
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
21-мәтін (2019 жыл)
АҚМЫРЗА АУЫЛЫ
Қабырға өзенінің бойын жайлап отырған Қырықмылтық Бейсен ауылына үш-төрт атты түсе қалды. Үй иесі қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, жөн сұрасты.
- Ұлытау өңіріндегі Бағаналы еліненбіз. Дүзен ауылынан, ақсақалымыз Кенже деген кісі. Сізге сол кісінің сәлемін ала келдік.
- Сәлемет болсын. Көрмесек те естуіміз бар, – деп жайдарылана сөйлеген Бейсекең келесі күні төменірек отырған жігітке иек қақты. Ол “түсіндім” дегендей қонақасы қамына кірісіп кетті. Қазақ салтымен Бейсекең келесі күні қонақтарының шаруасын сұрады. Қырықты орталаған қонақтың үлкені сөз бастады.
- Биыл біздің елде су аз түсіп, қуаңшылық болып тұр. Жауын да аз. Жайлау тарылып, су тапшылығын да көріп қалдық. Көрші елміз. Бұрын да қыз алысып, қыз беріскен, ауылымыз аралас, қорамыз қоралас тату көршіміз. Кенжекең өзіңіздей ел жақсыларына сәлем айтып, жаз жайлайтын жер сұрайды. Малмен күн көрген елдің жайын өзіңіз жақсы білесіз ғой. Бейсекең сәл ойланды.
- Әрине, бізде жер кең болғанымен, малды елге оның артығы болмайды. Ал Кенжекеңдей ел ардағы сәлем айтса, ондай кісілердің сөзін жерге қалдыру – парықсыздық. Тілектеріңіз орындалады. Жайлайтын малдарыңыз қанша және қай уақытқа дейін отырасыздар?
Қонақтар малының санын айтып, қыркүйектің аяғына дейін жайлайтынын айтты. Бейсекең екі сөзге келген жоқ. Келгендерді бастап, мол сулы, шұрайлы, қопалы жерді белгілеп берді. Бұған разы болған қонақтар тез аттанып кетті. Көп ұзамай-ақ Кенже малшылары да белгілеген жерге қонып алды. Алайда қонақтар уәделі уақытта өздері біліп кете қоймады. “Жерді босат”, – деп Бейсен де айтпады. Қараша айының ортасы ауған кезде Бейсен түйе палуан Ақмырзаны шақырып алды. Ақмырза – атағы Арқаға жайылған палуан. Оның ерлік істері мен ерен күші елге аңыз болып тұрған. Бір жылы қыста Ақмырзаның азық-түлігі азайып, Ақтас, Байтұрсын ауылынан көмек сұрауға жаяу аттанады. Әрине, бесті айғырлар болмаса, шамалы жылқы палуанды көтере алмайды. Кедей палуанда белді ат жоқ. Жол ортада палуан есімі елге белгілі Мырзағұл Әбдірахман қажының түйелері жанынан өтеді. Қажының не ұрыға, не қасқырға мал алдырмайтын бурасы бар екен. Бұл бөтен адамды көре сала тұра ұмтылды. Жаяу қашып, түйеден құтылмасын білген палуан не істесін, лөкілдеп жетіп келген бураны мойнынан алып жерге бір соғады да, “бұйырғаны осы шығар” деп арқалап алып, үйіне әкеліп, сойып алыпты. Ертеңгі күні түйеші малға келсе, бура жоқ. Айнала қараса, бір жаяудың ізі шығады да, Ақмырза ауылына қарай кеткенін көрсетеді. Сол бағытпен біраз жүрген түйеші бір жерден түйенің қарға батқан ізін байқапты. Істің палуаннан болғанын сезген түйеші байға хабарлайды. Оқиғаны іштей болжаған жомарт әрі мәрт Әбдірахман қажы Ақмырзаны өзіне шақырады. Әрине, Әбдірахман сияқты парасатты адамның малына қол салғанына арлы палуан да қатты қынжылады. Бармасқа амал да жоқ. Бура шабынғанда күш қолданбаса, бура өзін өлтіреді, мертіккен бураны тастап кетейін десе, мал болмайтыны тағы анық. Ақмырза ел қадірлейтін айбынды қажының үстіне имене кіріп, сәлем береді. Алайда іс Ақмырза ойлағандай болмады. Үй иесі оған ерекше ілтифат көрсетіп, төріне шығарады, сыйлайды. Тіпті бура туралы әңгіме де болмайды.
Аттанарда Әбдірахман: – Палуаным, балаларыңның қарны ашып қалмасын, әр жылғы соғымың менен болсын, – деп бір қойды өңгертіп, шығарып салады. Осы оқиғадан кейін Ақмырзаның да, Әбдірахманның да абыройы асып, бүкіл ел риза болған еді.
Міне, сол Ақмырза Бейсен алдында отыр. – Ақмырза, саған бір жұмыс жүктегелі отырмын. “Қамысты көлді” бағаналы елі сұрап, жайлап отырғанын өзің білесің. Бірақ олардың мезгілді уақытында кете қоятын ойы жоқ. “Кет” деу бізге де жараспайды. Сөзге де барыспайық, ақылмен, айламен іс қылайық. Саған тапсырма мынау: сен түнделетіп барып, сол ауылдың сыртындағы қалың қамысты түк қалдырмай шауып таста.
– Болады, – деді палуан. Ақмырза бір қойдың етін жеп, бір мес қымызды тік көтеріп ішіп алып, шалғысын бақанға саптап, ел ұйқыға кеткенде іске кіріскен екен.
Бағаналы азаматтары таңертең қараса, ауыл сыртында о шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін қалың қопадан бір тал қамыс қалмапты.
Сонда санын соққан қоңсылар “өзіміз біліп-ақ кетуіміз керек еді, бұл бізге бір сын болды-ау”, – деп сол күні көшіп кеткен екен. Содан бастап “Қамысты көл” аты былай қалып, “Ақмырза” аталыпты. (609 сөз).
-
Ауылға келген үш-төрт аттының кімнің аулына қайдан келгенін анықтаңыз.
-
Ақмырзаның кім екенін анықтаңыз.
-
Бейсекеңнің жаз жайлайтын жерді не себепті бергенін ажыратыңыз.
-
Бейсеннің ақылы мен айласын ажыратыңыз.
-
“Қамысты көлдің” “Ақмырза” аталу себебін анықтаңыз.
-
Әбдірахман қажы мен Ақмырзаның абыройының асып, бүкіл ел риза болғанының себебін анықтаңыз.