Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

(2) М. Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі ақынды табындырған әже бейнесін бүгінгі әжелер бейнесімен салыстыра отырып, талдап жазыңыз.

Конспект

 

Мыңдаған оқырманының жүрегін өзінің сыршыл лирикасымен жаулап алған қазақтың ақиық ақындарының бірі Мұқағали болса, оның  әжесіне деген ыстық махаббатымен қоса сағынышын жеткізетін өлеңі – «Ақ кимешек көрінсе». Мұқағали өз әжесін аса құрметтеп, қадірлеген және оған деген шынайы перзенттік сезімін осы өлеңінде айқын көрсете білген. «Ақ кимешек көрінсе» өлеңін оқи отырып біздің көз алдымызға «өз жұртының дәстүрін күзетуші», ата-бабасының салтымен немерелерін тәрбиелеп отырған, жүзінен мейірімнің шуағы төгілген, ақ кимешегі жарқыраған асыл әжелеріміздің келбеті елестейді. Ақын үшін әжесі әрдайым жанында, жүрегінде:

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем.
 

Әлемдегі ең мейірімді, ақ пейілді, аса қамқор, немере атаулының бәрі жақсы көретін жан, әрине, әже. Дүниеге келген әр немересі үшін жаны қалмай қуанатын, аялы алақанына салып, бесігіне бөлеп, әлди жырымен тербететін де әже. Әжесін көрген, оның қойнында ертегісін тыңдап өскен бала өмірдегі ең бақытты бала болар, сірә. Жоғарыда айтып кеткендей, Мұқағали Мақатаев әжесін жырға қоса отырып нағыз әжеге тән қасиеттерді ұлықтаушы десем де болады. Өзін табындырған әжесін ақ кимешегі мен мәсісін тастамайтын, үнемі немересін ертпеcе жүре алмайтын ізгілікті жан ретінде бейнелеген. Осы орайда «Ал қазіргі әжелеріміздің бейнесі мен болмысы қандай, олар да немерелеріне ет жүрегі елжіреп, езіліп тұра ма?» – деген сұрақ көкейде еріксіз пайда болады.

  Әрине, қазіргі әжелеріміз бұрынғы заманның әжелерінен жан-дүниесі жағынан ерекшеленбейді десек те болады. Өйткені, қазіргі әжелер де немерелерін барынша жақсы көреді, оларға үнемі қамқор болып, бар жағдайын жасайды, жақсылыққа жақын, жаманнан аулақ болуды үйретеді. Біздің бойымыздан байқалған адамгершілік, адалдық, шыншылдық, әділдік пен шыдамдылық сияқты жақсы қасиеттерді дәріптейді, кездескен қиындықтарды жеңе білуге, сонымен қатар болашақ өмірге дайындайды.

Дегенмен көп нәрсе уақытына қарай өзгеріп, жаһандық сипат алып жатыр. Қазір ақ кимешек киіп жүретін әжелерімізді өте сирек кездестіреміз, болса да бірен-саран. Заманына қарай адамы демекші, әжелеріміз үй мен түздің тірлігін қатар алып жүрген, «ауыр кезде Алатаудай биіктеп, Қаратаудай қайғыңды көтере алатын» (Т. Медетбек)  өмір көрген жандар деген пікірімен кім де болса келіседі ғой деймін. Бұрынғы әжелеріміздің рухы қандай мықты болса, қазіргі әжелерді де осал деуге әсте болмайды.

Қорытындылай келе, мен  заманауи әжелер мен Мұқағалидің ақ кимешек киген әжелері тек сырт келбеті жағынан ерекшеленетінін айтқым келеді. Бүгінгі әжелер де немерелері үшін жанын беруге даяр, ұлтының рухани құндылықтарын солардың бойына барынша сіңіруге тырысатын, немересінің Адам болғанын ғана көруді армандайтынын байқап та, сезіп те жүрмін.

Аманбай Махаббат
Ақтөбе қаласы ФМБ НЗМ 7-сынып оқушысы



Қате туралы хабарландыру