Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Көне түркі дәуіріндегі жазу

Конспект

Алтыншы-жетінші ғасырларда Орталық Азияның, Төменгі Еділ бойының, Солтүстік Кавказдың түркітілдес тайпалары өз жазуларын пайдаланды.

Біздің ата-бабаларымыз пайдаланған жазудың ежелгі үлгілері Орхон-Енисей немесе көне түркі руна жазуы деп аталады. Жазудың қажеттілігі әкімшілік және дипломатиялық істер барысында пайда болды. Мұнда діни сарындар да айтарлықтай рөл атқарды.

Түркі елшілеріне сенімхаттар берілді. 568-інші жылы Византия императоры сарайына келген түркі елшісі Маниах қағанның жолдау хатын алып келген. 582-інші жылы алғашқы түркі қағандарының ерлік істері жазылған құлпытас орнатылды.

Бұғыты аталған осы құлпытастан бастап көне түркі жазба деректері басталады. Көне түркі руналық әліпбиі I мыңжылдықтың ортасында пайда болды.

Он сегізінші ғасырдан бастап еуропалық ғалымдар көне түркі жазуын зерттей бастады. Алайда олар бұл жазудың қандай тіл тобына жататынын анықтай алмады. Құпия жазуды руна ретінде қабылдап, қателік жіберді. Себебі бұл жазу герман және скандинавиялық руна жазуына өте ұқсас еді. Ғалымдар руна сөзін runa «құпия» деген гот сөзімен байланыстырады.

Түркілерде руна жазуы ерте заманнан болған және ол Түркі қағанатының барлық өңіріне кең тараған жазу болды. 1893-інші жылы дат ғалымы В. Томсен алғашқы «Тәңір» сөзінің құпиясын ашты. Оның «Кілті ашылған орхон жазулары» атты кітабында көне түркі жазуларының толық әліпбиі ғана емес, аудармасы да жарияланды.

Одан кейін Орхон жазуларын орыс тіліне аударған түрколог В. Радлов болды.

Түркі жазуының бір-бірімен қосылмай жазылатын 38 әріптен тұратыны белгілі. Түркі жазуы құпиясының ашылуы Орталық Азияда сонау орта ғасырлар басында өркениет болғанын көрсетті. Енисей алқабынан 150-ден астам руна жазуы табылды. Олардың көп бөлігін ақсүйектер өкілдерін жерлегенде қойылған құлпытастар құрайды. Құлпытастардың барлығы көне түркі әдеби тілімен жазылған.

Көптеген жартас жазулары Алтай, Шығыс Түркістаннан табылды.

1960-ыншы жылы Ертіс өзенінің оң қанатынан табылған біздің заманымыздан бұрынғы  Бесінші-төртінші ғасырларға жататын сақ дәуіріне тиесілі, марал сүйегінен жасалған тұмарда жазу болған. Оны ғалым Алтай Аманжолов оңнан солға қарай  «Ақ сықын», яғни «Ақ марал» деп оқыған. Шардара суқоймасын саларда ескі қамал орнынан сазбалшықтан күйдіріліп жасалған түркі жазулы мөр табылды. Руна жазуымен түркі мәтіндері құлпытастарда, теңгелер мен қола айналарда, қыш, тері, алтын және күміс ыдыстарда, қағазда жазылды.

Орхон-Енисей өзендері алқаптарындағы ескерткіштер түркілердің руна жазуының ғажайып үлгісі саналады. Ескерткіштер осы өңірде табылғандықтан «Орхон-Енисей жазуы» деп аталды.

Олардың ішінде Білге қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің және қаған кеңесшісі Тоныкөктің құлпытастары тарихи құнды жәдігерлер саналады. Қазақ халқы бұл дастандарды өздерінің төл дүниесіндей қарсы алды. Оған басты себеп, ондағы жазылған әдет-ғұрып, салт-сана, діни наным-сенім, мақал-мәтел, батырлық жырлардың үлгілері – бәрі халқымыздың тыныс-тіршілігімен өте ұқсас.

Түркі дәуіріндегі ескерткіштердегі жазулардан және бір байқалатыны – олар өздері мекен еткен географиялық аймақтың бағыттарын барлай білген. Құлпытастарда түркі халқының неден сақтанып, нені ұстанатыны тасқа қашалып жазылған. Бұрынғы және қазіргі ұрпақты мақтау мен кінәлау, тыңдаушысына ылғи да үндеу тастап отыруы бұл мәтіндерді әсерлі етеді. Қағанын «мәңгі тасқа сызып жазған» жыры мен сөзінің авторы Йоллығ-тегін еді. Йоллығ-тегін – түркітілдес әдебиеттер тарихында өз атымен аталған алғашқы автор. Құлпытастағы жазулар – түркі қоғамының бүкіл жұртшылығына арналған үндеу. Үндеу авторлары халықты қаған маңына бірігіп, топтасуға шақырады.

Білге қаған мен Күлтегін құрметіне арналған жазулар шешендік өнер мен саяси прозаның тамаша үлгілері саналады. Ондағы көптеген көркем бейнелер, қанатты сөздер, айшықты теңеулер қазіргі қазақ тілінде де кездеседі.

Бұл жазулар қағанаттың тарихын зерттеуде аса құнды дереккөздері саналады. Ағашқа оймыш (ксилография) әдісімен басып жазу да түркілердің жетістігі болып табылады.

Ксилографияның шығу тегі мөрден басталады. Түркі тілінде бұл әдіс алғаш рет жетінші ғасырдың бас кезінде қолданылған.

Ғалым Сергей Малов өзінің «Көне түркі жазуының ескерткіштері» атты еңбегінде «Шығыс Түркістанда қағаз өндіру Қытайдағыдай сол кезеңде басталған» деп атап көрсетеді. Рунотанудың ғылым ретіндегі екі ғасырлық тарихында еуропалық руна ескерткіштерінің бірде-бірі әлі күнге дейін оқылған емес. Ал сол кезеңдегі көне түркі мәтіндері қазіргі қолданыстағы сөздердей жақсы оқылады.

 

Тезистер

  • VI-VII ғасырларда Орталық Азияның, Төменгі Еділ бойының, Солтүстік Кавказдың түркітілдес тайпалары өз жазуларын пайдаланды.
  • Біздің ата-бабаларымыз пайдаланған жазудың ежелгі  үлгілері Орхон-Енисей немесе көне түркі руна жазуы деп аталады.
  • Жазудың қажеттілігі әкімшілік және дипломатиялық істер барысында пайда болды. Мұнда діни сарындар да айтарлықтай рөл атқарды.
  • 582 жылы алғашқы түркі қағандарының ерлік істері жазылған құлпытас орнатылды. Бұғыты аталған осы құлпытастан бастап көне түркі жазба деректер басталады. 
  • Көне түркі руналық әліпбиі I мыңжылдықтың ортасында пайда болды. 
  • XVIII ғасырдан бастап еуропалық ғалымдар көне түркі жазуын зерттей бастады. 
  • Ғалымдар Руна сөзін runa – «құпия» деген гот сөзімен байланыстырады.
  • 1893 жылы дат ғалымы В. Томсен алғашқы «Тәңір» сөзінің құпиясын ашты.
  • Оның «Кілті ашылған орхон жазулары» атты кітабында көне түркі жазуларының толық әліпбиі ғана емес, аудармасы да жарияланды.
  • Одан кейін Орхон жазуларын орыс тіліне аударған түрколог В. Радлов болды.
  • Түркі жазуының бір-бірімен қосылмай жазылатын 38 әріптен тұратыны белгілі.
  • Түркі жазуы құпиясының ашылуы Орталық Азияда сонау орта ғасырлар басында өркениет болғанын көрсетті.
  • Енисей алқабынан 150-ден астам руна жазуы табылды. Олардың көп бөлігін ақсүйектер өкілдерін жерлегенде қойылған құлпытастар құрайды.
  • Құлпытастардың барлығы көне түркі әдеби тілімен жазылған. Көптеген жартас жазулары Алтай мен Шығыс Түркістаннан табылды
  • Шардара су қоймасын саларда ескі қамал орнынан сазбалшықтан күйдіріліп жасалған түркі жазулы мөр табылды.
  • Руна жазуымен түркі мәтіндері құлпытастарда, теңгелер мен қола айналарда, қыш, тері, алтын және күміс ыдыстарда, қағазда жазылды.
  • Орхон-Енисей өзендері алқаптарындағы ескерткіштер түркі руна жазуының ғажайып үлгісі саналады. Ескерткіштер осы өңірде табылғандықтан «Орхон-Енисей жазуы» деп аталды.
  • Олардың ішінде Білге қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің және қаған кеңесшісі Тоныкөктің құлпытастары тарихи құнды жәдігерлер саналады.
  • Қазақ халқы ол дастандарды өздерінің төл дүниесіндей қарсы алды. Оған басты себеп, ондағы жазылған әдет-ғұрып, салт-сана, діни наным-сенім, мақал-мәтел, батырлық жырлардың үлгілері – бәрі халқымыздың тыныс-тіршілігімен өте ұқсас.
  • Құлпытастарда түркі халқының неден сақтанып, нені ұстанатыны қашалып жазылған. Бұрынғы және қазіргі ұрпақты мақтау мен кінәлау, тыңдаушысына ылғи да үндеу тастап отыруы бұл мәтіндерді әсерлі етеді.
  • Құлпытас жазулары түркі қоғамының бүкіл жұртшылығына арналған үндеу болып саналады.
  • Үндеу авторлары халықты қаған маңына бірігіп, топтасуға шақырады. 
  • Білге қаған мен Күлтегін құрметіне арналған жазулар шешендік өнер мен саяси прозаның тамаша үлгілері саналады.
  • Бұл жазулар қағанаттың тарихын зерттеуде аса құнды дереккөздер болып саналады.
  • Ағашқа оймыш (ксилография) әдісімен басып жазу да түркілердің жетістігі болып табылады. Ксилографияның шығу тегі мөрден басталады. 
  • Түркі тілінде бұл әдіс алғаш рет VII ғасырдың бас кезінде қолданылған. Ғалым С.Е. Малов өзінің «Көне түркі жазуының ескерткіштері» атты еңбегінде «Шығыс Түркістанда қағаз өндіру Қытайдағыдай сол кезеңде басталған» деп атап көрсетеді. 


Қате туралы хабарландыру