Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Шешендік сөздер. Қазақтың би-шешендері. Шешендік сөздердің жанрлық тектері

Конспект

 

Шешендік сөздер қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі ерекше жанр. Шешендік сөздер қазақ халқының даналық үлгісі болып табылады. Шешендік сөздер тарихы бірнеше кезеңге бөлінеді:

 

1. ХІІ – ХІІІ ғасыр – Майқы би, Аяз би.

2. ХІV – ХV ғасыр – Асан қайғы, Жиренше шешен.

3. ХVІ – ХVІІІ ғасыр – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.

 

Қазақ шешендік өнері Майқы би мен Аяз биден басталады. Халық арасында «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген нақыл сөз содан қалған. Шешендер – «ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін», жауласқан елдің арасына бітім айтатын даналық сөздің иелері. Бөлтірік шешеннің айтуынша, тәтті де, ащы да сөз болған. Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау да ерекше айтып кеткен.

 

Қазақ шешендік өнерінің тарихынан ерекше орын алатын би – Төле би Әлібекұлы 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Шу өзенінің бойындағы Жайсаң жайлау деген жерде дүниеге келіп, 1756 жылы дүние салған. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысқан, «Билер кеңесінің» мүшесі болған. Төле биді әділдігіне, парасаттылығына қарап «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деп атаған. Төле биден қалған көптеген нақыл, өсиет, шешендік сөздер, толғаулар бар. Мысалы,

 

Жаңбыр жаумаса, жер – жетім,

 

Басшысы болмаса, ел – жетім,

 

Ұқпасқа айтқан сөз – жетім...

 

Атың жақсы болса – ер жігіттің пырағы.

 

Балаң жақсы болса – жан мен тәннің шырағы.

 

Әйелің жақсы болса –

 

Бірінші – иманың,

 

Екінші – жиғаның,

 

Үшінші – ырысыңның тұрағы...

 

Бір үйдің баласы болма,

 

Көп үйдің санасы бол!

 

Бір елдің атасы болма,

 

Бар елдің данасы бол!

 

Көп тонның жағасы болма,

 

Көп қолдың ағасы бол!

 

Ақты ақ деп бағала,

 

Қараны қара деп қарала.

 

Өзегің талса өзен бойын жағала

 

Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

 

Өзіңе-өзің кәміл бол,

 

Халқыңа әділ бол,

 

Жауыңа қатал бол,

 

Досыңа адал бол!

 

Төле бидің даналығы, шешендігі, тапқыр сөздері, мақал-мәтел, нақыл сөздері ел арасына мол тараған. Төле бидің өмірі, ел басқарудағы қызметі, ол айтып кеткен билік сөздер жөнінде Ш. Уәлиханов, Ресей ғалымдары А. Левшин, Г. Потанин, Ә. Диваев, кеңес дәуірінде Б. Адамбаев, Ә. Мәметова, М. Қалдыбаев, т.б. ғалымдар, тарихшылар, фольклортанушылар зерттеу жүргізген.

 

Қазақ халқының айтулы кемеңгер билерінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек би Сырдария жағалауында дүниеге келіп, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізген. Қазыбектің әкесі Келдібек те кезінде елді аузына қаратқан би болыпты.

 

Қазыбек есімі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес жылдары екі елдің арасын бітістіруші батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде әйгілі болған. Қалмақ ханына елшілікке барғанда жасқанбай өз ойын жалынды сөздермен бұршақтай жаудырып, мірдің оғындай өткір сөздерімен жоңғар ханының аузын аштырмай тұтқындағы ұл-қыздарды босатып алады. Қалмақ ханы Қазыбектің саңқылдағын даусына орай «Қаз дауысты Қазыбек» деген ат береді.

 

Қаз дауысты Қазыбек бидің толғаулары, нақыл сөздері, өмірдегі сыйластық, татулық, қадір-қасиет, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға арналған. Мысалы, «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген сұраққа Қазыбек би аса тапқырлықпен былай жауап берген екен:

 

Тату болса, ағайын жақын,

 

Ақылшы болса, апайың жақын.

 

Бауырмал болса, інің жақын,

 

Алдыңа тартқан адал асын –

 

Қимас жақын қарындасың.

 

Сыбайлас болса, нағашың жақын,

 

Адал болса, досың жақын.

 

Жан серігің жас кезіңнен

 

Бәрінен де әйелің жақын.

 

Алтын ұяң – Отан қымбат,

 

Құт-берекең – атаң қымбат.

 

Аймалайтын анаң қымбат,

 

Асқар тауың – әкең қымбат.

 

Мейірімді апаң қымбат,

 

Туып-өскен елің қымбат.

 

Ұят пенен ар қымбат,

 

Өзің сүйген жар қымбат.

 

Арадан шыққан жау қиын,

 

Таусылмайтын дау қиын.

 

Шанышқылаған сөз қиын,

 

Жазылмаса дерт қиын,

 

Іске аспаған серт қиын,

 

Ақылыңнан адасып,

 

Өзің түскен өрт қиын!

 

Қазыбек бидің шешендік сөздері бата, тілек түрінде де келеді. Мысалы,

 

Өркенім өссін десең, кекшіл болма, кесепаты тиер еліңе.

 

Елім өссін десең, өршіл болма, өскеніңді өшіресің.

 

Басына іс түскен пақырға қастық қылма, қайғысы көшер

 

басыңа.

 

Бүгін сағы сынды деп, жақыныңды басынба!

 

Қазыбек бидің сөздері мақал-мәтелге де айналып кеткен. Мысалы, «Бір қолың ұрысшы болса, екінші қолың арашашы болсын», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», «Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме»

 

Қазақ халқының әйгілі де айбарлы билерінің бірі Әйтеке Бәйбекұлы 1644 – 1700 жылдары өмір сүрген. Әйтеке деген есіммен ел арасына танымал болған бидің шын аты – Айтық. Әйтеке би Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртының бір орталыққа бағынып, іргелі ел болуына ісімен де сөзімен де зор үлес қосқан. Әйтекенің ел мүддесін көздеп сөйлейтін, халықтың қамын ойлайтын ерекше қасиеті «Қасқакөл дауында» жан-жақты танылады. Оның дәлелі – Орманбет биге айтқан: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін. Бай болып елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген сөздері. Әйтеке би өзінің шешендік сөздері арқылы өмірдің өтпелі екендігін баса көрсеткен. Мысалы,

 

Суалмайтын суат жоқ,

 

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

 

Құйрығы суда тұрса да

 

Қурамайтын құрақ жоқ.

 

Дүние деген фәни бұл

 

Баласы жоқта мият жоқ.

 

Бәрінен қиын сол екен

Артында қалған шырақ жоқ!

 

Сондай-ақ Әйтеке би сөздері адамгершілік ұғымын насихаттауға да арналған:

 

Ашу деген – ағын су

 

Алдын ашсаң арқырар.

 

Ақыл деген – дария

 

Алдын тоссаң тоқырар.

 

Кісі бірге туыспау керек.

 

Туысқан соң сөз қуыспау керек.

 

Сөз қуған пәлеге жолығады,

 

Жол қуған олжаға жолығады.

 

Шешендік сөздер мазмұнына қарай үшке бөлінеді: 1) шешендік арнау; 2) шешендік толғау; 3) шешендік дау.

 

Шешендік арнауға шешендік бата, тілек сөз, көңіл айту сөзі, ақыл-насихат сөздер жатады. Уәлихан қайтыс болғанда Байдалы бидің оның ханымы Айғанымға:

 

Қайрат деген қыран бар,

 

Қайғыға тізгін бермейтін.

 

Қайғы деген жылан бар

 

Өзекті шағып өрлейтін.

 

Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ,

 

Қайратыңды қолдағалы келдім, –

 

деген көңіл айтуы шешендік арнауға жатады.

 

Бөлтірік шешеннің:

 

Үлкен алдында иіліп сөйле,

 

Кіші алдында сызылып сөйле.

 

Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,

 

Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді, –

 

Күншілдік деген бар, содан сақтан,

 

Кекшілдік деген бар, содан сақтан.

 

Астамшылық деген бар, одан алыс жүр.

 

Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.

 

Қараулық деген бар, одан таза бол,

 

Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол! –

 

деген сөздері де шешендік арнау үлгісі болып табылады.

 

Шешендік толғау мақал-мәтел, сұрақ-жауап, шешендік нақыл, қанатты сөз, шешендік жұмбақ, шешендік мысал түрінде келеді.

Шешендік толғауға Асан қайғының:

 

Құйрығы жоқ, жалы жоқ

 

Құлан қайтіп күн көрер?

 

Аяғы жоқ, қолы жоқ

 

Жылан қайтіп күн көрер?

 

Жалаң аяқ балапан

 

Қаздар қайтіп күн көрер?

 

Шыбын шықса, жаз болып,

 

Таздар қайтіп күн көрер?

 

Көлде жүрген қоңыр қаз

 

Қыр қадірін не білсін?

 

Қырда жүрген дуадақ

 

Су қадірін не білсін?

 

Көшіп-қонып жүрмеген

 

Жер қадірін не білсін?! –

 

деген толғаулары, Мөңке би айтқан:

 

Бұл заманда не ғаріп?

 

Қадірін біліп ұқпаса,

 

Дүррі гауһар сөз ғаріп.

 

Замандасы болмаса,

 

Қария болар тез ғаріп.

 

Қаз, үйрегі болмаса,

 

Айдын, шалқар көл ғаріп – ...

 

деп келетін сөздері жатады.

 

Шешендік толғаудың бір түрі – ақыл-кеңес, тәлім-тәрбиеге бағытталған шешендік нақыл. Шешендік нақылға Малайсарының: «Үйіңнің алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, ауылыңда ақылгөй қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деген сөзі жатады.

 

Шешендік дау мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, ар дауы болып бөлінген.



Сұрақтар
  1. «Шешен сөз» ұғымын термин ретінде тұңғыш қолданып, ғылым ретінде зерттеген ғалым мен оның еңбегін белгілеңіз.

  2. Әлеуметтік-тұрмыстық мазмұнды шешендік сөздерге не жататынын анықтаңыз.

  3. Соңғы жылдары шешендік сөздерді жинап, зерттеп, танытуға үлес қосқан ғалымды табыңыз.

  4. ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген қазақ шешендік өнерінің өкілдерін көрсетіңіз.
  5. «Шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген» деген сөздің авторын табыңыз.

  6. Көп нүктенің орнына айтылатын шешеннің атын көрсетіңіз. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – ...».
  7. Шешендік арнауға жататын қатарды көрсетіңіз.
  8. Шешендік сөздің жанрлық түрін көрсетіңіз.
  9. «Қазақтар ... мүдірмей, кідірмей ерекше екпінмен сөйлейді...» деген сөздің авторын белгілеңіз.

  10. XIV-XV ғасырда өмір сүрген шешендерді көрсетіңіз.

  11. Шешендік өнердің қиындығы туралы айтқан жырауды көрсетіңіз.
  12. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін» өнер иесі кімдер екенін көрсетіңіз.
  13. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қай ғасырда өмір сүргенін көрсетіңіз.

  14. «Сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе жоқ» деп айтқан шешенді көрсетіңіз.
  15. «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген сауалға тапқырлықпен жауап берген би-шешенді көрсетіңіз.
  16. Қазақ пен қалмақ арасын бітістірген би-шешенді табыңыз.
  17. «Қарлығаш әулие» атанған биді көрсетіңіз.
  18. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер?» деп басталатын толғау қай қатарға тән екенін көрсетіңіз.

  19. «Жүзге бөлінгендердің жүзі – қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны» деген сөзді айтқан биді көрсетіңіз.
  20. Қалмақ еліне жаушылыққа барғанда Қазыбек би неше жаста болғанын табыңыз.
  21. «Ақыл деген – дария, алдын тоссаң, тоқырар» деген сөзді айтқан биді көрсетіңіз.
  22. Қазыбек бидің өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.
  23. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін» деген сөзді айтқан биді көрсетіңіз.
  24. «Сен – темір де, мен – көмір, еріткелі келгенмін ...» деп басталатын шешендік сөз қай қатарға тән екенін көрсетіңіз.
  25. Шешендік жұмбаққа жататын қатарды көрсетіңіз.
  26. «Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» деген сөзді айтқан би-шешенді көрсетіңіз.
  27. «Отбасының берекесі, ердің ырысы» деп әйелдің орнын өте жоғары бағалаған биді табыңыз.
  28. «Әділ билердің қолындағы билік – қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі» деген сөзді айтқан кім екенін белгілеңіз.

  29. «Құлдық ұрсаң дұшпанға, арылмайтын сорың бар» деген сөздерді Төле бидің қай жерде айтқанын табыңыз.

  30. Аяз бидің әйелінің есімін көрсетіңіз.

  31. Шешендік толғаудың түрлері

  32. Шешендік толғаудың үлгісі (-лері):

  33. Шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау түрлеріне қатысты жол (-дар)

  34. «Жеті жарғы» заңдар жинағын құрастыруға қатысқан қазақ би-шешендері

Қате туралы хабарландыру