Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қола дәуірінің шаруашылық және қоғамдық өміріндегі өзгерістер

Конспект

Қола еңбек құралдары еңбек өнімділігін арттыруға ықпалын тигізді. Тас балтаға қарағанда қола балтамен ағашты үш есе тез шабуға мүмкіндік туды. Қоладан жасалған құрал-саймандар мен жарақтардың пайда болуы үй салу, жиһаз, соқа, дөңгелек жасауға көмектесті.

Көне замандағы кен өндірушілердің қоныстары кенішке жақын орналасты. Кенді қорыту үшін құрылысы өте күрделі қазандықтар салынды. Қазандыққа ауа үрлейтін көріктер жасалды.

Қола дәуірінде ең бір өрістеген өнер түрі көзе құмыра жасау болды. Бұл құмыралар тұрқының әдемілігімен қоса, бүйіріне, ернеуіне салған әшекейлері керемет өнер туындысы болды. Қола дәуірі қыш ыдыстарындағы геометриялық өрнектердің кейінгі қазақтардың алашаларындағы өрнектермен ұқсастығы байқалады.

Қола дәуірінде мал шаруашылығы көпшілік тайпалардың күнкөрісінің басты көзі болған. Мал басының өсуі үй маңындағы бақташылықтан малды алысырақ көшіп-қонып бағу әдісіне көшуге мәжбүрледі. Мал шарушылығының дамуында жылқыны мініске үйретудің, күш-көлік ретінде пайдаланудың маңызы ерекше болды. Қола дәуірінде адамдар түйені де қолға үйретті. Бірақ андрондықтардың малының арасында шошқа болмаған.

Қола дәуірінің тұрақтарынан тас кетпен, тас орақ, тас дәнүккіш, мүйіз теселер, тастан жасалған түйгіштер, келі-келсаптар табылған. Бұл жерімізді мекендеген Қола  дәуірі тайпалары тек малшылықпен ғана емес, егіншілікпен де айналысқанын көрсетеді. Негізінен бидай, қарабидай, тары егілді. Қазақстанның ұсақ өзендері маңында егіншіліктің алғашқы қарапайым түрлері дамыды.

Қола дәуіріне жататын қоныстар көбіне өзен-көл жағалауларында орналасқан. Күнкөрістің қосымша көзі ретінде адамдар аңшылықпен, балық аулаумен де айналысты.

Осы кезеңдегі тұрғын үйлерді екі түрге бөлуге болады. Біріншісі – жартылай жертөле үйлер де, екіншісі – жер бетінде салынған үйлер.

Қазақстанды мекендеген тайпалар рулық-тайпалық құрылыста өмір сүрді. Рудың бар байлығы – еңбек құралдары, мүліктері, малдары бәріне ортақ болды. Ұжымдық еңбектің өнімі теңдей бөлінді. Барлық істі халық жиналысы шешіп отырды. Жиналыс ру басшыларын сайлап, рудың салт-дәстүрлерінің қатаң сақталуын қадағалады. Қоғам мал және жер шаруашылығымен айналысатын қауымдарға бөлінді.

Ер адам еңбегінің маңызы арта түсті. Бұл аталық әулетті толық орнықтырды. Аталық әулет бірнеше үлкен отбасылардан тұрды. Енді жеке отбасы өзін-өзі асырайтын халге жетті. Артық қор құралды. Рулық, ұжымдық меншіктің орнына біртіндеп жекеменшік келді. Ру ішінде бай және кедей отбасылар пайда бола бастады. Көшпелілер қоғамында байлықтың жиналуы отырықшыларға қарағанда тезірек жүрген деп саналады.

Қауым ішінде мүлік теңсіздігінің шығуы барған сайын орнығып, келе-келе әлеуметтік теңсіздікті тудырды. Біртіндеп кейінгі Қола дәуірінде егіншілік, малшаруашылығы, қолөнер дамып, байлық молая келе ру қауымы ыдырай бастады. Әр отбасы өз күшімен мал өсіруге, жер өңдеуге мүмкіндік алды. Осылайша әркімнің өзінің меншігі қалыптасты. Өндірілген өнім әркімнің жеке меншігіне айналды.

Андронов мәдениетін арий, тур, хьон және т.б. тайпалар қалдырды делінеді. Андронов тарихи-мәдени бірлестігінің негізгі қалыптасқан аймағы – Қазақстан аумағы.

Андронов тайпалары Қазақстан аумағын б.з.б. бірінші мыңжылдықта мекендеген ерте көшпелілердің тікелей мәдени-этникалық ататегі болды.

 

Тезистер

  • Көне замандағы кен өндірушілердің қоныстары кенішке жақын болды.
  • Қоладан жасалған құрал-саймандар мен жарақтардың пайда болуы үй салу, жиһаз, соқа, дөңгелек жасауға көмектесті.
  • Кенді қорыту үшін құрылысы өте күрделі қазандықтар салынды.
  • Қола дәуірінде ең бір өрістеген өнер түрі көзе құмыралар жасау болды.
  • Қола дәуірі қыш ыдыстарындағы геометриялық өрнектердің кейінгі қазақтардың алашаларындағы өрнектермен ұқсастығы байқалады.
  • Қола дәуірінде малшаруашылығы көпшілік тайпалардың күнкөрісінің басты көзі болған.
  • Мал басының өсуі үй маңындағы бақташылықтан малды алысырақ көшіп-қонып бағу әдісіне көшуге мәжбүрледі.
  • Қола дәуірінде адамдар түйені де қолға үйретті.
  • Андрондықтардың малының арасында шошқа болмаған.  
  • Қола дәуірінде тайпалар кетпенді егіншілікпен айналысқан.
  • Қола дәуірі тайпалардың тек малшылықпен  ғана емес, кетпенді егіншілікпен де айналысқанын көрсетеді. Негізінен бидай, қарабидай, тары егілді.
  • Қола дәуіріне жататын қоныстар көбіне өзен-көл жағалауларында орналасқан.
  • Күнкөрістің қосымша көзі ретінде адамдар аңшылықпен, балық аулаумен де айналысты.
  • Тұрғын үйлерді екі түрге бөлуге болады. Біріншісі – жартылай жертөле үйлер де, екіншісі – жер бетінде салынған үйлер.
  • Қазақстанды мекендеген тайпалар рулық-тайпалық құрылыста өмір сүрді.
  • Рудың бар байлығы – еңбек құралдары, мүліктері, малдары бәріне ортақ болды. Ұжымдық еңбектің өнімі теңдей бөлінді.
  • Барлық істі халық жиналысы шешіп отырды.
  • Қола дәуірінде аталық әулет толық орнықты.
  • Рулық, ұжымдық меншіктің орнына біртіндеп жекеменшік келді. Ру ішінде бай және кедей отбасылар пайда бола бастады.
  • Көшпелілер қоғамында байлықтың жиналуы отырықшыларға қарағанда тезірек жүрді.
  • Қауым ішінде мүлік теңсіздігі шығуы барған сайын орнығып, келе-келе әлеуметтік теңсіздікті тудырды.
  • Біртіндеп кейінгі Қола дәуірінде егіншілік, малшаруашылығы, қолөнер дамып, байлық молая келе ру қауымы ыдырай бастады.
  • Андронов мәдениетін арий, тур, хьон және т.б. тайпалар қалдырды.
  • Андронов тарихи-мәдени бірлестігінің негізгі қалыптасқан аймағы – Қазақстан аумағы.


Қате туралы хабарландыру