Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жұмекен Нәжімеденов, Күләш Ахметова, Қуандық Шаңғытбаев, Олжас Сүлейменов поэзиясы

Конспект

 

Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылы Атырау облысы Теңіз ауданының Қошалақ ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ұлт аспаптары факультетінде оқыған Ж. Нәжімеденовтің тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрген. Ж. Нәжімеденовтің «Сыбызғы сазы», «Өз көзіммен», «Жарық пен жылу», «Күй кітабы» атты жыр жинақтары, «Келін», «Көзсіз батыр», «Тамыр мен жапырақ» «Жаңғырық», «Қыранқия», «Жоқ, ұмытуға болмайды» деген поэма-дастандары, «Ақшағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» сияқты прозалық шығармалары, «Дастарқан», «Ақсақ құлан», «Ақ сүт» балладалары – қазақ әдебиетіне қосылған құнды мұралар. Ақын «Жоқ, ұмытуға болмайды» поэмасы үшін 1967 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған. «Келін», «Көзсіз батыр», «Қанды серт», «Соңғы махаббат» атты төрт поэмасына соғыс пен тағдыр суреті өзек болған. Ж. Нәжімеденов «Келін», «Көзсіз батыр», «Қанды серт», «Маңдай», «Соңғы махаббат» поэмалары арқылы қазақ поэзиясына соны жаңалық – циклді поэмалар топтамасын әкелген. Ақынның «Дастарқан», «Ақсақ құлан», «Ақ сүт» балладаларында халық даналығы, қазылық дәстүр шынайы көрініс тапқан. Ж. Нәжімеденовтің «Жарық пен жылу» жыр жинағы ақынның философиялық көзқарасын танытса, «Күй кітабы» поэтикалық жинағы терең психологиялық тебіреніске құрылған.

 

Ақынның «Сен ақылды болсаң екен» өлеңінде жақсылық пен жамандықты салыстыра суреттей отырып, жас ұрпақты жақсылыққа, игі істерге, ізгі қасиеттерге үндесе, «Жаманыңды көрмесем» өлеңі әке тілегінен туған. Елін, жерін, атамекенін, Отанын сүйген патриот ақынның «Менің Қазақстаным» өлеңі аспанымызда шарықтай шырқалып, Тәуелсіз еліміздің Гимніне айналды. «Бұтақтарым биікте, тамырларым тереңде», – деп ақынның өзі жырлағандай, Ж. Нәжімеденовтің мұрасы – ұлттық поэзияның алып бәйтерегі.

 

Күләш Ахметова 1946 жылы Қырғызстан Республикасында дүниеге келген. Жас ақынның өлеңдері 1960 жылдардан бастап түрлі газет-журналдарда жариялана бастаған. 1975 жылы «Ақ гүлім менің» деген алғашқы жыр жинағы жарық көрген. Сыршыл да нәзік ақынның «Жапырақ – жаздың жүрегі», «Мейірім», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Арғымақтар даласы», «Наурыз нұры» деген жыр жинақтары қазақ поэзиясын байытқан құнды дүниелер болып табылады. К. Ахметованың «Ләйлектер қайтып келгенде», «Өкініш әні» атты өлең жинақтары орыс тілінде жарық көрген. Ақын К. Ахметова «Сен менің бақытымсың» кітабы үшін 1978 жылы Қазақстан Жастар Одағы сыйлығына ие болған. Ақынның лирикалары адам бойындағы асыл қасиеттерді жырлауға арналған. «Қазағым менің» өлеңіне қазақ халқының өршіл қасиеті арқау болған.

 

Қуандық Шаңғытбаев 1925 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Қ. Шаңғытбаевтың алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарық көрген. Ақынның «Өлеңдер», «Аққу әні», «Арма, республикам». «Жыр жаһаны», «Гүл-толқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы», «Махаббат пен ғадауат» деген лирикалық жинақтары бар. Драма жанрына да қалам тартқан драматург-жазушы «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» драмалық комедияларын, «Құтырғаннан құтылған» пьесасын, «Алтын таулар», «Айсұлу» операларының либреттосын жазған. Қ. Шаңғытбаев аудармамен де айналысып, А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, М. Горькийдің «Қыз бен ажал» поэмасын, Лермонтовтың, Гетенің лирикаларын, Шығыс ақыны Омар һайямның рубаяттарын қазақ тіліне аударған. Аудармашылық қызметі үшін Халықаралық Пушкин сыйлығына ие болған. Ақынның «Сабалақ» өлеңі – қазақ халқының тарихындағы белгілі тұлға Абылай хан туралы жазылған шығарма.

 

Қазақстан Республикасының халық жазушысы Олжас Омарұлы Сүлейменов 1936 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. О. Сүлейменовтің «Арғымақтар», «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Қыш кітап», «Әркүн – арайлы таң», «Жалынның шалқуы», «Асқардан асу» деген өлеңдер мен поэмалар жинақтары, «Аз и Я» атты ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрген. Ақынның әдеби сценарийі бойынша «Бабалар жері», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қысылшаң мезгіл», «Мұхтар Әуезов туралы сөз», т.б. кинофильмдер түсірілген. Олжас Сүлейменов – «Семей – Невада» халықаралық қозғалысының жетекшісі ретінде ұлы ақын Абай туған жерде орналасқан атом полигонын жабуға үлкен үлес қосқан қоғам қайраткері.

 

Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабы» атты поэмасына жазушы Мұхтар Мағауин: «Қыш кітап» – Отанға сүйіспеншілік, туған халыққа адалдық, азаматтық борыш туралы шығарма», – деген баға берген. Ақынның «Махамбетке» өлеңінде қазақ халқының өр ақыны Махамбеттің бойындағы қайсарлық, ерлік, намысшылдық қасиеттер жырланса, «Қыз қуу», «Арғымақ» өлеңдері қазақ халқының ұлттық болмысын, салтын, мінез-құлқын суреттеуге арналған. «Ришад – қыр қазағының баласы» өлеңіне «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» идеясы негізге алынған. Орыс тілінде жазатын ақынның өлеңдерін Қадыр Мырза Әли қазақ тіліне аударған.



Сұрақтар
  1. Ж. Нәжімеденов бітірген оқу орнын көрсетіңіз.

  2. Ж. Нәжімеденовтің алғашқы жинағын көрсетіңіз.

  3. Ж. Нәжімеденовтің өлеңін белгілеңіз.

  4. Ж. Нәжімеденовтің романын табыңыз.

  5. Ж. Нәжімеденовтің поэма жанрына қосқан жаңалығын көрсетіңіз.

  6. Ж. Нәжімеденовтің «Жаманыңды көрмесем» өлеңіне кімнің ақ тілегі арқау болғанын көрсетіңіз.

  7. Ж. Нәжімеденовтің жақсылық пен жамандықты салыстыра жазған өлеңін табыңыз.

  8. К. Ахметованың туған жерін көрсетіңіз.

  9. К. Ахметованың қай кітабы үшін Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атағына ие болғанын белгілеңіз.

  10. К. Ахметованың тұңғыш кітабын табыңыз.

  11. К. Ахметованың қазақ халқының өршіл рухын көрсететін өлеңін көрсетіңіз.

  12. К. Ахметованың орыс тілінде жарық көрген өлеңдер жинағын белгілеңіз.

  13. К. Ахметованың жыр жинағын көрсетіңіз.

  14. Қ. Шаңғытбаевтың туған жерін көрсетіңіз.

  15. Қ. Шаңғытбаевтың алғашқы кітабын табыңыз.

  16. Қ. Шаңғытбаев аударған Шығыс ақынын көрсетіңіз.

  17. Қ. Шаңғытбаевтың өлеңін табыңыз.

  18. Қ. Шаңғытбаевтың пьесасын көрсетіңіз.

  19. Абылай Қ. Шаңғытбаевтың қай шығармасының кейіпкері екенін табыңыз.

  20. Қ. Шаңғытбаев қандай қызметі үшін Халықаралық Пушкин сыйлығына ие болғанын табыңыз.

  21. О. Сүлейменов туған қаланы көрсетіңіз.

  22. О. Сүлейменовтің шығармасын көрсетіңіз.

  23. О. Сүлейменов өлең арнаған ақынды табыңыз.

  24. О. Сүлейменовтің өлеңдер жинағын табыңыз.

  25. О. Сүлейменовтің қазақ халқының ұлттық салтына арнаған өлеңін көрсетіңіз.

  26. «Жаманыңды көрмесем» өлеңінің авторын табыңыз.

  27. «Асқардан асу», «Арғымақтар» жинақтарының авторын көрсетіңіз.

  28. Олжас Сүлейменовтің ұлттық дүниетаным мен салт-дәстүрді сипаттайтын шығармасын анықтаңыз.

  29. О. Сүлейменовтің тілге қатысты тұжырымдамалары

  30. Олжас Сүлейменовтің «Махамбетке» өлеңінің тақырыбы

  31. Олжас Сүлейменовтің «Арғымақ» өлеңінің тармақтары

Қате туралы хабарландыру