткерлерінің әйелдері,  балалары жазықсыз азап шекті.

«Әлеуметтік тапсырыс беру» мемлекеттік қуғындау-жазалау органдары жұмысының көлемін ұлғайтты. БК(б)П ОК-нің саяси бюросының бастамасымен республикалық және жергілікті партия, кеңес органдарының, НКВД өтініштерінің негізінде жекелеген аймақтардағы қуғын-сүргінге ұшырауға тиісті адамдардың шектеулі тізімін бекітті.

Большевиктік режим осылайша қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрған зиялылар тобын, олар қалыптастырған азаттық идеологиясын жойып тынды.

 

Тезистер

  • 1930 жылдары Кеңес елінде социалистік қатынастар қалыптасып, сталиндік тоталитарлық жүйе толық орнықты.
  • 1928 жылы Кеңес үкіметінің басшылығына келген И. Сталин 1929 жылды «ұлы бетбұрыс» жылы деп атады.
  • БК(б)П ОК-нің 1923 жылғы маусымда өткен мәжілісінен кейін ұлттық идеялардың көріністерін қатаң қуғындау басталды.
  • 1922 жылы басшылық қызметтегі «Алаш» партиясының бұрынғы мүшелері орындарынан қуылып, ал 1924 жылы бірқатар қазақ коммунисі республикадан Орталыққа шақыртылып алынды.
  • Қазақстанда республика жұртшылығына қысым жасау саясаты, әсіресе, 1925 жылы қыргүйекте БК(б)П Қазақ өлкелік партия Комитетінің бірінші хатшылығына Ф.И. Голощекиннің келуімен қатаң сипат ала бастады.
  • 1928 жылдың соңында «буржуазияшыл ұлтшылдар» атанған «Алашорданың» бұрынғы қайраткерлерінің бәрі тұтқындалды.
  • Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж. Аймауытов, Ә. Байділдин, Д. Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады.
  • Ұлттық зиялылардың екінші тобы 1930 жылдың қыргүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Ресейге жер аударылды. 
  • 1937 жылы БК(б)П ОК-нің, И.В. Сталин мен оның айналасындағылардың «халық жаулары және олардың құйыршықтарын түп-тамырымен жоюдың» қажеттігі жөніндегі нұсқауы барлық жерде қолдау тапты.
  • 1936-1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жаулары» немесе «халық жауларының сыбайластары» және т.б. айыптар тағылды.
  • Көбіне «халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты.
  • 1930 жылдардың ортасында Л. Мирзоян, Ү. Құлымбетов, Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов. О. Жандосов, Т. Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері «халық жаулары» ретінде тұтқындалды.
  • 1920-1950 жылдардағы заңсыз қуғын-сүргіннің бір көрінісі – мемлекет және оның қызмет иелері мен органдарының қарапайым адам құқықтарын жаппай өрескел бұзып, аяққа таптауы болды.
  • Қазақстандықтарға көбінесе жапон, кейде герман тыңшылары деген айып тағылып, айыптаушылар мен сотталғандардың «мойындауы» ешқандай дәлелдеусіз жүзеге асырылды.
  • Қазақстанда, сондай-ақ азаматтарды ұлтшылдық және ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңес Одағының құрамынан бөліп алуға тырысқаны үшін айыптау да кең қолданылды.
  • БК(б)П-ның Алматы обкомы мен Халық комиссариатының бұрынғы хатшысы Ж. Садуақасовқа, жазушы С. Сейфуллинге, ағарту халық комиссары Т. Жүргеновке 1937 жылы көп айыптың бірі ретінде «Ырғызда, Қарақұмда, Сарысуда және басқа да аймақтарда болған көтерілістерді ұйымдастырған» деген айып тағылды.
  • Жазушы С. Сейфуллинге «Жапонияның протектораттығындағы Қазақ буржуазиялық мемлекетін құрмақ болған» деген ақылға сыймайтын айып тағылды.
  • С. Сейфуллиннің әйелі, Т. Рысқұловтың әйелі мен қызы, Т. Жүргеновтің әйелі, С. Қожановтың әйелі және т.б. көптеген қазақ, орыс және өзге ұлт қайраткерлерінің әйелдері,  балалары жазықсыз азап шекті.
  • «Әлеуметтік тапсырыс беру» мемлекеттік қуғындау-жазалау органдарын қарқынды жұмыс істеуге мәжбүр етті. Жұмыстың көлемі ұлғайып, «тасқынды» сипатқа ие болды.
  • Большевиктік режим осылайша қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрған зиялылар тобын, олар қалыптастырған азаттық идеологиясын жойып тынды.


Қате туралы хабарландыру