Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Саяси қысым жағдайында

Конспект

1946 жылы тамызда БК(б)П Орталық Комитетінің “Звезда”, “Ленинград” журналдары туралы қаулысы шықты. Бірқатар көркемөнер қайраткерлері қуғынға ұшырауы Қазақстандағы ұлт зиялыларын қудалаудың жаңа толқынына жол ашты. Əдебиет, өнер, ғылым қайраткерлеріне негізсіз саяси айып тағу басталды.

1947 жылы қаңтарда Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің “Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл жəне əдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы” қаулысы шықты.

Қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі, əсіресе ХХ ғасырдың басындағы рухани мұрасын ғылыми зерттеуге шек қойылды.

Өткен ғасырларда жасалған мәдениет туындыларын ғылыми тұрғыдан байытуға, жаңа заманға сай өңдеп, қайта пайдалануға ұмтылыстың бәрі саяси қателік және ұлтшылдық сипаттағы бұрмалаулар деп жарияланды. Қазақ зиялылары арасынан “ұлтшылдар” мен “байшылдарды” іздеу науқаны басталды.

Мәскеуде “Дәрігерлер ісі”, Ленинградта “Ленинград ісі”, Қазақстанда “Бекмаханов ісі” ұйымдастырылды. Дарынды тарихшы, ғалым Ермұхан Бекмаханов 1943 жылы шыққан “Қазақ КСР тарихы” еңбегінің авторларының бірі. Тарихшының аталған кітаптағы Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы материалдары мен 1946 жылы КСРО Ғылым академиясында қорғаған докторлық диссертациясы негізінде жазылған “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” деген монографиясы сынға алынды. Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер дəріптелген, орысқа қарсы жазылған деп айыпталды. Авторға “буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дəріптеуші” деген кінә тағылды.

1950 жылғы 26 желтоқсанда “Правда” газетінде “Қазақстан тарихы мəселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық” атты мақаланың жариялануы Е.Бекмахановты ресми түрде саяси айыптаудың басы болды. 1951 жылғы 10 сəуірде “Бекмахановтың буржуазияшыл-ұлтшылдық көзқарасын айыптау туралы” Қаулы жарияланды.

1952 жылғы Қазақ КСР Жоғарғы Сотының үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айрылды. Мәскеу мен Ленинградтағы ірі ғалымдардың араласуымен 1954 жылғы ақпанда ақталып шықты.

1940-1950 жылдары әділетсіз саяси айыптауға ұшырамаған қазақ зиялылары аз болды. Қоғамтанушы ғалымдар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері – М.Əуезов, Қ.Сəтбаев, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, А.Жұбанов, Е.Ысмайылов, Ю.О.Домбровский, Қ.Бекхожин, С.Бегалин, Б.Сүлейменов, Е.Ысмайылов, І.Кеңесбаев болды. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сəтбаев, дарынды жазушы Ю.Домбровский Қазақстанды тастап кетуге мəжбүр болды. М.Əуезов Отанынан тыс жерден баспана іздеуге мəжбүр болды. Аса ірі ғалым Ə.Марғұланның көзқарастары ғылымға жат деп танылды.

Биология, медицина, геология саласындағы ғалымдарға “космополитайыбы (өз Отанына, халқына жат) тағылып, қызмет орындарынан қуылды. 1950 жылдардан бастап жазалау әдістері өзгеріп, партия қатарынан шығарып, қызметтен қуу, оған бой бермегендерді психиатриялық ауруханаларға тығу етек ала бастады.

Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған КОКП-ның ХХ съезінен кейін есімдері қайта қалпына келтірілген мемлекет қайраткерлері – С.Асфендияров, О.Жандосов, О.Исаев, Л.Мирзоян, С.Сейфуллин, С.Меңдешев, М.Масанчи, Н.Нұрмақов, А.Розыбакиев. Сталин қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде өткенге сын көзбен қарау, қоғамдағы күрделі мәселелерге жауап іздеу партияның жиындарында көтеріле бастады. Дегенмен басқару аппаратының кертартпалығынан бұл ұмтылыстар кең қанат жайып кете алмады. Мемлекет басшылығы шалағай саясат жүргізді. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау реформасы аяқсыз қалдырылды. Өз жерінен жазықсыз қуылған шешен, ингуш, қалмақ, балқарларды отанына қайтарды. Ал корейлердің, немістердің, Қырым татарларының, Месхеті түріктерінің құқықтарын қалпына келтіруден бас тартты.



Сұрақтар
  1. Ермұхан Бекмаханов “Қазақ КСР тарихы” еңбегі үшін бас бостандығынан айырылды:

  2. Сталиннiң жекебасына табынушылық айыпталды:

  3. 1940-50 жылдарда әділетсіз саяси айыпталған ғалым:

  4. БК(б)П Орталық Комитетiнiң “Звезда”, “Ленинград” журналдары туралы қаулылары шықты:

  5. “Қазақ КСР тарихы” еңбегінің авторы:

  6. “Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл жəне əдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы” қаулы шыққан мерзім:

  7. Ресейге қарсы жасалған ұлттық көтерілістер дəріптелген деген айып тағылған тарихи еңбек:

  8. “Қазақстан тарихы мəселелерін маркстік-лениндік тұрғыда баяндайық” мақаласы жарияланған газет:

  9. Биология, медицина, геология саласындағы ғалымдарға тағылған айып:

  10. КОКП ХХ съезінен кейін есімдері қайта атала бастаған мемлекет қайраткерлері:

Қате туралы хабарландыру