iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қола дәуіріндегі шаруашылық пен қоғамдық өмірдегі өзгерістер
Қазақстан жерін мекендеген қола дәуірінің тайпалары рулық-тайпалық құрылымда өмір сүрген. Кейінгі қола дәуірінде басталған алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы уақыт өткен сайын күшейе түскен. Жекелеген отбасылардың байлығы өскен сайын, олардың қоғамдағы билігі арта түсті. Қауым ішінде мал-мүлік теңсіздігінің шығуы орныға келе, әлеуметтік теңсіздік туды.
1946 жылы Әлкей Марғұлан бастаған археологиялық экспедиция қола дәуірін жоспарлы зерттеуді бастады. Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекендерінен көптеген қола ескерткіштері табылды. Кейінгі қола дәуіріне жататын бұл кезең Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталды.
Бұл мәдениетте үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленетін зираттардың орнына бір адам ғана жерленген құрылыстар пайда болған.
Қауым мүшелерінің арасынан малы көп байлар, басқыншылық соғыспен байыған қолбасылар шыға бастады. Малды туысқандар арасында бөлісу жеке меншіктің тууына әкелді. Жеке меншік – малға, ал жерге – қауымдық, рулық меншік болды.
Алтыннан жасалған бұйымдардан бір жарым орамды алтын сырғалар кездеседі. Оны әйелдер самай шашына қыстыратындықтан, самай сырға деп аталады.
Сонымен бірге, андрондықтар әр түрлі жыртқыш аңдардың тісінен мойындарына тұмарша таққан.
Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын қыш құмыралардың ернеуі тік, бүйірі шығыңқы, түбі тегіс болып келген. Құмыраларда тарақ жүзді және үзік сызықты үшбұрышты өрнектер көп кездеседі.
Мал басының артуына байланысты жайылым жиі ауыстырылды. Жайылым қажеттілігі малшыларды бір жерден екінші жерге көшіп отыруға мәжбүр етті. Осыдан жартылай көшпелі мал шаруашылығы шықты. Қоныстар малшылардың қыстауына, егіншілік шаруашылықтың көмекші түріне айналды.
Тебіндеп жайылуға байланысты қой мен жылқы саны артып, ірі қара азайды. Қой, жылқы түліктерінің көбеюі үй маңындағы бақташылықтан алысқа көшіп бағу әдісіне әкелді. Мал шаруашылығының дамуында жылқыны мініске үйретудің, күш-көлік ретінде пайдаланудың орны ерекше болды.
Қола дәуірінің қоныстары өзен-көлдердің жағасында орналасты. Қоныстар 5-10, кейде 20 шақты үйден тұрған. Үйлердің аумағы 100 шаршы метрден 300-400 шаршы метрге дейін жетті.
Қола дәуірінің соңына қарай қола мен мыс орақтар кеңінен пайдаланылды. Мало-Красноярка (Шығыс Қазақстан), Алексеев (Батыс Қазақстан), Степняк (Солтүстік Қазақстан) қоныстарынан және Жетісудан қола, мыс орақтар табылды.
Қола дәуірінде діни наным-сенім қалыптасып, жоғары дінбасылары – абыздар пайда болды. Абыздар рудың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бұлжымай орындалуын қадағалады. Андрондықтар қайтыс болған адам келесі бір дүниеге ауысады деп ойлаған. Сондықтан жерлегенде қару-жарақ, еңбек құралдарын қоса көмген.
Көкшетау жеріндегі Шағалалы қонысынан қола шалғы табылды. Қоныстың тұрғындары үй маңындағы бақташылықпен, кетпенді-теселі егіншілікпен айналысқан.
-
Ернеуі тік, бүйірі шығыңқы қыш құмыралар кездесетін мәдениет
-
Бір жарым орамды алтын бұйым атауы
-
Жекеменшік пайда болған дәуір
-
Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеген энциклопедист-ғалым
-
Андрондықтардың қоғамдық құрылымы
-
Жайылымды жиі ауыстыруға байланысты шыққан шаруашылық
-
Қола шалғы табылған жер
-
Қола дәуіріндегі жоғары дінбасылары
-
Жетісу жерінен табылған қола дәуірінің егіншілік құралы
-
Андрондықтардың қоныстары қайда орналасты?
-
Тебіндеп жайылуға байланысты көбейген мал түрі
-
Нарым, Қалба кен өндіру аймақтары қай дәуірге жатады?
-
Қола дәуірін зерттеген ғалым
-
Қола дәуіріндегі маңызды оқиғалар