Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Сегіз Сері Баһрамұлы Шақшақов, Мәди Бәпиұлы, Естай Беркімбайұлы поэзиясы

Конспект

 

Балуан Шолақ Баймырзаұлы1854-1919 жылдары өмір сүрген сал-серілер тобының көрнекті өкілі. Балуан Шолақтың азан шақырып қойған аты – Нұрмағамбет. Балуан Шолақ Хан тауында өмірге келгенмен, жер жаннаты Көкшетауда өмір сүрген. Балуан Шолақтың әкесі Баймырза ағаштан түйін түйетін ағаш шебері, анасы Қалампыр ерен күш иесі болған. Балуан Шолақ та жастайынан өнердің әр түріне құмартып өскен. Күресе кетсе жеңетін, бәйгеге шапса озатын ерекше өнер иесі болып өскен Балуан Шолақ ән-жырға да әуес болған.

 

Мен өзім он жасымнан зор-ақ едім,

 

Намаз бен оразаға олақ едім.

 

Барғанда о дүниеге кешір, Құдай,

 

Оң қолым отқа күйген шолақ едім, –

 

деп өзінің жайын өлеңмен жеткізген.

 

Балуан Шолақ өлеңдерінің қайнар көзі, бастау бұлағы – халық ауыз әдебиетінің үлгілері болған. Ақын өзінің «Қынжыл» өлеңінде:

 

Жапалақ құс болғанмен неге дәрі,

 

Жаманның кісілікке бар ма сәні?!

 

Жаманға айтқан сөзің еш қонбайды,

 

Ағады құлағынан сөздің бәрі, –

 

деп, ел ішіндегі пасықтық пен жамандықты сынаған. Балуан Шолақ өлеңдеріне өз өмірі арқау болғанын «Сентябрь» өлеңіндегі:

 

Бұл күнде отыз бесте мені жасым,

 

Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.

 

Кешегі сентябрьдің базарында

 

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын, –

 

деген жолдардан көруге болады.

 

Балуан Шолақ есімімен бірге аталатын бір есім бар: ол – Ғалия есімі. Ақынның «Ғалия» әнінің жиырмаға жуық сөз мәтіні бар екені анықталған. Балуан Шолақ жан серігі Ақбоз атын:

 

Ақбоз ат, айналайын, менің қалқам,

 

Сен үшін талай тасты қылдым талқан, –

 

деп ерекше сүйіспеншілікпен жырлаған.

 

Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1919 жылы 55 жасында қайтыс болған. Балуан Шолақтың: «Ғалия», «Дікілдек», «Сентябрь», «Қосалқа», «Желдірме», «Көкшетау», «Дүние», «Талдыкөл», «Қынжыл», «Кенже Қоңыр», т.б. ән-өлеңдері бар. Балуан Шолақтың өмірінен көрнекті жазушы С. Мұқанов «Балуан Шолақ» атты повесть жазған.

 

Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов 1818 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде Баһрам батырдың отбасында дүниеге келген. Сегіз серінің шын аты – Мұхаммедқанапия. Әке-шешесінен ерте жетім қалған Сегіз сері атасы Шақшақ пен әкесінің інісі Жанат серінің тәрбиесінде өскен. Өзі білімді болған Шақшақ Сегіз серіні Омбы қаласындағы Сібір казак-орыс әскери училищесіне оқуға берген. Онда алты жыл оқыған Сегіз сері қазақ, шығыс, әдебиетінің үлгілерімен, қисса-дастандармен терең танысуға мүмкіндік алған. Сегіз сері «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының бір нұсқасын қағаз бетіне түсірген.

 

Сегіз серінің «Мақпал мен Сегіз» дастаны, «Ақбұлақ», «Гауһартас», «Өкініш», «Шомбал биге», «Не ғаріп?», «Үміт», «Қызғалдақ», «Еңлік», «Әйкен-ай» деген ән-өлеңдері бар.

 

Ақынның «Өкініш» өлеңі халық батыры Исатайды жоқтау түрінде шықса, «Шомбал биге» өлеңінде жағымсыз іс-әрекеттерімен халқына жақпаған би-манаптарды сынаған. «Не ғаріп?» деген терме-өлеңі адамның жасы, өмір мұраты туралы насихатқа, үлгіге құрылған.

 

Сегіз сері «Үміт», «Қызғалдақ» өлеңдерінде махаббаттты, шынайы сезімді жырлаған. Сегіз серінің бойындағы тағы бір ерекше қасиеті – балуандығы. Сегіз серіден қалған нақыл сөздер: «Өнерсіз өмір – бос өмір», «Тура айтқан тура қарайды», «Жаманға оқ өтсе де, сөз өтпейді», т.б. Сегіз сері Баһрамұлы 1854 жылы қайтыс болған.

 

Мәди Бәпиұлы – 1880-1921 жылдары өмір сүрген қазақтың сал-серілер тобының көрнекті өкілі. Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы», «Қаракесек», т.б. ән-өлеңдері бар. Өлеңдеріне ақынның өз басындағы жағдайы арқау болған.

 

Естай Беркімбайұлы 1874-1948 жылдары өмір сүрген. Естайдың атын қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихына паш еткен атақты «Қорлан» әні. Сондай-ақ ақынның «Жайқоңыр», «Бір мысқал» деген өлеңдері бар.



Сұрақтар
  1. Балуан Шолақтың азан шақырып қойған атын көрсетіңіз.
  2. Балуан Шолақтың өмір сүрген жерін көрсетіңіз.
  3. Балуан Шолақтың әкесінің атын көрсетіңіз.
  4. Бос орынға Балуан Шолақтың өлеңіне сай қажет сөзді көрсетіңіз.

    Мен өзім он жасымнан зор-ақ едім,

    Намаз бен оразаға олақ едім.

    Барғанда о дүниеге кешір, Құдай,

    Оң қолым отқа күйген ______ едім.

  5. Балуан Шолақтың әкесі қандай кәсіппен айналысқанын көрсетіңіз.

  6. Балуан Шолақтың әндеріне арқау болған қыздың атын белгілеңіз.
  7. Балуан Шолақтың адамдардың бойындағы пасық мінезді сынауға арнаған өлеңін көрсетіңіз.

  8. Балуан Шолақтың жан серігі болған тұлпарын көрсетіңіз.
  9. Балуан Шолақтың «Ғалия» әнінің қанша нұсқасы барын белгілеңіз.

  10. Балуан Шолақ өмірінен шығарма жазған жазушыны көрсетіңіз.

  11. Үзінді Балуан Шолақтың қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

    Бұл күнде отыз бесте менің жасым,

    Қимылдың бұзып жүрмін тау мен тасын.

    Кешегі сентябрьдің базарында

    Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.

  12. Сегіз сері Баһрамұлының шын атын көрсетіңіз.

  13. Сегіз сері қағазға бетіне түсірген ауыз әдебиетінің нұсқасын көрсетіңіз.

  14. Сегіз серінің «Өкініш» өлеңі қай батырды жоқтауға арналғанын көрсетіңіз.
  15. Сегіз серінің махаббат лирикасы тақырыбына арнаған өлеңін белгілеңіз.

  16. Сегіз серінің бойындағы ерекше өнерін көрсетіңіз.
  17. Сегіз серінің би-манаптарды сынаған арнау өлеңін көрсетіңіз.
  18. Сегіз серінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін білдіретін өлеңін көрсетіңіз.

  19. Мәди Бәпиұлының өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.

  20. Мәди Бәпиұлының өлеңін көрсетіңіз.
  21. Бос орынға Мәди Бәпиұлының өлеңіне байланысты қажет сөзді көрсетіңіз.   Міндім де Қаракөкпен жылыстадым,   Бардым да ___________ жыл қыстадым.
  22. Мәди Бәпиұлының туған жерін көрсетіңіз.
  23. Естай Беркімбайұлының өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.

  24. Естай Беркімбайұлының әнін көрсетіңіз.
  25. Балуан Шолақтың өз бейнесі жасалған өлеңін нақтылаңыз.

  26. Мәди Бәпиұлының әндері орындалған опера (-лар)

  27. Балуан Шолақтың ән-өлеңдері

Қате туралы хабарландыру