
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Мен таныған Әуезов әлемі (350 сөз)
Мұхтар Әуезов туралы айтылған пікір мен берілген баға аз емес. Оны мен қаншалықты толықтыра аламын? Көз алдыма атақты жазушының өзіме таныс суреті келді. Көзімен көзім түйісті. Маған деген сенім көрдім... Сол сенім маған күш берді. Мен үшін жазушы әлемі – Ұлы дала энциклопедиясы: ел тарихы мен дәстүрі, өмір күресі және тұлға боп қалыптасу мектебі.
Әуезов әлемінде бүкіл бір ұлт тағдырының көрініс беруі – жазушы шеберлігімен қоса, білім, еңбек, ізденіс нәтижесі. Ол әр деректі бұлтартпас тарихи өлшем, шежіре шындығы және қаламгердің өзіндік «археологиялық» ізденісімен айқындап отырған деп ойлаймын. Нақты айтсақ, әр тұлғаның тегі туралы дерек шындыққа жанасымды, әр оқиғаның тарихи кезеңі күмәндануға жол бермейді. Тарихи негіздері зерттеліп барып қолданылған. Ол әр кейіпкерінің жастық шағы мен оның өзіне тән ерекшеліктерін егде тартқан, көмескіленген естеліктер арасынан аршып ала білді, археолог сияқты еңбек етті. Әр кейіпкердің тағдырын шынайы суреттеді, әр әрекеттің салдарын саралап, тұлға табиғатын талдап қарауға да, жинақтап ой түюге де мүмкіндік тудырды. Әр тұлғаның табиғатпен үндестігін, оның адами қалыптасу өлшемдерін психологиялық тереңдікпен дәл бейнеледі. Бержеронның сөзімен айтқанда «Мұхтар Әуезов – ақын. Ол өз елінің далалары мен тауларын, адамдарын үлкен эпик ақынша асқан суреткерлікпен бейнелейді. Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой».
Дүниенің төрт бұрышына сапар шеккен «Абай жолы», тарихтың бесігін тербеген «Қилы заман» мен «Өскен өркені» және өмірдің сан қилы сырын ашқан ғажайып әңгімелері – Әуезов әлемінің жеті кереметі. Әлемдік деңгейдегі «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон). «Абай жолы» – бір тұлғаның елу жыл ғұмырын суреттей отырып, бүкіл бір ұлттың жартығасырлық ғұмырын танытқан өмір оқулығы. Талай ұрпақты сусындатқан, қай ғылымға да қатысты деректерге толы жартығасырлық ұлттық энциклопедия. Әуезов Абайды жазып қана қойған жоқ, оның өмірін суреттеу арқылы тұтас ұлт туралы ғылыми еңбекті ұсынды. Ол – қазақ даласының географиясы, қолданбалы химия, физика, геометрия, астрономия негіздері.
Әуезов әлемі – өзіне дейінгі және өзінен кейінгі адамдармен диалог! Мен онымен кез келген сәтте сұхбат құра аламын, сол арқылы әлемді тани аламын. «Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек» (Ш. Айтматов) деген пікірмен мақтанам. Демек, Әуезов – таңғажайып әлем, мен одан өзімді таптым, ол – өзіңді тану әлемі.
(350)