Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

XII тарау. Елдің мәдени-рухани өмірі. Тәуелсіздік жағдайындағы мәдени құрылыс

Конспект

Тәуелсіз Қазақстанның ғылыми тарихының негізі қалана бастады.

1995 жылы Республика үкіметі “ҚР тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын” мақұлдады. Отандық тарих ғылымын дамыту басымдықтары айқындалды. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық тарихын жазу қолға алынды. Қазақстан тарихының ағылшын тіліндегі бір томдығы шықты. 1998 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты “Отан тарихы” журналын шығара бастады. Тарихқа жаңа көзқарас қалыптастыруға “Қазақ тарихы”, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың “Хабаршы” журналдары үлкен үлес қосты. Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі Н.Назарбаевтың 1999 жылы жарық көрген “Тарих толқынында” кітабы ұлт пен мемлекеттің өткені мен келешегіне жаңа көзқарас қалыптастыруда қомақты үлес қосты.

ХХ ғасырдың соңында Абай мен Жамбылдың 150 жылдық, М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО-ның қолдауымен дүниежүзілік ауқымда аталып өтті. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар Мәскеу, Стамбұл, Париж, Лондон, Алматы, Семей қалаларында өтті. “Абай” энциклопедиясы жарық көрді.

1996 жыл жыр алыбы Жамбыл Жабаев жылы деп жарияланды. Мерекелік шаралар Алматыда және ақынның туған ауылы Ұзынағашта (Алматы облысы) өтті. Алматыда ақынға ескерткіш орнатылды, деректі және көркем фильмдер түсірілді.

1997 жылы Мұхтар Əуезовтің 100 жылдығында Алматы, Париж, Мәскеу, Санкт-Петербург, Семей қалаларында жазушының дүниежүзілік әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді. М.Əуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы шыға бастады. “Мұхтар Əуезов əлемі” атты жинақ пен жазушы туралы естелік кітап шықты.

1999 жылғы сəуірде әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалым Қ.И.Сəтбаевтың 100 жылдық мерейтойы болды. 1998 жылдың сəуірінде “Қ.И.Сəтбаевтың есімін мəңгі сақтау” туралы арнайы қаулы қабылданды. 1998 жылдың 25 қарашасында Павлодарда Қ.Сəтбаевтың 100 жылдығына дайындық туралы мəжіліс өтті. 1999 жылғы 13-23 сəуірде ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пəтерінде Қ.Сəтбаевқа арналған “Қазақстан ғылымы – кешегіден бүгінге” атты көрме ұйымдастырылды. Қ.Сəтбаевтың шығармалар жинағының алғашқы томдары жарияланды. Медеу Сəрсекенің “Қазақтың Қанышы” романы, сондай-ақ “Академик Қ.И.Сəтбаев. Хаттар мен жазбалардан" құжаттар жинағы, “Қ.И.Сəтбаев жəне Қазақстанның қоғамдық ғылымдары” атты ғылыми мақалалар жинағы шықты. Баянауыл, Жезқазған, Қарсақбайдағы ғалымға арналған мұражайлар жөндеуден өтті. Алматы, Жезқазған қалаларында ғалымға ескерткіш орнатылды.

Президент жарлығымен 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық жəне саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы”, 1998 жыл – “Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы”, 1999 жыл – “Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы” деп жарияланды.

Экономикалық дағдарыс салдарынан Қазақстан ғылымы, мəдениеті, білім беру жүйелері қиындықтарға кездесті. Республиканың Ғылым Академиясы іс жүзінде ұлттық мəртебесінен айырылып қалды.

2003 жылғы 24 қазанда Н.Назарбаевтың жарлығымен Ұлттық Ғылым Академиясы қоғамдық бірлестік болып құрылды.

1997 жылдан бастап қаражат тапшылығына байланысты мемлекеттік мекемелерді “оңтайландыру” (оптимизация) саясаты жүргізілді. Оңтайландырудың салдарынан 1997-1998 жылдары көптеген білім, мəдениет, денсаулық объектілері жабылып қалды. Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера жəне балет театры бірнеше жыл бойы ауыр жағдайда болды.

10 томдық “Қазақстан” Ұлттық энциклопедиясы, Қазақстан Тəуелсіздігінің 10 жылдығына орай екі тілде “Қазақстан Республикасы энциклопедиялық анықтамасы, Қазақстан тарихы, Қазақ фольклоры антологиясы жарық көрді. Монғолиядан Күлтегін ескерткішінің көшірмесі әкелініп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қойылды.

“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы Президенттің бастамасымен 2004 жылы қабылданды. Мәдениеттің озық туындыларын жинап, қайта зерделеу, Кеңес кезінде бұрмаланған Қазақстан тарихының жарқын беттерін қайта жазу, алдыңғы қатарлы өркениеттер мәдениетінің үлгілерін қазақ тіліне аудару жұмыстары қамтылды. Бағдарламаның бірінші кезеңінде (2004-2006 жж) ұлттық және дүниежүзілік мәдениет үлгілерін қамтитын 218 том жарық көрді, 35 сәулет өнері ескерткіштері күрделі жөндеуден өтті. Шетелдерде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, отандық тарихқа байланысты 5000-ға жуық деректер жиналды. Қазақ мемлекеттігінің тарихи мұражайы, ғылыми кітапханасы, ұлттық дәстүрлер театры бар ҚР Президенттік мәдени орталығы құрылды.

О.Сүлейменов “Жазу тілі” кітабында дүние жүзі тілдерінің даму заңдылығын саралады. Адам бойындағы ізгі қасиеттердің көмескіленуі мәселесін көтерген М.Шахановтың “Өркениеттің адасуы” кітабы республикадан тыс жерлерге мәлім болды. Ə.Нұрпейісов Арал жəне ондағы адам тағдыры туралы “Соңғы парыз” романын, М.Мағауин “Мен” атты философиялық толғауын, Қ.Жұмаділов Қаракерей Қабанбай туралы “Дарабоз” дилогиясын жазды.

Композитор Е.Рахмадиевтің “Абылай хан” (либреттосы Ə.Кекілбаев), А.Серкебаевтің “Томирис” (либреттосы Л.Иманғазинанікі) опералары жанр табысы деп танылды. А.Мұсаходжаева, Ж.Əубəкірова, М.Мұхамедқызы, Н.Үсенбаева классикалық музыка өнерінде шығармашылық жетістіктерге жетті.

Режиссерлер Р.Ибрагимбеков, Т.Теменовтың “Көшпенділер” фильмінде (шетелдерге “Номад” деген атпен таралды) ұлттық мемлекеттің құрылу кезеңіндегі қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ауыр күресі, саяси элитаның әрекеті, сарбаздардың ерлігі сипатталды. “Сталинге сыйлық” атты фильмде (режисссері Р.Әбдірашев) соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанға жер аударылып келген еврей баласының ауыр тағдыры көрсетіледі. Белгілі ақын Махамбет туралы фильмді (режиссері С.Тәуекел) сценарий авторы О.Сүлейменов жаңа ғасырдағы алғашқы ұлттық фильм деп атады. “Қош бол, Гүлсары” лентасы (режиссер А.Әмірқұлов) – “Қазақфильм” және Қырғызстанның “Ардфильм” студияларының бірлескен туындысы. Ш.Айтматовтың аттас шығармасының желісіне құрылған бұл фильмде адамдардың тартымды тарихы мен адамзаттық құндылықтар туралы баяндалады. Бұдан басқа “Мұстафа Шоқай” (режиссері С.Нарымбетов), “Тюльпан” (режиссері C.Дворцевой) фильмдері түсірілді.

1999 жылы республика парламенті “Білім туралы заңның” өзгерген редакциясын қабылдады. Негізгі мектеп 9-сыныппен аяқталып, 10-11 сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша бағдарлы мектептен білім алатын болды.

2004 жылы “ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы” қабылданды. Жоғары білім беру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Кредиттік және екі сатылы жоғары білім беру жүйесіне ауысу жүзеге асырылды.

2007-2008 оқу жылы мектептер 1-11 сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтарымен және оқу-әдістемелік кешенімен толық қамтамасыз етілді. Қазір республикада 8 мыңға жуық мектеп жұмыс істейді. Сабақ қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде жүргізіледі. Жексенбілік мектептерде тәжік, украин тілдерінде оқытылады. Бұл мектептерде 3 млн-нан астам оқушы оқиды.

1992 жылғы қыркүйек, қазан айларында Алматыда дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Азия, Африка, Еуропа, Американың 40-қа жуық елдеріндегі 3 млн. 200 мың (32%) қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Бұл жиынды өткізу және шетелдерге ауа көшкен қандастарымызды шақыру гуманизмнің көрінісі болды. Құрылтайдың мәнді оқиғасы 1992 жылдың 19 қыркүйегінде Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өтті. “Қазақтар: кеше, бүгін және ертең” атты тақырыпта ғылыми конференция болды. Құрылтайдың ресми ашылуы 30 қыркүйекте Республика сарайында болды. ҚР Президенті Н.Назарбаев “Құшағымыз бауырларға айқара ашық” деген баяндама жасады. Түркиядан "Алаш" сыйлығының иегері, қадірменді қария Халифа Алтай келді. Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына қатысушылардың Қазақ халқына Үндеуі жарияланды. “Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы бүкіл əлемдегі отандастарымызды Қазақстанның экономикалық-əлеуметтік, мəдени-интеллектуалдық мүмкіндігін молайтуға, бар қабілеті мен еңбегін туған ел игілігіне жұмсауға шақырады”.



Сұрақтар
  1. Тарихқа жаңа көзқарас қалыптастыруға үлес қосқан журнал:

  2. Ұзынағашта өткізілген мерекелік шара арналды:

  3. М.Əуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы шығарыла бастады:

  4. “Қазақтың Қанышы” романын жазды:

  5. “Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы”:

  6. Мемлекеттік мекемелерді “оңтайландыру” саясатының жүргізілу себебі:

  7. Еуразия ұлттық университетіне әкеліп қойылған ескерткіш:

  8. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы қабылданған мерзім:

  9. Республикадан тыс жерлерге мәлім болған М.Шахановтың еңбегі:

  10. Жанр табысы деп танылған А.Серкебаевтің операсы:

  11. “Сталинге сыйлық” фильмінің режисссері:

  12. “Қазақфильм” және “Ардфильм” студияларының бірлескен туындысы:

  13. “ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы” қабылданған мерзім:

  14. 1992 жылғы қыркүйек, қазан айларында өткізілген іс-шара:

  15. “Құшағымыз бауырларға айқара ашық” баяндамасын жасаған қайраткер:

  16. Бейжің олимпиадасында алтын алған спортшы (-лар)

  17. ХХ ғасырдың соңында 100 жылдық мерейтойы (-лары) ЮНЕСКО-ның қолдауымен дүниежүзілік ауқымда аталып өткен белгілі тұлға (-лар)

  18. Тәуелсіз Қазақстанның астаналарының атауларын тап.

Қате туралы хабарландыру