Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

ХVІІ ғасырдағы қазақ мемлекетінің нышандары

Конспект

XVII ғасырдың соңындағы Қазақ хандығында дербес мемлекетке тән нышандар болды. Қазақ хандығы бұл кезде шығысында – Алтай тауларын, батысында – Жайық өзенін, солтүстігінде – Орал тауларын, оңтүстігінде – Алатаудың батыс етегі аралығындағы алып еуразиялық кеңістікті өзінің атамекені деп білген, қазақ елінің басын біріктірген тұтас мемлекеттік құрылым болатын.

Қоғамдағы саяси қатынастың бастау алар буыны рулық қауым болды. Рулық қауым тайпалыққа, тайпалық қауым жүздік иерархияға ұласты.

Ортағасырлық дәстүрлі түркілер қоғамында жоғарғы билік иесі болып  хандар сайланды. Бұл салт қазақтарға да тән еді, ал хандық билік Шыңғыс хан ұрпағы саналатын төре (сұлтан) тұқымына ғана тиесілі болды. Қарадан хан сайланған емес. Хан ел билеуші сұлтандар мен билердің, дінбасылар және ел арасындағы беделді адамдардың жалпыұлттық құрылтайында сайланды. Хандық билік әкеден балаға мұраға өткен.

Иерархиялық билікте ханнан төменгі сатыда тұрған белсенді және ықпалды жеке сұлтандар бүтін бір тайпа елді билеген. Хан жеке сұлтандардың мұндай құқығын мойындаған. Өз ретінде тайпа басында тұрған сұлтандар да орталық хандық билікті мойындауға тиіс болған. Күнделікті өмірде жергілікті ру-тайпа билігінің тізгіні беделді ақсақалдар мен билердің қолында болды.

Ең жоғарғы сот билігін хан иемденген. Ал одан төменгі сот билігі билерге тән. Ел арасында аса беделді билер сайланған. Көне дәстүр бойынша билік қызметі елдің сенімі мен құрметіне ие адамға ғана жүктелген. Әрбір бидің билік ауқымы өз ру-тайпасымен шектелген. Сонымен бірге өзге тайпа, тіптен, жүздің адамдары келіп жүгінетін аса беделді билер де аз болмаған. Ал ру-тайпалар арасындағы даулы, сондай-ақ жалпыұлттық мәселелер арнайы шақырылған құрылтайда талқыланып отырған.

Әрбір Жүздің ерекшелігін ескере отырып басқару және бақылау үшін ханға бағынышты үш би сайланды: Ұлы жүзде Төле би, Орта жүзде Қазыбек би, Кіші жүзде Әйтеке би.

Қазақ хандығында мемлекеттіктің барлық негізгі белгілері болды. Хан – мемлекет басы, ал оның жанында тұрақты Билер кеңесі жұмыс жасады. Хан сарайы жанында сенімді адамдардан құралған қарулы топ – төлеңгіттер болды. Төлеңгіттер жекелеген ірі сұлтандар жанында да болды. Төлеңгіттер түрлі міндеттер атқарды, солардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине, халықтан алым-салық жинау.

Аса маңызды жалпыұлттық мәселелер, соның ішінде басқа елдермен қатынас сипаты, әскери істер жылда күзде шақырылатын жалпыхалықтық құрылтайда талқыға түсті, ал оның шешімін орындау және басшылыққа алу барлық буындағы билеушілерге міндеттелді. Құрылтайдың шешімін тек құрылтай ғана өзгерте алатын еді.

Қазақ қоғамындағы түбегейлі әлеуметтік және саяси өзгерістердің заңды ережелер жинағы болған «Жеті Жарғы» өмірге келді. «Жеті Жарғы» қоғамдық қатынастарды реттеп отыруда жетекші міндет атқарды. Хандықтың астанасы және елдің рухани орталығы Түркістан қаласы болды.

Қорыта айтқанда, Тәуке хан кезеңі қазақ қоғамында мемлекеттік басқару жүйесінің біржола калыптасуымен сипатталады. Тәуке хан қазақ билеушілері арасында өз билігін үш жүзге түгел жая білген хан болды. Сонымен бірге Тәуке ханның өлімінен соң бұл мемлекеттік жүйенің әлсіз жақтары да байқалды. Қуатты мемлекеттік басқару жүйесінің жоқтығы салдарынан қазақ қоғамы тағы да феодалдық бытыраңқылық жолына түсті. Бұл жағдай біріншіден, жоңғар басқыншылығына жол ашса, екіншіден, қазақ жүздерінің біртіндеп Ресей империясына отарлық тәуелділікке ұшырауына алып келді.

XVI-XVII ғасырларда Қазақ мемлекетінде меншік қатынастары болды. Мұны Шыңғыс хан тегінен шыққандардың белгілі бір қалаларды иеленуінен, үлестік жүйенің сақталуынан көреміз. Жалпы жер иелену мен жерге деген меншік түрлері мынадай болды: Икта арабша «кесінді жер» деген мағынаны береді. Бұл әскери-азаматтық қызметі үшін сыйлық ретінде уақытша жер пайдалану және салық жинау құқығын білдіреді. XIV ғасырдың соңына қарай бұл уақытша жер иелену түрі неғұрлым кеңейтілген құқықтар берілген сойырғалмен ауыстырылды. Сойырғал «сыйға тарту» деген мағынаны білдіреді. Иктадан айырмашылығы өмір бойына берілді және мұрагерлікке қалдыруға болатын. Вакуфтық жер – салық салынатын, мұсылман дінбасы мен мекемелеріне тиесілі жерлер. Милк – жер телімдеріне және халықтан жиналатын салыққа жекеменшік құқық. Райаттар – қаладағылар және жер өңдеушілерден тұратын салық төлеуші тап.

Алым-салықтардың мынадай түрлері болды: Хараж – жер өңдеуші егіншілерден алынатын салық. Баж – саудагерлерден алынатын жол салығы. Жасақ – көшпелі малшылардан алынатын салық. Зекет – мұсылмандардан сауда мен жылжымайтын мүлік үшін алынатын заттай алым.

XVI-XVIII ғасырларда Қазақстан аумағын мекендеген тұрғындар төмендегідей міндеттер атқарды:

Мардикар – суландыру арықтарын қазу, тазарту, көпірлер, жолдар салу, жөндеу жұмыстары, парсыша «мард» – адам,  «кар» – іс, жұмыс.

Құналғы  – әскер бөлімдерін лайықты қабылдау.

Жамылғы – әкімшілік адамдарын қабылдау (үй-жаймен, құралмен, тамақпен қамтамасыз ету). Салықтар, алымдар және бұл міндеттер қарапайым халық үшін ауыр салмақ болып саналды.

 

Тезистер

  • XVII ғасырдың соңындағы Қазақ хандығында дербес мемлекетке тән нышандардың барлығы дерлік болды.
  • Қазақ хандығы бұл кезде шығысында – Алтай тауларын, батысында – Жайық өзенін, солтүстігінде – Орал тауларын, оңтүстігінде – Алатаудың батыс етегі аралығындағы алып еуразиялық кеңістікті өзінің атамекені деп білген, қазақ елінің басын біріктірген тұтас мемлекеттік құрылым болатын.
  • Ортағасырлық дәстүрлі түркілер қоғамында жоғарғы билік иесі болып тек хандар ғана сайланды. Бұл салт қазақтарға да тән еді, ал хандық билік Шыңғыс хан ұрпағы саналатын төре (сұлтан) тұқымына ғана тиесілі болды.
  • Хандық билік әкеден балаға мұраға өтіп отырған.
  • Иерархиялық билікте ханнан төменгі сатыда тұрған белсенді және ықпалды жеке сұлтандар бүтін бір тайпа елді билеген.
  • Күнделікті өмірде жергілікті ру-тайпа билігінің тізгіні беделді ақсақалдар мен билердің қолында болды.
  • Ең жоғарғы сот билігін хан иемденген. Ал одан төменгі сот билігі билерге тән еді.
  • Әрбір бидің билік ауқымы өз ру-тайпасымен шектелді.
  • Әрбір Жүздіңерекшелігін ескере отырып басқару және бақылау үшін ханға бағынышты үш би сайланды: Ұлы жүзде Төле, Орта жүзде Қазыбек, Кіші жүзде Әйтеке би сайланды.
  • Хан сарайы жанында сенімді адамдардан құралған қарулы топ – төлеңгіттер болды. Төлеңгіттер жекелеген ірі сұлтандар жанында да болды. Төлеңгіттер түрлі міндеттер атқарды, солардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине, халықтан алым-салық жинау.
  • Аса маңызды жалпыұлттық мәселелер, соның ішінде басқа елдермен қатынас сипаты, әскери істер жылда күзде шақырылатын жалпыхалықтық құрылтайда талқыға түсті.
  • Құрылтайдың шешімін тек Құрылтай ғана өзгерте алатын еді.
  • Қазақ қоғамындағы түбегейлі әлеуметтік және саяси өзгерістердің заңды ережелер жинағы болған «Жеті Жарғы» өмірге келді. «Жеті Жарғы» қоғамдық қатынастарды реттеп отыруда жетекші міндет атқарды.
  • Хандықтың астанасы және елдің рухани орталығы Түркістан қаласы болды.
  • XVI-XVII ғасырларда Қазақ мемлекетінде меншік қатынастары болды.
  • Хараж – жер өңдеуші егіншілерден алынатын салық.
  • Баж – саудагерлерден алынатын жол салығы.
  • Жасақ – көшпелі малшылардан алынатын салық.
  • Зекет – мұсылмандардан сауда мен жылжымайтын мүлік үшін алынатын заттай алым.
  • XVI-XVIII ғасырларда Қазақстан аумағын мекендеген тұрғындар төмендегідей міндеттер атқарды: Мардикар – суландыру арықтарын қазу, тазарту, көпірлер, жолдар салу, жөндеу жұмыстары, парсыша «мард» – адам,  «кар» – іс, жұмыс. Құналғы – әскер бөлімдерін лайықты қабылдау. Жамылғы – әкімшілік адамдарын қабылдау (үй-жаймен, құралмен, тамақпен қамтамасыз ету).
  • Салықтар, алымдар және халыққа жүктелген міндеттер қарапайым халық үшін ауыр салмақ болып саналды.


Қате туралы хабарландыру