iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қалихан Ысқақ, Төлен Әбдіков, Марат Қабанбаев, Мұхтар Шаханов шығармалары
Қазақ әдебиетіне соғыстан кейін келген әдеби толқынның басында тұрған аса көрнекті жазушылардың бірі Қалихан Ысқақ 1935 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысының қасіретті жылдарымен, соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген Қ. Ысқақтың «Қоңыр күз еді», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Дос хикаясы». «Күреңсе» повестері, «Ақсу – жер жаннаты», «Тұйық», «Қара орман» романдары, «Жарық дүние», «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жапырақ», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Қыл көпір», «Ерліктің екі сағаты», «Сабатаж», «Мазар», «Жәке-Жәкетай», «Сайқының тұқымдары» пьесаларының дені өзінің қиын да қызғылықты өмірін арқау еткен.
Киносценарий жазумен де айналысқан Қ. Ысқақтың «Ұшы-қиырсыз жол», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда», «Саршатамыз» сценарийлері бойынша бүкілодақтық экранға шыққан толықметражды фильмдер қойылған. Жазушының шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, славк, болгар тілдерінде де жарық көрген.
Жазушының «Қоңыр күз еді» шығармасы өз басынан кешкен бір оқиға негізінде жазылған. Шығарма кейіпкерлері:
Қасым – оқиғаны баяндаушы бала, негізгі кейіпкер.
Маймұрын – мектеп директоры
Алматай – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Жарықжұлдыз – шын аты Қомшабай – шығарма кейіпкері, момын бала
Алтын – Қасыммен бірге оқитын әнші қыз
Шығарма оқиғасы Ұлы Отан соғысынан кейінгі тұрмыс-тіршілікті, Топқайың мектеп-интернатының жай-күйін, балалар өмірін суреттеуге арналған.
Қ. Ысқақ «Жер жаннаты – Жетісу» романы үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.
Төлен Әбдіков 1942 жылы Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында туған. Т. Әбдіков шығармалары 1964 жылдан бастап түрлі газет-журнал беттерінде жарық көрген.
Жазушының «Көкжиек», «Қонақтар», «Күзгі жапырақ», «Әке», «Ақиқат», «Айтылмаған ақиқат», «Парасат майданы», «Өліара», «Ақшоқыда қыс қатты» деген прозалық шығармалары бар. Т. Әбдіковтің «Оң қол», «Тажал оттары» шығармаларының кейіпкерлері өзіндік психологиялық әрекеттерімен, ішкі сезім күйлерінің шынайылығымен ерекшеленсе, «Әке» повесінде қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі, этнографиялық ерекшелігі, адамдардың сан алуан мінез-құлықтары көрсетілген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр жылдарда өткен Т. Әбдіковтің «Әке» шығармасынан алынған «Қуанған мен қорыққан бірдей» үзіндісінің оқиғасы да сол жылдардың шындығын суреттеуге арналған. Шығарма кейіпкерлері:
Молдабай – құмалақшы қарт
Ақсары – баласы соғыста қайтыс болған кемпір
Қалампыр – ауылдағы тілі ащы әйел
Құдияр – ауыл совет председателі
Сейсен – оқиғаны баяндаушы баланың әкесі
Жорабек, Қалыбай – соғыстан аман оралған ауыл азаматтары
Ербатыр, Мәнтай, Мұқаш – ауыл тұрғындары
Т. Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесінде оқыған, қалада тұратын Сапабектің ата-ана алдындағы балалық парызына деген көзқарасын, түсінігін шынайы суреттеген. Шығарма кейіпкерлері: Сапабек – негізгі кейіпкер, қалада тұратын, оқыған адам, Ерғабыл – Сапабектің қарт әкесі, Тома – Сапабектің әйелі, Жеңіс – Сапабек пен Томаның баласы, Абыл қарт – Ерғабыл қарияның құрдасы, Аспандияр – ауылдағы әнші жігіт.
Жазушы Т. Әбдіковтің шығармалары орыс тілінде «Истина» деген атпен жарық көрген. Өзі де аудармашылықпен айналысатын Т. Әбдікоа грек аңыздары «Эллада ерлерін» қазақ тіліне аударған.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасының дамуына өзіндік үлес қосқан Марат Қабанбаев 1948 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Зайсан аудандық «Достық» газетінен бастаған М. Қабанбаев «Жұлдыз», «Парасат» журналдары мен «Жас Алаш», «Ана тілі» газеттерінде редакторлық қызметтер атқарған. «Сөну» атты алғашқы әңгімесі 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген. Жазушы қаламынан туған «Бақбақ басы толған күн», «Жиһанкез Тити», «Пысық болдым мінеки», «Қала мен қыз бала», «Қазақ, қайда барасың?», «Сурет салғым келмейді», «Бауыр» әңгімелері мен повестерінің, «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол» романдарының негізгі тақырыбы – заман келбеті, жастардың өмірі, тіршілігі, негізгі идеясы – адамды сүю.
Жазушының «Бауыр» әңгімесі терең психологиялық сезімге құрылған. Адамдар өміріне зардабын тигізген, бауырлардың бір-бірінен еріксіз ажырап қалуына себеп болған Ұлы Отан соғысының ащы шындығы да шығармаға арқау болған. Шығарма кейіпкерлері:
Манап Төрекелдиев – соғыстан кейінгі ауыр жылдарда балалар үйіне тапсырған бауырын іздеуші жігіт.
Қали Төрекелдиев – балалар үйінде тәрбиеленуші Манаптың бауыры.
Виктория Ивановна – балалар үйінің директоры.
Эльжбета Сергеевна – балалар үйінің қызметкері.
Жазушы Марат Қабанбаевтың шығармалары орыс, украин, молдаван, латыш, неміс тілдеріне аударылып, жеке кітап болып басылып шыққан.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған көптеген құнды дүниелердің авторы Марат Қабанбаев 2000 жылы қайтыс болған.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар ерекше тұлға Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Шілік ауылында дүниеге келген.
Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған танымал әндердің авторы М. Шаханов – оқиғалы өлеңдердің – балладалардың шебері. Ақынның балладалары мен поэмалары дүниежүзі халықтарының жиырмадан астам тіліне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республика және шетел театрларында қойылған.
Қырғыз халқының классик жазушысы Ш. Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы, «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы», «Жазагер жадыгер космоформуласы» шығармалары – дүниежүзі оқырмандарын елең еткізген туындылар. Ақын Мұхтар Шаханов 2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния академиясының Эйнштейн атындағы алтын медалін, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағын иеленген. Ақынның «Отырар» өлеңіне тарихи шындық негіз болған. Өлеңде сыртқы басқыншы жауға қарсы күрескен Отырар халқының ерлігін, қажырлылығын, қайсарлығы мен өр рухын, ақыл-парасаты мол Қайырханның іс-әрекетін мадақтап, келер ұрпаққа үлгі етсе, Қарашоқы сияқты сатқындардың іс-әрекетіне жиіркеніш сезімін туғызған. Өлеңде Шыңғысхан мен ұлы Шағатайдың, Қайырхан мен Шыңғысханның, Қарашоқының әкесі мен Шыңғысханның тілдесулері арқылы олардың мінез-құлықтары мен ой-танымдары жан-жақты ашылған.
Мұхтар Шаханов – қоғамдағы өзекті мәселелерді шығармаларына арқау етіп, тіл, діл, ұлттық құндылықтарды сақтауға, қорғауға өз үнін қосып жүрген ұлт ақыны.
-
«Қоңыр күз еді» шығармасының авторын көрсетіңіз.
- «Қоңыр күз еді» шығармасындағы әнші қыздың есімін көрсетіңіз.
- «Қоңыр күз еді» шығармасының кейіпкері қай интернатқа оқуға келгенін көрсетіңіз.
- «Қоңыр күз еді» шығармасының кейіпкерінің есімін көрсетіңіз.
-
«Қоңыр күз еді» шығармасындағы қазақ әдебиеті мұғалімінің есімін табыңыз.
-
«Қоңыр күз еді» шығармасындағы мұғалім Алматай «қазақтың Чехові» деп қай жазушы туралы айтқанын көрсетіңіз.
- «Қоңыр күз еді» шығармасының кейіпкері Қасымға Алматай мұғалім кімнің кітабын бергенін көрсетіңіз.
-
Т. Әбдіковтің шығармасын көрсетіңіз.
-
«Қуанған мен қорыққан бірдей» Т. Әбдіковтің қай шығармасынан алынған үзінді екенін табыңыз.
-
«Қуанған мен қорыққан бірдей» шығармасында қай жылдардағы оқиға әңгіме болғанын көрсетіңіз.
- «Қуанған мен қорыққан бірдей» шығармасындағы құмалақшы қарттың есімін көрсетіңіз.
-
М. Қабанбаевтың әңгімесін көрсетіңіз.
- «Бауыр» әңгімесінде бауырын іздеп тапқан кейіпкерді көрсетіңіз.
- «Бауыр» әңгімесіндегі бауырлардың фамилиясын көрсетіңіз.
- «Бауыр» әңгімесіндегі Манаптың бауырының есімін көрсетіңіз.
- «Бауыр» әңгімесіндегі Манаптың бауыры Қали қайда тәрбиеленіп жатқанын көрсетіңіз.
-
М. Қабанбаевтың романын көрсетіңіз.
-
М. Қабанбаевтың алғашқы әңгімесі жарияланған журналды көрсетіңіз.
-
М. Қабанбаев еңбек жолын бастаған газетті көрсетіңіз.
-
«Отырар» шығармасының авторын көрсетіңіз.
- «Отырар» шығармасындағы Шыңғысханның ұлының есімін көрсетіңіз.
- Отырар қаласы қанша ай қоршауда болғанын көрсетіңіз.
- «Отырар» шығармасындағы Отырар қаласының ханының есімін көрсетіңіз.
- «Отырар» шығармасындағы Қайырхан кімнің жырларын жатқа оқитынын көрсетіңіз.
-
М. Қабанбаевтың «Бауыр» әңгімесінің тақырыбы
-
Т. Әбдіктің «Қонақтар» әңгімесінің кейіпкерлері