Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қазақстандағы социалистік индустрияландыру саясаты

Конспект

1925 ж. желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде Кеңестер Одағын индустрияландыру бағыты белгіленді.

Шаруашылықтың барлық салаларын соның негізінде техникалық қайта жасақтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін бүкіл экономиканың негізі ретінде ең алдымен ауыр өнеркәсіпті дамыту, оның шаруашылықтағы жетекшілік рөлін бекіту арқылы шетелдермен экономикалық жарыста озып шығу мақсаты қойылды

1925 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың қыркүйегі арасындағы үш жылда өнеркәсіп салу ісіне 3,3 млрд сом қаржы жұмсалды. Орасан зор қаржы Ресей аумағындағы ескі өнеркәсіп орындарын қайта жөндеу мен жаңа қуатты зауыт-фабрикалар, су электр станцияларын жасауға жұмсалды.

Кеңес үкіметінің басшылары да патша заманындағыдай Қазақстанға бай шикізат көзі ретінде қарады. Табиғат байлықтарының күрделі ошақтарын табу мақсатында бірінші бесжылдық жылдарында КСРО Ғылым академиясы кешенді ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Академик Н.С. Курнаков басшылық еткен Орталық Қазақстандағы геологтар мен геофизиктер тобы Қазақстан Республикасы «Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы» деген тұжырым жасады. Ал Орал-Ембі аймағын зерттеген академик И.М. Губкин бастаған топ оның мұнайға аса бай екенін дәлелдеді.

Кеңес үкіметінің индустрияландыру барысындағы орашолақ, біржақты саясаты сол кездің өзінде Троцкий, Бухарин, Зиновьев сияқты саясаткерлердің қарсылығын тудырған болатын. Қазақстанда да бұл мәселе бойынша қызу тартыстар болды.

Қазақстанды индустрияландыру мәселесі бойынша бірнеше бағыттағы көзқарастар арасында қызу пікірталас жүрді. Бірінші бағытты жақтаушылар Қазақстан экономикасының орталыққа тәуелділігін, шикізат көзі ретінде дамуын жақтады. Олар мемлекеттік саясат негізінде республиканың ерекшеліктерін ескере отырып, «партияның ауыл шаруашылығы шикізат базасы есебінде оның өнімдерін өңдеумен ғана шектелуін, ұсақ өнеркәсіпті дамыту жолын ұстануы бірден-бір дұрыс бағыт» деп мәлімдеді.

Екінші бағыт бойынша Қазақстанды тек шикізат базасы ретінде пайдалану дұрыс емес екені, мұндағы индустрияландыруды жоғарғы жақтағылардың талабы бойынша жүргізбей, жергілікті қажеттілікті ескере отырып, өнеркәсіптер салу негізінде іске асыру керектігі баса айтылды.

Үшінші бағыттағылар қазақ жерін индустрияландыруға қарсы болды. Олар көшпелі өмір – азақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшелігі. Ал қарқынды түрде индустрияландыру оның ұлттық болмысын бүлдіреді, «түйеден социализмге» тікелей өту мүмкін емес деді.

Төртінші бағытты жақтаушылар шовинистік көзқараста болды. Олар қазақ халқының индустрияландырудың қарқынына ілесе алатынына күмән келтірді. Қазақпен «өнеркәсіп-қаржы жоспарын орындай алмайсың», «өндірісті қазақтандыру пайда бермейді», «қазақтандыру өндірісті қымбаттатып жібереді», «қазақ бәрібір жұмыс істемейді, ол қайтсе де далаға қашады» және т.б. деп санады.

Алғашқы екі бағытты жақтаушылар арасында күрделі тартыс жүрді.

Бірінші бағытты Голощекин мен оның төңірегіндегілер ұстанды. Олар Сталин мен орталықтағы кейбір үкімет мүшелерінен қолдау тапты. Сондықтан бұлар өктемдеу болды. Қазақстанда «Кіші Қазан» науқанын жүргізуге ұмтылған Голощекин мен оның төңірегіндегілер қазақ жерінде ірі өнеркәсіп орындарын салу идеясын қоштамады.

Голощекин бұл бағытты 1927 ж. ұсынып, 1930 ж. мамыр-маусым айларында Алматыда өткен VІІ Бүкілқазақтық партия конференциясында тағы да қайталады. Орталық Комитеттің Саяси бюросының мүшелігіне кандидат А. Андреев VІ Бүкілқазақтық партия конференциясында  Кеңес үкіметінің шет аймақтарды орталыққа бағындыру, тәуелді ету саясатын ашық мәлімдеді.

Индустрияландырудағы голощекиндік бағыттың біржақты отаршыл бағытын айқын көре білгендердің алдыңғы қатарында тағы да С. Сәдуақасов тұрды.

Қазақстандағы индустрияландырудың барысы мен сипаты. 1928 жылдың 1 қазанынан шартты түрде басталатын бірінші бесжылдық жылдарында Қарсақбай, Риддер сияқты кәсіпорындар, Ембі мұнай өндірісі, Степняк алтын кені қайта қалпына келтірілді. Өңдеу өнеркәсібінің Семей тері, кірпіш, Петропавл ет комбинаты сияқты байырғы түрлері жөнделіп, қайта іске қосылды. Ал бес жылдың ішінде жаңадан салынғандары: Іле ағаш тілу, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын, Ақтөбе фосфор тыңайтқыштары, Орал мен Алматыда ет комбинаттары, Гурьевте (қазіргі Атырау) балық консервілеу комбинаты, Мерке, Жамбыл және Талдықорғанда қант зауыттары ғана болды. Олардың өзі негізінен шағын аумақты қамтамасыз етуге бейімделген кәсіпорындар еді.

Индустрияландыру кезіндегі Қазақстандағы ең күрделі құрылыстың бірі Түрксіб темір жолын салуды аяқтау болды. Патша үкіметі Қазақстанды жаулап алу барысында әскери-стратегиялық мақсатта Орынбор-Ташкент бағытында темір жол салып, оны қазіргі Алматы арқылы Семеймен жалғастыруды көздеді. Бірақ еліміздің батыс және оңтүстік-батыс бөлігінде темір жол салғанмен, ол бағытты шығыс бөлігі арқылы Сібірмен қосу ісі аяқталмай қалған еді. Патша үкіметі кезінде көптеген талас-тартыс тудырған бұл істі аяқтауды Кеңес үкіметі қолға алды. Бұл жолды салу 1927 ж. қайта қолға алынып, екпінді жұмыс басталды. Орталық үкімет оған үлкен мән беріп отырды.

Түрксіб құрылысының бастығы болып В.С. Шатов тағайындалды. РСФСР үкіметі жанынан Түрксіб құрылысына көмектесетін арнайы комитет құрылды. Оны РСФСР Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов басқарды.

Құрылыс жұмыстарына бірнеше ұлт өкілдерінен құралған 100 мыңдай адам тартылды. Қысы-жазы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан еңбек еткен олар ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Соның нәтижесінде патша заманында тәулігіне орта есеппен 150 метр ғана салынатын Жетісу темір жолын салу Кеңес заманында 1500 метрге дейін жетті. Ертіс, Іле, Аягөз, Шу, Қаратал және т.б. өзендерден өтетін көпірлер де жылдам салынды. Түрксіб темір жолы жоспарда белгіленген бес жылдан екі жыл бұрын, яғни үш жылда салынып бітті. Жалпы ұзындығы 1445 километрге созылған бұл темір жолдың ел өміріндегі маңызының зор екенінде дау жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында металлургия бойынша екінші орынға шықты. Мәселен, Шымкент қорғасын зауыты КСРО-дағы қорытылған қорғасынның 73,9, ал Балқаш зауыты елімізде балқытылған мыстың 51, Қарағанды бассейні көмірдің 90 пайызын берді. Қазақстан мұнай өндіру бойынша да Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орында тұрды.

 

Тезистер

  • 1925 ж. желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде Кеңестер Одағын индустрияландыру бағыты белгіленді.
  • Шаруашылықтың барлық салаларын соның негізінде техникалық қайта жасақтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін бүкіл экономиканың негізі ретінде ең алдымен ауыр өнеркәсіпті дамыту мақсаты қойылды.
  • 1925 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың қыркүйегі арасындағы үш жылда өнеркәсіп салу ісіне 3,3 млрд сом қаржы жұмсалды.
  • Кеңес үкіметінің басшылары да патша заманындағыдай Қазақстанға бай шикізат көзі ретінде қарады.
  • Кеңес үкіметінің индустрияландыру барысындағы орашолақ, біржақты саясаты сол кездің өзінде Троцкий, Бухарин, Зиновьев сияқты саясаткерлердің қарсылығын тудырды.
  • Қазақстанды индустрияландыру мәселесі бойынша бірнеше бағыттағы көзқарастар арасында қызу пікірталас жүрді.
  • Бірінші бағытты Голощекин мен оның төңірегіндегілер ұстанды. Олар Сталин мен орталықтағы кейбір үкімет мүшелерінен қолдау тапты. Сондықтан бұлар өктемдеу болды. Қазақстанда «Кіші Қазан» науқанын жүргізуге ұмтылған Голощекин мен оның төңірегіндегілер қазақ жерінде ірі өнеркәсіп орындарын салуды қоштамады.
  • Индустрияландырудағы голощекиндік бағыттың біржақты отаршыл бағытын айқын көре білгендердің алдыңғы қатарында тағы да С. Сәдуақасов тұрды.
  • 1928 жылдың 1 қазанынан шартты түрде басталатын бірінші бесжылдық жылдарында Қарсақбай, Риддер сияқты кәсіпорындар, Ембі мұнай өндірісі, Степняк алтын кені және т.б. қайта қалпына келтірілді.
  • Индустрияландыру кезіндегі Қазақстандағы ең күрделі құрылыс Түрксіб темір жолын салуды аяқтау болды.
  • Бұл жолды салу 1927 ж. қайта қолға алынды. Орталық үкімет оған үлкен мән беріп отырды.
  • Түрксіб құрылысының бастығы болып В.С. Шатов тағайындалды.
  • РСФСР үкіметі жанынан Түрксіб құрылысына көмектесетін арнайы комитет құрылды. Оны РСФСР Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов басқарды.
  • Құрылыс жұмыстарына бірнеше ұлт өкілдерінен құралған 100 мыңдай адам тартылды.
  • Соның нәтижесінде патша заманында тәулігіне орта есеппен 150 метр ғана салынатын Жетісу темір жолын салу Кеңес заманында 1500 метрге дейін жетті.
  • Түрксіб темір жолы жоспарда белгіленген бес жылдан екі жыл бұрын, яғни үш жылда салынып бітті.
  • Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында металлургия бойынша екінші орынға шықты.
  • Қазақстан мұнай өндіру бойынша да Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орында тұрды.


Қате туралы хабарландыру