Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IX-XIII ғасырлардағы ғылым және әдебиет

Конспект

Оңтүстік Қазақстанда оныншы ғасырдан бастап ислам діні кең тарай бастайды. Сайрам, Отырар, Түркістан тағы да басқа қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады. Еліміздің сан ғасырлық тарихында өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік мәдениетті жатқызамыз. Түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының орта ғасырлық тарихында өзіндік орны бар ірі тарихи тұлғалар болған.

Әбу Насыр әл-Фараби  – Отырар (Фараб) ойшылдарының ішіндегі ең атақтысы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған тұлға.

Әл-Фарабидің «Әлемнің екінші ұстазы» аталуының екі себебін атап көрсетуге болады: біріншіден, ежелгі гректердің ғылыми  мұраларының көпшілігі араб аудармалары арқылы орта ғасырларға жеткені мәлім, соның ішінде грек ғалымы, философы Аристотельдің еңбектерін, ондағы идеяларды әл-Фараби еңбектері арқылы ғана түсінуге болады. Ол ең алдымен грек ғылымын, оның философиясын, әсіресе ұлы ұстазы Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн-Халиканның айтуына қарағанда әл-Фараби Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, «Риторикасын» екі жүз рет оқып шығыпты. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген. Екіншіден, Аристотель өзінің жан-жақтылығымен танымал және ғылыми білімдерді жеке-жеке салаларға бөлген ғалым ретінде белгілі болса, әл-Фараби де философ, музыкант, математик ғалым ретінде дүниеге көзқарасы жағынан өз заманының озық ойлы адамы болды. Әл-Фарабидің логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия, философия, заң ғылымы сияқты ғылым салаларына қосқан жаңалықтары әлемге әйгілі. Ол ғылымға қосқан үлесі мен еңбегі жағынан  замандастары мен одан кейінгі ұрпаққа үлгі, бағдаршам болып келеді.

 Ибн Хаукаль өз еңбегінде әл-Фараби жайлы «Ол – аса ірі мұсылман философтарының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ» деп баға берген. Әл-Фараби ғылымды өз бетінше зерттеп, үлкен табыстарға жеткен ұлы тұлға болды. Ол метафизика, тіл білімі, логика, география, этика және тағы басқа ғылым салаларын қамтитын 160-қа жуық трактат жазып қалдырған. Педагогика, психология, эстетика мен музыка, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға үлкен үлес қосқан. Аристотельдің еңбектерін зерделей отырып, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары»,«Бақытқа жету»,«Ақындықтың мәні туралы» тағы басқа философиялық туындылар жазған.

 Әл-Фараби музыка саласында да «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка ғылымы туралы пікірлер» тағы да басқа көптеген іргелі еңбектер жазған. Бірнеше музыкалық аспапты жетілдірген. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында ізгі мемлекеттің болуы және ондағы халықтың жағдайы басшысына байланысты деп, қоғамды қалай басқару керек деген мәселеге көңіл бөлген.            

Әбу Райхан әл-Бируни тоғыз жүз жетпіс үш-бір мың елуінші жылдар аралығында өмір сүрген. Тек ислам әлемінде ғана емес бүкіл дүниежүзінің ұлы ғалымы болған Бируни 973-інші жылы Хорезмде дүниеге келіп, бір мың қырық тоғызыншы жылы Ауғанстандағы Ғазнада қайтыс болған. Есімі Мұхаммедбин Ахмед әл-Бируни, лақап аты Әбу Райхан болған. Бала кезінен ғылымға ынталы болған ол Хорезм шахтарының қамқорлығында болып, сарай тәрбиесімен өскен. 17 жасынан бастап жетістіктерімен көріне бастады. Атақты ғалым Әбул Уәфамен бірге астрономиялық бақылаулар жасады. Араб, парсы, иврит, рим, сирий, грек және қытай тілдерін жақсы білген. Математика, астрономия, геометрия, физика, химия, медицина, фармацевтика, тарих, география, этнология, геология, діндер тарихы сияқты 30-ға жуық ілім саласында еңбектер жазған.

  • Беруни Коперник пен Галилейге дейін жердің күнді айналатыны туралы айтты.

  • Жердің домалақ және айналып қозғалатынын, жерде тартылыс күші бар екенін Ньютоннан бірнеше ғасыр бұрын анықтаған. 
    - Сол дәуірде Мейірімді Үміт мүйісі туралы, Кристофор Колумбтан 5 ғасыр бұрын Америка материгі туралы және Жапония туралы алғаш айтқан.
    - Материктердің солтүстікке қарай жылжуы туралы пікірді алғаш айтқан. 
    - Аурулар туралы да өте көп білген. Қай шөп қай ауруға дауа болатынын білген. 
    - Алгебра, геометрия, география салалары бойынша заманының ең білімді адамы болған. 
    - Тригонометрияны астрономиядан бөлек бір білім саласы етіп бөлген. 
    - Алғаш рет жердің диаметрін өлшеген. Оның бұл өлшемі қазіргі өлшемге дәлме-дәл келеді. Еуропада мұны Бируни жүйесі деп атайды. 
    - Тығыздық өлшеу құралын (пикнометр) тапты және ыстық және суық су арасындағы тығыздықты анықтады.

Жүсіп Баласағұни 1021-1075-інші жылдар аралығында өмір сүрген. Ғұлама Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Толық аты – Жүсіп Хас Хажип Баласағұни. Ол өзінің атақты «Құтадғу білік» («Құт негізі – білік») атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түркі тілінде жазылған. «Құтадғу білікте» түркітілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық-саяси өмірі, әдет-ғұрып, наным-сенімдері туралы мағлұматтар көптеп кездеседі.

Жүсіп Баласағұнидің бұл еңбегінде ғылымның философия, астрономия, алгебра тағы басқа салаларына тоқталуы оның жан-жақты білімді адам болғанын көрсетеді. Кітапта халық ауыз әдебиетінің үлгілері мол пайдаланылған. Аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер көп кездеседі. Мысалы, қазақтың «Сөздің көркі – мақал», «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деген мақал-мәтелдерінің арғы төркіні тым тереңде жатқанынан дерек береді.

Махмұд Қашқаридің шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари болған. Әкесі Қашқар қаласында туған. Махмұд алғаш Қашқар қаласында, кейіннен Орта Азия мен Иранның ірі қалаларында білім алады. Араб тілін жетік білген ғұлама ғалым саналы ғұмырын өзінің туған халқының тілін зерттеуге арнаған. Махмұд Қашқари үш кітаптан тұратын «Түркі тілдерінің сөздігі» (Диуани лұғат ат-Түрік) атты мәңгі өшпес мұра қалдырды.

Бұл кітап – түркі дәуірінде өмір сүрген түркі тайпалары сөздерінің жиынтығы. Оның айтуы бойынша бұл еңбекті жазудан бұрын ол бүкіл түркілердің елі мен жерін түгел аралап шыққан.

Атақты орыс ғалымы Андрей Кононов Махмұд Қашқаридің бұл кітапты жазудағы басты мақсаты түркі тілінің мәртебесін көтеріп, оның араб тілінен ешбір кем түспейтінін дәлелдеу болды дейді. Ал екінші бір түркі тілінің маманы Николай Баскаков Махмұд Қашқари өзінің бұл еңбегін жазуда түркі тілдерін өзара салыстыра зерттеушілердің көшбасшысы болды деген пікірді айтады.

Ғұлама өз еңбегінде түркітілдес тайпалардың тілін ғана зерттеп қойған жоқ. Бұл кітаптан бүгінгі ғалымдар сол кездегі түркілердің мекендеген жерлері, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады. Сондықтан өзінің деректілігі жағынан бұл еңбек баға жетпес еңбек болып саналады.

Қожа Ахмет Йасауи Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибрахим атақты ғұлама адам болған. Ахмет жастайынан шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалған. Ол өзінің әпкесі Гауһар Шахназдың қолында өседі. Алғаш әкесінен оқып, сауатын ашып, кейінірек ислам дінінің шариғат қағидаларын үйренген. Бала кезінен Йасы (қазіргі Түркістан) қаласында өмір сүреді. Кейін осы қаланың атымен Ахмет Йасауи атанады. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданиден діни білім алып, Йасыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады.

Араб, парсы авторларының жазбаларына қарағанда Ахметтің әкесі өз заманының сауатты, көзі ашық адамы болған. Тіптен балауса, бүлдіршін Ахметке араб, парсы тілдерін Таяу Шығыстағы Исфахан, Бағдат қалаларынан ұстаздар жалдап үйретеді. Ол он алты жасында-ақ шығыс поэзиясын, әдебиетін, философиясын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап, өзі де өлең жаза бастайды. Өз жырларын шығыс авторлары ішінде бірінші болып, сол кездегі шайырлар секілді араб, парсы тілдерінде емес, өзінің ана тілі – түркі тілінде жазған. Йасауи шығармаларының құндылығы осында.

Қожа Ахмет Йасауиден қалған мұра оның «Даналық кітабы» (Диуани хикмет) болып саналады. Кітап түркі тілінде араб әліпбиімен жазылған. Бұл еңбекте ол адамды даналыққа, адалдыққа, кішіпейілдікке, имандылыққа шақырады. Аллаға адал болуға баулиды, дін жолында таза болуға үгіттейді. Ақын өз заманының билік иелерін қатты сынға алады. Ол жергілікті халықтардың ескі дінін жоққа шығармаған, қайта оны ислам дінімен ұштастырған.

«Диуани Хихмет» атты діни-сопылық қағидалармен қатар оқу, білім алу, адалдық, имандылық, ізгі қасиетті болу, ақыл-парасатқа жету, төзімді болу, достық пен махабатты қастерлеу, әділетті болу, адал жолмен жүру сияқты адамгершілік құндылықтарды насихаттады.

Қазіргі Түркістан қаласы маңындағы елді мекенде ХІІ ғасырда өмір сүрген Ахмет  Иүгнеки ортағасырлық түркілік мәдениеттің ірі тұлғасы болды.  «Ақиқат сыйы» атты тарихи еңбегі 1985-інші жылы белгілі филолог ғалымдар Әбжан Құрышжанов пен Берікбай Сағындықовтардың дайындауларымен қазақ тілінде жарық көрді.

Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі – діни-философиялық рухани мұра, дидактикалық сипаттағы дастан. Ақын шығармаларында өсиет, дидактикалық ой, ғибратнамалық нақыл сөздер басым. Ол өмірдегі әсемдікті, адамгершілікті, имандылықты, ізгілікті, адамдардың ұнамды іс-әрекеті мен жарасымды мінез-құлқын дәріптейді. Дастан дидактикалық сипаттағы 504 өлең жолынан тұрады, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерден құралған.

Ахмет Иүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастанында өнер-білімнің пайдасы, адамгершілік, жағымды мінез-құлық туралы нақыл сөздерге ерекше орын берілген. Мәселен, «Білімсіз надан – құны жоқ бақыр», «Білімді мен білімсіз қашан тең болып еді», «Білімді әйел – ер, надан ерекек – әйел», «Сүйекке – май, адамға – білім керек», «Білімді адамның өзі өлгенмен, аты өлмейді», «Надан – тірі дегені болмаса, аты өлік», «Дәрежең үлкейген сайын ұстамдырақ бол» деген мақал-мәтелдер бар.

 

 Тезистер 

  • Оңтүстік Қазақстанда Х ғ. бастап ислам діні кең түрде тарай бастайды. Сайрам, Отырар, Түркістан т.б. қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады.
  • Әбу Насыр әл-Фараби  (870-950 жж.) – Отырар (Фараб) ойшылдарының ішіндегі ең атақтысы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған тұлға. 
  • Ибн-Халиканның айтуына қарағанда Әл-Фараби Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, «Риторикасын» екі жүз рет оқып шығыпты. 
  • Әл-Фараби философ, музыкант, математик ғалым ретінде дүниеге көзқарасы жағынан өз заманының озық ойлы адамы болды.
  • Әл-Фарабидің логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия, философия, заң ғылымы сияқты ғылым салаларына қосқан жаңалықтары әлемге әйгілі.
  • Ол метафизика, тіл білімі, логика, география, этика т.б. ғылым салаларын қамтитын 160-қа жуық трактат жазып қалдырған. 
  • Педагогика, психология, эстетика мен музыка, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. 
  • Әл-Фараби музыка саласында да «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка ғылымы туралы пікірлер» т.б. іргелі еңбектер жазған. Бірқатар музыкалық аспаптарды жетілдірген. 
  •  Әбу Райхан әл-Бируни 973-1050 жж. өмір сүрген. Толық есімі Мұхаммедбин Ахмед әл-Бируни, лақап аты Әбу Райхан болды.
  • 17 жасынан бастап жетістіктерімен көріне бастады. Атақты ғалым Әбул Уәфамен бірге астрономиялық бақылаулар жасады. Араб, парсы, иврит, рим, сирий, грек және қытай тілдерін жақсы білген. 
  • Математика, астрономия, геометрия, физика, химия, медицина, фармацевтика, тарих, география, этнология, геология, діндер тарихы сияқты 30-ға жуық ілім салаларында еңбектер жазған.
  • Беруни Коперник пен Галилейге дейін жердің күнді айналатыны туралы айтты. Жердің домалақ және айналып қозғалатынын, жерде тартылыс күші бар екенін Ньютоннан бірнеше ғасыр бұрын анықтаған. Материктердің солтүстікке қарай жылжуы туралы пікірді алғаш айтқан.  Алғаш рет жердің диаметрін өлшеген. Еуропада мұны Бируни жүйесі деп атайды. 
  • Жүсіп Баласағұни 1021-1075 жж. өмір сүрген. Ғұлама Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Ол өзінің атақты «Құтадғу білік» (Құт негізі – білік) атты еңбегімен белгілі.
  • Бұл еңбек алғаш рет түркі тілінде жазылған. «Құтағду білікте» түркітілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық-саяси өмірі, әдет-ғұрып, наным-сенімдері туралы мағлұматтар көптеп кездеседі.
  • Жүсіп Баласағұнидің бұл еңбегі оның ғылымның философия, астрономия, алгебра т.б. салаларында жан-жақты білімді адам болғанын көрсетеді. 
  • Махмұд Қашқаридің (1030-1090 жж.) шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари болды. 
  • Махмұд Қашқари үш кітаптан тұратын «Түркі тілдерінің сөздігі» (Диуани лұғат ат-Түрік) атты мәңгі өшпес мұра қалдырды. 
  • Бұл кітап – түркі дәуірінде өмір сүрген түркі тайпалары сөздерінің жиынтығы. 
  • Бұл кітаптан бүгінгі ғалымдар сол кездегі түркілердің мекендеген жерлері, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады. 
  • Қожа Ахмет Йасауи (1103-1167 жж.) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибрахим атақты ғұлама адам болған. 
  • Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады.
  • Он алты жасында-ақ болашақ ақын шығыс поэзиясын, әдебиетін, философиясын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап, өзі де өлең жаза бастайды. 
  • Қожа Ахмет Йасауиден қалған мұра оның «Даналық кітабы» (Диуани хикмет) деген еңбек болып табылады. Кітап түркі тілінде араб әліпбиімен жазылған. 
  • Бұл еңбекте адамды даналыққа, адалдыққа, кішіпейілдікке, имандылыққа, білім алуға шақырады. Аллаға адал болуға баулиды, дін жолында таза болуға үгіттейді. Ақын өз заманының билік иелерін қатты сынға алады.
  • Ол жергілікті халықтардың ескі дінін жоққа шығармаған, қайта оны ислам дінімен ұштастырған.
  • Ахмет  Иүгнеки –  ортағасырлық түркілік мәдениеттің ірі тұлғасы. 
  • Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі – діни-философиялық рухани мұра, дидактикалық сипаттағы дастан. 
  • Ақын шығармаларында өсиет, дидактикалық ой, ғибратнамалық нақыл сөздер көп.
  • Ахмет Иүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастанында өнер-білімнің пайдасы, адамгершілік, жағымды мінез-құлық туралы нақыл сөздерге ерекше орын берілген.


Қате туралы хабарландыру