Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Прозаны поэзия тілімен сөйлеткен Мүсірепов (350 сөз)

Конспект

 

Ғабит Мүсірепов – проза жанрының қайталанбас озық туындыларын мұра етіп қалдырған шебер жазушы. Оның шығармаларының тілі көркем, кестелі, бейнелі болуымен қатар, поэзияға тән сөз ұтымдылығы, ой ұшқырлығы мен өлең өлшемдерінің де жүгін көтере алуымен ерекшеленеді. Ол прозаны поэия тілімен сөйлеткен «жазушылықтың эталоны» (З. Қабдолов) болып танылды.

Жазушы шеберлігінің қалыптасуы, ең алдымен, бала кезінен тыңдап өскен жыр-дастандар және басқа ауыз әдебиеті үлгілерінен бастау алған. Мысалы: «Ел көшсе, жайлау жетімсіреп қалады, құс кетсе, көл жетімсірейді» («Ұлпан»), «Шойын кеуделі, аю жоталы, бүруге біткендей жүндес сом саусақты, қастары қыйғаш-қыйғаш біткен қара кісі – Игілік би, паң да, тәкаппар да емес. Даусын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетіп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес, ала көзін бір төңкеріп, қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді. Күреңкөз қожаның тышқанның құмалағынан жасағандай ұсақ қара тастардан тізген тәспиғымен бірге барлық буын-буыны сыртылдап кетер еді» («Оянған өлке») деген ой тұжырымдары, теңеу және өзге қолданыстарын молынан дәлел ретінде ұсынуға болады.

Екінші бір арнасы – орыс және әлем әдебиетінің ерекше үлгілерімен жете таныс болуы. Бұл ойымызды «Автобиографиялық әңгімесінде» айтқан сөздері растайды: «Мен орыс классиктерін рабфакта жүргенде ұғынып шықтым. Әсіресе Горький, Гоголь, Чехов сынды жазушылардың бағыты ойыма қона беруші еді. Рабфакты бітірген соң жазу талабы мені де оята бастады». Бұл жазушының жаңашылдықпен өзіндік өрнек иірімдерін сомдауына бастау болды. Мәселен, «...Біржан мен Шәйза ауылға келгенде алтын күн қызарып, көкжиектен кеудесін шығарып келе  жатыр еді («Тулаған толқында»), «Күзгі көк ақырын-ақырын тебендеп, келер жылдың қамын ойланғандай ақырын жатыр» немесе «Билер түз тағысын тосқауылдап қуатын ұялы қасқырша бірінің сөзі әлсірей бергенде, екінші біреуі іліп әкетіп Ұлпанды ұзақ қудаласа  да бір тұйыққа әкеліп қамай алмай қойды» («Ұлпан») деген мысалдар шебер кейіптеу, бай эпитет пен теңеу, метафораға толы. Сондай-ақ метанимия мен синекдоханың әдемі үлгілері мол. Ақын шығармалары – ақ өлең иірімдері мен поэзия бояуларының астасқан арнасы.

Қорыта айтсақ, Мүсірепов – қазақ әдебиетінің сыры мен сынын толықтырған сөз зергері. Ол адам ерекшелігі мен табиғат құбылыстарының ұқсастығын да, ерекшелігін де ақындық ұшқыр қиялмен танып, бейнелей білген. «Оның жаны – ақын. Сондықтан да ол жасаған сөз образдары ірі де терең» (Т. Ақшолақов). Өз пікірімді «мүсіреповше» түйіндесем, қара сөз бен ақ өлеңді үйлестіру – айдынға қаз бен аққуды қатар қондырғандай шеберлік!

(350)



Қате туралы хабарландыру