Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Батыс және Оңтүстік Еуропа елдері

Конспект

 

1945 жылы 5 шілдеде Лейбористік партияның жетекшісі Клемент Эттли өкімет басына келіп, банк, көмір өнеркәсібін, электр энергетикасын, газ өнеркәсібін, ішкі транспорт пен байланыс құралдырын ұлт меншігіне алу ісін жүргізетіндіктерін жариялады. Жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақылар көбейтілді. Тегін денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, тұрғын үй құрылысы басталды. Лейбористедің сыртқы саясаты, АҚШ саясатының ықпалымен жүріп жатты. К.Эттлидің үкіметі НАТО блогын құруды жақтап шықты. Бірақ лейбористік үкімет Үндістанның, Бирманың және Цейлонның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды.

 

1951 жылы 25 қазанда лейбористер парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізді, онда консервативтік партия жеңді. У.Черчилль үкімет құрып, оған басшы болды. Тарихқа «босқа өткен 13 жыл» деген атпен енген консерваторлардың билігі басталды.

 

У.Черчилль қызметтен кеткен соң консерваторлық кабинеттің басшылығына А.Иден (1955-1957 жж.) келді. Жаңа премьер-министр бұрынғы кабинеттің саясатын жалғастырып, кабинет құрамындағы орта буынның соңына қосылды. 1956 жылы Суэц каналы аймағындағы тартыстың сәтсіздігі А.Иден кабинетінің қызметтен кетуіне себеп болды.

 

1957-1963 жж. жаңа үкіметті консерватор Г.Макмиллан басқарды. Г.Макмиллан жетекшілігі кезінде мемлекеттік саясатты жаңарту әрекеті байқалды.

 

1964 жылы парламент сайлауында лейбористердің жетекшісі Гарольд Вильсон үкіметке жаңа басшы болып келді.

 

1970 жылы болған парламент сайлауында консервативтік партия жеңіске жетіп, жаңа үкіметті Эдуард Хит басқарды. Оның билігі кезінде Солтүстік Ирландиядағы саяси дағдарыс өзінің жаңа кезеңіне енді. 1972 жылдан бастап Англияда төтенше заңдарды қолданудан тікелей басқару тәртібі енгізілді. Сыртқы саясатта консерваторлар өздерінің НАТО-ны нығайтуды қолдайтындықтарын көрсетті Консерваторлар «ортақ» рынокқа қосылуды өте маңызды саяси міндет деп санады. Мұндай қосылу 1973 жылы 1 қаңтарда орын алды.

 

1974 жылы консерваторлар мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуді ұйғарып, жеңіліп қалды. Жаңа үкіметті лейбористік партияның жетекшісі Г.Вильсон құрды. 1973жылы лейбористік партияның жетекшісі болып Джеймс Калагэн сайланды. Ол «әлеуметтік байланыстар» бағдарламасын жариялады. Бағдарламаның мәні «түбегейлі және сөзсіз» өкімет пен байлықты, жұмысшыларға пайдалы болатындай етіп қайта бөлу үшін, кәсіподақтар мен өкімет арасында тең шарттық қатынастар орнату дегенге саятын. Алайда әлеуметтік байланыстар бағдарламасы толығынан жүзеге асқан жоқ. 1979жылы сайлаудың қорытындысы алдын-ала белгілі болды. Аса белсенді жаңа жетекші Маргарет Тэтчер бастаған консерваторлар жеңіске жетті.

 

М.Тэтчердің саясаты тарихқа «жаңа консерватизм» немесе «тэтчеризм» деген атпен енді. Консерваторлар экономика жағдайының жақсаруы тек нарық экономикасына толық көшкенде және жеке меншік кәсіпкерлікті үдете дамытқанда ғана жүзеге асуы мүмкін деп мәлімдеді.

 

«Әрбір ағылшын мемлекеттің көмегіне сенім артпай, қоғамда өзінің қажырлығын көрсету арқылы белсенділік танытуға тиіс», - деді.

 

ХХ ғасырдың 80-жж. Тэтчер үкіметі ағылшын аумағында орта қашықтықта қолданылатын американ зымырандарын орналастыруға келісімін беріп, американ стратегиялық қорғаныс инициативалары (СҚИ) бағдарламасын қолдады.

 

1982 жылы Фолкленд аралы үшін болған ағылшын-аргентиналық тартыста екі ел арасындағы қайшылықтарды бейбіт реттеуден Ұлыбритания бас тартты. Жеңіске жеткеннен кейін бұл аралдарды милитарландыруға кірісті. Бұл мәселедегі қатал позициясы үшін М.Тэтчер «темірдей қатал ханым» деген атақ алды.

 

М.Тэтчердің басшылық ету стилі, оның авторитарлығы партияның өз ішінде де, қоғамда да барған сайын наразылық туғызды. Консервативтік партияда жіктелушілік өршіп келе жатты. Сондықтан оны болғызбау үшін 1990 жылы М.Тэтчер жұмысынан кетіп, орнына консервативтік партияның жаңа жетекшісі Дж.Мейджор келді.

 

Дж.Мейджор үкіметі шағын кәсіпкерліктің дамытылуын барынша қолдады. Оған берілетін жеңілдіктерді реттеу үшін «шағын кәсіпкерлік хартиясы» деп аталған арнаулы құжат қабылданды. Солай болса да елдегі экономикалық жағдай нашарлай берді. Елде баспанасыздар саны көбейіп, жарты млн. адамға жетті. Осының бәрі ағылшындардың арасында үрей туғызып, консерваторлардың беделін жоққа шығара бастады.

 

1997 жылы өткен кезекті парламент сайлауында лейбористер жеңіп шықты. Лейбористік партияның жетекшісі Тони Блэр үкімет құрды. 1999 жылы үкімет жұмыспен қамтамасыз етуді қолдауға мемлекет бөлетін қаржыны қысқартуды көздейтін бағдарлама қабылдады. Бұған тек жастар ғана қамтылмайтын еді, оларға арнап жұмыспен қамтамасыз ету кепілдіктерін енгізу көзделді. 1999 жылы үкімет лордтар палатасы реформасының жобасын жасады. Бұл жобада мұрагерлікке байланысты артықшылықты жою көзделді.

 

Т.Блэрдің ең маңызды деген қадамы Ольстер мәселесінде табысқа жеткендігі болды. АҚШ-тың қатысуымен Солтүстік Ирландия жөніндегі үш жақты бейбіт шартқа қол қойылып, Солтүстік Ирландияның саяси автономиялық мәртебесі қалпына келтірілді.

 

Ұлыбритания 2005 жылы террорлық шабуылға ұшырады. Лондон метросында көптеген бейбіт халықтың өмірін қиған жарылыс болды. Осы әрекет үшін жауапкершілікті ислам экстремистері өз мойнына алды. Бұл көші-қон мәселесіне деген ағылшындардың теріс көзқарсын туғызды. 2005 жылы босқындарға статус беру ісін бақылау күшейтілді. Тұрақты тұратын мекенге көшіп барушыларға аттестация берудің балдық жүйесі енгізіліп, елге еркін келу тек қана кәсіпкерлігі жоғары адамдарға ғана рұқсат етілетін болды және кәсіпкерлігі төмен адамдардың еңбек нарығына келуі қысқартылды.

 

Сыртқы саясатта Лондон Судан мен Ауғаныстанға Американың бомбалап соққы бергенін қолдады. АҚШ-тың Иракқа қарсы «шөлдегі түлкі» деген әскери акцияларына, 1999 жылы Югославияны бомбалауға қатысты.

 

Франция соғыстан кейінгі конституциялық өзгерістерге сай кезеңдерге бөлінген. 1946-1958 жж. Төртінші Республика кезеңіне жатады. Социалист Венсан Ориоль оның бірінші президенті болды.

 

1946 жылы жаңа Конституция бойынша Франция Парламенттік республика болып жарияланды.

 

Францияда төртінші республиканың аяғынан тік тұруы «қырғи-қабақ соғыстың» басталуымен тұспа-тұс келді. Франция Маршалл жоспарына қосылды, мұның өзі экономикалық тұрақтануды тездетуге көмектесті. 1948 жылы өзінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі соғыстан бұрынғы деңгейден асып түсті. 1947 жылы Роберт Шуман басқарған үкімет іске кіріскенде Францияның сыртқы саясатында бетбұрыс жасалды. 1949 жылы ел НАТО-ға кіру туралы шартқа қол қойды. Францияның сыртқы саясаты барған сайын АҚШ-тың ықпалында қала бастады. Тұтастай алғанда, Францияның осы кезеңдегі сыртқы саясаты «Атлантизм» деген атақ алды. Ол халықаралық істерде және қорғаныс мәселелерінде француз бағытын АҚШ-тың қарулы күштеріне бағындыру деген мағынаны беретін.

 

1958 жылы сәуірде Францияда саяси дағдарыс туды. Мұны Алжирдегі отаршылдар пайдаланып қалуға тырысты. 1958 жылы 13 мамырда олар Алжирде бүлік шығарды. Нәтижесінде Франция азамат соғысының табалдырығына келіп тірелді.

 

Жұмысынан кеткен Шарль де Голль осындай жағдайда оңшылдарға қуатты мемлекет құруды, ал демократиялық топтарға Алжирдегі бүлікті тоқтатуды уәде ете отырып, осы іске делдал болып қатысуды ұсынды. 1958 жылы 1 маусымда де Голльдің үкіметі құрылды. Ал 2 маусымда парламент оған шексіз өкілдіктер берді. Де Голль ұлттық жиналыстың таратылатынын хабарлады. Бұл оқиғалар төртінші республиканың өмір сүруін тоқтатты.

 

1958 жылы 28 қыркүйекте жаңа конституцияның жобасы қабылданды. Конституцияның қабылдануы Францияның бесінші республиканы дамыту кезеңіне енгендігінің нышаны болды.

 

Бесінші Республика президенті болып сайланған Шарль де Голль бірден Алжирде бейбітшілік орнатуға тырысты. Сөйтіп 1962 жылы 18 наурызда Францияның Эвиан қаласында Алжирге тәуелсіздік берген келісімдерге қол қойылды.

 

Де Голль Францияның сыртқы саясаттағы тәуелсіздігі жолын қалпына келтіруге ұмтылды. Оның бастамсымен халықаралық шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған бірқатар қадамдар жасалды. 1961 жылы Франция АҚШ-тың Кубаны қоршауға алуына қарсы тұрып, Гаванадағы өз елшілігін сақтап қалды. 1964 жылы Қытай Халық Республикасын мойындады. Ол АҚШ-тың Үндіқытайға әскери жолмен басып кіруін айыптады. 1966 жылы Франция НАТО әскери ұйымынан шықты. Өз аумағында американ әскери базаларын жойды. Франция мен КСРО арасында экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға де Голль үлкен үлес қосты.

 

1968 жылы мамыр-маусым айларында жоғары білім жүйесін демократияландыру идеясын көтерген студенттер қозғалысы Шарль де Голльдің қызметтен кетуіне себеп болды.

 

1969 жылдың 27 сәуірінде де Голльдің ұсынысы бойынша Францияны жаңа аймақтық бөлу туралы және сенат реформасына сәйкес ұсынған екі заң жобасы – Францияның жаңа әкімшілік құрылысы туралы және Сенатты жаңарту туралы заң жобасы белгіленді. Де Голль аталған заң жобалары қолдау таппаған жағдайда саяси қызметтен кететіндігі туралы ойын білдірді. Референдум нәтижесі де Голльдің үмітін ақтай алмады. Ол президенттік қызметтен кетуге мәжбүр болды.

 

Де Голльдің мұрагері Жорж Помпиду болды. Ж.Помпиду өз саясатының негізгі бағытын мынадай сөздермен белгіледі: «мұрагерлік және келіссөз жүргізу». Мұның мәні оның де Голльдің саясатын, негізінен, жалғастыра бермекші екенін, сонымен бірге саяси қарсыластарымен келіссөздер жүргізуге әзір екендігін білдіргендік еді.

 

Ж.Помпиду екі астам держава – КСРО мен АҚШ арасындағы қатынастарды теңестіре жүргізген де Голль саясатын ұстанды. Сонымен қатар үшінші дүние елдерінде белсенді саясат жүргізілді.

 

1974 жылы 2 сәуірде қайтыс болған Ж.Помпиду орнына президенттік қызметке Валери Жискар д Эстен келді. Ол «ойластырылған голлизм» тұжырымдамасын ұсынды.

 

1981 жылы президент сайлауы қарсаңында коммунистер мен социалистер қайшылықтарды жеңіп, ортақ платформа жасай алды. Солшыл күштердің атынан Ф.Миттеран 1981 жылы жеңіске жетті. Ф.Миттеран үкіметі белсенді, әлеуметтік саясат жүргізетін болды. Жалақы мөлшері арттырылды, отбасына берілетін жәрдем , зейнетақы мөлшері көбейтілді. Зейнетке шығу 65 жастан 60 жасқа дейін азайтылды. Ақы төленетін демалыс мерзімі төрт аптадан бес аптаға дейін ұзартылды. Өлім жазасын беру тоқтатылды. Миттеранның үкіметі бірқатар кәсіпорындар мен банкілерді ішінара ұлт меншігіне алуды жүргізді. Ф.Миттеран өзінің саясатын «француз үлгісіндегі соиализм» деп атады.

 

1986 жылы парламент сайлауы болып, онда оңшыл партиялар жеңіске жетті. Жаңа үкіметті Жак Ширак басқарды. Оның кезінде елдің сыртқы саясатында бірқатар түзетулер енгізілді. Ядролық қаруды сынауға тыйым салу тоқтатылды. Франция НАТО әскери ұйымына қатысуын одан әрі дамыта түсті.

 

1946 жылы Баварияда Ф.И.Штраус бастаған Христиандық әлеуметтік одақ (ХӘО) партиясы құрылып, К.Аденауэрдің саяси бағдарламасын жақтайтындығын мәлімдеді.

 

Германияның батыс аймағында жаңа конституцияны дайындайтын парламенттік кеңес құрылды. Осының негізде 1949 жылы 14 тамызда бундестаг сайлауы (парламенттің төменгі палатасы) өткізілді. Жоғары палата - бундесрат – жергілікті өкілдерден құрылды. 1949 жылы 7 қыркүйекте бундестаг және бундесрат конституцияны бекітті және Германия Федеративтік Республикасы (ГФР) құрылды. 20 қыркүйекте ХДО партиясының жетекшісі К.Аденауэр ГФР үкіметін құрды.

 

Шығыс Германияның астанасы Берлинде Халықтық кеңес 1949 жылы 7 қазанда жауап ретінде Герман Демократияллық Республикасын (ГДР) жариялады. К.Аденауэр кезінде Батыс Германияның экономикасы қарқынды өсіп отырды. Ол мақсатшыл және өктемшіл саясаткер екенін көрсетті. Ең алдымен, өнеркәсіптің жаңа салалары – пластмассалар, синтетикалық талшық, электрондық құрылғылар өндірісі тез қарқынмен өркендеді. Елдің бұлайша дамуы «экономикалық ғажап» деп аталды.

 

К.Аденауэр сыртқы саясатта Батыс Еуропалық ықпалдастық, 1949 ж. Батыс Германия Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымына кірді. 1955 жылы НАТО-ға кірді. 1957 жылы Еуропалық экономикалық қоғамдастықты құрушы болды. К.Аденауэр ГДР-ді танудан бас тартты.

 

ГДР халқының ауа көшуін тоқтату үшін 1961 жылы 13-14 тамызында Берлин қабырғасы тұрғызылды. Берлин қабырғасы тек мемлекеттерді ғана емес, ұлтты да бір-бірінен бөлудің нышанына айналды.

 

1982 жылы Үкіметтің бірлігі жойылып, Г.Шмидт қызметтен кетуге мәжбүр болды. 1983 жылы көктемінде өткен сайлауда өкімет билігі ХДО/ХӘО тобына өтіп, оның жетекшісі Гельмут Коль 1998 жылға дейін канцлер орнын ұстап келді.

 

Г.Коль (1983-1998 жж.) христиандық-демократиялық қозғалыстың неоконсервативтік идеологиясын үйлестірді. Әлеуметтік-экономикалық саясатта жаңа үкімет салық мөлшерін азайтты, мемлекеттік шығындарды кемітті. Мемлекет кейбір салалардағы кәсіпорындарды жекешелендіріп, шағын электроника мен телекоммуникация салаларында жаңа технологиялар енгізді.

 

1990 жылы қазанда Германияның біріктірілуі Г.Кольдің есімімен байланыстырылды. Бұл жағдай оның беделін мықтап көтерді. Сондықтан 1994 жылы сайлауда Г.Кольдің кезекті жеңіске жетуі заңды еді.

 

2005 жылы қарашада болған Бундестаг сайлауында бірде-бір бәсекелесуші топтар көпшілік дауыс ала алмады. Германия социал-демократиялық партиясы ХДО/ХӘО-дан канцлерлікке өкіл болып отырған Ангела Меркельді тағайындауға келісті, ал есесіне өздеріне министрлік қызмет орнының көбірек берілуін талап етті.

 

Германия канцлері А.Меркельдің шақыруымен 2007 жылы қаңтарда ГФР-ге Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев барды.

 

1947 жылы желтоқсанда жаңа Конституция қабылданып, Италия республика болып жарияланды. Конституция бойынша, мемлекет басшысы – президент парламенттің екі палатасының біріккен отырысында сайланса, екі палата – Депутаттар Палатасы мен Сенат – барлық азаматтардың қатысуымен сайланды.

 

Бірінші республикалық парламент сайлауы 1948 жылы сәуір айында өтті. 48% дауысқа ие болған Христиан-демократиялық партиясы жеңіске жетті. ХДП-ның жетекшісі Де Гаспери төрт партия үкіметін құрды, оған христиандық демократтар, социал-демократтар, республикашылдар және либералдар кірді.

 

1948 жылы Италия Маршалл жоспарына қол қойды. Италияның экономикалық дамуы американ көмегінен бастау алады.

 

50-жылдарррдан бастап елдің шаруашылығы тез өркендей бастады, мұны итальяндық «экономикалық ғажап» деп жариялады. Өнеркәсіп өндірісінің ж. сайынғы қосымша өсуі орта есеппен 10% жететін болды. Елдің «ортақ рынокқа» 1957 жылы кіргені өнімдерді өткізу мүмкіндіктерін ұлғайтты. Сонымен қатар мемлекеттік – монополистік реттеу, ең алдымен, ірі мемлекеттік сектордың күшейгені шаруашылықтың өсуіне септігін тигізді.

 

Солтүстік-Батыс Италияда (Милан, Генуя, Турин қалалары) аса ірі өнеркәсіптік өндіріс алдыңғы қатарлы технологиямен жарақтандырылды.

 

1974-1975 жж. дағдарыс - ең ауыр дағдарыс болды. 70-жылдары елден жыл сайын 300 мың адам көшіп кетті. Экономикалық қиыншылықтар оларды елден кетуге мәжбүрледі. Бұған қаладан ауылға жаппай көшу қосылды.

 

Ел ішінде қалыптасқан жағдай социалистерді 1976 жылы ХДП мен коалицияда болуын тоқтатып, өкімет құрамынан шығуға және мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы мәселе көтеруге мәжбүр етті.

 

ХДП-ның көрнекті өкілі Альдо Моро үшінші фаза идеясын ұсынды, ол компартияны елді басқару ісіне қатысуға шақырды. Бұл кезде компартия тарихи ымыраласу идеясын жақтайтын еді.

 

1976 жылы маусымда болған сайлауда коммунистер 34,4 %, социалистер 9,6 % дауыс алды. Бұл екеуі 38,7 % алған ХДП-дан озып түсті. Алайда ХДП өкілдерінен тұратын бірпартиялық үкімет құрылды. Оны Джулио Андреотти басқарды.

 

Бүгінгі Италия – өнеркәсібі жағынан жоғары дамыған ел. Ең жаңа техникалық жетістіктердің негізінде машина жасау мен химия өнеркәсібінің және басқа бірқатар салалардың ірі кәсіпорындары жаңарды, жаңа зауыттар салынды.

 

Жаппай қоныс аударушылық Италияға тән ахуал. Бұған шаруалардың тұрмыс жағдайының ауырлығы, жұмыссыздық және жұмысшылар жалақысының төмендігі себеп болып келеді. Итальян еңбекшілерінің тұрмыс деңгейі Еуропадағы дамыған капиталистік елдер арасындағы ең төмен деңгей болып саналады.



Сұрақтар
  1. 1983–1998 жж. аралығындағы Германия Федеративтік Республикасының Үкімет басшысы:

  2. ГФР канцлері К.Аденауэрдің билік құрған жылдары:
  3. Герман Федеративтік Республикасы құрылған кезең:
  4. Францияда «қызыл мамыр» атауына ие болған оқиға:
  5. 1969 жылғы референдумда Шарль де Голль ұсынған екі заң жобасы:
  6. Фолкленд (Мальдвины) аралдары үшін ағылшын-аргентина соғысы болған жыл:
  7. Италияда төрт партиялық үкімет құрылған жыл:
  8. 1982 жылы Фолкленд аралдары үшін таласқа түскен мемлекеттер:
  9. Шарль де Голльдің қызметтен кетуіне себеп болған Париж студенттерінің жаппай ереуілі болған жыл:
  10. Эвиан қаласында Алжирге тәуелсіздік беру туралы келісімге қол қойылған жыл:
  11. Италия экономикасының шарықтап даму кезеңі:
  12. Францияның Президенті Жорж Помпидудың жаңа саяси бағытының атауы:

  13. 80-жж. ГФР-да жаңа технологиялар енгізілген сала:
  14. 1945-1951 жж. Ұлыбритания үкіметін басқарған лейбористік партия жетекшісі:
  15. 1957-1963 жж. Англияда жаңа үкіметті билеген консерватор:
  16. 1946 жылы Баварияда құрылған Ф.Й.Штраус бастаған партия:
  17. 1946-1958 жж. Францияда орнаған республика:
  18. Франциядағы Төртінші Республика кезеңі:
  19. ХХ ғасырдың 80-жж. АҚШ-тың орта қашықтықтағы ядролық зымырандарын Батыс Еуропаға орналастыруға қолдау көрсеткен ел:
  20. Германияның ГДР және ГФР болып екіге бөлінген жылы:
  21. 1949 жылы Германияның батыс жағында құрылған мемлекет:
  22. 1946 жылғы жаңа Конституция бойынша Францияның мемлекеттік басқару формасы:
  23. ГФР мен ГДР-дің бірі-біріне қарсы тұрушылығының символына айналды:
  24. 1990 жылы біріккен Германияның бірінші канцлері болды:
  25. 1990 жылы М.Тэтчердің орнына келген, 52- премьер-министр:

  26. Соғыстан кейін құрылған Сыртқы Істер Министрлер Кеңесінің міндеттеріне не кірді?

  27. Халықтық-демократиялық құрылыс орнаған Еуропа елдерінде

  28. Социалистік құрылыстың үлгісі ретінде КСРО тәжірибесін алған елдер:

  29. НАТО-ның құрамына алғаш кірген бұрынғы социалистік мемлекеттер:

  30. НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» атты бағдарламасы нені қарастырды?

  31. 50 жылдары саяси дағдарыстарға ұшыраған социалистік мемлекеттер:

  32. Еуропадағы «тоталитарлық социализм» құрылысындағы дағдарыс көрінісі қандай болды?

  33. 1989-1991 жылдардағы демократиялық революциялардың нәтижесі қандай?

Қате туралы хабарландыру