Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Көгалдандыру. Ағаштар мен бұталарды отырғызудың мерзімі, тәсілдері

Конспект

Табиғат – адам үшін ерекше қасиетті ұғым. Сол табиғаттың бір бөлігі – өсімдіктер. Өсімдік ішсе – тамақ, кисе – киім, дем алса – ауа, саялы баспана. Көшелерге, алаңдарға, емдеу орындарының айналасына ағаштарды көптеп егу қажет, себебі:

 

1. Күн сәулесінің қатты қыздырып жіберуінен сақтану. Күн энергиясын реттеп, бір қалыпқа түсіріп отыратын ағаштардан: қайың, емен, жөке, үйеңкі, көктерек, қандыағаш, мойыл, долана, алма ағаштары. Бұталардан: гүлшетен (сирень), тобылғы, қаражеміс, қарақат, үшқат, итмұрын және т. б. отырғызылады.

2. Аңызақ желден қорғап, ауаның ылғалдылығын сақтау. әсіресе егістіктердің айналасына қарағаш, шегіршін ағаштарын отырғызады.

3. Ағаштар мен бұталар ауа құрамының тазалығын сақтайды. Көмірқышқыл газын өз бойына сіңіреді.

4. Қалалардың ауасы кәсіпорындардан, көліктен шығатын түтінмен, газбен ластанады. Ауадағы зиянды қосындылардың 13-48%-ы адамның тыныс мүшелерінде тұтылып қалады.

5. Қалалардағы шу адамның жүрек соғысы мен тыныс алуын жиілетеді. Қан қысымын жоғарылатады. Жүйке жүйесін де жұқартып, тез қажытады. Шуды бәсеңдету үшін ағаштар көбірек егіледі.

 

Көгалдандыру мерзімі

Ағаштар мен бұталар – сәндік үшін егілетіндер және жеміс-жидек ағаштары болып бөлінеді. Жеміс-жидектерге: алма, алмұрт, алхоры, шабдалы, шие, жаңғақ ағаштары мен жүзім, қарақат, таңқурай, қарлыған бұталары (тұшала) жатады.

 

Жеміс ағаштары көктем мен күзде егіледі. Көктемде топырақтың тоңы еріп жібігенде, күзде жапырақтарын түсіре бастағанда отырғызған жөн. Егуді көбінесе бұлтты күндері бастайды. Егер күн ашық болса, таңертеңгі салқында немесе кешке қарай егеді. Ағаштар мен бұталарды отырғызу үшін шұңқырды көктемде – егуден 5 күн бұрын, күзде 15 күн бұрын қазады.

 

Егу үшін алынатын көшеттердің мөлшері: алма, алмұрт ағаштарының көшеттері биіктігі 50-60 см-ден, тамырының ұзындығы 35 см-ден кем болмауы керек. Алхоры, шие, өрік, шабдалы ағаштарының биіктігі 40-50 см болады. Қарлыған (тұшала), қарақаттардың 2 жылдық өркендері алынады.

 

Шұңқырды қазғанда түп жағын тарылтпай, енін беткі жағымен бірдей жасайды. Үстіңгі жағындағы топырақты бөлек үйеді. Ағашты тігу барысында шұңқырдың түбіндегі топырағын қопсытады. Дәл ортасына ұзындығы 120-130 см қазық қағады. Үстіңгі жағынан алынып, бөлек үйілген топыраққа 2-3 шелек қарашірік, 0,8-1 кг фосфор тұзы, 0,3-0,4 кг калий тұзын қосып, шұңқырдың түбіне үйеді. Ағашты еккен соң, топырағын шұңқырдың шетінен ортасына қарай тығыздап таптайды. Тамыры топыраққа әбден бекігенше әр түрлі қатты соққыдан сақтау үшін қазыққа байлайды.

 

Таңқурайды күзде жапырақтары түсе бастағанда немесе ерте көктемде бүршік жармай тұрып наурыздың аяғында отырғызады. Алдымен тереңдігі 15-20 см, ені 50 см ұзын арықша жасайды (қатар аралығын 2 м өсімдіктің бір-біріне ара қашықтығын 0,5 м). Арықша ішінен 30х30 см етіп қазылған шұңқырға егеді. Жер үсті өркенінің биіктігі 25-30 см болуы керек.

 

Қара қарақат, қарлыған (тұшала) өркендерінің биіктігі 20 см болуы тиіс. Таңқурайдағыдай алдымен арықша қазады. Арықшаның ішінен 30х30 см шұңқырға органикалық және минералды тыңайтқыштарды (200 г фосфор, 50 г калий тұзы) салады. Егіле салысымен суару керек.



Сұрақтар
  1. Егу үшін алынатын көшеттердің мөлшері:

  2. Таңқурайды отырғызады:
  3. Қара қарақат, қарлыған (тұшала) өркендерінің биіктігі:
  4. Күзде жапырақтары түсе бастағанда немесе ерте көктемде бүршік жармай тұрып наурыздың аяғында отырғызылатын қайсысы?

  5. Неге байланысты ағаш отырғызуға белгіленген шұңқыр мөлшерін азды-көпті өзгертуге болады?

  6. Жеміс ағаштарын егуді қандай күндері бастайды?

  7. Ағашты еккен соң, тамыры топыраққа бекігенше түрлі соққылардан сақтау үшін қандай шара қолданады?

  8. Бір гектар жерле өсетін ағаштар сағатына қанша көлемде көмірқышқыл газын өз бойына сіңіреді?

  9. Қандай мақсатта жөке, шаған, терек, қарағай, үйеңкі, шегіршін, қарағаштар көбірек егіледі?

  10. Тіршілік формасы сүректі болатын ағаш  

Қате туралы хабарландыру