Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қола дәуірінің сипатттамасы

Конспект

Біздің жерімізде қола дәуірі б.з.б. екінші мыңжылдықта басталған. Қазақстанның Қола дәуірі шамамен б.з.б. XVIII-VIII ғасырлар: алдыңғы (б.з.б. XVIII-XVI ғғ.),  орта (б.з.б. XV-XII ғғ.) соңғы кезеңдер (б.з.б. XII-VIII ғғ.) аралығын қамтиды.

Қола дәуірін жоспарлы зерттеу 1946 жылы басталды. Сол жылы қазақтың біртуар энциклопедист-ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұлан көне дәуір тарихын зерттейтін археологиялық экспедиция құрды. Ә.Х. Марғұлан және оның шәкірттерінің зерттеулері нәтижесінде Қазақстан жеріндегі Қола дәуірі ескерткіштерінің сыры ашылды.

Осы мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары ірілігімен, тас қашау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Әдетте үйлердің қабырғалары бір-бірімен балшықпен байланыстырылып, ірі тастардан қаланған. Ішкі және сыртқы беттеріне тастың тегіс жағы қаратылған.

Қола дәуірінде Қазақстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі мәдениет болған. Оның көнесі – Андронов мәдениеті (б.з.б. ХVІІІ-ХІІ ғғ.). Ал  б.з.б. ХІІ-VІІІ ғғ. яғни соңғы Қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптасты.

Қазақстанның Қола дәуірі ескерткіштерінің ең көп таралған және жақсы зерттелген аймағы – Орталық Қазақстан. Ә.Х. Марғұланның кезеңдеуі бойынша Орталық Қазақстанның Қола дәуірі ескерткіштері екі мәдениетке  – Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттеріне жатады.

Андронов мәдениеті екі кезеңге бөлінеді: алдыңғысы – Нұра кезеңі; кейінгісі – Атасу кезеңі. Бұл кезеңдер Нұра, Атасу өзендері атымен аталады. Андронов мәдениеті алғашқы ескерткіші Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андроново селосынан табылған, сондықтан осы селоның атымен аталады. Бұл кезде өмір сүрген тайпаларды шартты түрде андрондықтар деп атаймыз.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің атауы Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекеніндегі обаларға байланысты қойылған.

Андронов мәдениетіндегі жерлеу орындары:

а) Нұра кезеңінің жерлеу орындары кішігірім қазандай жалпақ тастарды жерге жартылай батырып орнатқан қоршау түрінде болып келеді. Қоршау пішімі әртүрлі – дөңгелек, тік төртбұрышты, шаршы түрінде кездеседі. Қабір қабырғалары кішігірім жалпақ тастардан қаланған тас сандық сияқты, тас сандықты циста деп атайды.

ә) Атасу кезеңінің жерлеу орындары да Нұранікіндей дөңгелек, төрт бұрышты қоршаулар болып келеді. Қабірлері үлкен қақпатастардан салынған, тас сандықтар жоқ. Кейде жер қабір, кейде ағаш қорщау түрінде де кездеседі. Бұл кезеңде қос қабір (бір қоршау ішіне) немесе көп адамды бір зиратқа жерлеу кездеседі. Айшуақ кешенінің қоршауы – соның дәлелі. Мұнда 6 адамды бір үлкен зиратқа жерлеген.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің жерлеу орындары: үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Қабырғаларына екі қатар болып қаланған тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі, сыртқы жақтарына тастың тегіс беттері қаратылып қаланған.

Андронов мәдениетіндегі адамды жерлеу ғұрпы: а) Нұра кезеңінде көбінесе адамның сүйегін жартылай өртеп қойған, кейбір зираттарда адамды өртемей қою ғұрпы да кездеседі. ә) Атасу кезеңінде адамды сол күйінде жерлеген, өртеу ғұрпы сирек кездеседі.

Беғазы-Дәндібай мәдениетіндегі адамды жерлеу ғұрпы: үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл – осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты.

Ыдыс жасау ерекшеліктері: Андронов мәдениетінің Нұра кезеңіндегі қыш ыдыстардың иіні дөңгеленіп келсе, Атасу кезеңі ыдыстарының мойнынан бүйіріне ауысар тұсы тіктеу болып келеді. Нұра кезеңі ыдыстарындағы өрнек мойнынан бүйіріне дейін біртұтас, Атасу кезеңі ыдыстарында өрнек ыдыстың мойнына, ортан беліне, кейде түп жағына да салынған.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ыдыс жасау ерекшеліктері: ыдыстардың ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Құмыра өрнектері – тарақ жүзді, үзік сызықты үшбұрышты, ұштаған таяқшамен салынған және батырып салынған таға сияқты, моншақ, түйін өрнектер кездеседі.

Тарақ жүзді және үзік сызықты үшбүрышты өрнектер көп кездеседі. Қола дәуірінде Шығыс Қазақстан жерінде тау-кен өнеркәсібі және металлургия жақсы дамыды.

Солтүстік пен Батыс Қазақстан жерінде қола дәуірінің 150-ден аса қонысы, 200-ге тарта қорымы зерттелген.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы қола дәуірі ескерткіштері аздау зерттелген. Аралдың шығыс жағында орналасқан Түгіскен кесенелері Беғазы-Дәндібай ескерткіштеріне қатты ұқсайды. Айырмашылығы: Беғазы-Дәндібай кесенелері ірі гранит тастан салынса, Түгіскен кесенелері шикі кірпіштен қаланған.

 

 Тезистер

  • Біздің жерімізде Қола дәуірі б.з.б. екінші мыңжылдықта басталған.
  • Қазақстанның Қола дәуірі, шамамен б.з.б. XVIII-VIII ғасырлар: алдыңғы (б.з.б. XVIII-XVI ғғ. ),  орта (б.з.б. XV-XII ғғ.) соңғы кезеңдер (б.з.б. XII-VIII ғғ.) аралығын қамтиды.
  • Қола дәуірін жоспарлы зерттеу 1946 жылы басталды.
  • Ә.Х. Марғұлан және оның шәкірттерінің зерттеулері нәтижесінде Қазақстан жеріндегі Қола дәуірі ескерткіштерінің сыры ашылды.
  • Қола дәуірінде Қазақстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі мәдениет болған.
  • Андронов мәдениеті (б.з.б. ХVІІІ-ХІІ ғғ.) және б.з.б. ХІІ-VІІІ ғғ. яғни соңғы Қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптасты.
  • Андронов мәдениеті екі кезеңге бөлінеді: алдыңғысы – Нұра кезеңі; кейінгісі – Атасу кезеңі. Бұл кезеңдер Нұра, Атасу өзендері атымен аталады.
  • Андронов мәдениетінің алғашқы ескерткіші Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андроново селосынан табылған, сондықтан осы селоның атымен аталады.
  • Қола дәуірінде өмір сүрген тайпаларды шартты түрде андрондықтар деп атаймыз.
  • Беғазы-Дәндібай мәдениеті атауы Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекеніндегі обаларға байланысты қойылған.
  • Нұра кезеңінің жерлеу орындары кішігірім қазандай жалпақ тастарды жерге жартылай батырып орнатқан қоршау түрінде болып келеді. Қоршау пішімдері әртүрлі – дөңгелек, тік төртбұрышты, шаршы түрінде кездеседі.
  • Қабір қабырғалары кішігірім жалпақ тастардан қаланған тас сандық сияқты, тас сандықты циста деп атайды.
  • Атасу кезеңінің жерлеу орындары да Нұранікіндей дөңгелек, төрт бұрышты қоршаулар болып келеді. Қабірлері үлкен қақпатастардан салынған, тас сандықтар жоқ. Кейде жер қабір, кейде ағаш қоршау түрінде де кездеседі. Бұл кезеңде қос қабір (бір қоршау ішіне) немесе көп адамды бір зиратқа жерлеу кездеседі
  • Андронов мәдениетіндегі адамды жерлеу ғұрпы: а) Нұра кезеңінде көбінесе адамның сүйегін жартылай өртеп қойған, кейбір зираттарда адамды өртемей қою ғұрпы да кездеседі. ә) Атасу кезеңінде адамды сол күйінде жерлеген, өртеу ғұрпы сирек кездеседі.
  • Беғазы-Дәндібай мәдениетінің адамды жерлеу ғұрпында үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл – осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты.
  • Беғазы-Дәндібай мәдениетінің жерлеу орындары ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Қабырғаларына екі қатар болып қаланған тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі, сыртқы жақтарына тастың тегіс беттері қаратылып қаланған.
  • Ыдыс жасау ерекшеліктері: Андронов мәдениетінің Нұра кезеңінде қыш ыдыстарының иіні дөңгеленіп келсе, Атасу кезеңі ыдыстарының мойнынан бүйіріне ауысар тұсы тіктеу болып келеді. Нұра кезеңі ыдыстарындағы өрнек мойнынан бүйіріне дейін біртұтас, Атасу кезеңі ыдыстарында өрнек мойнында, ортан белінде, кейде түп жағына да салынған.
  • Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ыдыс жасау ерекшеліктері: ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Құмыра өрнектері – тарақ жүзді, үзік сызықты үш бұрышты, ұштаған таяқшамен салынған және батырып салынған таға сияқты, моншақ, түйін өрнектер кездеседі.
  • Қола дәуірінде Шығыс Қазақстан жерінде тау-кен өнеркәсібі және металлургия жақсы дамыды.
  • Солтүстік пен Батыс Қазақстан жерінде Қола дәуірінің 150-ден аса қонысы, 200-ге тарта қорымы зерттелген.
  • Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы Қола дәуірі ескерткіштері аздау зерттелген.
  • Аралдың шығыс жағында орналасқан Түгіскен кесенелері Беғазы-Дәндібай ескерткіштеріне қатты ұқсайды.
  • Айырмашылығы: Беғазы-Дәндібай кесенелері ірі гранит тастан салынса, Түгіскен кесенелері шикі кірпіштен қаланған.


Қате туралы хабарландыру