Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Ана тілдің болашағы кімге аманат? (350 сөз)

Конспект

 

Елбасы «Мәңгілік Ел» туралы ой қозғады. Мәңгілікке қадам басқан елдің құдіретті құндылығының бірі – тіл. Тілдің ертеңі мен бүгіні туралы ойланбайтын ұрпақ жоқ. Неге? Жауап айқын: ол – ұлттың төлқұжаты, ол – адам баласы үшін қарым-қатынас негізі. Ал аманат ұғымына келсек, өмірге аса қажетті, қастерлі дүниені өзгелерге аманаттау, оны қорғап, ғұмырын мәңгілік етуді өсиет қылу – саналы адам баласының ерекшелігі. Демек, ана тілінің қажеттілігі мен оның өмірдегі мәні туралы өзінен кейінгіге ой тастап отыру кез келген халыққа тән дүние. Біздің ата-бабаларымыз да дүниеге келетін бар ұрпаққа ана тілдің адами болмыс негізі және ұлттың ұлағатты ұлылығының алтын діңгегі екенін айтып, аманаттады.

Біз жаңа ғасырда дүниеге келдік. Ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін ұлылардың ұғымын таныдық. Авар ұлы Р. Ғамзат «Ана тілім ертең өлер болса, мен бүгін өлуге дайынмын» десе, П. Вяземский «Ана тілін шегараны қорғағандай қорғау керек» деген. Ал ұлыларымыз «Қадірлі, бағасы алтын анам тілі… тәттілікті көрмеспін сенімен тең» (І. Жансүгіров), «Туған тілім тіл болудан қалса егер, жүрегімді суырып-ақ алыңдар» (С. Торайғыров) деген. Бауыржан батыр Кеңестің келмеске кеткен саясаты тұсында ана тілін намыс қылышымен қорғаған. «Мен әскери адаммын – тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын» деп толғаған. Міне, осы ойларды салыстыра келіп айтарым: аманат – қасиетті ұғым. Мені ғасырлардан жеткен сый – ата аманаты күтіп тұрды. Аманат орамында – ана тілім!

Ана тілдің нәрлі уызы анамның сүтімен, атамның тәрбиесімен сіңді. Оқулықтан Ахмет Байтұрсынұлы сомдап кеткен тіл білімінің негіздерін меңгердік. Ана тілдің құдіретін әнұран асқақтаған сәтте тулаған жүрекпен түсіндік. Ана тілі мемлекеттік мәртебе алған тұста жауапкершілік те екі есе күшейе түсті.

Иә, тіл тағдыры да адам тағдыры сияқты. Ол да небір зобалаңды басынан кешеді, оның да тамырына балта шабылатын тұстар бар. Аманатқа адал ұрпақ өз тіліне араша түсетін уақыт та болады. Менің ойымша, тілдің тағдырын қорғайтын саналы да текті ұрпақ бар болса, тіл мәңгі жасайды! Мен аманатты арқалаған ұрпақтың бір өкілімін. Мәңгілік Ел болашағында ғарыштағы байланыс тілі болатын ана тілімнің ғұмыры үшін жауапкершілік әр ұрпақ еншісінде... Ал сіз қалай ойлайсыз, келісесіз бе?

(350)



Қате туралы хабарландыру