iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Кенесары Қасымұлы бастаған 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс
Көтерілістің алғышарттары. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы және қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің басты ерекшелігі оған үш жүздің толық қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.
Көтерілістің мақсаты:
- Ресейдің отарлау саясатына шек қою;
- Патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау;
- Қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату;
- Қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету.
1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды.
1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің бастауы болды. 1838 жылы 26 мамыр күні Кенесары бастаған көтерілісшілер Ақмола бекінісін шабуылмен басып алып, өртеп жіберді. Ақмолаға иелік еткен Карбышев пен сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бекіністі тастап, қашып кетеді. 1838 жылы күзде көтеріліс Кіші жүз өңіріне тарайды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы көтеріліске қосылады.
1841 жылы тамыз айында Кенесары сарбаздары Ташкентке аттанып, бірақ жұқпалы аурудың таралуынан жорықты тоқтатады. Бұл жолы Кенесары қолы қоқандықтардың билігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршайды және бірнеше бекіністі алады. Қоқан ханы Кенесарыға одақ құруды ұсынады, бірақ батыр оны қабылдамайды.
Көтерілістің кеңеюінен сескенген патша үкіметі көтерілісті тезірек басуға тырысады. Орынбор губернаторы Обручев пен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков көтерілісті басуға әскер жібереді. 1842 жылы Кенесары қолына қарсы бағытталған Сотников басқарған жазалау отрядтары жіберілді. Сібір жазалау отрядтары бейбіт қазақ ауылдарын ойрандап, 14000-ға жуық малын алып, 100-ге жуық адамды өлтіреді.
1843 жылы 27 маусымда старшын Лебедев басқарған, 300 адамнан тұратын казак отрядтары көтерілісшілерге қарсы аттанады. 1843 жылы тамызда көтерілісшілерге қарсы Жантөреұлы, Айшуақұлы, Бизанов, подполковник Генс басқарған 5000 адамнан құралған жазалаушы топ ұйымдастырылды. Кенесарының басын кескенге 3 мың сом сыйақы белгіленді.
1844 жылы 21 шілдеде көтерілісшілер сұлтан Жантөреұлы басқарған отрядты жеңіп, 44 сұлтан қаза табады, сұлтанның аман қалған тобы Тобыл өзеніне қарай шегінеді. Кенесарыға қарсы күресте дәрменсіздігі үшін старшын Лебедев Орынборға шақырылып, жауапқа тартылды.
1844 жылғы Кенесарының жеңістері Орынбор әкімшілігін Кенесарымен келіссөз жүргізуді бастауға мәжбүр етті. 1838 жылғы желтоқсанда Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков пен I Николайға арналған хатты тапсыруға жіберген елшілігінде Кенесарының қойған алғашқы талаптары мынандай болды:
- Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою;
- Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру;
- Салық жинауды тоқтату.
- Бірақ Кенесары жіберген елшіліктің бес өкілі тұтқынға алынып, жазаға тартылады.
Кенесарының қойған екінші талабы әскери бекіністер салынбаған Ақтау, Есіл және Нұра мен Жайық өзендеріне дейінгі өңірлерді Ресей билігінен босату болды.
Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады. Қырғыз манаптарымен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскері «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары ханды патша тарапынан сыйлықтар алған қырғыз манаптары өлтіреді.
Көтерілістің жеңілу себептері:
- Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады;
- Қазақ халқы арасында рулық алауыздық пен руға бөліну болды;
- Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады;
- Көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды;
- Қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады.
- Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады.
1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды.
Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты.
Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты. Кенесары ең алдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Ол бойынша мал өсірушілер зекет, ал диқандар ұшыр төлейтін болды. Патша әскерімен соғысты одан әрі жалғастыру үшін қосымша қаржы қажет болды. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау басталды. Салық жинауда әр отбасының жағдайы жеке-жеке ескерілді. Малы 40 бастан аспайтын үйлер алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан малы көптер болса 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болды.
Қарулы күштердің құрылуы. Кенесары хан 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті, тұрақты әскер жасақтады. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздар жүзбасы, мыңбасы болып тағайындалды. Сондай-ақ Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды.
Кенесары сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары хан сарбаздарына әскери өнер үйретті. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Ал әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.
Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдалана алды. Олар патша әскерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жем-шөппен қамтамасыз етті.
Кенесары Қасымұлы – үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұра білген, қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан, қазақтың соңғы ханы.
Тезистер
- Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.
- ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі оған үш жүздің түгелге дерлік қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.
- Көтерілістің мақсаты: 1. Ресейдің отарлау саясатына шек қою. 2. Патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау. 3. Қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату. 4. Қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету.
- 1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды.
- 1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің басталуы болды.
- 1838 жылы күзде көтеріліс Кіші жүз өңіріне тарайды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы көтеріліске қосылады.
- 1842 жылы патша тарапынан Кенесары қолына бағытталған Сотников басқарған жазалау отрядтары жіберілді. Сібір жазалау отрядтары бейбіт қазақ ауылдарын ойрандап, 14000-ға жуық малын алып, 100-ге жуық адамды өлтірді.
- Кенесарының басын кескенге 3 мың сом сыйақы белгіленді.
- 1844 жылы 21 шілдеде көтерілісшілер сұлтан Жантөреұлы басқарған отрядты жеңіп, 44 сұлтан қаза табады, сұлтанның аман қалған тобы Тобыл өзеніне қарай шегінеді.
- 1844 жылы Кенесарының патша үкіметіне қойған талаптары: 1. Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою. 2. Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру. 3. Салық жинауды тоқтату.
- Кенесарының қойған екінші талабы: әскери бекіністер салынбаған Ақтау, Есіл және Нұра мен Жайық өзендеріне дейінгі өңірді Ресей билігінен босату.
- Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады.
- Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары ханды патшадан сыйлықтар алған қырғыз манаптары өлтіреді.
- Жеңілу себептері: 1. Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады. 2. Қазақ халқы арасында рулық алауыздықтар мен руға бөліну болды. 3. Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады. 4. Көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды. 5. Қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады. 6. Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады.
- 1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды.
- Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды.
- Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды.
- Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты.
- Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын, жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды.
- Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жүзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды.
- Кенесары Қасымұлы үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұрды. Ол қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан қазақтың соңғы ханы болды.