Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

III тарау. Аралас бездер. Ұйқы безі. Жыныс бездері

Конспект

Гуморальдық және жүйкелік-гуморальдық реттелу

 

Аралас бездер сөл де, гормон да бөледі. Сөлді арнайы өзектері арқылы басқа жерде орналасқан мүшелерге, ал гормондарды тікелей қанға бөледі. Сондықтан бұл бездер әрі сыртқы, әрі ішкі секреция бездеріне жатады. Аралас бездерге ұйқы безі мен жыныс бездері кіреді.

 

Ұйқы безінің құрылысы: ұйқы безі бозғылдау қызғылт түсті, ұзындығы 15–22 см, құрсақ қуысының оң жағында қарынның астына таман орналасады. Ұйқы безінің сыртқы секрециялық (экзокриндік) қызметі: өзінен бөлінетін ұйқы безінің сөлі өзекшесі арқылы тікелей ұлтабарға құйылады. Ішкі секрециялық (эндокриндік) қызметі: ұйқы безінің әр жерінде топтанып орналасқан ерекше жасушалар жиынтығына байланысты. Мұндай топтанып орналасқан жасушалар ұйқы безінің жалпы салмағының 2–10%-ын құрайды. Жасушалар тобы әсіресе ұйқы безінің төменгі ұшында көбірек орналасқан Сәби және жас кезде ағзаның өсуіне әсер ететін инсулин гормоны көбірек бөлінеді. Қартайғанда глюкагон гормоны көбірек бөлінеді. Ұйқы безінің экзокриндік қызметі асқорыту ферментін бөлу болса, эндокриндік қызметі инсулин, глюкагон гормондарын бөлумен байланысты.

 

Ұйқы безі

 

Жыныс бездерінің сыртқы секрециялық белгісі: ер адамдардың жыныс бездерінде жыныс жасушалары – сперматозоидтар, әйелдерде жұмыртқажасушасы түзіледі. Ішкі секрециялық белгісі: жыныс бездерінде түзілген жыныс гормондары бірден қанға бөлінеді. Ер адамдардан бөлінетін жыныс гормондары – андрогендер (грекше «andros» – еркек) оның негізгісі – тестостерон. Әйелдердің жыныс гормондары экстрогендер деп аталады.

Ішкі секреция бездерінің бір-біріне әсері. Гуморальдық және жүйкелік-гуморальдық реттелу. Ішкі секреция бездері жұмысының бір-бірімен өзара күрделі байланысы негізінен мына факторлармен аңықталады: 1) әрбір мүшенің жұмысына әр түрлі бездерден бөлінетін бірнеше гормондар бір мезгілде әсер етеді; 2) бір бездің гормоны басқа бездің жұмысына әсерін тигізеді. Мысалы, гипофиздің алдыңғы бөлігінің гормоны бүйрекүсті бездерінің қыртыс қабатының дамуына әсер етеді. Инсулиннің бөлінуіне, қалқанша без бен жыныс бездерінің қызметіне әсерін тигізеді. Ішкі секреция бездерінен гормондардың бөлінуін орталық жүйке жүйесі реттейді. Өйткені, орталық жүйке жүйесінде бездердің жұмысымен байланысты орталықтар аралық мида бар. Жүйке арқылы реттелу өте тез жүреді және ол жүйке жүйесінің тікелей бақылауында болады. Гормондар арқылы реттелу жүйке арқылы реттелуден баяуырақ жүреді. Ағзада мүшелер қызметінің гормондар арқылы реттелуін гуморальдық реттелу дейді. Гуморальдық (латынша «humor» – сұйықтық) реттелу ағзаның ішкі ортасы (қан, лимфа, ұлпа сұйықтығы) мен жасушалардан, ұлпалардан бөлінетін биологиялық белсенді заттар арқылы жүзеге асады. Гуморальдық реттелуде гормондар негізгі рөл атқарады. Жүйкелік-гуморальдық реттелуде гуморальдық реттелу жүйкелік реттелуге бағынышты. Жүйкелер мен гипофиздің байланысының арқасында, жүйкелік-гуморальдық реттеу жүзеге асады. Екінші жағынан гормондар да жүйке жүйесінің жұмысына әсер етеді. Бұл екі жүйенің өзара бірлесуі бұзылса, барлық мүшелер жұмысы да бұзылады. Жүйкелік реттелу мен гуморальдық реттелу арқылы ағза үнемі өзгеріп тұратын орта жағдайларына бейімделеді.



Сұрақтар
  1. Бозғылдау қызғылт түсті, ұзындығы 15–22 см, құрсақ қуысының оң жағында қарынның астына таман орналасқан без
  2. Қарапайым нәруыз, қандағы глюкозаны реттейтін

  3. Адам денесінде инсулин гормоны жетіспесе

  4. Ер адамдардан бөлінетін жыныс гормоны

  5. Әйел адамдардан бөлінетін жыныс гормоны

  6. Ағзада мүшелер қызметінің гормондар арқылы реттеуін?

  7. Жас, сілекей, сүт бездері, бауыр?

  8. Ұйқы безі бөлетін гормон?

  9. Ұйқы безінен бөлінетін екінші гормон?

  10. Ер адамдардың жыныс бездеріндегі жыныс жасушаларын атаңыз?

Қате туралы хабарландыру