Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық жағдайы

Конспект

1991 жылдың соңына дейін Қазақстанның тәуелсіздігін 18 ел таныды. Алғашқылары Түркия, АҚШ, Қытай, Германия, Пәкістан мемлекеттері болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында елімізді 108 мемлекет танып, оның 70-інің дипломаттық өкілдіктері ел астанасында жұмысқа кірісті.

Қазақстан БҰҰ-ға, Халықаралық қайта құру және өркендеу банкіне, Еуропалық қайта құру және өркендеу банкіне, Халықаралық валюта қорына, ЮНЕСКО-ға мүше болып кірді.

Қазақстанның жалпыадамзаттық қауымдастыққа енуіндегі үлкен қадамдарының бірі 1992 жылы Хельсинкиде жасалды. 8 шілдеде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қорытынды актісіне бұрынғы Кеңес Одағы мен Югославия Федерациясынан тәуелсіздік алып шыққан мемлекеттердің басшыларымен бірге Президент Н.Назарбаев қол қойды.

Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударатын мəселе: ең жақын жəне ірі көрші мемлекеттермен, солтүстікте – Ресеймен, шығыста – Қытай Халық Республикасымен ойдағыдай қарым-қатынас орнату.

1992 жылғы 25 мамырда Мəскеуде Қазақстан мен Ресей арасында достық, ынтымақтастық жəне өзара көмек туралы шарт жасалды. Қазақстан мен Ресейдің қазіргі шекараларының мызғымастығы туралы ереже ең маңызды болып саналды. ҚР мен РФ президенттері екі ел арасында мәңгілік достық пен қатынастар жөніндегі Декларация қабылдау, мұнай шығару, өңдеу және тасымалдау, Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану туралы келісімдерге қол қойды.

Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен (КХР) 50 шақты келісімдер, хаттамалар жасалды. Қазақ-қытай қатынастарында саяси байланыстарға жол ашылды.

Қазақстан этностық туыс елдермен – Әзірбайжанмен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Түрікменстанмен көпсалалы байланыстар жасап келеді. Қазақстан Таулы Қарабақ пен Тəжікстандағы қақтығыстарды реттеуге күш салды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Н.Назарбаевтың мəлімдемесі қарулы жанжалдардың алдын алуға бағытталған Қазақстанның сыртқы істер қызметінің көрінісі болды.

Азияда қауіпсіздік пен орнықтылықты қамтамасыз ету бағдарламасы, Азияда бірлесіп қимылдау жəне сенім шаралары жөнінде кеңес шақыру ұсыныстары салауатты қадам ретінде бағаланды.

1996 жылы 26 сəуірде Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің (Ресей, Қытай, Қазақстан, Тəжікстан, Қырғызстан) алғашқы кездесуі өтті. Ортақ шекараларға байланысты әскери саладағы сенім мәмелелері талқыланды. ШЫҰ форумына қатынасқан мемлекеттердің басшылары кейін Мәскеуде (1997ж), Алматыда (1998ж), Бішкекте (1999ж) кездесті.

Мәскеуде өткен кездесуде шекаралық аудандардағы қарулы күштерді қысқарту жөніндегі құжатқа қол қойылды. Алматы саммитінде ШЫҰ елдерінің өзара қатынастарындағы басым бағыттар айқындалып, сауда-экономикалық қатынастарды теңдік және өзара тиімділік негізінде дамыту мәселелері талқыланды.

1999 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен кездесуінде Қазақстан ТМД елдері арасында тауар айналысы бойынша Қытай үшін екінші әріптес болып отырғаны айтылды. Екі ел арасындағы шекаралық мәселелер әділ шешімін тапты. 1000 шаршы шақырымдық даулы жердің 57%-ы Қазақстанға, 43%-ы Қытайға қарады.

Ашық теңізге тікелей шыға алмайтын Қазақстан үшін Каспий және Қара теңіз бен Жерорта теңізіне шығу мәселелері маңызды болды. Қазақстанның әсіресе Түркиямен қатынастары жақсы дамыды. Республикада жүздеген қазақ-түрік бірлескен кәсіпорындары пайда болды. Алматыда “Анкара” қонақ үйі салынды. Қазақ жастары Стамбұл мен Анкараның университеттерінде оқыды.

Қазір Үндістанмен байланыстарды қайта жандандыруға жас қазақ дипломатиясы ерекше мән беріп отыр. Түркиямен, Иранмен өзара тиімді экономикалық, мәдени құндылықтар алмасуға екі жақ та ұмтылыс білдіруде.

Қазақстан үшін айтарлықтай инвестиция беріп отырған АҚШ-пен қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. АҚШ Қазақстанға мəдениет пен білімді дамыту саласында үлкен қолдау көрсетуде. “Болашақ” бағдарламасы шеңберінде қазақстандық студенттер АҚШ, Франция, Германия т.б. оқу орындарында оқиды.

Қазақстанның Батыс Еуропа мемлекеттерімен, соның ішінде, Ұлыбританиямен қатынасы егемендік жарияланбай тұрған кезден басталған болатын. 1992 жылдың күзінде Германияда Н.Назарбаев канцлер Г.Кольмен кездесті. 1992 жылы Елисей сарайында Франция Президенті Ф.Миттеран Н.Назарбаевты қарсы алып, достық, ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы шарт жасалынды. Қазақстан Президенті жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясына қол қойды. Қазақстан Венгриямен, Болгариямен, Чехиямен, Румыниямен өзара тиімді қатынастар орнатты.

Қазақстан НАТО-мен байланысты кеңейту шараларын қолдайды. Оңтүстік-Шығыс Азияда АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассосациясы) мемлекеттерімен, Солтүстік-Шығыс Азияда Жапониямен, Кореямен, Монғолиямен қатынастарын жолға қойды.

Қазақстан Азияда өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін, дүниежүзілік және дәстүрлі дін өкілдерінің съездерін өткізу бастамасын көтерді. 2003, 2006 жылдары дінбасыларының съездерінде жасампаздық идеялары мен адамзаттық игіліктер төңірегінде пікір алысты. Қазақстан Тәжікстанда, Ауғанстанда, Иракта болып жатқан лаңкестікке қарсы күреске, бітімгерлік миссияларға белсене қатысты.

Соңғы жылдары Қазақстан дипломатиясы елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қабылдануын көздеген келіссөздер жүргізуде.

2010 жылы Қазақстанның Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді аталған ұйымға мүше 56 мемлекеттің 100 пайыздық келісімімен қабылданды. ҚР тәуелсіздігін алғанына 16 жыл толуына арналған жиналыста сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев былай деді: “Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бірінші ТМД елі, ол – бірінші түркі елі, ол – тарихи тұрғыдан өркениетті ислам кеңістігіне жататын бірінші ел, соңында, ол – бірінші азиялық ел. Сондықтан бұл біздің ортақ жеңісіміз”.

Осы шараға байланысты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, технология мен басқару тәжірибесін алып келуге, қазақстандық заңдарды жетілдіруге септігін тигізетін “Еуропаға жол” атты бағдарлама қабылданды.



Сұрақтар
  1. Қай жылы Қазақстан Бiрiккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше болып қабылданды:

  2. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында елімізді таныған елдер саны:

  3. Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану туралы келісіміне қол қойған ел:

  4. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясындағы Н.Назарбаевтың мəлімдемесі:

  5. Шанхай ынтымақтастық ұйымы қашан құрылды:

  6. ҚХР-мен болған шекаралық мәселелер бойынша Қазақстанға тиесілі жер үлесі:

  7. Республикада жүздеген бірлескен кәсіпорындарын салған мемлекет:

  8. Франция Президенті Ф.Миттеранмен Н.Назарбаев қашан кездесті:

  9. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін өкілдерінің съездерін өткізу бастамасын көтерген ел:

  10. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне шешім қабылдаған мемлекеттер саны:

  11. 1991-жылдың соңына дейінгі екі аптаның ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған елдер:

  12. Астанада дүниежүзілік және дәстүрлі дін өкілдерінің съездері өткен жылдарды көрсет.

  13. Ислам ынтымақтастығы ұйымының төрағалығы Қазақстанға қашан өтті?

Қате туралы хабарландыру