Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қаңлылардың орналасуы және саяси дамуы

Конспект

Б.з.б. II ғасырдың екінші жартысындағы Халықтардың ұлы қоныс аударуы нәтижесінде Еуразияның, соның ішінде Қазақстанның саяси картасында үлкен өзгерістер  болды.

Тайпалар мен халықтардың шығыстан батысқа қарай орын ауыстыруынан Қазақстанның оңтүстігінде б.з.б. II ғасырда Қаңлы мемлекеті бой көтерді.

Ол қытай деректерінде Кангюй деп аталады. ХХ ғасырдың ортасына қарай Қаңлы мемлекетінің орналасу мәелелері жөнінде екі көзқарас орын алды.

Бұл тарихи дәуірді зерттеген К. Ақышев, К. Байпақов «Кангюй мемлекетінің аумағына Сырдың төменгі ағысынан Отырарға дейінгі аймақтар енген, орталығы Отырар болды» деп көрсетеді. Ал қытай жылнамаларына сүйенген С.П. Толстов болса, оның шығыста Ферғана, оңтүстікте Парфия, батысында Хорезм, Бұхарамен шектесіп жатқанын айтады. Айтылған аймақта археологтар кангюй мәдениетіне тән Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениетін бөліп көрсетеді.

Олардың орналасуының осындай географиялық қолайлы жағдайы Сырдария арқылы Еділ бойына қарай өтетін Ұлы Жібек жолын бақылап отыруға мүмкіндік берді. Қаңлылардың солтүстүк-батысындағы көршілері – сарматтар мен аландар қытай деректері бойынша қаңлылар күшейіп тұрған кезде оларға тәуелді болған.

Қытай өкілінің императорға хабарында «Қаңлылар өркөкірек, өжет келеді. Біздің елшіліктерімізге басын имейді. Орталық билік атынан келген өкілдерімізді үйсін елшілерінен төмен отырғызады. Олардың билеушілері мен ақсақалдарына тамақты алдымен береді, ал содан соң барып біздің елшілерге тартады» делінеді.

Қытай деректері бойынша қаңлы тайпалар одағының шамамен 600 мың адамы, 120 мыңға дейін жауынгері болған. Олардың  жазғы және қысқы екі астанасыболғанын жазады. Қытай деректері «Олардың арғы тегі юэчжиден шыққан. Ғұндар олардың тас-талқанын шығарғанда батысқа ауып, Памир асып кеткен. Содан өз мемлекетін құрған» деп көрсетеді.

Үйсіндер ғұндардың көмегімен юечжилерді Іле-Жетісу өңірінен ығыстырған еді. Ауыр жеңілістерден кейін юэчжилердің бір тобы Ферғананың солтүстік-батысына кетсе, екінші тобы Талас өзенінің бойында Қаңлы мемлекетінің іргесін қалады. Бұл шамамен б.з.б. 150-жыл деп көрсетіледі.

Қытай елшісі Чжан Чянь б.з.б. 138-125 жылдары қаңлылардың арасына келгенде мемлекеттің толық қалыптасқан кезі болатын. Қаңлы елін хан билеген. Оның үш орыбасары – уәзірі елді билеуде көмектесіп отырған. Елдің астанасы Битянь қаласы болған.

Қаңлы елі өз ішінен бес иелікке бөлініп, әр иелікті кіші хандар басқарған. Кіші хандар Ұлы ханға бағынған. Кіші хандарға бағынатын ру, тайпаларды көсемдер басқарған. Билік әкеден балаға мұра ретінде беріліп отырды.

Қаңлылар мемлекеті б.з.б. I ғасырда гүлденді. Өзінің тәуелсіздігін сақтап, Қытайға аманат ретінде адам жіберуден бас тарқан.

Қаңлылар ғұндармен жақындасы,п одақ құрды. Ғұндар солтүстік және оңтүстік болып бөлінгенде, олар солтүстік ғұндардың билеушісі Чжи-Чжиді қолдады. Чжи-Чжи бастаған елге өз жеріне қоныстануға жағдай жасайды. Ал Чжи-Чжи өз кезегінде күш жинап, қаңлылардан сырт айнала бастады. Орталық Азиядағы үстемдікке ұмтылды. Қаңлылар мен үйсіндер арасындағы соғысқа араласты. Ал үйсіндерді Хан империясы қолдап отырды.

Б.з.б. 42-жылы ғұндар мен қаңлылардың біріккен күштері үйсіндердің астанасын талқандайды, Ферғаналықтарға жорық жасайды. Чжи-Чжи Талас өзенінің жоғары ағысына қорған салдырып, оған қаңлылар, ферғаналықтар, бактриялықтарды шақырды. Қытайға қарсы күресте көмек іздестіре бастайды. Бұл Қытайдың сыртқы саясатына қарама-қайшы келді. Осылайша жалпы саны 40 мыңдай біріккен қытай және үйсін әскері Чжи-Чжиге қарсы жорыққа шықты.

Б.з.б. 36-жылы Чжи-Чжи мен Қытай әскерлерінің арасындағы шайқас Талас қорғанында екі күнге созылды. Қаңлылар Қытай басқыншылығына қарсы тұруға ұмтылды. Олар өз жерін қорғап, ғұндарға көмекке келгенімен, бұл ұмтылыс сәтсіз аяқталды.

Қаңлы мемлекеті б.з. III ғасырына дейін өмір сүрді. Мемлекеттің ыдырауына экономикалық әлсіздігі себепші болды. Оңтүстіктегі отырықшылықпен айналысатын аудандардың солтүстіктегі көшпелі, жартылай көшпелі малшаруашылығымен айналысатын аудандармен байланысы нашар болды. Мұның өзі біртұтас елге айналу жолында кедергі келтірді.

 

  Тезистер

  • Б.з.б. II ғасырдың екінші жартысындағы Халықтардың ұлы қоныс аударуы нәтижесінде тайпалар мен халықтардың шығыстан батысқа қарай орын ауыстыруынан Қазақстанның оңтүстігінде б.з.б. II ғасырда Қаңлы мемлекеті бой көтерді.
  • Ол қытай деректерінде Кангюй деп аталады.
  • ХХ ғасырдың ортасына қарай Қаңлы мемлекетінің орналасу мәелелері жөнінде екі көзқарас орын алды.
  • Бұл тарихи дәуірді зерттеген К. Ақышев, К. Байпақов «Кангюй мемлекетінің аумағына Сырдың төменгі ағысынан Отырарға дейінгі аймақтар енген, орталығы Отырар» деп көрсетеді.
  • Ал қытай жылнамаларына сүйенген С.П. Толстов оның шығыста Ферғана, оңтүстікте Парфия, батысында Хорезм, Бұхарамен шектесіп жатқанын айтады.
  • Айтылған аймақта археологтар кангюйлердің Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеті болғанын айтады.
  • Олардың орналасуының осындай геогафиялық қолайлы жағдайы Сырдария арқылы Еділ бойына қарай өтетін Ұлы Жібек жолын бақылап отыруға мүмкіндік берді.
  • Қаңлылардың солтүстүк-батысындағы көршілері – сарматтар мен аландар  қаңлылар күшейіп тұрған кезде оларға тәуелді болған.
  • Қытай деректері бойынша қаңлы тайпалар одағының шамамен 600 мың адамы, 120 мыңға дейін жауынгері болған.
  • Олардың жазғы және қысқы екі астанасы болған.
  • Қытай деректері «Олардың арғы тегі юэчжиден шыққан. Ғұндар олардың тас-талқанын шығарғанда батысқа ауып, Памир асып кеткен. Содан өз мемлекетін құрған» деп көрсетеді.
  • Ауыр жеңілістерден кейін юечжилердің бір тобы Ферғананың солтүстік-батысына кетсе, екінші тобы Талас өзенінің бойында Қаңлы мемлекетінің іргесін қалады. Бұл шамамен б.з.б. 150-жыл деп көрсетіледі.
  • Қытай елшісі Чжан Чянь б.з.б. 138-125 жылдары қаңлылардың арасына келгенде олардың мемлекет ретінде  толық қалыптасқан кезі болатын.
  • Қаңлы елін хан билеген. Оның үш орынбасары – уәзірі болған.
  • Елдің астанасы Битянь қаласы болған.
  • Қаңлы елі өз ішінен бес иелікке бөлініп, әр иелікті кіші хандар басқарған. Кіші хандар Ұлы ханға бағынған.
  • Кіші хандарға бағынатын ру, тайпаларды көсемдер басқарған.
  • Билік әкеден балаға мұра ретінде беріліп отырды.
  • Қаңлылар мемлекеті б.з.б. I ғасырда гүлденді.
  • Қаңлылар ғұндармен жақындасып одақ құрды.
  • Ғұндар солтүстік және оңтүстік болып бөлінгенде қаңлылар солтүстік ғұндардың билеушісі Чжи-Чжиді қолдап, оларға өз жеріне қоныстануға жағдай жасайды.
  • Чжи-Чжи Талас өзенінің жоғары ағысына қорған салдырып, оған қаңлылар, ферғаналықтар, бактриялықтарды шақырды. Қытайға қарсы күресте көмек іздестіре бастайды.
  • Жалпы саны 40 мыңдай біріккен қытай және үйсін әскері б.з.б. 36-жылы Чжи-Чжиге қарсы жорыққа шығып, Талас қорғанында екі күнге созылған шайқастан соң ғұндарды талқандайды.
  • Қаңлылар өз тарапынан Қытай басқыншылығына қарсы тұруға ұмтылды. Өз жерін қорғап, ғұндарға көмекке келгенімен, бұл ұмтылыс сәтсіз аяқталды.
  • Қаңлы мемлекеті б.з. III ғасырына дейін өмір сүрді.
  • Мемлекеттің ыдырауына оның экономикалық әлсіздігі себепші болды.


Қате туралы хабарландыру