iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Жануарлардың мінез-қылығы туралы білімді іс жүзінде пайдалану
Жануарлардың жеке-дара және топтық мінез-қылығын, тіршілік қалпын зерттеу, балық өсіру, құс, аң, мал шаруашылықтарын дамыту, құстардың жылы жаққа қайту кезінде әуеде ұшақтармен қақтығысып қалуын болдырмау сияқты аса маңызды шараларды сауатты түрде іске асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, жылына 2 рет орын ауыстырып ұшатын жыл құстары ұшақтар ұшатын әуе жолдарына шығып, елеулі қауіп туғызады.
Қазір 35 елде авиациялық-орнитологиялық қызметпен шұғылданатын комитеттер, басқа да ұйымдар бар. Олардың қолында топтасып тіршілік ететін немесе топтасып ұшатын құстардың мінез-қылығын зерттеп, соған сәйкес жасалған радиолокатор сияқты қуатты техника бар. Осындай техниканың көмегімен әуе жолындағы құстардың топтарын тауып, оларды үркіту арқылы ұшақтың әуе жолын тазартады.
Құстардың топтасып ұшу кезіндегі ұшу бағыттарын бағдарлай тын сезім мүшелерін, олардың бағдарды анықтаудағы рөлін зерттеп, нысандарын жасанды түрде өзгерту арқылы да құстардың ұшу бағытын өзгертеді. Мысалы, қараторғай, ұзақ, шағала сияқты құстардың қауіп-қатерді сезген кездегі шығаратын шартты дыбысын арнайы аспап арқылы қайталап, үркітумен бау-бақшаны, егістікті, балық шаруашылығын, саябақты қорғайды... Дегенмен бұл жұмыс нағыз ғылыми негізде дұрыс жолға қойылған деу қиын. Жыл сайын әуе жолдарында 4000-ға жуық ұшақ құстармен соқтығысады екен. Көп жағдайда құс ұшақтың моторына түседі де, оны істен шығарады. Ұшақ кейде ебін тауып қонғанымен, жаңағы моторды жөндеу құны миллиондаған теңге шығын әкеледі.
Сол сияқты балықтардың, құстардың, сүтқоректілердің түрлерін жаппай құртып алмау үшін адам олардың аулау мерзімін жақсы білуі керек. Мысалы, теңізден тұщы суларға қарай өрістеп келе жатқан бекіре балығын аулауға тыйым салынады. Ұя салып балапан шығару үшін туған жеріне топ-топ болып қайтатын жыл құстарын дәл осы мерзімде ауламайды.
Ал арқар, марал, тау ешкісі, түлкі және осылар сияқты аңдарды буаз кезінде аулауды біздің халық «үлкен күнә» деп есептеген. Бұған заңмен де тыйым салынған.
Әрине жануарлардың топтық мінез-қылығының әлі де толық зерттелмеген, ашылмаған сыры көп. Мысалы, жұмыртқаны тауық мекиені басатынын жақсы білеміз. Ал кейбір жабайы құстардың қораздары ұя салумен, жұмыртқа басып, балапан шығарумен, балапандарды өргізіп, оларға қамқорлық жасайтынын көпшілік біле бермейді. Мысалы, жұмыртқаны түйеқұстың (эму) қоразы 2 айдай басады. Бұл кезде ол қоректенбейді.
Дегенмен ұя басып, балапан өргізу негізінен мекиенінің міндеті. Көптеген құстардың қораздары ұя орналасқан аумақты «жан аямай» қорғайды, ұяда жатқан мекиенді, балапандарды қоректендіреді. Мысалы, тамаша әнші құс – бұлбұлдың қоразы балапандар жұмыртқадан шыққан соң оларды тек өзі ғана қоректендіріп, олар ұядан ұшқанға дейін мекиенімен бірге тұқымтоп болып, ұрпағына қамқорлық жасайды. Оларды сайрауға үйретеді, ұшуға баулиды.
Қараторғайдың мекиені балапандарын ұядан шығарған соң, өзі келесі ұрпағын шығаруға қам жасап, жұмыртқа сала бастайды. Ал қанаты бекіп қатаймаған, бірақ ұяны тастап шыққан балапандарды қосымша қоректендіріп, оларға қорек іздеуді қораз үйретіп баулиды. Егер осындай кезеңде қораздарды аулап құртса, қаншама балапан қиындыққа душар болар еді. Тіпті ашығып қырылып та кететіні сөзсіз.
Міне, жануарлар әлемін қорғауда олардың бұл сияқты биологиялық мінез-қылық ерекшеліктерін білудің пайдасы зор.
Егер осы қоректік тізбектің бір буыны, мысалы, бунақденелілер үзіліп қалды (жойылды) делік. Бұдан тізбек түгел жойылады. Өсімдік жеміс, тұқым бермейді де көбейіп өспейді. Өсімдіктің қурап кетуінен қояндар ашығып өледі. Бунақденелілер болмаса, бақалар да тіршілігін жояды. Қоян, бақа болмағандықтан, түлкінің де қорексіз қалатыны белгілі. Осы үлескіде, яғни бірінсіз-бірі бола алмайтын біртұтас табиғи бірлестікте тіршілік жойылады.
Кез келген табиғи бірлестік – біртұтас жүйе болып саналады. Оның тірі ағзалардың бір бөлігі су мен көмірқышқыл газынан, минералды тұздардан қоректік органикалық заттарды түзеді. Бұлар – өндірушілер, оларға жасыл өсімдіктер жатады. Ал қалғандары – жануарлар, адамдар – тұтынушылар. Жануарлар да, адам да дайын органикалық заттармен қоректенеді. Белгілі бір табиғи бірлестіктің тіршілігі одан әрі жалғасуы үшін ең алдымен, өндірушілердің тіршілігіне қажетті қоректік заттар қоры болуы керек. Өсімдіктер су мен минералды тұздарды топырақтан алады. Топырақтағы минералды тұздардың қоры шексіз емес, өсіп тұрған өсімдіктер тұқым салып, мезгілі жеткенде қурайды, шіриді. Оның денесіндегі күрделі органикалық заттар ыдырап, қарапайым минералды тұздарға айналады. Дәл осылай жасы жетіп, басқа да жағдайлардан өлген жануарлардың денесі шіріп, бірте-бірте өсімдіктерден алған органикалық заттар ыдырап, минералды тұздар түзіледі. Міне, осылар топырақпен араласып, тұқымнан, өсімді мүшеден өсіп-өнген өсімдіктерге қорек болып, өсімдіктер одан әрі тіршілігін жалғастырады. Бұл өсімдіктер осы жердегі басқа тіршілік иелері тұқымдарына (ұрықтарына) қорек болып, олар да тіршілігін жалғастырады. Сонда табиғи бірлестіктегі өндірушілердің, тұтынушылардың және ыдыратушылардың үйлесімді жұмысы тіршіліктің үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді. Бұл үйлесімді тіршілік әрекеттері топтық мінез-қылықтың жоғарғы деңгейде дамыған түрі болып есептеледі. Оның заңдылықтарын білу табиғатты ауқымды көлемде қорғап, сақтауға мүмкіндік береді.
Жануарлардың жылыстауы және таралуы
1-сурет. Табиғи бірлестік - біртұтас жүйе.
Тірі ағзалардың өз түрін сақтауға деген бейімділігінің бірі – жылыстау және таралу болып саналады.
Бұл бейімділік – біржасушалылардан, тіпті бір жерде бекіп, орын ауыстырып, өте аз қозғалатын жәндіктерден бастап жануарлардың барлық түріне тән қасиет.
Амеба, кірпікшелі кебісше сияқты тірі ағзалар шағын тұщы сулардың бәрінде кеңінен таралған. Циста күйінде олар тек құрғақшылықтан тіршілігін сақтап қалмай, желмен ұшып немесе құс, аңның және басқа да жәндіктердің денесіне жабысып, қаншама алыс жерлерге таралады. Ендеше, циста олардың жылыстап, жаңа жерлерге таралуын қамтамасыз ететін бейімділігі деуге толық негіз бар.
Қарапайымдардың көптеген түрлері басқа жануарлардың асқорыту жүйесінде, қанында, ұлпаларында паразиттік тіршілік етеді де, әр түрлі жұқпалы аурулар туғызады. Лас су ішуден, ластанған ауамен тыныс алудан, ауру және дені сау жануарлардың топтасып тіршілік етуінен бір жануардан басқаларына жұғып, одан әрі көбейіп таралады. Мысалы, безгек паразитінің қалай адамға жұғатынымен сендер таныстыңдар.
Бунақденелілердің көпшілігі негізінен ересек кезінде жылыстап, таралады. Көбелек, көшпелі шегіртке, инелік, қоңыздардың кейбір ұшатын түрлері алыс жерлерге жылыстауға бейім. Мысалы, көшпелі шегірткелер топтасып, үш тәулік бойы қонбай 2000 шақырым қашықтыққа ұшып бара алады. Кейбір көбелектер 2-3 жетіде, ылғи түнгі мезгілде 5000 шақырымдай жерге ұшып жетеді.
Дене мөлшері, салмағы шағын өсімдік бітесі сияқты бунақденелілер желдің көмегімен ұшып, таралады.
Дене мөлшерінің шағын, салмағының жеңіл болуы – қоректің азаюы немесе климат жағдайының өзгеруі салдарынан бунақденелілердің қырылып, жойылудан сақтайтын жаңа жерлерге жылыстауын қамтамасыз ететін бейімділіктері екенін естен шығармау керек.
Сонымен бірге өсімдік бітелерінің дамуында қанатсыз тобы да болады. Олар жылыстап, жаңа жерлерді іздестіре алмайды. Сондықтан өсімдік бітелері де өз түрін сақтай алатын, қанаты бар, белсенді орын ауыстыра алатын, қоршаған ортаға бейімділігі күшті ұрпақтарын көбейтуге тырысады. Бұл да – өсімдік бітесі түрінің сақталуын қамтамасыз ететін аса маңызды бейімділік қасиет.
Қанаттарының жақсы дамуы, жүздеген, мыңдаған жұмыртқа салуы, көпшілігінің сыртқы ортаның алуан түрлі жағдайларына түрліше бейімделуі, дернәсіл, ересек кездерінде топырақ арасында, өсімдік қабығы астында, жапырақтан «үйшік-түтік жасап» жатуы, т. б. күрделі процестер – көптеген бунақденелілер түрлерінің сақталуын қамтамасыз ететін бейімділіктер.
- Ұшақтар ұшатын әуе жолдарына шығып, елеулі қауіп туғызатын құстар:
- 2 айдай ұя басқан кезде қоректенбейтін құс:
- Кез келген табиғи бірлестік:
- Тірі ағзалардың өз түрін сақтауға деген бейімділігінің бірі:
-
Қарапайымдардың көптеген түрлерінің басқа жануарлардың асқорыту жүйесінде, қанында тіршілік етуі ?
-
Қайсысы бунақденелілер түрлерінің сақталуын қамтамасыз ететін бейімділіктерге жатпайды?
-
Радиолокатор сияқты қуатты техника қандай ағзаларға қолданылады?
-
Өндірушілер?
-
Ыдыратушылар:
-
Жануарлар қай топқа жатады?