iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Ресей азаттық қозғалысының өкілдері Қазақстанда
19 ғасырдың II жартысында Қазақстанның қоғамдық өміріндегі түбірлі өзгерістердің бірі – азаттық қозғалыс өкілдері қазақ жерінде айдауда болуы. 1863-1864 жылдардағы Польшадағы ұлт-азаттық қозғалыс барысында 10000- нан астам поляк революционерлері Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына, бірқатары Орынбор өлкесіне жіберілді.
Польша азаттық күресінің өкілдерінің бірі Густав Зелинскийдің “Қырғыз” (Қазақ) поэмасы демократияшыл қауым арасында кең тарады. 19 ғасырдың 40-жылдары жазылып, ағылшын, итальян, неміс тілдеріне аударылған бұл поэма 19 ғасырдың 60-жылдары қазақтарды Ресейге танытудағы белгілі шығарма болды. Польша азаттық күресінің 60-жылдары Қазақ өлкесінде болған өкілдерінен ерекше танымалы – Петербург университетінің заң факультетінің түлегі С.С.Гросс. Оның ағартушылық қызметі де ерекше. Ұлы Абаймен шынайы достық байланыста болды. Абайдың Шыңғыс болысындағы жайлауында жиі болып, қазақ халқының тарихы, мəдениеті, əдет-ғұрыптары
жөнінде құнды мəліметтер жинады. С.С.Гросс Семей облыстық статистикалық комитеті арқылы “Қырғыздардың заң əдет-ғұрыптары үшін материалдар” тақырыбында зерттеу жариялады. Бұл – қазақтардың мүліктік құқығының көшпелі қоғам жағдайындағы ерекшеліктерін көрсететін тұңғыш еңбек.
19 ғасырдың 40-жылдары Адольф Янушкевич Абайдың əкесі Құнанбаймен кездескенін жазған. С.И.Тэраевич, Я.С.Домашевич жергілікті халықты емдеумен айналысты. А.Бяловский Өскемен уезінің геологиялық картасын жасады.
19 ғасырдың 80-жылдары – Ресей азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңі. Батыс Сібірге, Қазақстанға жер аударуға кең жол ашылды. 1881 жылғы 29 тамызда патша үкіметі саяси жер аударылғандарды Дала өлкесіне жіберу туралы шешім қабылдады.
Саяси жер аударылғандардың шоғырланған өңірі – Шығыс жəне Орталық Қазақстан. 19 ғасырдың 80-жылдарында халықшылдарды Қазақ даласына жер аудару “ұйқыда жатқан” өлкенің қоғамдық өмірін жандандырды. Семей жəне Ақмола облыстарында ағартушылық дамып, ғылыми ұйымдар ашылды. Бай өлкені зерттеуде 19 ғасырдың 80-жылдары құрылған облыстық статистикалық комитеттер ерекше орын алды. 1878 жылы Семейде облыстық статистикалық комитет ашылды. 1884 жылы саяси жер аударылғандардың ұсынысымен Абай Семей облыстық статистикалық комитетіне мүше болып қабылданды. 1900 жылы Абай “Орта жүз қазақ ордасы руларының шығу тарихы туралы жазбалар” деген еңбегін статистикалық комитет басылымында жариялады.
Cаяси жер аударылғандар Қазақстандағы тұңғыш өлкелік баспасөздің қалыптасуына көмек берді. Жергілікті баспа ісін алға бастыруда азаттық қозғалыс өкілдері – Ф.И.Зобнин, М.Зенков, əсіресе Н.Я.Коншин үлкен еңбек сіңірді. Жер аударылғандардың бастамасымен 19 ғасырдың 80-90 жылдары Верный, Орал, Омбы, Семейде көпшілікке арналған кітапханалар ашылды.
Азаттық қозғалысының көрнекті өкілі Федор Андреевич Щербинаның бастауымен Қазақстандағы жер мәселесінің жағдайын анықтау мақсатында топ құрылды. Оның құрамында Н.Ф.Дмитриев, В.А.Владимирский, К.А.Вернер болды. 1898 жылы “Қырғыздардың жер иеленуі бойынша мəліметтер” атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл зерттеу еңбегіне қажетті деректерді жинап, мəтінін жазуға белгілі қазақ ғалымы Ә.Бөкейханов белсене қатысты. “Қырғыздардың жер иеленуі бойынша мəліметтер” атты зерттеу еңбегі өте құнды еңбек. Экономикалық мәселелер бойынша – Н.Я.Коншин, Л. Чермак, В.Р.Кочаровский, ал заң, əдет-ғұрып мəселелері бойынша – А.Леонтьев, А.Блек, Тарбағатай таулары мен Қалба жотасын зерттеу бойынша Е.П.Михаэлис еңбек етті.
Азаттық қозғалыс өкілдері жергілікті халықтың тілін үйреніп, тарихын зерттеді, қазақ жастарын саяси белсенділікке бағыттады. Олар отарлық өлкеде қоғамдық сана қалыптастырды, отаршылдық езгіге қарсы күрестің алғышартын жасады.
-
“Қырғыздардың жер иеленуі бойынша мəліметтер” атты зерттеу еңбегін жазуда белсене қатысқан қазақ ғалымы:
-
Жергілікті баспа ісін дамытуда еңбек еткен қайраткерлер:
-
Семей облысы қазақтарының рулық құрамын алғаш рет зерттеген:
-
19 ғасырдың 80-жылдарында Қазақстанның қоғамдық өмірін жандандырған жағдай:
-
Саяси жер аударылғандардың шоғырланған өңірі:
-
Саяси жер аударылғандарды Дала өлкесіне жіберу туралы шешім қабылданды:
-
Өскемен уезінің геологиялық картасын жасаған:
-
Қазақ халқының мүліктік құқығының ерекшеліктерін көрсететін тұңғыш еңбек:
-
“Қырғыз” (Қазақ) поэмасының авторы:
-
Азаттық қозғалыс өкілдерінің қазақ жерінде айдауда болған кезі:
-
Заң, əдет-ғұрып мəселелерін зерттеген азаттық қозғалыс өкілдері:
-
«Сібір қырғыздарының облысы» деп аталатын еңбектің авторы кім?
-
«Орынбор ведомствосындағы қырғыз даласы» атты еңбектің авторы кім?