iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Көне түркілердің діни наным-сенімдері
Түркілердің наным-сенімі тәңіршілдік болды. Француз ғалымы Жан Поль Рудың пікірінше, көне түркілердің арғы ата-бабалары Көк тәңіріне табынған.
Қытай тарихшылары тәңірге табынудың пайда болуын б.з.б. III ғасырға жатқызады. Түркілердің түсінігі бойынша әлемді жаратқан және барлық дүниенің тағдырына иелік ететін құдай – Көк тәңірі. Бұл жағынан алғанда тәңір кейінгі мұсылмандық «Алла», «құдай» ұғымдарына жақын келеді.
Ислам діні таралғаннан кейін де түркілердің, оның ішінде қазақтардың Алла ұғымындағы тәңір сөзін жиі қолдануы олар туралы түсініктердің ұқсастығынан деп түсіну керек. Көне түркілер тәңірден басқа жер, суға да мінажат еткен. Себебі адамның да, малдың да, өсімдіктің де өнуі, өмір сүруі жерге, суға тікелей байланысты.
Түркілерде тәңірмен бірге отбасы және балалардың қамқоршысы болып Ұмай ана саналды. Тәңірі және Жер-Сумен бірге түркілер сиынатын құдайлардың қатарына Ұмай ана да кіррді. Бұл Тоныккөк құрметіне қойылған ескерткіштен анық байқалады. Онда сәтті жорықтардың бірін сипаттаған кезде «Көк тәңірі, Ұмай ана, қасиетті Жер-Су, міне, осылар бізге жеңіс сыйлады!» деп жазылған. Тәңіршілдікте ата-баба рухына (аруаққа) табынуға зор мән берілді. Қазақтарда аруаққа табыну әлі күнге дейін маңызын сақтап келеді. Оның терең философиялық және рухани-адамгершілік мәні бар. Осы ғұрып арқылы жас ұрпақ ата-бабаны құрмет тұту, өз халқының тарихын сыйлай білуге тәрбиеленеді.
Қорқыт ата түркілерде халықты Тәңірмен жалғастырушы болып есептелді. Түркілер Қорқыт атаның ауруды емдеп, бақытсыздықтан сақтайтынына, балаларды түрлі сырқаттардан қорғайтынына сенді.
Неміс ғалымы Г. Дерфердің пікірінше, тәңіршілдік – адамзаттың бір құдайға табыну діндерінің бірі. Тәңіршілдік басқа әлемдік діндерге әсерін тигізіп, оларды жетілдірді. Қыпшақ тайпалары Тәңірге табыну дәстүрін ұзақ уақыт сақтап келді.
Тәңірлік діннің арғы тегінде шаманизм жатыр. Шаманизм дінінің негізгі қағидасы бойынша дүние түгелмен рухтардан тұрады. Жанды-жансыз дүниенің де рухтары бар. Шаманизмді құраушы діни сенімдердің тотемизм, фетишизм, анимизм, магия деген түрлері бар.
Тотемизм дегеніміз – адамдардың өздерін белгілі бір хайуанаттан тарадық деп түсініп, соларға мінажат етуі. Көне түркілердің, ежелгі қазақтардың тотемі қасқыр болған. Фетишизм – белгілі бір заттың адам өміріне оң ықпал ететініне сену.
Қазақ балаға, оның бесігіне, жүйрік атқа, жас ботаға үкі немесе тұмар тағып қояды. Бұлардың бәрі фетишизм болып есептеледі.
Анимизм – бүкіл табиғатты жанмен, рухпен байланыстыру.
Магия – жанды-жынсыз табиғатқа тылсым күш арқылы әсер ету әрекеті. Қазақ бақсы-балгерлерінің әрекеті осы магияға негізделген.
Орта ғасырларда Қазақстан жерінде діни идеологиялық ахуал өте күрделі еді. Бір жағынан қазақтың ата-бабаларынан келе жатқан дәстүрлі діні – тәңірге табыну, шаманизм болса, екінші жағынан бұл өңірде зороастризм дінінің, буддизмнің, христиандықтың да ықпалдары болды.
Түркі дәуірінде қазақ жеріне буддизм діні де енген. Бумын қағанның ұлы Мұқан қаған будда дінін қабылдап, буддалық насихат кітаптарды түркі тіліне аудартқаны белгілі. Түркі қағандарын буддизмнің «Адам өлтірме, өтірік айтпа, ұрлық жасама, қызулы ішімдік ішпе» деген уағыздары қызықтырған болса керек. Будда храмдары Жетісу жеріндегі Ақбешім, Краснореченск ортағасырлық қалаларында, Сайрамда табылды.
Қазақ жеріне V ғасырда несториандық бағыттағы христиан діні де аздап таралды. Римдік діндар Нестор Христосты «ол – құдай емес, адам, құдайдың жердегі өкілі ғана» дегені үшін Шығыс Рим империясынан қуылған еді. Осы несториандық ағым VII-VIII ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерінде таралып, христиандық шіркеулер көптеп салынған. Алдымен христиандықты қабылдаған қарлұқтар болған, шіркеулер Тараз, Мерке, Қойлық, Жамұқат, Науакент, Фараб т.б. қалаларды қазғанда табылды.
Жалпы христиан дінін қазақ жеріне одан Шығыс Түркістанға, тіпті сонау Моңғолияға дейін таратқандар Нестордың ізін қуушы сириялық христиандар болды.
X-XI ғасырларда христиан дініне керейлердің, наймандардың біразы кіргені жөнінде тарихи деректер бар. IX ғасырдан бастап қазақ жеріне орныққан мұсылман діні христиандықты ығыстыра бастады. Христиан шіркеулері көп жерде мешітке айналдырылды. Кей жерде христиандық пен мұсылмандық қатар өмір сүрді. Түркі қағанаты заманында Орталық Азия мен Қазақстан жерінде манихей діні де таралды.
Манихей діні – зороастризм, шаманизм, буддизм, христиандық діндердің қосындысынан шыққан қойыртпақ дін. Оны месопотамиялық жазушы, суретші Мани ойлап тапқан. Қазақ жерінде манихейліктің орталығы Тараз қаласында болды.
Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап ене бастады. Ислам алдымен Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріне таралды. X ғасырда ислам діні Қарахандар мемлекетінің ресми дініне айналды. Ислам діні – өте икемді дін. Ол Құранда жазылған уағыздар, шариғатта көрсетілген талаптарды халық бойына сіңіре отырып, сол халықтардың жергілікті әдет-ғұрыптарына икемделе де білген, олармен санасқан. Мұсылмандық: сүнниттік, шиитттік болып екіге бөлінеді. Қазақтар исламның сүннитттік бағытын ұстанады.
Дәріс мазмұны
1.Түркілердің наным-сенімдері
2.Тәңіршілдік
3.Түркілердегі діндердің әралуандығы
Тезистер
-
Түркілердің наным-сенімі тәңіршілдік болды.
-
Француз ғалымы Жан Поль Рудың пікірінше, көне түркілердің арғы ата-бабалары Көк тәңіріне табынған.
-
Қытай тарихшылары тәңірге табынудың пайда болуын б.з.б. III ғасырға жатқызады.
-
Қазақтарда тәңір кейінгі мұсылмандық «Алла», «құдай» ұғымдарына жақын келеді.
-
Көне түркілер Тәңірмен қатар жер, суға да мінажат еткен.
-
Түркілерде Тәңірмен бірге отбасы және балалардың қамқоршысы Ұмай ана саналды.
-
Түркілер сиынатын құдайлардың қатарына Тәңірі, Жер-Сумен бірге Ұмай ана да енді.
-
Қазақтарда аруаққа табыну әлі күнге дейін маңызын сақтап келеді. Осы ғұрып арқылы жас ұрпақ ата-бабаны құрмет тұту, өз халқының тарихын сыйлай білуге тәрбиеленеді.
-
Қорқыт ата түркілерде халықты Тәңірмен жалғастырушы болып есептелді.
-
Түркілер Қорқыт атаның ауруды емдеп, бақытсыздықтан сақтайтынына, балаларды түрлі сырқаттардан қорғайтынына сенді.
-
Неміс ғалымы Г. Дерфердің пікірінше, тәңіршілдік – адамзаттың бір құдайға табыну діндерінің бірі.
-
Тәңірлік діннің артында шаманизм жатыр. Шаманизм дінінің негізгі қағидасы бойынша дүние түгелмен рухтардан тұрады. Жанды-жансыз дүниенің де рухтары бар.
-
Шаманизмді құраушы діни сенімдердің тотемизм, фетишизм, анимизм, магия деген түрлері бар.
-
Тотемизм дегеніміз – адамдардың өздерін белгілі бір хайуанаттан таралдық деп түсініп, соларға мінажат етуі. Көне түркілердің, ежелгі қазақтардың тотемі қасқыр болған.
-
Фетишизм – белгілі бір заттың адам өміріне оң ықпалына сену.
-
Қазақ балаға, оның бесігіне, жүйрік атқа, жас ботаға үкі немесе тұмар тағып қояды. Бұлардың бәрі фетишизм сеніміне жатады. Анимизм – бүкіл табиғатты жанмен, рухпен байланыстыру.
-
Магия – жанды-жынсыз табиғатқа тылсым күш арқылы әсер ету әрекеті.
-
Қазақ бақсы-балгерлерінің әрекеті осы магияға негізделген.
-
Орта ғасырларда Қазақстан жерінде тәңірге табыну, зороастризм, буддизм, христиандықтың ықпалдары болды.
-
Түркі дәуірінде қазақ жеріне буддизм діні де енген. Бумын қағанның ұлы Мұқан қаған будда дінін қабылдап, буддалық насихат кітаптарды түркі тіліне аудартқаны белгілі.
-
Будда храмдары Жетісу жеріндегі Ақбешім, Краснореченск ортағасырлық қалаларында, Сайрамда табылды.
-
Қазақ жеріне V ғасырда несториандық бағыттағы христиан діні де аздап таралды.
-
Осы несториандық ағым VII-VIII ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерінде таралып, христиандық шіркеулер көптеп салынған.
-
Алдымен христиандықты қабылдаған қарлұқтар болған, шіркеулер Тараз, Мерке, Қойлық, Жамұқат, Науакент, Фараб т.б. қалаларды қазғанда табылды.
-
IX ғасырдан бастап қазақ жеріне орныққан мұсылман діні христиандықты ығыстыра бастады. Христиан шіркеулері көп жерде мешітке айналдырылды.
-
Түркі қағанаты заманында Орталық Азия мен Қазақстан жерінде манихей діні де таралды. Манихей діні – зороастризм, шаманизм, буддизм, христиандық діндердің қосындысынан шыққан қойыртпақ дін болды.
-
Оны месопотамиялық жазушы, суретші Мани ойлап тапқан. Қазақ жерінде манихейліктің орталығы Тараз қаласында болды.
-
Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап ене бастады.
-
Ислам алдымен Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріне таралды. X ғасырда ислам діні Қарахандар мемлекетінің ресми дініне айналды.
-
Мұсылмандық: сүнниттік, шиитттік болып екіге бөлінеді. Қазақтар оның сүннитттік бағытын ұстанады.