iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Өнеркәсіпте қалыптасқан жағдай. Экологиялық дағдарыстардың көрініс беруі
1964 жылдың қазанында болған пленумында КОКП Орталық Комитеті шаруашылық мәселелерін шешудегі субъективтілікті, волюнтаристікті және өктемдікке әуестікті айыптады.
1965 жылғы қыркүйек пленумында өнеркəсіпті аумақтық ұстаным бойынша басқарудың тиімсіз болып шыққандығы сөз болды. Енді өнеркəсіпті салалық ұстаным бойынша басқару, өнеркəсіп салалары бойынша одақтық-республикалық министрліктер құру қажет деп ұйғарылды. Кəсіпорындар дербестігін арттыру, шаруашылық есепті дамыту, экономикалық ынталандыру мен материалдық көтермелеу ұсынылды. Кәсіпорындарға пайда, баға, салық, несие категорияларын іске қосуға рұқсат етілді. Жаңа шаруашылық реформалары деп аталған бұл шаралар 1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі қабылдаған “Өнеркəсіпті басқару органдарының жүйесін өзгерту жəне мемлекеттік басқарудың кейбір органдарын қайта құру туралы” заңда дәйектелді.
Кəсіпорындардың шаруашылық дербестігі ұлғайып, жоспарлаудың жаңа тəртібіне көше бастады. 1967 жылдың соңында 193 кəсіпорын, 1970 жылы кəсіпорындардың 80%-ы көшірілді. Экономиканы дамытуды көздеген шаралар соғыс ракеталарын көбейту мен екі жүзге тарта ұлтты орыстандыру саясатының көлеңкесінде қалып қойды.
1960-1980 жылдары республиканың отын-энергетика кешені жоғары қарқынмен дамыды. 1960 жылдардың екінші жартысында Жамбыл электр станциясы, 1972 жылы Қапшағай электр станциясы салынды. Электр қуатын өндіру артты: 1970 жылы – 34,7млрд. квт/сағ., ал 1984 жылы – 74,6 млрд. квт/сағ-қа жетті.
1970 жылдары көмір өндіру өркендеді. 1984 жылы Қазақстанда шығарылатын көмірдің көлемі 1970 жылмен салыстырғанда екі еседен астам артты. Жылдық өнім 125,5 млн тоннаға жетіп, Одақ бойынша өндірілетін көлемнің 17,6%-ын құрады.
1960 жылдардың екінші жартысында Маңғыстау түбегінде мұнай өндіру мен өңдеу жұмыстарының көлемі арта бастады. 1965 жылы Жаңаөзеннен алғашқы мұнай өндірілді. Жетібай арқылы Ақтауға мұнай мен газ құбыры, Атырау арқылы Самараға мұнай құбыры тартылды. Ембіде мұнай өндіру ісі жаңа қарқын алды. Маңғыстауда газ өңдейтін зауыт салына бастады. 1970 жылдардың алғашқы жартысында мұнай өндіру – 1,8 есе, газ өндіру – 2,5 есе артты.
Шығыс Қазақстан республикадғы түсті металлургияның аса ірі орталығына айналды. 1960 жылдары Лениногор мырыш зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты салынды. 1970-7980 жылдары Шығыс Қазақстан мыс-химия комбинаты салынды. Жезқазғанда, Жезкентте, Қашарда, Қарағандыда жаңа кен байыту комбинаттары, Павлодарда алюминий зауыты іске қосылды. Темір кенін өндірудің жылдық өнімі 1984 жылы 24 млн. тоннаға жетті.
Химия өнеркəсібі жедел қарқынмен дамыды. 1960 жылдардың екінші жартысында Ертіс химия-металлургия зауыты, Атырау мұнай-химия зауыты салынды. 1970 жылдары республика сары фосфор өндіруден одақта жетекші орынға шықты. Ақтөбе мен Жамбылда суперфосфат зауыттарының қуаттылығы ұлғайтылды. Қазақстан машина жасаудың металды көп қажет ететін қарапайым түрімен айналысты. Бұл сала құрастыру деңгейінде ғана дамыды. 1960 жылы Павлодардағы машина жасау зауытының негізінде құрылған трактор зауыты, Ақмоладағы “Қазауылмаш” зауыты, Семейдегі арматура зауыты саланың басты кәсіпорындары болды. Бұл жылдары Текелі аккумулятор зауыты, Өскемен конденсатор зауыты, Кентау трансформатор зауыты, Семей кабель зауыты, Алматы төмен вольтты аппараттар зауыты салынды. Алайда республика экономикасы шикізаттық-өндірушілік бағытта қала берді. Республика аумағында орналасқан әскери өнеркәсіп кешендерінің жергілікті билік органдарына бағындырылмауы оларды шамадан тыс еркінсітіп жіберді. Олар ресурстарды үнемді пайдаланбады, ортаның тазалығын сақтамады.
Ауыл шаруашылығы шикізатының молдығы 1960 жылдары Қазақстанда жеңіл және тамақ өнеркəсібін дамытуға ықпал етті. Ең ірі кәсіпорындар: Алматы мақта-мата комбинаты, Қарағанды аяқкиім мен шұлық фабрикалары, Жамбыл былғары аяқкиім фабрикасы, Қостанай костюмдік штапель маталар комбинаты, Жезқазған, Семей, Ақтөбе тоқыма фабрикалары. Бұл жылдары Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Теміртау жаңа ет комбинаттарыөнім бере бастады. Шу мен Ақсуда қант зауыттары, Алматыда маргарин зауыты, Ақтөбеде кондитер фабрикасы іске қосылды. 1970 жылға қарай жеңіл өнеркəсіп жалпы өнеркəсіп өнімінің 16%-ын берді.
1950 жылдан бастап Қазақстан нағыз экологиялық апат аймағына айналды. 1949-1963 жылдары Семей полигонында ауада 113 ашық жарылыс жасалған. 1964-1989 жылдары қуаты 150 килотоннаға дейін 343 жерастылық жарылыс жасалған. Кеңестік ядролық қару сынақтарының 70%-ға жуығы Семей полигонында өткізілді. Батыс Қазақстанда Капустин Ярде атом полигоны жұмыс істеп тұрды.
Қазақ жерінде ядролық қалдықтарды көметін 300 орын болған. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы тіршілік үшін өте ауыр болды. Cемей өңірінің және онымен іргелес жатқан Қарағанды, Павлодар, Өскемен облыстарының тұрғындары арасында қатерлі ісік, қан ауруларымен т.б. ауыратындар көбейді. Әсіресе бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі, іштен мүгедек болып туу құбылыстары да көбейді.
Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанда суармалы егіс алабының артуына байланысты мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Арал теңізінің тартылуы Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға экологиялық апат əкелді. Теңіз суы 3 есе азайып, жағалаудан 80 шақырымға дейін ысырылып, деңгейі 49 м дейін төмендеді. Теңіз түбі 30 мың шаршы шақырымға құрғады. Теңізден ұшқан тұзды боран мыңдаған шақырымға дейін жетіп, мұздықтарды ерітті, шөп пен егінді тұздандырды. Арал аймағының климаты күрт нашарлады. Өкпе, ентікпе аурулары көбейіп, балалар өлімі күрт артты. Арал өңірінде балық өнеркəсібі қатты зардап шекті. Елді мекендер қаңырап бос қалды.
Ірі кəсіпорындар шоғырланған Алматы, Қарағанды, Шымкент, Жамбыл, Өскемен, Теміртауда экологиялық дағдарыс шиеленісті.
Зауыт, фабрика, кен орындарында технологиялық үрдістер жаңартылмады. Табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалану ескерілмеді. Өндірістік зиянды қалдықтарды суға, ауаға, топыраққа араластыруға тосқауыл қойылмады. Қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын мекемелерге қаржы бөлу ісі тыңғылықты жүргізілмеді.
-
1965 жылғы пленумда ұйғарылған өнеркəсіпті басқару əдісі:
-
1967 жылы жоспарлаудың жаңа тəртібіне көшірілген кəсіпорын саны:
-
Жамбыл электр станциясы салынған мерзім:
-
1960 жылдары мұнай мен газ құбыры тартылды:
-
Түсті металлургияның аса ірі орталығы:
-
1960 жылдардағы машина жасау саласының басты кәсіпорындары:
-
Костюмдік штапель маталар комбинаты орналасқан қала:
-
Қазақстан нағыз экологиялық апат аймағына айнала бастады:
-
Қазақ жеріндегі ядролық қалдықтарды көметін орын саны:
-
Бүкіл Орталық Азияға экологиялық апат əкелген жағдай:
-
Экологиялық дағдарыс шиеленіскен қалалар:
-
1960-70-жылдарда электрстансалар қайда салынды?
-
Ашық әдіспен өндірілетін, өзіндік құны арзан көмір өндіру орны (-дары) қайсы?
-
Қазақстандағы атом полигоны (-дары) қайсы?