Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Топтық мінез-қылық

Конспект

Топтасып тіршілік ету – жануарлар әлемінде кеңінен таралған құбылыс. Бір түрге жататын жануарлардың ішінде жеке-дара тіршілік ететіндері де, бүкіл тіршілігін топтасып «тұқымтоп» (семья) болып өткізетіндері де бар. Сондықтан осы соңғыларын «қоғамдық» жануарларға жатқызады. Табиғи жағдайларда бунақденелілердің «үйлерін», балара, аралардың кәрездерін, құмырсқалардың илеуін жиі кездестіруге болады (1,2-суреттер).

 

1- сурет. Баларалардың кәрездері.

 

2- сурет. Жұмысшы құмырсқалар және олардың жауынан қорғануы.

 

Ал құстар мен сүтқоректілер де үйір, шоғыр, тұқымтоп және т. б. топтасып тіршілік ету көпшілік жағдайда табиғаттағы маусымдық өзгерістерге, әр жануар тіршілігіндегі көбею, ұрпағына қамқорлық жасау, бір жерден екінші жерге орын ауыстыру, яғни жылыстау (миграция) және тағы басқа осы сияқты әрекеттерге байланысты уақытша болуы да мүмкін. Мысалы, көбею кезіндегі балықтардың топтасып өрістеуі; жыл құстарының жылы жаққа сап түзеп ұшуы (үйрек, тырна, қаз және т. б.), ұсақ құстардың үйме-жүйме бірлесіп ұшуы (қараторғай, бозторғай, ұзақ және т. б.). Тұрақты үйір, табын немесе жатақ құрып тіршілік ететін жануарлар құстар мен сүтқоректілер ішінде аз емес. Мысалы, даламыздың сәні құландар тұрақты үйір құрып тіршілік етеді.

 

Қоғамдасып-бірлесіп тіршілік ететін жануарларға топтық мінез-қылық тән. Мысалы, құлан үйірлерінде айғыр бүкіл үйірді басқарады, ал бие бүкіл үйірдің орын алмастырып, қозғалуын бағыттап отырады.

 

Құмырсқа, ара, түкті ара сияқты бунақденелілерді шағатын жарғаққанаттылар деп атайды. Себебі, бұлардың аналық безі мен жұмыртқа жолы түтікшесі өзінің негізгі қызметінен басқа қорғану және жауына шабуыл жасайтын құрал ретінде қосымша қызмет атқарады.

 

Жұмысшы құмырсқалардың құрсағының жартысынан артығын құмырсқа қышқылын түзетін едәуір үлкен улы без алып жатады. Бұл улы бездің сыртындағы бұлшықеттер жақсы дамыған. Бұлшықет жиырылған кезде бездегі қышқыл түтік арқылы екпінмен сыртқа атылған сұйықтық 0,5 м қашықтыққа дейін жетеді.

 

Құмырсқа илеуінде көпшілік жағдайда қызметі жағынан құмырсқалардың үш маманданған тобы: 1) жыныстық топ (аталық және аналық құмырсқалар): бұлар көбею, қоныс аудару қызметін атқарады; 2) ұя салу, жыныстық құмырсқаларды және жұмыртқалар мен ұрықтарды күту, қорек жинап әкелу сияқты жұмыстарды орындайтын жұмысшы құмырсқалар; 3) тіршілігін ұяда өткізетін, жұмысшы құмырсқалар жинаған дәндерді жұмсартып, езіндіге айналдыратын және ұяны жаулардан қорғайтын жауынгер құмырсқалар болады.

 

Аралар, түкті аралар ұрпақтарын кәрез ұяларына ауыстырып таси алмайды. Бірақ жұмысшы аралар бұлшықеттерінің көмегімен қанаттарын тез-тез қимылдатып, ұяны жылытады немесе желдету арқылы температураны қалпына келтіреді де ұяны салқындатады. Құмырсқалар мен баларалар ұядағы ылғалды да реттеп, қажетті қалыпта ұстайды. Олар жемсауымен су әкеліп, ұяға бүркеді. Ылғал көп болса, желдетіп құрғатады. Қоғамдық бунақденелілер қоректің қорын көп дайындайды.

 

Өте ыстық және құрғақ жерлерде тіршілік ететін илеу құмырсқаларының ішінде «бал-бөшкелер» деп аталатын қорек қорын арнайы сақтайтындары бар. Жұмысшы құмырсқалар олардың жемсауындағы балды құстырып, өз жемсауына жинап алады. Сөйтіп арнайы бөлмелерде орналасқан аналық құмырсқаларды («патша-ханымдарды»), дернәсілдер мен жас құмырсқаларды қоректендіреді.

 

Жемсауында қоректік қорды жеткілікті мөлшерде сақтау кейбір құмырсқалар үшін онша оңай емес. Сондықтан құмырсқалардың көптеген түрлері илеу бөлмелеріне өсімдік дәндерін, өсімдік бітелерінің кепкен өлекселерін және тағы басқа қорекке жарайтын азық қорын жинайды. Ал құмырсқалардың кейбір түрлері, мысалы, жапырақкескіш құмырсқалар бір түнде үлкен бір ағаштың жапырақтарын қиып түсіреді де, оларды қолшатыр сияқты басына көтеріп илеуіне тасып алады. Бұл жапырақтарды жұмысшы құмырсқалар шайнап, біркелкі езіндіге айналдырады. Осы езінді бетінде өте майда саңырауқұлақтар өседі. Ең кішкентай жұмысшы құмырсқалар осы саңырауқұлақтарды отап, жинаумен айналысады. Ханша-құмырсқа жаңа тұрақ жасап, орын ауыстырғанда жапырақ езіндісінен өзінің түскі асына арналған ең соңғы үлесін ала кетеді де, оны сол жаңа илеу тұрағының қасында саңырауқұлақ тәлімбағын (плантация) өсіруге пайдаланады. Құмырсқалар саңырауқұлақтардың, бунақденелілердің шырынын сорып қоректенеді. Шартсыз және шартты рефлекстердің үйлесімділігі негізінде жасалатын күрделі әрекеттерді инстинкт дейді. Инстинкт – әр құмырсқаға тән қасиет. Ал қоғамдасып тіршілік ететін бунақденелілерде арнайы «әлеуметтік» инстинкт болады. Жалпы жас құмырсқалар өз тобының иісін біртіндеп түйсініп, оны ажыратуды жүре келе үйренеді. Әдетте бір илеудегі құмырсқалардың ішіне басқа илеуден бір құмырсқа келіп кірмек болса, илеу жауынгерлері бірден оның «бөтен» екенін сезіп, илеуге жолатпайды.



Сұрақтар
  1. Жануарлар әлемінде кеңінен таралған құбылыс:
  2. Шартсыз және шартты рефлекстердің үйлесімділігі негізінде жасалатын күрделі әрекеттер:
  3. Құмырсқа, ара, түкті ара :

  4. Илеудегі азық жинайтын құмырсқалар қырылып қалса оның орнын:
  5. Қызметі жағынан үш маманданған тобы: жыныстық топ, жұмысшы топ, жауынгерлер тобы бар бунақденелілер:

  6. Құмырсқаларда  қышқыл түзетін улы без?

  7. Құмырсқа қышқылын түзетін улы без құмырсқа денесінің қай бөлімінде орналасқан?

  8. Құмырсқаларға қауіп төнгенде, олар бір-біріне бұл ақпаратты қалай жеткізеді?

  9. Құландардың тобы не деп аталады?

  10. Шағатын жарғаққанаттылардың аналық безі мен жұмыртқа жолы түтікшесі өзінің негізгі қызметінен басқа қандай қосымша қызмет атқарады?

Қате туралы хабарландыру