iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қазақ хандары – Тәуекел, Есім, Жәңгірдің ұстанған саясаттары
Хақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай хан (1580-1582 жж.) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұхара ханы Абдаллахқа көмекке келді. Абдолла Шығайға Ходжент қаласын сыйға тартып, онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының билігі енді Тәуекелге көшеді.
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдаллахпен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі – біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартты, екіншіден, Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқып, өзімен бәсекеге түсуі мүмкін деп сескенді.
Тәуекел 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Бірақ ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады.
1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді.
1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келіп, орыс патшасының жауап грамотасын тапсырды.
Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан Орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ.
Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады.
1597 жылы Бұхара хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдаллах ханның әскерін талқандап, Мауренахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп, дүние салады.
Абдаллах ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналады.
Есім хан (1598-1628 жж. билік құрған) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Оны қазақ халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.
Ойраттардың бір жағынан Ембі, Еділ-Жайық бойындағы ноғайлармен шарпысуы, екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасап, ойрат тайпалары Есім ханның үстемдігін мойындады. Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.
Қатаған руының билеушілері Есім ханға бағынудан бас тартады. Қазақ хандығы екіге бөлініп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан қос өкіметті билейді.
Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.
1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қатаған руын қатаң жазалайды. Бұл оқиға тарихта «қатаған қырғыны» деген атпен қалды. Есім хан Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындаттырып, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді.
Есім ханның билігі тұсында (1598-1628 жж.) халық жадында «Есім салған ескі жол» аталған әдет-ғұрып нормаларының жинағы бекітілді. Есім хан тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға болғандықтан халық оны «Еңсегей бойлы ер Есім» атап кеткен. Есім хан дүние салған соң халық оған ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деген ат берген.
1628 жылы Есім хан қайтыс болғаннан кейін қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1629-1652 жж.) отырды. Ол басы үлкен, кеудесі кең, аласа адам болған екен. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.
XVII ғасырда болған қазақ-жоңғар соғыстарында Жәңгір хан тамаша əскери қайраткерлігімен және соғыстың көптеген əдіс-айлаларын қолдану арқылы ірі қолбасшы ретінде айқын танылды. Салқам Жəңгірдің қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда айрықша еңбек сіңіргенін, ел тəуелсіздігін сақтау жəне бекіту жолында ұмытылмас ұлы қызметтер атқарғанын тарих ешқашан жоққа шығара алмайды.
Жəңгір заманындағы тарихта алтын əріппен жазылып қалған ұрыс 1643 жылғы жоңғар-қазақ майданы еді. Кейін «Орбұлақ шайқасы» деген атпен қалған осы соғыста Жəңгір хан бастаған 600 қазақ жауынгері 50 мыңдық дұшпан қолын өз жеріне өткізбей қойды. 600 батыр ыңғайлы жер мен ұрыс әдісін ұтымды пайдаланудың арқасында 10 мың жоңғарды жайратты. Бұл ерлік, біріншіден, қазақ жасағының туған жеріне деген отаншылдық жоғары рухы мен намысы десек, екіншіден, Жəңгір сияқты соғыс өнерін жетік меңгерген қаһарман қолбасшының əскери шеберлігі еді. Осындай қиын сəтте Самарқаннан 20 мың қолды бастап Жалаңтөс баһадүрдің келіп жетуі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп жіберді.
Қазақтың ұлы хандарының бірі Жəңгір хан 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қан майданда қаза тауып, Түркістанда жерленген.
Жәңгірдің қазақ хандығы үшін жасаған еңбегі өте зор. Біріншіден, Жәңгір хан бүкіл саналы өмірін ел қорғау ісіне арнады. Екіншіден, мемлекеттің сыртқы саясатын бірнеше бағытта жүргізіп, көршілес мұсылман елдермен жақсы қарым-қатынас орната білді. Үшіншіден, Жәңгір хан қазақ елінің азаттығы жолындағы шайқастардың бірінде нағыз ерлерше қан майданда қаза табады. Ал оның сүйегі қазақ елінің сол кезеңдегі астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жанына жерленген. Жәңгірдің екі қызы, үш ұлы болған. Аппақ, Тәуке және Уәлибақы деген үш ұлдың ішінде Тәуке әкесінен соң тақ мұрагері ретінде қазақ ханы болып сайланды.
Тезистер
- 1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды.
- Тәуекел хан Бұхара ханы Абдаллахпен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады.
- 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады.
- 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді.
- 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келіп, орыс патшасының жауап грамотасын тапсырды.
- Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан Орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ.
- Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады.
- 1597 жылы Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдаллах ханның әскерін талқандап, Мауренахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды.
- Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп, қаза болды.
- Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналады.
- Есім хан (1598-1628 жж. билік құрған) Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі болды. Оны қазақ халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.
- Қатаған руының билеушілері Есім ханға бағынудан бас тартады. Қазақ хандығы екіге бөлініп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан қос өкіметті билейді.
- 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қатаған руын қатаң жазалайды. Бұл оқиға тарихта «қатаған қырғыны» деген атпен қалды.
- Есім хан Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындаттырып, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді.
- Есім хан өз билігі тұсында (1598-1645 жж.) халық жадында «Есім салған ескі жол» аталған әдет-ғұрып нормаларының жинағын бекітті.
- Есім хан тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға болғандықтан халық оны «Еңсегей бойлы ер Есім» атап кеткен. Есім хан дүние салған соң халық оған ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деген ат берген.
- 1628 жылы Есім хан қайтыс болғаннан кейін қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1629-1652 жж.) отырды.
- Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.
- XVII ғасырда болған қазақ-жоңғар соғыстарында Жәңгір хан тамаша əскери қайраткерлігімен және соғыстың көптеген əдіс-айлаларын шебер қолданған ірі қолбасшы ретінде айқын танылды.
- Салқам Жəңгірдің қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда айрықша еңбек сіңіргенін, ел тəуелсіздігін сақтау жəне бекіту жолында ұмытылмас ұлы қызметтер атқарғанын тарих ешқашан жоққа шығара алмайды.
- Жəңгір заманындағы тарихта алтын əріппен жазылып қалған ұрыс 1643 жылғы «Орбұлақ шайқасы» болды. Осы шайқаста Жəңгір хан бастаған 600 қазақ жауынгері 50 мыңдық дұшпан қолын өз жеріне өткізбей қойды.
- Бұл ұрыста 600 батыр ыңғайлы жер мен ұрыс әдісін ұтымды пайдаланудың арқасында 10 мың жоңғарды жайратты.
- Қазақтың ұлы хандарының бірі Жəңгір хан 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қан майданда қаза тауып, Түркістанда жерленген.
- Жәңгірдің қазақ хандығы үшін жасаған еңбегі өте зор. Біріншіден, Жәңгір хан бүкіл саналы өмірін ел қорғау ісіне арнады. Екіншіден, мемлекеттің сыртқы саясатын бірнеше бағытта жүргізіп, көршілес мұсылман елдермен жақсы қарым-қатынас орната білді. Үшіншіден, Жәңгір хан қазақ елінің азаттығы жолындағы шайқастардың бірінде нағыз ерлерше қан майданда қаза табады.
- Оның сүйегі қазақ елінің сол кезеңдегі астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жанына жерленген. Жәңгірдің үш ұлының бірі Тәуке әкесінен соң тақ мұрагері ретінде қазақ ханы болып сайланды.