iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
VIII тарау. Қанайналым мүшелері. Жүректің құрылысы, жұмысы, реттелуі
Қанайналым мүшелері. Қан адам ағзасында ұдайы қозғалыста болады. Қанның қозғалуы – ағза мен сыртқы ортаның арасында газ бен зат алмасуды қамтамасыз етеді. Дененің барлық мүшелері мен ұлпалары қоректік заттар мен оттекті қабылдап, зиянды заттардан тазартылады. Ағзада қанның үздіксіз қантамырлардың бойымен ағуын (қозғалысын) қанайналым дейді. Қанайналым жүйесіне – жүрек және қантамырлар жатады. Қанның қантамырлардың бойымен тұйық түрде, яғни қанайналым шеңберімен ағатынын XVІІ ғасырда ағылшын ғалымы У. Гарвей ашты.
Жүректің құрылысы. Жүрек – қанайналым жүйесінің орталық мүшесі. Оның жиырылуы мен босаңсуының нәтижесінде қан қантамырлардың бойымен үздіксіз ағады. Ересек адамдарда жүрегінің салмағы 250–300 г. Жүрек – кеуде қуысында, екі өкпенің аралығында орналасқан іші қуыс бұлшықетті мүше. Жүрек көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады, адам еркінен тыс жиырылады. Жүректің жалпақ бөлігі – негізі, сүйірлеу бөлігі – ұшы деп аталады. Жүректің сыртын дәнекер ұлпадан тұратын жұқа үлпершек (жүрек қабы) – перикард қаптап тұрады. Жүрек пен үлпершектің арасындағы кеңістікте аздаған сұйықтық болады. Ол жүректің еркін жиырылуына жағдай жасап, үйкелісті азайтады. Жүрек 4 қуысты: 2 жүрекшеден (предсердие) және 2 қарыншадан (желудочек) тұрады. Жүрекшелердің сыртында қосымша құлақшалар (ушко) болады. Жүректің сыртындағы көлденең сайша жүрекшелер мен қарыншаларды бөліп тұратын шекара болып саналады.
1-сурет.Жүректің сыртқы құрылысы:
1 – қолқа доғасы; 2 – өкпе артериясы; 3 – сол жақ жүрекше; 4 – қантамырлары; 5 – сол жақ қарынша; 6 – оң жақ қарынша; 7 – төменгі қуысты вена тамыры; 8 – оң жақ жүрекше; 9 – жоғары қуысты вена тамыры; бағдарша (стрелка) қанның ағу бағытын көрсетеді
Жүректің қабырғасы 3 қабаттан тұрады. Сыртқы қабаты – эпикард (грекше «epі» – сыртқы, «cor» – жүрек), өте жұқа, жүректі қоршап тұрады. Ортаңғы қалың бұлшықетті қабаты – миокард (грекше «mіos» – бұлшықет). Ішкі қабаты жұқа – эндокард (грекше «endo» – ішкі) жүректің ішкі қуыстары мен қақпақшаларын астарлап жатады.
Жүрек негізінен ұшына қарай созылып жатқан қалың бұлшықет қабаты арқылы 2 бөлікке бөлінген. Жүректің әрбір бөлігінде бір жүрекше, бір қарынша болады. Әр бөліктегі жүрекше мен қарынша өзара тесіктер арқылы байланысады. Сол тесіктерде жүрекшелерден қарыншаларға қарай ашылып-жабылып тұратын жақтаулы қақпақшалар (створчатые клапаны) болады. Оң жақ жүрекше мен оң жақ қарыншаның арасында үш жақтаулы, сол жағында қос жақтаулықақпақшалар орналасқан.
-
Ағзада қанның үздіксіз қантамырлардың бойымен ағуы:
- Қанайналым жүйесінің орталық мүшесі:
- Жүректің сыртын дәнекер ұлпадан тұратын жұқа ... қаптап тұрады:
- Жүректің сыртқы қабаты:
- Жүректің жиырылу ырғағын үдетеді:
-
Жүректің жалпақ бөлігін?
-
Ересек адамның жүрегінің салмағы?
-
Жүрек автоматиясы?
-
Қанның қан айналым шеңберімен ағатынын ашқан ғалым?
-
Жүректің бұлшықетті қабаты?