iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
(3) «М. Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі ақынды табындырған әже бейнесін бүгінгі әжелер бейнесімен салыстыра отырып дәлелдеңіз»
«Әже, сен бірге жүрсің меніменен, Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем»
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Мақатаев – қазақтың аяулы да арқалы ақыны. Қазақтың ұлттық поэзиясына өзінше өрнек салған, оқырманның жүрегіне өшпес алау жаққан отты ақын – Мұқағали Мақатаев. М. Мақатаевтың қай өлеңін оқысаңыз да керемет бір қазақылық, дархандық, ізгілік, парасаттылық иісі аңқиды, өзіне еріксіз баурайды.
Мен үшін ақын өлеңдерінің ішіндегі жаныма жақын, көңіліме жылы тиетін туынды – «Ақ кимешек көрінсе» өлеңі.
«Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем», -
деп толғанады қазақтың ақиық ақыны, поэзияның мұзбалағы Мұқағали ақын. Мұқағали өлеңге, жырға өте әуес болған, жасынан-ақ өнерге бейім өскен. Өнерге бейім болған адамның жүрегі нәзік, мейірімге толы болады деп ойлаймын. Сол қасиеттер ақынға қалай дарыған. Әрине, ақ әжесінің «айналайын», «жасаған берген» деп басталатын ыстық махаббатқа толы тәлім-тәрбиесімен, әжімге толы алақанның жылуымен ақынның молынан пішілген кеудесіне қонақтаған.
Әже... Мен үшін әже – аруақ аттамас инабаттың, тазалықтың, адалдықтың, қайырымдылықтың таусылмас қазынасы. Мұқағали ақын өлеңдерінен кейде адуындықты, өрлікті, биіктікті сезінемін. Өрелі ақынның аузынан өнегелі иірімге толы білгірлікті байқаймын. Мен тағы да айтамын, ол – Тиын әжесінің өнегесі, бала Мұқағали бойына дарытқан ананың биік парасатымен келген сый. Бірде «Жұлдыздар отбасы» басылымынан ақын өмірі жайлы мақала оқыдым. Көзіме оттай басылғаны – Тиын әжесінің ерлігі. Атасы Мақатай көкпарда жүріп аяғын сындырып алады. Аяқ морт сынған. Күн болса ыстық. Емші алыс ауылда тұрады. Емші келгенше шілденің ыстығында аяқ сасып кетеді. Әжесі тез шешім қабылдап, сынған аяқты сол жерден балтамен шауып, күйген киізбен қанын тоқтатады. Емші келгенде Тиын әженің ер адам істей алмайтын азаматтығына қайран қалады. Міне, Мұқағали ақынды өсірген батагөй әже бір мінезді, салиқалы да сабырлы, ер мінезді болған екен. Әженің кеңдігіне, аппақ пейіліне, мейірбандығына ештеңе жетпейді. Қазақтың тарихына көз жүгіртсек ұлы дана Абай да, терең білімпаз болған Шоқан да әжелерінен бата алған, әженің кәусар бұлақтай таза жан дүниесінің шуағына шомылып өскен.
Бүгінгі әжелерді әңгімеге өзек етсем ерекше пейілденемін. Қазақтың киелі шаңырағында үлкендікті ақылмен, көрегендікпен алып отырған әжелеріміз көптеп саналады. Әже – жоққа сабыр қылуға, барға тоқмейілсімеуге үйрететін мектеп. Өзім ертегінің көбісін әжемнен тыңдап өстім. Атақты Бауыржан атам айтқандай «немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын» әжелер болмаса екен. Кейде көшеде басында ақ жаулығы жоқ үлкен кісілерді көргенде қарным ашып қалады. Орыс тілді әжелер қатары да көп-ақ. Келешегіміз кемел болсын десек, «бесігімізді түзейік», ағайын!
Ақ кимешекті әжелеріміз көп болсыншы! Олар барда береке бар, бірлік бар, ынтымақ бар.
Зинелов Жангерей
Қызылорда қаласы ХББ НЗМ 9-сынып оқушысы