iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
I тарау. Бактериялардың табиғаттағы, халық шаруашылығындағы маңызы
Бактериялар тіршілік әрекеттеріне қарай алуан түрлі болады және олардың табиғаттағы маңызы өте зор.
Сапрофитті бактериялардың көпшілігі өсімдіктер мен өлген жануарлардан, саңырауқұлақтардан қалған ағзалық заттарды ыдыратып, шірітеді.
Шіріту бактериялары – біздің ғаламшарымыздың тазалаушысы (санитары). Себебі олар өсімдіктердің қалдықтары мен жануарлардың өлекселеріндегі күрделі ағзалық заттарды ыдыратады. Топырақта қарашіріктің түзілуіне себепші болады. Тау жыныстарын ыдыратып, жартастар мен сусымалы құмдарды құнарлы топыраққа айналдырады.
1сурет. Түйнек бактериялары
Топырақ бактериялары өсімдіктерге қорек дайындайды. Топырақтағы қарашірікті минералды заттарға айналдырады, онымен өсімдіктер қоректенеді.
Бактериялар топырақты минералды заттармен байытып қана қоймай, сонымен бірге топырақтың құрылымын жақсартады. Топырақ неғұрлым құнарлы болса, онда бактериялар да соғұрлым көп болады. 1 г қара топырақта 5–6 млрд бактерия болады.
Топырақ бактериялары өсімдіктің өсуі мен дамуына ықпал жасайды. Өсімдіктің тамырында және оның айналасында көптеген бактериялар дамып, өсімдіктің тіршілігіне септігін тигізеді.
Кейбір бактериялар ауадағы азотты өзіне сіңіріп, топырақты азотты қосылыстарымен байытады (оған түйнек бактериялары жатады).
Түйнек бактериялары жоңышқа, беде, асбұршақ, сиыржоңышқа, соя, шеңгел сияқты бұршақгүлділер тұқымдасына жататын өсімдіктермен селбесіп тіршілік етеді.
Жер қойнауындағы селитраның (азотты тыңайтқыш), темір кенінің, теңіздегі күкіртті сутегінің, шымтезек пен көмірдің түзілуі де бактериялардың тіршілік әрекетіне байланысты. Сөйтіп бактериялар зат айналымына қатыса отырып, жер бетінде ұдайы тіршіліктің болуына себепші болатынына көз жеткіздік.
Бактериялардың халық шаруашылығында да маңызы зор. Оны өте ертеден-ақ, ірімшік жасау, сүт тағамдарын ашыту, тері илеу, сүрлем дайындау үшін қолданған. Сонымен бірге мата, былғары өнеркәсібіне кеңінен пайдаланады.
Бактериялар сүттің құрамындағы қантпен қоректеніп, сүт қышқылын түзеді. Ал сүт қышқылы сүтті ашытып, айранға айналдырады. Сүт қышқылы бактериясын орамжапырақ ашытуға, шөптерден сүрлем жасауға пайдаланады. Түзілген сүт қышқылы орамжапырақ пен сүрлемді бұзылудан сақтайды. Сірке қышқылы бактерияларының көмегімен тамаққа пайдаланатын сірке суы алынады. Оны қияр, саңырауқұлақ, алма, қарбыз, т.б. жемістерді тұздау үшін қолданады.
Ал спирулина цианобактериясын нәруыз өндіру үшін көптеген елдерде арнайы су қоймаларында өсіреді.
2-сурет.
Цианобактериялар ауадағы бос азотты синтездеп, азоттың табиғи тұздарына айналдырады. Цианобактериялар жер бетінің барлық жерінде, тіпті ешқандай топырағы жоқ жартастарда да өсе береді. Жанартау атқылаған соң суынған лавалардың бетінде алғаш өсетін де осы цианобактериялар. Себебі олар ауадағы бос азотты синтездеп, нәруызға айналдырып, қоректенеді. Олардың қалдықтары шіріп, топыраққа айналады.
- Біздің ғаламшарымыздың тазалаушысы (санитары):
- Асбұршақ, сиыржоңышқа, соя, шеңгел сияқты бұршақгүлділер тұқымдасына жататын өсімдіктермен селбесіп тіршілік етеді:
-
Ауадағы бос азотты синтездеп, азоттың табиғи тұздарына айналдыратын бактерия:
- 1 г қара топырақта:
- Топырақты азотты қосылыстарымен байытатын бактерия:
-
Әдейі ауру тарату үшін қолданылатын ағза түрлері?
-
Спирулина цианобактериясын арнай су қоймаларында өсіреді?
-
Сірке қышқылы бактерияларынан алынатын сірке суы қолданылады?
-
Орамжапырақ ашытуға, шөптерден сүрлем жасауға пайдаланылатын бактерия:
-
Өсімдіктер мен өлген жануарлардан, саңырауқұлақтардан қалған ағзалық заттарды ыдыратып, шірітетін бактериялар: