
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Моңғол шапқыншылығы және ұлыстардың құрылуы
Шыңғыс хан қолының негізгі жорықтарының бірі Қазақстан мен Орта Азия жеріне жасаған жорық болды, бұл жорық оларға Шығыс Еуропа мен алдыңғы Азияға жол ашты. Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияға жасаған жорығына зор мән беріп, оған ұзақ әрі мұқият әзірленді.
Моңғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218-інші жылы қайта басталды. Шыңғыс хан өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлікті талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.
Жетісуді Шыңғыс хан аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды. Моңғолдарға қарсы тұруға жарамай қашып кеткен Күшлік ханның жігерсіздігіне, оның діни қудалауларына, салықпен зар илеткен зорлық-зомбылығына ыза болған найманның феодалдары Шыңғыс ханға мойынсынып, өз әскерлерімен оның қарамағына өтті.
Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Қазақстанға басып кіруге «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды.
1218-інші жылы Шыңғыс хан Орта Азияға Омар Қожа Отрари, Жамал Марағи және басқа саудагерлер басқарған сауда көруенін жіберді, 450 адамы бар 500 түйелік сауда керуені 1218-інші жылы жаз айында Отырар қаласына келіп жетеді. Отырар әміршісі Ғайыр хан саудагерлерді жансыз тыңшылар деп күдіктеніп, оларды қырып тастап, керуенді тонап алады. Шыңғыс хан Ғайыр ханды қолыма бер деп талап етті, бірақ Хорезм шахы Екінші Мұхаммед бұл талапты орындамағаны былай тұрсын, Шыңғыс хан жіберген жазықсыз елшілерді өлтіруге әмір етеді. Бұл Шыңғыс ханның Хорезмге қарсы соғыс ашуына себеп болды.
1219-ыншы жылы қыргүйекте Шыңғыс ханның 150 мыңға жуық қалың қолы Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды. Шағатай мен Үгедей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Үшінші бөлік Сырдарияның жоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ-кенттерді алуға, ал Шыңғыс хан өзі кіші баласы Төлемен бірге Бұхараға қарай бет алды.
Отырар қаласы алты ай бойы берілмей қарсыласады. Тек Хорезм шахы Мұхаммед екінші көмекке жіберген әскебасы қақпаны ашып, өз әскерімен моңғолдарға берілгенде ғана моңғолдар осы қақпа арқылы қалаға лап қояды.
Осылайша Отырар қамалын жермен-жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған моңғол әскері Шыңғыс ханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғыс хан Бұқара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын.
Сырдария бойындағы басқа қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіресіп қарсыласты. Бірақ көп ұзамай Сығанақ жеңілді. Моңғолдар қаланы талап, халқын аяусыз қырды. Сол сияқты қарсылық көрсеткен Үзкент, Баршыкент қалалары алынып, Ашнас қаласының тұрғыңдары да қырғынға ұшырайды. 1219-1220-ыншы жылдар арасында Сырдарияның бойындағы барлық қалалар мен қыстақ-кенттер моңғолдардың қол астына өтеді.
Моңғол қолбасшылары Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Иранды басып өтіп, 1220-ыншы жылы Кавказға кірді. Олар алаңдарды, қыпшақтарды және Қалқа өзені бойындағы орыстарды 1223-інші жылы тас-талқан етіп жеңді. Моңғолдар орыс жерінің оңтүстік аймағын ойрандап, қазақ даласы арқылы 1224 жылы Шыңғыс ханның Ертістегі ордасына қайта оралды. 1225-інші жылы Шыңғыс хан Моңғолияға қайтып келді.
Сонымен 1219-1224-інші жылдардағы моңғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс хан империясының құрамына кірді.
Ұлыстардың құрылуы
Ұлан-ғайыр көп жерді жаулап алған Шыңғыс хан көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «моңғол атының» тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар, оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейнгі жерлер берілді. Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды.
Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға Қашқария, Жетісу, Мауренахр тиді. Шағатай ұлысының мұрасы ретінде Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылған еді.
Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төлей әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны мұраға алды. Сонымен бірге ол моңғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды, ал қалған әскер үш баласының әрқайсысына 4 мың адамнан бөлініп берілді. Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы (Моңголиядағы) ұлы хан Шыңғыс ханға бағынатын болды.
Жошының ордасы Ертіс алқабында, Шағатайдың ордасы Іле алқабында болды. Үгедейдің ордасы қазіргі Шәуешек қаласының маңында орналасты.
Сонымен Қазақстанның барлық жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен далалық бөлігі Жошы ұлысының, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысының, Жетісудың Солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді.
Моңғол шапқыншылығы бұл өңірде бұрын қалыптасып қалған шаруашылық-экономикалық, мәдени-этностық дамуды бұзды. Сонымен қатар моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерінің этностық құрылымына едәуір өзгеріс әкелген саяси фактор болды. Бір жағынан Қазақстан жеріне сырттан келген моңғол және түркітектес тайпалар қоныстанса, екінші жағынан жергілікті халықтың біраз бөлігі Шыңғыс ұрпақтарының жорықтарына тартылып, елімізден тыс аймақтарға кетті. Соның нәтижесінде жергілікті түркітектес рулар, тайпалар бір-бірінен ажырап қалды, бұрынғы тұтастығынан айырылып, ұсақталып кетті. Бұл үлкен ру-тайпалардың халық болып бірігуін қатты тежеді. Моңғол шапқыншылығы тайпалардың, тайпалық одақтардың аяқталуға жақын қалған халық болып бірігу процесін бірнеше ғасырға шегерді.
Моңғолдардың келуімен тайпалардың басқару жүйесінде, шаруашылық әрекетінде, тұрмыс-тіршілігінде, салт-санасында белгілі бір өзгерістер болды. Әсіресе, оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлердегі қалыптасып қалған қала мәдениеті, егіншілік қатты күйзеліске ұшырады, кей жерлерде мүлде құрып, қайта бұрынғы қалпына келе алмай қалды. Дегенмен де қалыптасып келе жатқан халықтың мәдениеті мүлде тоқыраған жоқ. Олар түркілердің тілін, әдет-ғұрпын, дінін қабылдады.
Моңғолдар далаға орталықтандырылған мемлекет құру идеясын әкелді, бұрын ыдырап жүрген тайпаларды біріктірді. Көшпелі өмір нормасын Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы реттеп отырды, мұнда жаңа жағдайларға бейімделген кәдімгі құқық жинағы болды. Алайда Шыңғыс хан мен оның мирасқорлары жүргізген соғыстар жаулап алынған жерлердің ғана емес, сондай-ақ Моңғолияның өзінің де өндірістік күштерін құлдыратты.
Қазақстанды мекендеген тайпалардың көбі моңғол шапқыншылығы салдарынан Венгрияға, Балқан елдеріне, Үндістанға, Қытай мен Мысырға ауды.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өз ұлысын тәуелсіз мемлекет етуге ұмтылды, бірақ ол 1227-інші жылы қыста қайтыс болды. Жошы хан өлгеннен кейін оның мирасқоры Бату жорықтары нәтижесінде ұлыс аумағы Алтайдан Дунайға дейін созылды. Бұл ұлы мемлекет Алтын Орда мемлекеті болды. Ол Батыс Дешті Қыпшақ аумағына, Еділ бұлғарларының жерлеріне және әрмен қарай батысқа жаугершілік жорықтар жасады. Ірі орыс княздіктерін, көптеген Еуропа елдерін талқандады. Жеті жылдық жорық нәтижесінде Еділден бастап батысқа қарай Қырым, Солтүстік Кавказ, Батыс Қыпшақ далаларын қоса алғанда, Дунайдың төменгі ағысына дейінгі жерлер Батудың қолына қарады.
Моңғолдар Ордада азшылық болды. Он үшінші ғасырдың соңы мен он төртінші ғасырда моңғолдар толық түркіленіп, Алтын Орда халқы татарлар деп атала бастады.
Тезистер
- Шынғыс хан қолының негізгі жорықтарының бірі Қазақстан мен Орта Азия жеріне жасаған жорық болды.
- Моңғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталды. Шыңғыс хан өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлікті талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.
- Жетісуді Шыңғыс хан аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды.
- Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды.
- Қазақстанға басып кіруге «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды.
- 1219 жылы қыргүйекте 150 мыңға жуық Шыңғыс ханның қалың қолы Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды.
- Шағатай мен Үгедей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады.
- Үшінші бөлік Сырдарияның жоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ-кенттерді алуға, ал Шыңғыс хан өзі кіші баласы Төлей мен Бұхараға қарай бет алады.
- Отырар қаласы алты ай бойы берілмей қарсыласады.
- Сырдария бойындағы басқа қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіресіп қарсыласты.
- Сол сияқты қарсылық көрсеткен Үзкент, Баршынкент қалалары алынып, Ашнас қаласының тұрғыңдары да қырғыңға ұшырайды.
- 1219-1220 жылдар арасында бүкіл Сырдарияның бойындағы қалалар мен қыстақ-кенттер моңғолдардың қол астына өтеді.
- 1225 жылы Шыңғыс хан Моңғолияға қайтып келді.
- 1219-1224 жылдардағы моңғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс хан империясының құрамына кірді.
- Ұлан-ғайыр көп жерді жаулап алған Шыңғыс хан көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді.
- Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «моңғол атының» тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар, оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейнгі жерлер берілді. Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды.
- Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға Қашқария, Жетісу, Мауренахр тиді. Шағатай ұлысының мұрасы ретінде Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылған еді.
- Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төлей әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны мұраға алды
- Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы (Моңголиядағы) ұлы хан Шыңғыс ханға бағынатын болды.
- Сонымен Қазақстанның барлық жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен далалық бөлігі Жошы ұлысының, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысының, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді.
- Моңғол шапқыншылығы бұл өңірде бұрын қалыптасып қалған шаруашылық-экономикалық, мәдени-этностық дамуды бұзды.
- Сонымен қатар моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерінің этностық құрылымына едәуір өзгеріс әкелген саяси фактор болды.
- Бір жағынан Қазақстан жеріне сырттан келген моңғол және түркітектес тайпалар қоныстанса, екінші жағынан жергілікті халықтың біраз бөлігі Шыңғыс ұрпақтарының жорықтарына тартылып, елімізден тыс аймақтарға кетті.
- Бұл үлкен ру, тайпалардың халық болып бірігуін қатты тежеді. Моңғол шапқыншылығынан тайпалардың, тайпалық одақтардың аяқталуға жақын қалған халық болып бірігуі бірнеше ғасырға шегерілді.
- Көшпелі өмір нормасын Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы реттеп отырды, мұнда жаңа жағдайларға бейімделген кәдімгі құқық жинағы болды.
- Қазақстанды мекендеген тайпалардың көбі моңғол шапқыншылығы салдарынан Венгрияға, Балқан елдеріне, Үндістанға, Қытай мен Мысырға ауды.
- Моңғолдар Ордада азшылық болды. XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырда моңғолдар толық түркіленіп, Алтын Орда халқы татарлар деп атала бастады.