Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

(1) Мұқағали Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі ақынды табындырған әже бейнесін бүгінгі әжелер бейнесімен салыстыра отырып, талдап жазыңыз

Конспект

 

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев – өз поэзиясында түрлі тақырыптар төңірегінде ой толғап, түрлі мәселелерді жырлаған ұлы дарын иесі. Ақынның «Ақ кимешек көрінсе» өлеңінде қазақтың ұлттық құндылықтарын ұрпағына үйретіп өткен әжелер бейнесін көреміз. Ал қазіргі таңда артынан ерген немересіне әдептілік пен ізеттіліктің нұрын сепкен, халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жалықпай үйрететін, қаймағы бұзылмаған қазақи тәрбиені беретін әжелеріміз бар ма екен?

Менің пікірімше, ақын дәуірінде өмір сүрген, бабасынан қалған дәстүрді жоғалтпай, күзетіп отырған әжелеріміз жылдан жылға азайып бара жатқандай.

Қазіргі ақ кимешек киіп жүретін әжелеріміздің көрінбеуі. Жоқ, қазақтың әжелері мерекеде киетін кимешек бар. Бірақ бұл мерекеде немесе той-жиында ғана киетін кимешек ретінде ғана қалғандай. Бізге, жас ұрпаққа, ұлттық құндылықтарды үйрететін, рухани қазынамызды санамызға сіңіретін әжелеріміздің дуалы әңгімелер мен ертегілер айтуға бұрынғы әжелеріміздей құлшыныс жасамауы.

Кешегі Абайдың ұлы ақын болуына өз үлесін қосқан Зере әженің, Шоқанды қазақ халқын сүюге тәрбиелеген Айғаным әженің, Мұхтардай ұлт тұлғасын өсіруге өз үлесін қосқан Дінәсіл әжелеріміздің көші алыстап бара жатқандай сезінемін. Себебі қазіргі әжелеріміздің немерелеріне берер ұлттық тәрбиенің азаюынан жас, өскелең ұрпақ көп қателіктерге ұрынып жатыр. Жас қыздар арасындағы келеңсіз оқиғалардың көп болуы, ұлдар арасындағы қыздарға деген қарым-қатынастардың жеңіл көзқарасқа ұласуы да осы ұрпақ тәрбиесінде нар тұлғалы аталарымыз бен салиқалы әжелеріміздің тәрбиесінің жетіспеушілігі деп ойлаймын.

Атақты батыр атамыз Б.Момышұлы «Біріншіден, бесік жырын айтпайтын аналардың болуынан, екіншіден немерелеріне ертегі айтып бермейтін әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын ...» – деп босқа үрейленбеген екен. Ол үрейдің себебін атамыздың ойымен айтсақ, олардан ертеңгі күні салт- дәстүрін құрметтемейтін, ұлттық құндылықтарын ардақтауды білмейтін ұрпақ көбейеді. Яғни, қазіргі таңда біздің әжелеріміз немерелеріне бесік жырын айтып бесік тербетуге, ертегі айтып ұрпағын жақсылық пен батырлыққа тәрбиелеуден гөрі теледидарға үңіліп, ешқандай тәлім мен тәрбиеге үйретпейтін түрік, үнді сериалдарын немерелерімен бірге қосылып, тапжылмай көріп отыруды абзал көреді. Осыдан ақиық ақын М. Мақатаевтың «Ақ кимешек жоғалса, нені көрем!» деген жан айқайын байқаймыз. Бұл тек қана ақынның жүрек жарды айқайы емес, бүкіл ұлттың келешегіне уайымдаған ұлтжанды жанның жан айқайы екенін сезінуіміз керек.

Қорытындылай келе, ақиық ақын М. Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңінде ұрпағына ұлттық құндылықтарды бойына сіңірететін әжелерімізді ардақ тұтқанын көреміз. Ал қазіргі таңда қазақтың ұлт перзенттерін тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарды бойына бесік жырымен, батырлық пен ерлікке, армандауға баулитын ертегілер айтатын әжелеріміздің өзгеріп бара жатқаны кімді де болса, қынжылтатыны анық.

Буханова Інжу

Астана қаласы «№8 ЖББМ» КММ 11-сынып оқушысы



Қате туралы хабарландыру