
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы диуана бейнесі (350 сөз)
Әр кейіпкердің өзі танытатын ерекше әлемі бар. Диуана – халқымызда ерекше құрметке ие ұғым. Диуананың дала кезетін тынымсыз қасиетін де халық құрметтейді. Оны жәбір-жапаға бермей қорғап, адалдық пен пәктіктің образы ретінде қабылдайды. Жазушы диуана бейнесі арқылы рухы мықты жанның өміршең келбетін сомдап көрсеткен. Іскендір диуана – өмір сүру мектебі, күрескерлік рух көзі, адамгершілік болмыс.
Дала әулиесі саналатын бұл жандар өмірдің тылсым сырын түйсінген, кемел даналық иелері болып есептеледі. Міне, осы образ жарқ етіп «Ақбілек» романында танылды. Романдағы Іскендір:
-
елеусіз жүріп, елеулі істер тындыратын бейне;
-
ен даланың еншісі толық бөлінген перзенті;
-
өмірдің шындығын бояусыз «хақ» – ақиқат деп қабылдайтын шынайы болмыс иесі ретінде жан-жақты ашылған.
Жүсіпбек Аймауытовтың диуана болмысын ашу шеберлігі неде? Біріншіден, аңыз-әңгіме, әфсаналардың ғана кейіпкері болып танылатын диуананы заманауи кейіпкер ретінде әдебиетке енгізгені. Екіншіден, осы бір кемел тұлға арқылы ұлттың психологиялық ерекшелігін, дүниетану философиясын таныта білгені.
Ол – табиғаттың төл перзенті, жер таңдамайды, мезгіл талғамайды, қандай табиғат құбылысына да төтеп бере алатын рухани күш иесі. Адамгершіліктің, адам саналылығының жоғары үлгісі. Ол өмірді тұтас өмір сүру арнасы деп қабылдайды, жаман мен жақсы, ақ пен қара деп жіктемейді, барлық жайтқа өз жауабы бар деп есептейді. Осы образ арқылы Жүсіпбек қазақ әдебиетіне тың үлес қосты. А. Қыраубаева «Бұл еңбек – бітімі бөлек, болмысы дара туынды. Дәл мұндай шығарма қазақ әдебиетінің маңдайына біте бермеген. Мәселен, Іскендір дуананы алыңдаршы. Романда ол елеусіз, мүсәпір қайыршы кейпінде көрінеді. Дұшпанның қолынан әрең құтылып, адасып келе жатқан Ақбілекті үйіне дейін ертіп әкелді. Сол арада жазушы Іскендірдің кім екенін толық сипаттап үлгерді. Ой жүгіртіп қарасаңыз, ол «кемел» дәрежеге жеткен дәруіш. Өкінішке қарай, осы образды басқа қаламгерлер дамытып кете алмады. Бұл – қазақтың рухани кейіпкеріне айналуға лайықты тұлға еді» деп бағалаған. Шынында да, Іскендір – Аймауытовтың ақиқаты, адам саналылығының сеңгір биігі.
Қорыта келгенде, Іскендір – «бармаған жері, баспаған тауы жоқ», үлкенді «әке, аға», әйел атаулыны «шеше» деп құрметтеп, баланың тауын шақпай, асасынан тістеген итке де жекімей, әлемге сүйіспеншілік көзбен ғана қараған данышпандық образ, даналық эталоны. Елу шақырым жерден қаппен көмір әкелгені, жоқтың жомарттығын бағалауы, өмірдің ақиқатын сол күйінде қабылдауы – бәрі де табиғи болмыс, өміршең рух. Бұл қасиеттер – халқымыздың тәрбиесіндегі ұрпаққа ұлағат еткен ізгілік қағидаттарының негізі. Демек, романдағы Іскендір диуана – кемелділік үлісі, рухани қасиеттер жиынтығы.
(350)