iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
IV тарау. Жапырақтың суды буландыруы. Жапырақтың түрөзгерістері
Өсімдік тіршілігіне қажетті құбылыстың бірі – суды буландыру. Өсімдіктер суды жапырақтары арқылы буландырады. Неғұрлым жапырақ тақтасы үлкен болса, соғұрлым су көп буланады. Жапырақтың суды буландыруын білу үшін кез келген бөлме өсімдігінің өркенін (жапырақтары бар сабағы) алады. Өсіп тұрған жерінде үзіп алмай, жеңіл, аузы кең шыны ыдысқа кигізеді. Аузын мақтамен тығындап, ыдысты тұрғыға бекітеді (1-сурет). Екі-үш күн өткенде ыдыстың қабырғасы мен түбінен су тамшыларының жиналғанын көреміз. Екінші тәжірибеге ішіне су құйылған 3 сынауыр (пробирка) немесе тарлау ыдыс алады. Біріншісіне қалыңдығын 0,5 мм өсімдік майын құйып, ішіне жапырағы бар өркенді салады. Екінші сынауырдағы суға да май құйып, еш нәрсе салмайды. Yшінші сынауырдағы суға май құймайды, өсімдік те салмайды. 2-3 күн өткен соң қарағанда бірінші сынауырдағы су өркеннің жапырақтары арқылы буланып, азаяды. Екінші сынауырдағы судың деңгейі өзгермеген. Бетіндегі май суды буланудан сақтайды. Yшінші сынауырдағы су бетінде майы болмағандықтан, ауаға буланып азайған. Су – жапырақ өңіндегі жанаспалы жасушалардың саңылаулары арқылы буланады. Су жеткіліксіз болса, саңылау жабылып, булану тоқтайды. Өсімдікке су жетіспесе өсуі баяулайды, солып, қурайды. Су өсімдік бойымен (сабағымен) минералды тұздардың ерітіндісінің қозғалуы үшін қажет. Судың қатысуымен жапырақта органикалық заттар түзіледі.
Су булануының маңызы – ыстық күндері жапырақты күн сәулесінен қызып кетуден сақтайды. Ауық-ауық суды буландырып тұратындықтан жапырақтар ыстық күндері жап-жасыл қалпында сақталады. Жапырақтың суды буландыруы фотосинтезбен тығыз байланысты.
Жанаспалы жасушалардың саңылаулары арқылы жапыраққа көмірқышқыл газы енеді, су буланады. Жапырақта қант түзілу үшін күн сәулесі керек. Күн сәулесі жапырақты қыздырады. Судың булануы жапырақты салқындатады.
Жапырақтардың ылғалды және құрғақ климатқа бейімделуі. Ылғалы мол жерде өсетін өсімдіктердің жапырақтары ірі, қою жасыл түсті. Жанаспалы жасушалары да көп. Топырақтың, ауаның ылғалды болуы жапырақтардың үлкен болып өсуіне көмектеседі. Шөл, шөлейтті жерде өсетін өсімдіктердің жапырақтары ұсақ, түкті болғандықтан суды аз буландырады. Кейбіреулері қабыршаққа айналып, түрін өзгерткен, бозғылт сұр түсті. Қазақстанда өсетін сексеуілдің жапырақтары өте майда қабыршаққа айналған. Жанаспалы жасушалары тек жас өркендерінде ғана болады. Фотосинтез процесі жас өркендерінде жүреді.
1-сурет. Өсімдіктердің суды буландыруын дәлелдейтін тәжірибелер.
Сиырқұйрық өсімдігін түгелдей ұзын, киіздей тұтасып кеткен қалың түк басқан. Ұйысқан түктер судың булануынан сақтайды. Сортаңдау, құмды жерлерде өсетін құм қарағаны (қоянсүйек) мен шеңгел бұталарының жапырақтары майда. Күмістей жылтыр түктер болатындықтан суды аз буландырады. Су жеткілікті болса жанаспалы жасушаларының арасындағы саңылаулары ашылып артық су буланады.
Жапырақтың түрөзгерістері
Түрін өзгерткен жапырақтар: тікен, мұртша, қабыршақ, шырынды жапырақ, бунақденелілерді (насекомдарды) ұстау құралына айналғандар.
Тікенге айналған жапырақтарда жапырақ жүйкелерінің ұшы тақтасының жиегі тікенекті болады. Мысалы, түйетікен, шағыртікен және т. б. жатады. Жапырақ тақтасы түгелдей тікенге айналғандар: сарыағаш, кактус, кәріқыз, қарлыған (1-сурет). Жапырақ түктері тікенге айналған өсімдік – итмұрын. Тікенекті жапырақтың өсімдік тіршілігіндегі маңызы: малға жем болудан қорғану; суды аз буландыру.
Кактус тікенектері Сарыағаш (бөріқарақат) тікенектері Асбұршақ мұртшалары
1-сурет. Жапырақтардың түрөзгерістері.
Мұртшаға айналған жапырақтар. Асбұршақ, үрмебұршақ және т.б. өсімдіктердегі жапырақтарының орталық жүйкесі мен майда жапырақшалары мұртшаға айналған (1-сурет). Мұртшалары әлсіз сабақтарының жарыққа қарай көтеріліп, өсуіне сүйеніш.
Қабыршаққа айналған жапырақтар. Бүршіктердің сыртындағы қабыршақтар, тамырсабақтағы қабыршақтардың барлығы түрін өзгерткен жапырақтар. Бүршіктің, пиязшықтың ішкі бөліктерін зақымданудан, улы газдардың зиянды әсерінен қорғайды. Орамға айналған жапырақтар жүгері собығының сыртын орап тұрады.
Шырынды жапырақтар. Пияз, қырыққабат өсімдіктерінің жапырақтары қоректік заттарды қорға жинайтындықтан қалың, шырынды. Қор заттары өркендерінің дамуына жұмсалады. Бозкілем, сарысалма, түбіртектің шырынды жапырақтарында су қоры жиналады. Құрғақшылық болғанда шырын, қор заттарын пайдаланып, тіршілік етеді.
Бунақденелілерді (насекомдарды) аулау құралына айналған жапырақтар (2-сурет). Бунақденелілермен қоректенетін өсімдіктердің жапырақ тақтасы ұстағыш құралға айналған. Сазда, батпақта, тоқтау суларда, көлдерде азот пен минералды тұздар жетіспейтін жерлерде өседі. Қажетті элементтерді бунақденелілердің денесінен сіңіреді. Жапырақтарының бөліп шығарушы ұлпасы тәтті шырын бөліп, бунақденелілерді еліктіреді. Өсімдік түріне байланысты: ұстағыш құралдары бірінде сағағы жалпайып, тақтасы қақпақты құмыра (ыдыс) тәрізді болып өзгереді. Екіншісінде екі қалақшаға бөлінген қаусырмалы. Әрбір қалақшаның бетінде сезімтал түктер бар. Үшіншісінде жабысқақ шырын бөлетін түкті. Мұндай өсімдіктерге шықшылдық, шыбынжұт және т.б. жатады. Теңгежапырақты шықшылдық Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының шымтезекті, сазды жерлерінде өседі.
Дөңгелек жапырақтары сабақтың түбін айнала орналасады (2-сурет (1, 2). Жапырақ тақтасының үстіңгі беті мен жиектерінде қармалағыш безді түктері бар. Түктерінің ұшы жабысқақ сұйықтыққа толы. Тәуліктің кез келген мезгілінде жапырақтарынан мөлдір тамшылар шығады.
Жапырақ бетіне қонған бунақдене (шыбын, маса) безді түкке жабысып қалады. Құтылу үшін қимылдаған сайын безді түктер тітіркеніп, жапырақ тақтасы қусырылады.
Түктен бөлінген шырынның құрамында етті тағамды қорытатын сұйықтық болады. Бунақдененің денесі қорытылып, жапыраққа сіңеді. Бірнеше күннен кейін жапырақ беті жазылып, бунақдененің қалдығын жел ұшырып әкетеді. Түктері өте сезімтал.
Шыбынжұттың (шыбын аулағыш) жапырақ тақтасы қаусырмалы, екі жақтаулы (2-сурет ). Жақтауларының жиектері ұзын түкті, беті қысқа сезімтал түкті. Сағағы жалпақ болғандықтан қонған шыбын жапырақ тақтасына жеткенде сезімтал түктердің әсерінен жақтаулар қусырылады. Шыбын әбден қорытылғанша қос жақтаудың ішінде қалады.
Жетілмеген жапырақтар. Ылғал жетіспейтін шөлді, шөлейтті, құмды жерде өсетін өсімдіктер мен паразитті тіршілік ететін өсімдіктердің жапырақтары жетілмейді немесе мүлде болмайды (мысалы: сексеуіл, жүзгін, қылша, арамсояу, сұңғыла және т. б.).
2-сурет. Шықшылдық өсімдігі. Жапырағы түрін өзгертіп, бунақденелілерді аулайтын құралға айналған (1,2). 3 – шыбынжұттың қос жақтаулы (қаусырмалы) жапырақтары.
- Өсімдік тіршілігіне қажетті құбылыстың бірі:
-
Өсімдіктер суды:
- Су өсімдік бойымен (сабағымен):
- Судың қатысуымен жапырақта:
-
Ылғалы мол жерде өсетін өсімдіктердің жапырақтары:
- Жапырақ түктері тікенге айналған өсімдік:
- Жапырақ жүйкелерінің ұшы тақтасының жиегі тікенекті өсімдік:
- Жапырақ тақтасы түгелдей тікенге айналған өсімдіктер:
- Бунақденелілерді (насекомдарды) ұстау құралына айналған жапырақтар:
-
Жапырағы мұртшаға айналған өсімдіктер
- Қабыршаққа айналған жапырақтар:
-
Жапырақтары шырынды өсімдіктер
-
Жапырақтары бунақденелілерді аулауға айналған өсімдіктер
- Теңгежапырақты шықшылдық өседі:
- Шыбынжұттың (шыбын аулағыш) жапырақ тақтасы:
-
Жапырақтың суды буландыруы:
- Жанаспалы жасушалардың саңылаулары арқылы:
- Сортаңдау, құмды жерлерде өсетін өсімдік:
- Өсімдікке су жетіспесе:
- Шөл, шөлейтті жерде өсетін өсімдіктердің жапырақтары:
- Су жеткіліксіз болса: