Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

1867-1868 жж. «Уақытша ереже», жаңа әкімшілік басқару

Конспект

1867 – 1868 жылдардағы реформалар «уақытша» сипат алып, екі жылға тәжірибе ретінде енгізілді, бірақ заңды тұрғыдан бекітілмей, ХIX ғ. 80-90 жылдарға дейін қолданылды.

1. Аумақтық өзгерістер:

ІІ Александар патша 1867 ж. 11 шілдеде «Жетісу, Сырдария облыстарын басқару туралы», 1868 ж. 21 қазанда «Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы» уақытша ережелер жобасын бекітті. «Уақытша ережелер» бойынша Қазақстан жері үш генерал-губернаторлыққа бағынды. Олар: Батыс-Сібір, Орынбор, Түркістан. Батыс Сібір генерал-губернаторлығына – Ақмола, Семей; Орынбор генерал-губернаторлығына – Орал, Торғай; Түркістан генерал-губернаторлығына – Жетісу, Сырдария облыстары кірді. 1870 ж. Маңғыстауьприставтығы – Кавказ әскери округына, 1872 ж. Бөкей ордасы – Астрахан губерниясына қарады.

2. Басқарудағы өзгерістер:

1867 – 1868 жж. басқару жүйесі өзгеріссіз қалды. Генерал-губернаторлықты генерал-губернатор, облысты әскери-губернатор, уезді уезд бастығы, болысты болыс, ауылды ауыл старшыны басқарды. Облыс орталықтарында – полицейлік басқармалар, уездік қалаларда – полицейлік приставтықтар сияқты тәртіп бақылау мекемелері құрылды. Отаршылдық билеудің күшейгені сонша, сайланған болыс пен ауыл старшынын бекіту не бекітпеу әскери губернатордың қолында болды. Егер ол сайлау нәтижесін бекітпей қайта сайлау жүргіземін деп шешсе, оған ешкім қарсы келе алмайтын еді. Отырықшы тұрғындар мен қоныс аударушылар құқық тұрғысынан Ресейдегі селоның және қаланың тұрғындарымен теңестірілді. Бұл ереже қазақ жеріне сырттан көшіп келгендердің мәртебесін арттырды. Қазақ ақсүйектері барлық артықшылықтарынан айырылды.

3. Сот жүйесіндегі өзгерістер:

Халық дәстүрі мен ислам қағидаларына сүйенген халық соты қатаң түрде билік орындарының бақылауында болды. Христиан дініне қарсы әрекет, жаңа басқару жүйесіне наразылық таныту, алым-салық төлеуден және мемлекет үшін әртүрлі міндеттер атқарудан бас тарту сияқты қылмыстар билер сотының қарауынан алынып, жергілікті отаршылдық биліктің құзіретіне берілді. 1867-1868 жылдардағы ережелер бойынша болыстық соттың үш буыны болған еді: билердің төтенше съезі, билердің болыстық соты, бидің жеке соты. Билердің төтенше съезі тек әскери губернатордың рұқсатымен шақырылды, ал сот процесі уезд бастығы немесе Облыстық басқарма құқығына ие болған шенеунік қатысқан жағдайда ғана заңды болды. Билер 3 жылға сайланды, олардың қызметін уездік начальник қатаң бақылап отырды.

4. Салық жүйесіндегі өзгерістер:

1867 – 1868 жж. реформалар бойынша қазақ халқы жылына бір рет «түтін салығын» төлейтін еді. Оның мөлшері: Орынбор, Батыс Сібір генерал-губернаторлығындағы қазақтар үшін 3 сом, Түркістан генерал-губернаторлығындағы қазақтар үшін 2 сом 75 тиын болып белгіленді. Шыңғыс ұрпақтары салықтан босатылды. 1867-1868 жылғы ереженің қазақтарға ең басты ауыртпалығы жер мәселесі болды. Онда қазақ жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жарияланып, қазақтарға «қоғамдық пайдалануға» берілді.

 

Тезистер

  • 1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу, Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже», 1868 жылы 21-қазанда «Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді.
  • «Уақытша ережелер» бойынша Қазақстан жері үш генерал-губернаторлыққа бағынды: Батыс Сібір (орталығы – Омбы қаласы), Түркістан (орталығы – Ташкент қаласы) Орынбор (орталығы – Орынбор қаласы) генерал-губернаторлықтары.
  • 1870 ж. Маңғыстау приставтығы – Кавказ әскери округына, 1872 ж. Бөкей ордасы – Астрахан губерниясына қарады.
  • 1867-1868 жж. ережелер бойынша бүкіл қазақ жерін қамтитын реформалар (аумақтық, басқару, сот, салық) қазақ халқын саяси тәуелсіздіктен толық айырып, отарға айналдырды.
  • Патша үкіметі қазақтарды метрополиядан бөлек арнайы даярланған заңдар бойынша (1867-1868 жж.) басқарды.
  • Заңдар қазақтарды ең негізгі құқықтарынан айырды, біртіндеп орыс тіліне, христиан дініне, салт-дәстүріне көшуге мәжбүрледі.
  • Қазақ қоғамындағы барлық сословиелер (сұлтан, қожа, би т.б.) село тұрғындарына теңестірілді.
  • Қазақ ауылында мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсаты керек болса, шіркеулер тұрғызуға мемлекеттің өзі қолдау көрсетіп отырды.
  • Патша үкіметі қазақтардың дәстүрлі қоғамын күйретті. Болыстар мен уездерді құру кезінде рулық ерекшеліктер ескерілмеді.
  • Қазақ даласын билеуге жіберілген генерал-губернаторларды патшаның өзі бекітті және ол шексіз билікті иеленді. Қазақтар оларды «жарым патша» деп атады.
  • Сұлтан тобын басқару жүйесінің орта және жоғарғы буынынан толық ығыстырып шығару қазақ халқын құқық атаулыдан жұрдай тобырға айналдырды.
  • Қазақтарға болыс, ауыл старшыны сияқты ең төменгі қызметтер тиді. Олардың уезд бастығы, әскери губернатор, генерал-губернатор сияқты жоғары лауазымды әкімшілік қызметтерге барар жолы заң жүзінде біржола жабылды.
  • Төменгі биліктегі болыстардың сайланып қойылуы Қазақстанның бүкіл аумағын руаралық кескілескен қақтығыстар сахнасына айналдырып жіберді.
  • Сайлауда дауысты сатып алу кең тарады және болашақ болыстар орыс үкіметіне жалтақтап, олардың қолшоқпарына айналды.
  • Дәстүрлі билер сотының құқықтары елеулі түрде қысқартылып, тек төменгі буындағы жүйелерде қызмет етті, оның өзінде шектеулі түрде.
  • Патша үкіметі 1868 жылғы «Уақытша ережеде» қазақ жерін Ресей мемлекетінің меншігі деп жариялады, сөйтіп қазақ халқын жер пайдалану құқынан айырды.
  • Патша үкіметі қазақ жерлерін тартып алып, құнарлы жерлер қоныс аударушыларға берілді.
  • Қазақстан Ресей экономикасының қосалқы, арзан шикізат көзіне айналды.
  • Жаңа міндеттер мен алым-салық түрлерінің еселеп енгізілуі қазақтардың материалдық жағдайын нашарлатып жіберді.
  • Түтін салығы бұрынғы 1 сом 50 тиыннан 3 сомға көтерілді. Әртүрлі қажеттіліктерге жұмсау үшін «қара шығын» деп аталатын қосымша салық салынды.


Қате туралы хабарландыру