Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Сүйінбай шығармаларының құндылығы неде? (250 сөз)

Конспект

Сүйінбай Аронұлы – Жетісу ақындарының ішіндегі шоқтығы биік ақын. Ол – айтыс өнерінің қас шебері, ауыз әдебиетінің маржандары «Көрұғлы», «Рүстем-Дастан» және басқа дастандарды бірнеше күн жырлаған жыршы, ақындық өнердің туын тік көтере білген сөз шебері. Жырларында тау суындай арындылық, алдаспандай өткірлік бар. Сонымен қатар өлең иірімдері тарих тынысына толы. Сүйінбай жырларының құндылығы – осындай ерекше сипатында.

Ақын жырларының құндылығы мен маңызы туралы сөз етсек, біріншіден, ақын өмір сүрген кезең шындығымен бетпе-бет келеміз. Ол (1815-1898 жж.) Алатау баурайындағы Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақынның өмірі орыс патшасының отарлау саясаты, басқару реформасын жасаған тұсқа тура келген. Ақын өлеңдерінде Тезек төренің, болыстардың және ел қамын ойлаған тұлғалар есімдері жиі кездеседі. Осының өзі ақынның қоғам өзгерістерінен тыс қалмай, азаматтық ойын айта білгенін байқатады.

Екіншіден, Алатаудың арғы-бергі бөктерін жайлаған қазақ, қырғыз елінің өнерін ұштастырды. Ақын қырғыз ақындарымен сөз сайысына қатысып, «Манастай» ірі шығарманы қазақ тыңдаушыларына тарту етті.

Өткір тілді ақынның өлеңдері заманауи шындықты паш етеді. Мұның дәлелі – замандастарына қарата айтылған өлеңдері. Бұл өлеңдерінен, бір жағынан, ел намысын ойлайтын, табанды азаматтың тұлғасы айқындалса, екінші жағынан, айтар ойын ұтымды бейне, тапқыр теңеу арқылы жеткізген ақынның болмысы танылады. Сатиралық сипаттағы «Қасымға», «Жетісу билеріне», «Болыстарға баға» өлеңдері осы ойымызға негіз бола алады.

Қорыта айтқанда, ақын шығармаларының құндылығы ақынның тұлғалық ұстанымы мен азаматтық болмысымен шектеседі. Сүйінбай ақын – уақыттың тынысын танып, шындықты жүйелеген тұлға. Оның жырлары – жалтақтық пен жағымпаздықтан аулақ, ұлттық дүниетаным ізгіліктерін бойға сіңірген көркем дүниелер. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» болмысы ерек, «бөрілі байрақты» елдің тарихын шерткен ақынның шығармалары – оқығанға ой тастап,түсінгенге тағылым беретін мәңгілік мұра. Құнды қазына сан ұрпаққа қызмет етеді.

(250)



Қате туралы хабарландыру