Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Гидросфера

Конспект

Жер шарының көп бөлігін су алып жатыр. Жер бетінің 361 млн шаршы шақырымы, яғни ¾ бөлігі Дүниежүзілік мұхиттың үлесіне тиеді. Бұл гидросфераның 94%-ын құрайды.

Гидросфера грек тілінен аударғанда "гидро" су, "сфера"шар деген мағына береді.

Құрлық бетіне түскен жауын-шашынның бір бөлігі буға айналып, қайтадан атмосфераға көтеріледі, ал екінші бөлігі өзенге немесе көлге барып қосылады, енді бір бөлігі жерге сіңеді. Үлкен-кішілі өзендер мұхитқа барып қосылады. Жерге сіңген су да жерастымен ағып, мұхитқа қосылады. Осындай айналымды Дүниежүзілік үлкен су айналымы деп атайды.

Тынық мұхитта бүкіл мұхиттың ең терең жері Мариан шұңғымасы орналасқан, оның тереңдігі 11022 м. Оны 1957 жылы орыстардың "Витязь" ғылыми зерттеу кемесі ашқан.

Тұрақты желдер мұхит ағыстарын туғызатын басты фактор. Африканың жағалауларынан батысқа қарай тұрақты түрде жел соғып отырады, соның әсерінен пайда болған ағыс экватор бойымен қозғала отырып, Америка жағалауларына барады да, Мексика шығанағынан Гольфстрим ағысы деп аталып, солтүстік шығысқа, Еуропа жағалауына бет алады.

Жер шарындағы ең ірі ағыс Батыс Желдері ағысы. Ағыс 30 000 шақырымға созылып жатыр, жылдамдығы 3,5 км сағат. Ол Антарктида материгін батыстан шығысқа қарай шеңбер жасап ағады.

Су – мұхит табиғатының басты құрамды бөлігі. Мұхиттың басым бөлігін алып жатқан зор көлемді суды су массалары деп атайды. Су массалары тұздылығы, тығыздығы, мөлдірлігі, оттегінің мөлшері мен жануарлар дүниесімен ерекшеленеді. Су массалары тереңдікке, географиялық ендікке, атмосфераның әсеріне байланысты қалыптасады.

 

        1-сурет. Дүниежүзілік су айналымы

 

Өзендер. Көлдер. Жерасты сулары. Мұздықтар

Өзен – айқын қалыптасқан тұрақты арнасы бар, судың белгілі ойпат арқылы табиғи қозғалатын орны. Өзендер жерасты суларымен, қар, жаңбыр суымен толығып отырады.

Өзеннің ағып шығатын жері оның бастауы деп аталады. Өзендер таулардағы мұздықтардан, көлдерден т.б. бастау алады. Өзен жүйесі – берілген өзен алабындағы өзендердің жиынтығы. Өзен жүйесі негізгі өзен мен оның салаларынан тұрады.

Жер шарындағы ең суы мол өзен Оңтүстік Америкадағы Амазонка өзені.

Жер шарындағы ең лайлы өзен – Хуанхэ өзені. Хуанхэ қытай тілінен аударғанда «сары өзен» деген мағына береді. Хуанхэ өзенінің лайлы болуының басты себебі – өзен сазды жынысты аумақты жермен ағып өтеді.

Жер бетіндегі суға толған ойыстарды көл деп атайды. Көлдердің теңізден айырмашылығы – оның мұхитпен байланысының жоқтығында. Жер шарындағы көлдер шығу тегі жағынан қалдық, тектоникалық, жанартаулық т.б. болып бөлінеді. Тектоникалық көлдер жердің қыртысындағы жарықтарға су жиналу нәтижесінде пайда болады. Мұндай көлдерге Байкал, Ыстықкөл, Зайсан көлдері жатады.

Байкал – Жер шарындағы ең терең көл. Байкал көлінде дүниежүзіндегі тұщы судың 20 пайызы шоғырланған. Байкал көліне ірілі-ұсақты 336 өзен құяды.

Байкал көлінің ашық күндері 40 метрге дейінгі тереңдігі көрініп жатады. Бұл көлде тіршілік ететін эпишура деп аталатын ұсақ шаяндар көлдің суын ластайтын балдырлармен қоректене отырып, көл суын тазартады.

Жер шарындағы ең ірі көл – Еуропа мен Азия аралығында орналасқан Каспий теңізі.

Каспий теңізі шығу тегі жағынан қалдық көл. Каспий көлін ауданының үлкендігіне байланысты теңіз деп атайды.

Жер қыртысының жоғарғы қабаттарында кездесетін бу, қатты, сұйық күйдегі суларды жерасты суы деп атайды. Жерасты суларының бірнеше түрі болады. 3-30 м тереңдіктегі суларды еспе су деп атайды. Ал артезиан құдықтары 50 -2700 м тереңдікте кездеседі.

Артезиан құдықтары деп аталатын терең шыңырау құдықтар ең алғаш рет Франциядағы Артуа провинциясында қазылып, пайдаланылуға берілген.

Артуа провинциясы ескі латынша Артезиа деп аталған. Артезиан суы өте таза, қысымы жоғары су. Артезиан суы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында кеңінен пайдаланылады.

 

        

2-сурет. Сарқырама 

 

     

3-сурет. Өзен

 

      

4-сурет. Мұзтау 

 

                         

                                                                   5-сурет. Эхолот                                                                        



Сұрақтар
  1. Жер шарының су қабығын табыңыз.

  2. Судың мұхиттан құрлыққа және құрлықтан мұхитқа үздіксіз ауысуы:

  3. Гидросферадағы барлық судың мөлшерін шамамен көрсетіңіз.

  4. Жер шарындағы тұщы судың үлесі.

  5. Жер бетінде Дүниежүзілік мұхиттың алатын үлесі:

  6. Дүниежүзілік мұхит бөліктерін табыңыз.

  7. Дүниежүзілік мұхит пен Тынық мұхитының ең терең жерін көрсетіңіз.

  8. Ауданы жөнінен ең кіші мұхитты көрсетіңіз.

  9. Аталған бұғаздардың ішінен жер шарындағы ең кең және терең бұғазды анықтаңыз.

  10. Ежелгі замандардан бері кеме қатынасы жақсы дамыған мұхитты көрсетіңіз.

  11. Мұхиттың немесе теңіздің құрлыққа сұғына еніп жатқан бөлігін табыңыз.

  12. Құрлықтың мұхитқа немесе теңізге ішкерілей еніп жатқан бөлігін табыңыз.

  13. Төмендегі аталған теңіздердің қайсысы шеткі теңіз болып есептелінетінін табыңыз.

  14. Мұхит суының басты қасиеттерін көрсетіңіз.

  15. Мұхит суы қататын температура.

  16. Мұхит суының тұздылығын өлшейтін бірлік.

  17. Мұхит немесе теңіз суының орташа тұздылығын анықта.

  18. Дүниежүзілік мұхиттағы тұздылығы ең жоғарғы теңіз ретінде тіркелген суқойма.

  19. Дүниежүзілік мұхиттың беткі суларының орташа температурасын белгілеңіз.

  20. Тұздылығы ең төмен мұхит (32%):

  21. Су астындағы жер сілкіну немесе жанартау атқылауынан туатын орасан зор теңіз толқындарының атауы.

  22. Ай мен Күннің тартылыс күштерінің әсерінен мұхит суы деңгейінің тәулігіне 2 рет көтеріліп, төмен түсуі.

  23. Ең биік толысу толқыны тіркелген Фанди шығанағындағы толқындардың жету биіктігін көрсетіңіз.

  24. Мұхиттардағы су массасының тұрақты түрде бір бағытқа орын ауыстыруы.

  25. Жылы және суық ағыстардың пайда болуының басты себебін көрсетіңіз.

  26. Айқын қалыптасқан арнасы бар тұрақты немесе уақытша су ағынын атаңыз.

  27. Өзеннің ағып шығатын жерін атаңыз.

  28. Аңғардың өзен тасығанда су басатын бөлігін табыңыз.

  29. Өзендегі су деңгейінің кенеттен көтерілуі.

  30. Өзеннің, каналдың, құбырдың көлденең қимасынан белгілі бір уақыт бірлігі ішінде ағып өтетін су мөлшерін табыңыз.

  31. Өзен арнасындағы су құлап ағатын тік кемер.

  32. Өзен барлық салаларымен қосылып ............құрайды.

  33. Жер шарындағы ең биік сарқыраманы көрсетіңіз.

  34. Амазонка және Конго өзендерінің мол сулы болуының себебі.

  35. Бұл көлге 336 өзен құйып, жалғыз Ангара өзені ағып шығады.

  36. Дүниежүзіндегі ең ірі көлді табыңыз.

  37. Байкал, Зайсан, Ыстықкөл көлдерінің шығу тегі:

  38. Жер қыртысының жоғарғы қабатындағы тау жыныстарының қуысында кездесетін су.

  39. Су өткізбейтін тау жыныстарын көрсетіңіз.

  40. Дүниежүзіндегі ең ірі сарқырама жүйесін табыңыз.

  41. Қар жиегі немесе қар шекарасы деп аталады.

  42. Қазақстандағы ең ірі мұздық.

  43. Суды ең көп тұтынушы шаруашылық саласын көрсетіңіз.

  44. Жасанды өзен.

  45. Мұхит суының қауіпті ластануы.

  46. 3-30 м тереңдік аралығында кездесетін жерасты суын атаңыз.

  47. Алғаш рет артезиан құдықтары қазылып, пайдалануға берілген мемлекетті көрсетіңіз.

  48. Гидросфераға қатысты түсініктерді көрсетіңіз.

  49. Тұздылығы ең жоғары теңіз бен мұхит

  50. Өзендер мен материктер дұрыс сәйкестендірілген нұсқа (-лар)

  51. Гидросфераға қатысы жоқ түсінік (-тер)

  52. Дұрыс мәлімет (-тер)

  53. Суық ағыс (-тар)

  54. Солтүстік полюске жақын орналасқан теңіз (-дер)

  55. Солтүстік жартышарда орналасқан көл (-дер)

  56. Тұздылығы ең жоғары және ең терең мұхиттар

  57. Көлдер мен материктердің дұрыс сәйкестігі

  58. Мұхит ағыстары мен материктердің дұрыс сәйкестігі (-тері)

  59. Көлдің батпаққа айналу себебі

  60. Шоңғал мен сарқырамасы жоқ өзендер

  61. Су  өткізбейтін тау жынысы (-тары)

Қате туралы хабарландыру