Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

11-нұсқа

Конспект

Менің атым – Қожа

...Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нәрсе. Бірімен бірінің қалайда тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова екеуіміз соның дәл өзі секілдіміз. Біздің кикілжіңіміз күзде ол осында мұғалім болып келген бетте-ақ басталды. Былай болды. Жаңа оқулықтар, дәптерлер сатып жатыр дегенді естідім де, әжемнен ақша ала салып, самғап дүкенге келдім. Рас, сатып жатыр екен. Бірақ адам деген лық толы. 

Қайтсем екен деп біраз ойлап тұрдым да, тәуекел деп, ішке кезексіз кірмекші болдым. өйткені соңындағыларға жетпей қалатын азабы да болушы еді. Өзге ештеңең болмаса да, әуелі оқулықтарың сай болсын. Мен былай деп мақалдаған болар едім: «Оқулығы сай бала – көңілі жай бала».

Сығылысып есіктен енді кіре берсем, бойы менің бойымдай ғана, тықылдаған бейтаныс көк көз келіншек алдымды тосқауылдап жібермейді.

– Қайда кимелеп барасың? Кезекке тұр, – дейді. Осы арада тілі құрғыр өтірікті менің еркімнен тыс айтып салды:

– Мен оқулық емес, қант аламын, – дедім. Өйткені дүкеннің арғы азық-түлік сататын бөліміне қарай адамдар еркін өтіп жатыр.

Көк көз келіншек мені жіберді. Мен сыр бермеймін деген оймен әуелі қант сататын жаққа өтіп кеттім. Маған қажеті бесінші кластың оқулықтары. Прилавканы жағалап, адамдардың арасымен ептеп, кітап сатып жатқан жаққа қарай сырғи бастадым. Енді бір ұмтылғанда жетіп те қалатын едім. Кенет әлгі көк көз келіншек желкемнен бүріп ұстап:

– Сен адасып барасың. Қант ана жақта сатылады, – деді.

– Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз, – деп, жұлқынып қалдым да, прилавкаға бір-ақ барып жеттім.

Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қазан болып жатқанда мен ләм деместен сақ еткізіп, елу сомдықты сатушының қолына ұстата салдым. Сөйтіп, қажетті оқулық-дәптерлерімді бір құшақ етіп алып, шыға бердім. Есік алдында көк көз келіншек иығымнан қатты ұстап (қолы мұндай қатты бола ма!):

– Ой, ұятсыз. Қай класта оқисың? – деп, бір жұлқып қалды.

...Бірнеше күн өткеннен кейін оқу жылы басталды. Мәссаған керек болса, әнеугі маған дүкенде жекіретін көк көз келіншек тыпың-тыпың етіп, қағаздарын қолтықтап, біздің класқа кіріп келе жатыр. Қожекеңнің сол мезет қандай күйге түскенін көрсеңіз. Бірақ бойымды тез жиып ала қойдым да, сыр бермеуге тырыстым. Мүмкін, ол мені танымас деп ойладым.

Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды. Сәбира Майқанова. «Мен сендерге қазақ тілінен сабақ беремін және класс жетекшілерің боламын», – деді.

Соңғы сөзі Қожекеңді тағы бір сілкіп алды. «Ал бәлем, сақтана бер» дегендей болдым өзіме-өзім.

Майқанова бір-бірлеп, тізім бойынша оқушылармен таныса бастады. Кезек маған келді.

– Қадыров.

– Мен.

Мен сенімен әлі сөйлесемін дегендей Майқанова:

– Отыр, – деді зілді дауыспен.

Міне осыдан кейін Майқанова маған қит етсе, қаһарын төгіп тұратын болды.

Бердібек Соқпақбаев



Сұрақтар
  1. Үзіндіге арқау болған оқиға

  2. Үзіндінің негізгі идеясы

  3. Үзіндіде кездесетін мақал

  4. Тұзы жараспайтын сөз тіркесінің мағынасы

  5. Берілген сөздер қатарына сәйкес анықтаманы белгілеңіз.

    Тілі құрғыр, сыр бермеймін, ләм деместен, сыр бермеуге

Қате туралы хабарландыру