Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Бұлшықеттердің маңызы мен құрылысы

Конспект

Бұлшықеттер – бұлшықет ұлпасынан, тығыз және борпылдақ дәнекер ұлпалардан, қантамырлары мен жүйке талшықтарынан тұрады. (Бұлшықет ұлпасын естеріңе түсіріңдер). Бұлшықеттердің негізін – көлденең жолақты бұлшықет талшықтарының жіңішке шоғыры (пучки) құрайды. Бұл шоғырлардың сыртын дәнекер ұлпасы қаптайды. Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан қаңқа бұлшықеттері, тығыз дәнекер ұлпасынан сіңірлер түзіледі. Бұлшықет ұлпасын құрылысына қарай бірыңғай салалы, көлденең жолақты (қаңқа бұлшықеттері) және жүректің бұлшықеттері деп бөледі. Бірыңғай салалы бұлшықеттер ішкі мүшелердің ішкі жағын (ішек, асқазан, қантамырлар, қуық, бездердің өзектері) астарлап жатады. Жиырылғанда ішкі мүшелердің көлемін өзгертеді. Олардың жиырылуы баяу әрі ырғақты және адамның еркінен тыс жүзеге асады.

 

 

 

1-сурет. Денені қозғалысқа келтіретін бұлшықеттер:

1 – жазып, қозғалысқа келтіру; 2 – мойын мен кеудені қозғалту; 3 – қолды көтеру; 4 – иықты жоғары қозғау бұлшықеттері; 5 – құрсақ бұлшықеті; 6 – денені тік ұстап жүруге көмектесу; 7 – мықынды қимылдату; 8 – санды қимылға келтіру; 9 – балтыр мен аяқбасын қимылға келтіру бұлшықеттері

 

 

 

2-сурет. Бұлшықеттің құрылысы:

1 – бұлшықет талшығының қабықшасы; 2 – бұлшықет талшығының шоғыры; 3 – бұлшықеттің жуан талшықтары; 4 – бұлшықеттің жіңішке жіп тәрізді талшығы; 5 – оттекпен қамтамасыз етілетін жақсы дамыған бұлшықеттер; 6 – май басып нашар дамыған бұлшықеттер

 

Қаңқа бұлшықетіне тұлға, бас, мойын және иық, жамбас белдеулер мен қол-аяқ бұлшықеттері жатады. Бұлшықет талшықтарының сыртын жұқа дәнекер ұлпасынан тұратын қабықша қаптайды. Бұлшықеттегі шоғырланып (топтанып) орналасқан талшықтардың арасында қантамырлар мен жүйкелер болады. Қантамырлардағы қан тасымалдау қызметін атқарса, жүйкелер оның жиырылуын реттейді. Қаңқа бұлшықеттерінің екі шеті тығыз дәнекер ұлпасынан түзілген сіңірмен бітеді

 

Бұлшықеттердің топтары, қасиеті, қажуы, гигиенасы

Бұлшықеттер пішініне, денеде орналасуына, талшықтарының бағытына, атқаратын қызметіне, буынға бекінуіне қарай топтастырылады (жіктеледі):

Орналасуына қарай бұлшықеттердің шеті біреу немесе бірнешеге ажырайды. Осыған байланысты бірбасты, екібасты, үшбасты, төртбасты бұлшықеттер деп атайды. Кейбір бұлшықеттердің талшықтары шеңберлене орналасады, мысалы, ауыз қуысының, артқы тесіктің бұлшықеттері. Пішіндеріне қарай бұлшықеттер ромбы, трапеция, төртбұрышты деп бөлінеді. Мөлшеріне қарай – ұзын, қысқа, үлкен, кіші делінеді. Ет талшықтары шоғырларының бағытына қарай қиғаш, көлденең бұлшықеттер деп аталады. Бұлшықеттердің атқаратын қызметі: бүгу, жазу, айналдыру, көтеру. Буындарға бекінуіне қарай бұлшықеттер бір буынды, екі буынды, көп буынды болады.

 

Бас пен мойынның бұлшықеттері.Бастың бұлшықеттері шайнау және ымдау деп 2-ге бөлінеді. Шайнау бұлшықеттері төменгі жақ сүйегіне бекінеді. Бұлшықеттері жиырылғанда төменгі жақ қозғалысқа келіп тамақты шайнауға қатысады. Ымдау бұлшықеттерінің бір шеті сүйектерге, екінші шеті терінің астыңғы жағына бекінеді.

 

Тұлғаның бұлшықеттері – орналасқан орнына қарай: арқаның, көкіректің және құрсақтың бұлшықеттері деп бөлінеді.

 

Арқа бұлшықеттері:

1) трапеция пішінді бұлшықеттер – жалпақ, пішіні үшбұрышты, арқаның жоғарғы бөлігі мен мойынның артқы жағына орналасады. Бұғана мен жауырынға бекінеді.

2) ромбы тәрізді бұлшықеттердің бір ұшы жауырынның шетіне, екінші ұшы арқа омыртқаларының өсіндісіне бекінеді. Жауырынның омыртқаға қарай жақындауына әсер етеді.

 

Көкіректің бұлшықеттері:

1) көкіректің үлкен бұлшықеттері – пішіні желпуіш тәрізді, кеуде қуысының алдыңғы жағын жауып жатады.

2) сыртқы қабырғааралық бұлшықеттер – қабырғалардың аралығында орналасқан. Жиырылғанда қабырғалар көтеріліп, кеуде қуысын кеңейтеді (көлемін үлкейтеді) де тыныс алуға қатысады.

3) ішкіқабырғааралық бұлшықеттер – сыртқы қабырғааралық бұлшықеттердің астында орналасқан. Бұл еттерде кеуде қуысының көлемінің кішіреюіне әсер етеді.

4) көкет (диафрагма) адам денесінің кеуде және құрсақ қуысының арасын бөліп тұратын күмбез тәрізді бұлшықет. Күмбез тәрізді дөңес жағы кеуде (көкірек) қуысына қарай бағытталған. Көкетте өңеш, қолқа қантамыры төменгі қуысты вена қантамыры өтетін тесіктері болады.

 

Құрсақтың бұлшықеттері:құрсақты қаптап тұратын бұлшықеттерге алдыңғы тіс тәрізді, сыртқы және ішкі қиғаш, тік және т. б. бұлшықеттер жатады.

 

Қолдың бұлшықеттері:

Қол бұлшықеттері – иық белдеуі және қол бұлшықеттері деп бөлінеді. Иық белдеуінде өте жақсы дамыған көптеген бұлшықеттер орналасқан. Бұл бұлшықеттер жиырылғанда жауырынды және иықты (тоқпан жілікті) қозғалысқа келтіреді.

 

Аяқтың бұлшықеттері – жамбас белдеуі және аяқтың (санның, балтырдың, табанның) бұлшықеттері деп бөлінеді. Жамбас белдеуіндегі өте жақсы дамыған бұлшықеттерге – бөксенің үлкен, ортаңғы және кіші бұлшықеттері жатады. Аяқ бұлшықеттерінде санның төртбасты бұлшықеттері мен балтырдың үшбасты бұлшықеттері жақсы дамыған.

Санның төртбасты бұлшықеттері жамбас буынында аяқты бүгеді, ал тізе буынын жазады. Балтырдың үшбасты бұлшықеттері тізе буынын бүгу, жүру, жүгіру, аяқтың басын қимылдату қызметін атқарады.



Сұрақтар
  1. Адам ағзасындағы әр түрлі қозғалыстарды қамтамасыз ететін тірек-қимыл жүйесінің белсенді бөлігі:
  2. Тынысалу қозғалысына қатысатын бұлшықет:
  3. Бірыңғай салалы бұлшықеттер астарлап жатады:

  4. Көлденең жолақты бұлшықет талшықтарының пішіні:
  5. Бұлшықеттегі ет талшықтарының жиырылып босаңсуына қатысатын нәруыз:

  6. Бұлшықет талшықтарының сыртын:

  7. Қаңқа бұлшықеттерінің екі шеті:
  8. Сіңірлер арқылы бұлшықеттер:

  9. Ет талшықтары шоғырларының бағытына қарай:
  10. Төменгі жақ сүйегіне бекінеді:

  11. Бұлшықеттерінің бір шеті сүйектерге, екінші шеті терінің астыңғы жағына бекінетін бұлшықет:

  12. Жалпақ, пішіні үшбұрышты, арқаның жоғарғы бөлігі мен мойынның артқы жағына орналасатын бұлшықет:

  13. Қабырғалардың аралығында орналасқан бұлшықет:

  14. Адам денесінің кеуде және құрсақ қуысының арасын бөліп тұратын күмбез тәрізді бұлшықет:

  15. Бұлшықет ұлпасы құрылысына қарай бөлінеді

Қате туралы хабарландыру