Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Ыбырай Алтынсарин шығармаларында еңбектің маңызының дәріптелуін дәлелдеу (250 сөз)

Конспект

Ыбырай атамыздың шығармаларында бұл тақырып көп кездеседі. Иә, ол өз шығармалары арқылы жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулуды мақсат тұтқан. Сондықтан да әңгіме желісін қызықтыра өріп, адам өміріндегі еңбектің маңызын және оның жеңістер мен жемісті табыстарға қол жеткізетін күш екенін дәріптеген.

Еңбектің маңызын түсіндіруде, менің ойымша, Ыбырай Алтынсарин мына нәрселерді негізге алған сияқты:

  1. Оқырманның жасына лайық, жанына жақын кейіпкер әлемі арқылы қызығушылығын арттыруды;

  2. Оқыған жанның қажеттілікті анықтап, ой түйіп, шешімге келуіне мүмкіндік беруді.

1860 жылы өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға келген ұстаз алдында бірнеше кедергі тұрды: күткен мектебі тек 1864 жылы ғана ашылды; ойын баласын білім алуға даярлау және қазақ баласының табиғатына бейімдеп оқыту қажет болды. Демек, біліммен бірге, саналы тәрбие беру мәселесі бой көтерді. Осылайша ұстаз шығармашылығы осы бағытта өрбіді.

«Сиса көйлек үстіңде,

Тоқуменен табылған.

Сауысқанның тамағы,

Шоқуменен табылған...

Өнер-білім бәрі де,

Оқуменен табылған» деп еңбектің рөлін ұтымды сипаттады.

Ол ойын жеңіл жеткізді, ал жасынан жыр тыңдаған дала баласы өлеңді тез қабылдай ала алды. Аңыз-ертегі тыңдап өскен балаға әңгімелердің әсері қандай десеңізші?! «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесіндегі кейіпкерлердің тыныс тірлігі, ал Атымтай жомарттың «еңбекпен табылған дәмнің өзгеше» екенін айтуы көкейде жатталды. «Әке мен бала» әңгімесіндегі шиеге айналған сынық тағаны көтермеген кейіпкер үшін сан ұрпақ бірге өкінді. Салыстыра қарап, ерке Асан мен еңбекпен өскен, тапқыр Үсенді бағалап, еңбектің қадірін түсінді.

Қорыта айтқанда, ол ағартушы еңбек әлемін ашты. Ол баланы қызықты (виртуалды) әлемге жетеледі, кейіпкермен бірге болуға мүмкіндік берді. Сол әлемде болған жанға қолында өмір кілті бар керемет дос сыйлады. Мен үшін, Алтынсарин – өз кезеңінің «Ұлы аниматоры». Ал анимацияға толы туындысы – «Қазақ хрестоматиясы»! Келісесіздер ме?

(250)



Қате туралы хабарландыру