Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Дулат Бабатайұлы, Сүйінбай Аронұлы, Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Мұрат Мөңкеұлы өлеңдері

Конспект

 

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Дулат Бабатайұлы 1802 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы өзі «Атамның туған қонысы» деп сүйіспеншілікпен жырлаған Ақжайлау мен Сандықтас өңірінде туған.

 

Дулат поэзиясы – өз заманындағы қоғамдық өмір шындығын, көкейкесті мәселелерін барынша шынайы жырлаған реалистік поэзия. Дулат өз шығармалары арқылы импровазиторлық поэзияны реалистік жазба поэзиямен жалғастырушы алтын көпір болып табылады. Жасынан алғыр, пысық болып өскен Дулат Бабатайұлы ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныған. Дулат Бабатайұлы «Тегімді менің сұрасаң» өлеңінде өзі туралы:

 

Тегімді менің сұрасаң,

 

Қалың найман нуынан.

 

Жырымды менің сұрасаң,

 

Сары алтынның буынан

 

Сырымды менің сұрасаң,

 

Тұманың тұнық суынан, –

 

деп жырлаған. Ақынның ой-арманы, мақсат-мұраты «Айтқызбасымды айтқыздың» өлеңінде:

 

Менің атым – Байғыз қарт,

 

Көзге түсер сиқым жоқ,

 

Орынсыз күлер күлкім жоқ,

 

Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ.

 

Көзге қораш бойым бар,

 

Теңізден терең ойым бар,

 

Шынардан биік санам бар,

 

Ақылдан алпыс санам бар.

 

Қорған құрыш сөзім бар,

 

Бұлттан өтіп мұнарды

 

Болжайтұғын көзім бар...

 

Кеудем – ақыл сарайы... –

 

деген жолдармен берілген. Ақынның өз портреті іспетті бұл өлеңнен ел тағдырын ойлап, аз күліп, аз ұйықтайтын, болашақты болжайтын ақылы дария Байғыз қарт – ақын Дулатты тануға болады.

 

Дулат Бабатайұлы шығармашылығынан «Ешенге», «Бараққа», «Кеңесбайға», «Сүлейменге», «Ақтанға» деген арнау өлеңдер ерекше орын алған. Ақынның «Ешенге», «Бараққа», «Кеңесбайға» өлеңдерінде патша әкімдерімен қосыла елді талап, жәбір көрсеткен екіжүзді, парақор төрелерді өлтіре сынап, теріс іс-әрекеттерін көпшіліктің алдында бетіне басып әшкерелейді.

 

Дулат Бабатайұлының арнау өлеңдерінің ішіндегі ерекше орын алатыны «Ақтанға». Ақын жетім бала Ақтанның болашағынан зор үміт күтеді.

 

О, Ақтан жас, Ақтан жас,

 

Сен де ер жетер ме екенсің,

 

Білтеліні тұтатып,

 

Түтін үзбей оқ атып,

 

Жау қашырар ма екенсің... –

 

деп, Ақтан бойынан ел қорғар азаматты көргісі келетінін білдіреді.

Дулат Бабатайұлының бірқатар өлеңдері: «Аягөз, қайда барасың?», «О, Сарыарқа, Сарыарқа!», «Ақжайлау мен Сандықтас» атақоныс, туған жеріне арналған. «О, Сарыарқа, Сарыарқа» өлеңінде:

 

О, Сарыарқа, Сарыарқа!

 

Самалың салқын жон едің...

 

Масаты кілем жайғандай

 

Қоныстың шұрай жері едің!.. – десе,

 

«Аягөз, қайда барасың?» өлеңінде:

 

Тауды екіге жарасың,

 

Тастың қашап арасын.

 

Кесіп өтіп кезеңді,

 

Аягөз, қайда барасың?

 

Қырың – малдың кіндігі,

 

Ойың – өнім, егіс қой, – деп,

 

Аягөз өзенінің ел-жұртқа тигізер пайдасына ерекше тоқталады.

«Ақжайлау мен Сандықтас» өлеңінде де:

 

Атам қонған кең далам,

 

Мендей сені қызғанар

 

Бауырыңда өскен қай балаң?

 

деп, туған жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін көрсеткен.

 

Дулат Бабатайұлының «Айқызбасымды айтқыздың», «Сары шымшық», «Қара қарға», «Бір патша» деген мысал өлеңдері бар. Д. Бабатайұлы шығармашылығынан ерекше орын алатын туынды – батырлар жырының үлгісімен жазылған «Еспенбет поэмасы». Поэма кейіпкерлері:

Еспенбет – поэманың бас қаһарманы, жетім бала

Ақбөрте – Еспенбеттің тұлпары, бәйгеде бас жүлдеге тігілген 100 тайлақты жеңіп алған.

 

Ер Қосай – Еспенбетті тәрбиелеп өсірген нағашысы

Қабанбай – қазақтың батыры

 

«Еспенбет» поэмасы – ХІХ ғасыр әдебиетінен ерекше орын алатын ұлттық психологияны, ұлттық салт-сананы, ұлттық тәрбиені барынша дәріптеген шығарма.

 

Д. Бабатайұлы шығармаларынан отаршылдықты айыптаған «зар заман» әдебиетінің сарыны да анық байқалады.

 

ХІХ ғасырдың 30-80 жылдарында қазақ әдебиеті тарихынан ерекше орын алатын көрнекті ақын – Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы Алатау бөктеріндегі Қарақыстақ ауылының Бұлақ деген жерінде дүниеге келген. Жастай жетім қалған болашақ ақын байдың малын бағып, күнін көрген. Ақын өзінің өнер жолына түсуін 13-14 жасында шығарған «Түс» өлеңінде:

 

Атыңнан айналайын Қызыр бабам,

 

Түсімде таңға жуық келді маған.

 

Білмеймін «өлең» деді «көген» деді,

 

Сайрауық құстар келіп төнді маған,

 

деп суреттеген. Сүйінбай өлеңге жас кезінен үйір болып, 13-15 жасынан-ақ ақындық жолды қуады. Сүйінбайдың ақын аты шығып, елге танылған кезі – жиырма бестер шамасындағы кезі. Ол туралы:

 

Ақын боп жиырмада желдей болдым,

 

Отызда асқар биік белдей болдым... –

 

деп сипаттайды.

 

Сүйінбай Аронұлы шығармаларының бірқатары елдік пен ерлік тақырыбына арналған. Солардың ішінде «Бөрілі менің байрағым» өлеңі – елдік пен ерліктің символындай. «Ту алып жауға шапсаң сен» өлеңі де «Бөрілі менің байрағым» өлеңі сияқты батырлықты, батылдықты, ел қорғар азаматтың асқақ рухын көрсететін шығарма қатарына жатады.

 

С.Аронұлы шығармашылығынан арнау өлеңдер ерекше орын алады. Сүйінбай «Төрелерге», «Датқалар», «Болыстарға баға», «Үмбетәліге» деген арнау өлеңдерінде бай-манаптардың теріс іс-әрекетін сынап, бетіне басып, ашық әшкерелейді. Ақын шығармашылығынан адамгершілік пен пасықтықты, жамандық пен жақсылықты, ізгілік пен зұлымдықты салыстыра суреттейтін «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» деген өлеңнің алатын орны ерекше.

 

Академик-жазушы М.Әуезов: «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі», – деп бағалағандай, Сүйінбай мұрасынан айтыс өлеңдерінің де алатын өзіндік орны бар. «Сүйінбайдың қарғамен айтысы» болашақ ақынның 12 жасында шыққан. Мысал түріндегі айтыста нәпақаларына таласқан қарғалар арқылы ел ішіндегі жемқор, парақор би-болыстарды сынайды. Сүйінбай айтыстарының ең үздігі – Тезек төремен айтысы. Айтыста Сүйінбай Тезек төренің адамшылыққа жат іс-әрекеттерін батыл сынап, ашық әшкерелейді. С.Аронұлы тек қазақ ақындарымен ғана емес, қырғыз ақындарымен де сөз таластырған. Қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын айтыс – «Сүйінбай мен Қатағанның» айтысы.

 

Сүйінбай өлеңдерінде дыбыстық қайталауларды шебер пайдаланған. «Бөрілі менің байрағым» өлеңінде:

 

Бөрілі менің байрағым,

 

Бөрілі байрақ астында,

 

Бөгеліп көрген жан емен.

 

Бөрідей жортып кеткенде,

 

Бөлініп қалған жан емен, –

 

деген өлең жолының әрқайсысын «Б» дыбысынан бастап, аллитерацияны шебер қолданған.

 

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Жетісу жерінің ақындары Сүйінбайды өздеріне ұстаз тұтқан. Жамбыл:

 

Бата берген Сүйінбай,

 

Жырдың тіккен туындай

 

Менің пірім – Сүйінбай

 

Сөз сөйлемен сиынбай, –

 

деп, Сүйінбай ақынды ерекше құрметтеген, берген батасын өміріне, өнеріне

азық еткен. Сүйінбай Аронұлы – ХІХ ғасырдағы қазақтың көрнекті ақыны, айтыс өнерінің ірі өкілі.

 

Қазақ әдебиеті тарихына «зар заман» деген атты енгізген ірі тұлға Шортанбай Қанайұлы Ресей патшалығының отаршылдығы күшіне еніп, қазақ өлкесін емін-еркін билей бастаған тұста, 1818 – 1881 жылдары өмір сүрген.

 

Шортанбай «Зар заман», «Тар заман», «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден», «Заман қайтіп оңалсын» өлеңдерінде заман туралы толғанады. «Зар заман» толғауында:

 

Мына заман қай заман?

 

Азулыға бар заман,

 

Азусызға тар заман.

 

Мұның өзі – зар заман... –

 

деп, заманның азып-тозғанын ашына жырлаған.

 

Ш. Қанайұлы өлеңдерінде:

 

Заманақыр кезінде –

 

Ұл сыйламас атасын,

 

Қыз сыйламас енесін,

 

Ер жеттім деп егесіп,

 

Салыстырар денесін, –

 

деп, адам бойындағы оғаш қылықтарды, жат мінез-құлықтарды көрсеткен.

Шортанбай Қанайұлы өз кезінде тек ақындығымен ғана емес, айтыскер ақын ретінде де танылған. Шортанбай Орынбай ақынмен, Шөжемен, Асан бұғымен айтысқан.

 

Ш. Қанайұлының «Бала зары» жинағы ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Қазан қаласында басылып шыққан. Шортанбай Қанайұлы өлеңдері арқылы ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін мазмұн, түр жағынан байытқан, адамгершілікті, кісілік қасиеттерді, ізгілікті, парасаттылықты насихаттаған ірі ақын.

 

Майлықожа Сұлтанқожаұлы 1835 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 14 жасында ата-анасынан айырылған Майлықожа жетімдік күй кешеді. Өз бетінше сауатын ашып, Шығыс әдебиеті үлгілерімен жете таныс болған. Шығыс әдебиеті қиссаларының сюжеті желісімен «Абдолла бала» жырын шығарған. 1883 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «Қырғыз хрестоматиясында» Майлықожаның ұнамсыз мінез-құлықтарды сынаған, қасқыр сияқты өзі тойса да, көзі тоймайтын адамдарды әжуалаған, адамдарды адамгершілікке шақыратын ғибратқа толы «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға» «Үш жігіт» деген шығармалары басылған.

 

Ақын «Ілімге толса көкірек» толғауында:

 

Ілімге толса көкірек,

 

Ашылар көзі сананың...

 

«Жігіттің көркі – өнері»,

 

Жақсылардан шыққан сөз.

 

Парасатты ер жігіт

 

Ақылмен әр іс біледі...

 

Талап, білім, еңбексіз

 

Қалайша тірлік жеңбексіз, –

 

деп, өнер-білімнің адам өміріндегі маңызының зор екендігіне жан-жақты тоқталады. Майлықожаның адамгершілікті насихаттайтын «Ұрлықтың түбі қорлық-ты» өлеңінде:

 

Ақылды жігіт, адал жүр,

 

Ұрлықты қылып мақтанба!..

 

Ұрлық, өтірік, жалған ант –

 

Мұсылманға жаққан ба?!

 

Ұрлығыңды тыймасаң,

 

Тескентаудан асарсың,

 

Артыңа байлап шалаңды

 

Жат елдің жерін басарсың –

 

деп адам баласын жамандықтан сақтандырады, ұрлық жасаудың соңы жақсылықпен бітпейтінін түсіндіреді.

 

Мұрат Мөңкеұлы 1843-1906 жылдары өмір сүрген. Мұрат әкеден ерте жетім қалып, ағасы Матайдың тәрбиесінде өскен. Жас кезінен жиын-тойда өлең айтып, ойын-сауықтың көркі болған Мұрат ел ішінде «шешен бала», «тапқыр бала» атанған. Мұрат Мөңкеұлы өзінің «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған», «Әттең бір қапы дүние-ай!» деген толғауларында қазақ елінің Ресейге қосылуын қазақ халқының басына түскен бақытсыздық деп, торығуға бой алдырып, қазақтың ескі өмірін дәріптеген. 32 бөлімнен тұратын «Үш қиян» толғауында:

 

Еділдің бойы – қанды қиян,

 

Жайықтың бойы – майлы қиян,

 

Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян,

 

Адыра қалғыр үш қиян!

 

Еділді тартып алғаны –

 

Етекке қолды салғаны.

 

Жайықты тартып алғаны –

 

Жағаға қолды салғаны.

 

Ойылды тартып алғаны –

 

Ойдағысы болғаны.

 

Мал мен басты есептеп,

 

Баланың санын алғаны –

 

Аңғарсаңыз, жігіттер,

 

Замананы тағы да

 

Бір қырсықтың шалғаны! –

 

деп, қоғамда болып жатқан өзгерістерге өз көзқарасын білдіре келе,

 

Мен қауіп еткеннен айтамын:

 

Кейінгі туған баланың

 

Шашын, мұртын қойдырып,

 

Ащы суға тойдырып,

 

Бұза ма деп реңін.

 

Адыра қалғыр заманның

 

Мен жаратпаймын сүреңін! –

 

деген қорытынды жасаған.

 

М.Мөңкеұлы шығармаларына тән ортақ сарын – ел мұңы, халық тағдыры.

 

Мұрат он бес-он алты жасынан бастап айтысқа да түсіп, Жаскелең, Бала Ораз, Жантелі, Тыныштық, Ізім, т.б. шайырлармен айтысқан. Мұрат айтыстарының ішіндегі ең көрнектісі – Жантелі қызбен айтысы. Айтыста Мұрат өзінің сөзге шешендігімен, тапқырлығымен, ұшқыр ойлы суырыпсалмалығымен, ел, жер тарихын жетік білетін шежірешілдігімен, тілінің шеберлігімен қарсыласын тізе бүктірген.

 

Мұрат Мөңкеұлы «Қарасай-Қази» атты эпостық поэмасында әкесі Орақ батырдан жастай жетім қалып ел қамын жеген ержүрек ұландар Қарасай мен Қазидың сан мыңдаған қалмақтың қолын жеңіп, еліне азаттық әперген батырлық істерін эпостық сарынмен жырлаған. Әкелері Орақ батыр екіжүзді, күншіл ағайындардың арамза істерінен қапыда қаза табады. Орақ батырдың қаза болғанын пайдаланып, елге жау шапқанда Қарасай – 17-де, Қази – 15-те болған. Қарасай мен Қазидың анасы:

 

Атаңа тартып тумадың,

 

Беліңе садақ бумадың.

 

Айналайын, Қарасай,

 

Мен саған жерік болғанда,

 

Аюдың етін жегіздің,

 

Жолбарыстың сүтін ішкіздің,

 

Сегіз жылан жеп едім,

 

Сөйтіп туған сен едің, –

 

деп ұлдарын жігерлендіріп, олардың намысын қайрайды. Жыр оқиғасы қос батыр – Қарасай мен Қазидың қалмақтың әскерін қырып, елге аман оралуымен аяқталған.

 

Мұрат Мөңкеұлының өз заманының әр түрлі адамдарының бейнесін суреттеген «Айжарыққа», «Қарақожа болысқа», «Естемір Тұрабай болысқа» деген арнау өлеңдері бар.



Сұрақтар
  1. Ақбөрте бәйгеден не жеңіп алғанын табыңыз.

  2. Еспенбет жас кезінде кімнің тәрбиесінде өскенін белгілеңіз.

  3. Дулаттың арнау өлеңін көрсетіңіз.

  4. Еспенбеттің тұлпары қалай аталатынын табыңыз.
  5. Өз заманының «байғыз қарты» атанған ақынды көрсетіңіз.
  6. Дулат ақын өлеңдерінде Ақжайлау, Сандықтас деген жер аттарының кездесу себебін табыңыз.
  7. Дулат Бабатайұлының мысал өлеңін белгілеңіз.
  8. Дулат Бабатайұлының өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.

  9. М. Әуезов кімді «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп бағалағанын табыңыз.

  10. С. Аронұлы «Түс» деген өлеңін неше жасында шығарғанын көрсетіңіз.

  11. «Бата берген Сүйінбай

    Жырдың тіккен туындай» – деп жырлаған ақынды көрсетіңіз.

  12. Сүйінбайдың өлеңін белгілеңіз.
  13. Сүйінбайдың атқамінерлерді, бай-манаптарды сынаған өлеңін көрсетіңіз.
  14. Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның айтысы қай жылы болғанын көрсетіңіз.

  15. Сүйінбай өзінің қарғамен айтысын неше жасында шығарғанын табыңыз.
  16. «Зар заман» әдебиетін бастаушы ақынды белгілеңіз.
  17. Бос орынға қажет сөзді көрсетіңіз.

    Мына заман қай заман?

    Азулыға бар заман,

    Азусызға ________.

  18. Шортанбай Қанайұлының өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.

  19. «Көшейін десең жерің тар,

    Қамалып қазақ сандалды» – деген жолдар Шортанбайдың қай өлеңінен алынған үзінді екенін көрсетіңіз.

  20. Шортанбай айтысқан ақынды көрсетіңіз.
  21. Майлықожа алғаш сауатын кімнен ашқанын табыңыз.
  22. Майлықожаның «Қырғыз хрестоматиясында» жарық көрген толғауын көрсетіңіз.

  23. Жас кезінен ел ішінде «шешен бала», «тапқыр бала» атанған ақынды көрсетіңіз.
  24. Мұрат Мөңкеұлының толғауын көрсетіңіз.
  25. «Қарасай – Қази» поэмасының авторын көрсетіңіз.

  26. «Жетімдіктің белінен,

    Асып өтер ме екенсің?» – деген өлең жолдарының авторы

  27. Майлықожа Сұлтанқожаұлының толғаулары

  28. Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» поэмасына қатысты қатарлар

  29. Дулат Бабатайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүйінбай Аронұлы өлеңдерінен берілген үзінділер

  30. Дулат Бабатайұлы шығармашылығындағы арнау өлеңі (-дері)

  31. Шортанбай Қанайұлының шығармасы (-лары)

  32. Дулат Бабатайұлының өлеңдерінен алынған үзінділер

  33. Мұрат Мөңкеұлының шығармалары

Қате туралы хабарландыру